Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:47, 28 Қаңтар 2025

Сербия премьер-министрі наразылық шаралары аясында отставкаға кетті

Милош Вучевич
Фото: ТАСС

Сербия премьер-министрі Милош Вучевич елдегі студенттер наразылығына байланысты отставкаға кетті. Бұл туралы ол бүгін, 28 қаңтарда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Бүгін таңертең  президентпен ұзақ сөйлестім, ол шешімімді, дәлелдерімді қабылдады», - деді Вучевич.

Премьер-министр Сербияда екі айдан астам уақыт бойы жалғасып жатқан жаппай наразылық акцияларын «шетелден жасалған жоба» деп атады.

«Бұл қандай да бір көзге көрінбейтін қол жаңа оқиға тудырып, қоғамда шиеленіс тудырды», - деді Вучевич.

Сербияда  наразылық шерулері Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалындағы бетон шатыр құлап, 15 адам қаза тапқаннан кейін басталды.

Оппозиция белсенділері мен азаматтық қоғам өкілдерінің қолдауына ие болған студенттер станцияның жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілуіне жемқорлық себеп болды деп, қайғылы оқиғаға билікті кінәлайды. Алғашында бұл оқиғаның ашық зерттелуін талап еткен наразылық білдірушілер билік олардың сөзіне құлақ аспаған соң, саяси талаптарды алға тарта бастады. Олардың қатарында мерзімінен бұрын парламенттік сайлауға дайындалатын өтпелі үкімет құру бар.

Сербияда 15 адам қаза тапқан вокзалдағы оқиғадан кейін наразылықтар басталды

Былтыр 1 қарашада Нови-Сад қаласындағы орталық вокзалдың жаңадан жөнделген ғимаратында бетон шатыр опырылып құлады. 6 мен 74 жас аралығындағы 15 адам қаза тапты.

Қайғылы оқиғадан кейін көп ұзамай Белградта наразылық шерулері басталып, уақыт өте Сербияның басқа қалаларына да таралды. Шерушілер кінәлілерді жазадан қашып кетуіне жол бермеуге шақырды. Наразылық білдірушілер Нови-Сад мэрі мен елдің премьер-министрі Милош Вучевичтің отставкаға кетуін талап етті.

Ал Сербия президенті Александр Вучич наразылық акцияларына алаңдамайтынын айтты.

Сербиядағы наразылық білдірушілер Нови-Садтағы қайғылы оқиғаға сыбайлас жемқорлық пен құрылысқа жасалған келісім-шарттарды туыстарына тарату себеп болды деп есептейді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалының құрылысын осы ауданда Белград пен Будапешт арасындағы теміржол желісін де салып жатқан қытайлық компания жүргізген.