Сербиядағы наразылық: белсенділер билік партиясының ғимараттарын өртеп, полициямен қақтығысты

Сербияда президент Александр Вучичке қарсы акциялар үшінші тәулік қатарынан басылмай тұр. Елдің түрлі аймақтарында полиция мен наразылар арасында қақтығыстар жиілеп, зорлық-зомбылық күшейіп келеді.
Жаппай наразылық пен қақтығыстар
16 тамыздан бері Белград, Валево, Нови-Сад және басқа да қалаларда жаппай тәртіпсіздіктер орын алды. Белградта демонстранттар қоқыс жәшіктерін өртеп, билікке қарсы ұрандар айтса, полиция көз жасаурататын газ қолданып, наразыларды таратуға тырысты. Валево қаласында бетперде таққан жастар Сербияның прогрессивті партиясы кеңсесіне шабуыл жасады. Ішкі істер министрі Ивица Дачичтің мәліметінше, тек соңғы күндері 30 қалада 42 полиция қызметкері жараланған, оның 26-сы – Белградта. Жалпы 37 адам ұсталды.
Нови-Садта жағдай тіпті ушығып, ашулы топ партия кеңсесіне басып кірді. Министр Дачич полицияны «жеткілікті қатаң әрекет етпеді» деп сынға алып, бұл оқиғаларды «мемлекетті шабуылдауға бағытталған әрекет» деп атады.
Президенттің ұстанымы
Президент Александр Вучич халық алдындағы сөзінде азаматтық соғысқа жол берілмейтінін айтып, мемлекет тәртіпті қамтамасыз ететінін қадап айтты. Ол полиция мен сот жүйесіне реформа жасалатынын хабарлап, «көшеден арандатушыларды тазарту» қажеттігін атап өтті. Президенттің пікірінше, қазіргі жағдай – елдің тұрақтылығына қарсы ұйымдастырылған шабуыл.
Наразылықтың басты себебі
Бұл толқуларға түрткі болған – 2024 жылғы 1 қарашада Нови-Сад қаласындағы жаңадан жөнделген теміржол вокзалында бетон шатырдың құлауы. Қайғылы апат салдарынан 6 жастан 74 жасқа дейінгі 16 адам қаза тапты. Оқиғадан кейін құрылыс министрі Горан Весич қызметінен кетіп, ол және вокзал жөндеуіне қатысы бар тағы 12 адам ұсталған.
Халық трагедияның негізгі себебін жемқорлықпен, салғырттықпен және құрылыс қауіпсіздігі ережелерін елемеумен байланыстырды. Сарапшылар мұны 1996 жылдан бергі ең ірі наразылық толқыны деп атады.
Саяси салдары
Қаңтар айында премьер-министр, Нови-Садтың бұрынғы мэрі Милош Вучевич отставкаға кетті. Парламент бұл шешімді 2025 жылғы наурызда бекітті. Үкімет басшысы болып медицина профессоры Джуро Мацут тағайындалды. Оның кандидатурасын президент Вучич ұсынғанымен, бұл халық наразылығын баса алмады.