Сербияда төңкеріс жасауға ұмтылғандар ұсталды: елде саяси ахуал ушығып барады

Сербия Ішкі істер министрлігі елде мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға әрекеттенген алты адамды ұстағанын хабарлады.
Бұл туралы N1 телеарнасы ведомствоның ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап жариялады.
Ресми деректерге сүйенсек, 21 маусым күні Кралево қаласындағы қонақүйде күдіктілер бас қосып, билікті күшпен басып алу жоспарын талқылаған. Олар мемлекеттік мекеме қызметкерлері, құқық қорғау органдары мен бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне қарулы шабуыл жасауды көздеген. Арнайы операция барысында 47 мен 57 жас аралығындағы алты адам қолға түсті. Тергеу кезінде олардың бірінің көлігінен сериялық нөмірі жойылған мылтық пен 25 оқ-дәрі сақталған қорап табылған. Қару-жарақты сақтауға қатысты ешқандай рұқсат құжаты болмаған.
Қазіргі таңда ІІМ мен өзге де құзырлы органдар елдің бірнеше аймағында тінту жұмыстарын жалғастыруда. Министрліктің мәлімдеуінше, бұл оқиға – Сербияның конституциялық құрылымына төнген елеулі қатер. Тергеу толық аяқталған жоқ, қосымша деректердің жариялануы әбден мүмкін.
Бұл жағдай Сербиядағы ішкі саяси тұрақсыздықтың жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетіп отыр. 2024 жылдың қарашасында Нови-Сад қаласындағы теміржол вокзалының шатыры опырылып, 15 адамның өмірін қиған қайғылы оқиғадан кейін үкіметке қарсы қоғамдық наразылықтар үдей түскен болатын. Содан соң премьер-министр Милош Вучевич пен бірнеше жоғары лауазымды шенеунік отставкаға кеткен еді.
Ал 2025 жылдың наурызында елдің бұрынғы вице-премьері Александр Вулин Батыс Сербиядағы митинг кезінде мәлімдеме жасап, «Брюссель Сербия президенті Александр Вучичті биліктен шеттетуді көздеп отыр» деп айыптаған. Оның айтуынша, елдегі ішкі наразылықтар шетелдік күштердің ықпалымен күшейіп, Мәскеумен ықтимал текетірес қаупіне ұласуы мүмкін.
Осылайша, Сербияда саяси шиеленіс ушығып, ішкі тұрақтылыққа қауіп төндіріп отыр.