Сергелдең болған студенттер. Биліктің бес жылдық жоспары пана болмай тұр
Жаңа оқу жылының қарсаңында жатақханаға өтініш беру басталып кетті. Студенттердің бас ауруына айналған бұл тақырып жылда талқыланады, бірақ мәселелер әлі де жетерлік.
Орын аз, министрлік ұсынған хостелдердің бағасы тиімсіз, пәтер жалдау қымбат. Әсіресе Алматы мен Астанадағы ахуал қиын.
Өткен жылы вокзалда қонып, метро жағалаған студенттердің видеосы тарап, біраз талқыға түскені есімізде. Хостел трагедиясы да ұмытыла қойған жоқ. Ресейдегі мобилизация кезінде пәтер таппай қиналған студенттердің жағдайы да белгілі. Осының бәрі жатақханадағы орын жетіспеушілігінен. Ресми деректерге сүйенсек, 2021-2022 оқу жылында – 69 мың, 2022-2023 оқу жылында – 55 мың студент жатақханадан орын ала алмаған. Былтырғы оқу жылының басындағы статистика да осындай. ЖОО-лар жаңа жатақханалар ашып, хостелдермен келісімшарт жасап, амалдап жүріп 2024 жылдың басында бұл көрсеткішті 20 мыңға дейін түсіріпті-міс. Бірақ оған кім сенеді? Жарты жылдың ішінде 35 мың орын жетіспеушілігін шешу деген күмәнді статистика. Шын мәнінде, орын таптық деп деканатқа есеп бергендердің көпшілігі не пәтер жалдады, не бағасы пәтермен бірдей хостелдерге барды.
5 жылда 90 мың орын?
2020 жылы ғылым және жоғары білім министрлігіне тапсырма беріліп, 2025 жылға дейін 90 мың орындық жатақхана салу міндеттелді. Енді бір жылда белгіленген уақыт аяқталады. Тапсырма өз деңгейінде орындалып жатыр ма? 2018-2023 жылдар аралығында жалпы саны 50 966 орын ашылған. Бұл бір жылда шамамен 10 мың орын деген сөз. Өткен жылдың жоспарына сәйкес, 11 400 орындық 34 жатақхана салынуы керек болса, бірінші жарты жылдықта соның тек 8 пайызы ашылған. Әйтеуір жылдың соңында ғана 10 304 орын пайдалануға берілді деген мәлімет шықты. 2024 жылдың жоспары да шамамен осындай. Бірақ бұл динамикамен келер жылға дейін 90 мың орынды толтыру мүмкін емес. 2020 жылдан бергі 30 мың орынға жоспардағы 10 мыңды қосқанда да, 2025 жылдың соңына дейін тағы 50 мың орынды бірден салу қолдан келер ме екен?
Министр бұл тапсырмадан бөлек, тағы бір уәде берген. 39 университеті бар Алматыдағы ахуал реттеледі, 2026 жылға дейін жатақхана жетіспеушілігін 70-80 пайызға, 2029 жылға қарай 100 пайыз жабамыз деген. Алматы студенттерінің 70 пайыздан астамы өзге өңірлерден келіп оқиды. Ең көп орын жетіспеушілігі де осында. Бірақ мәселе әр оқу жылы сайын ұлғаймаса, кеміп жатқан жоқ. Мәселен, биыл бірінші курс студенттерінің өзі орын ала алмай қаламыз ба деген үреймен жүр. Ол туралы Абай атындағы ҚазҰПУ-ға оқуға түскен Әсемай Бекмұхан айтып берді.
«Мен мемлекеттік грант ала алмадым, одан соң ақылы негізде оқуға құжат тапсырдым. Оқу мәселесін шеше салып жатақхана туралы ойландық. Негізі аса қатты алаңдамаған едім, себебі Алматының тұрғыны емеспін әрі бірінші курсқа енді келіп жатырмын. Бірақ университетке құжат тапсыруға барғанда маған «Алматы облысының тумасысыз және ешқандай квотаңыз жоқ, оның үстіне ақылы негізде оқисыз. Шанс аздау», деді. Алматы облысы деген аты болмаса, өз үйімнен қатынап оқу деген абсурд нәрсе ғой. Жақын тұрған Қаскелеңнің өзінен кептеліспен үш сағатта жетесің. Олай төрт жыл оқу мүмкін емес шығар... Маған орын алмайсың деген жоқ, әрине. Сонда да бірінші курстардың өзіне мүмкіндік аз екені таңғалдырды».
Бұл тек бір оқу орнының жағдайы емес, Алматыдағы ахуал осындай. Өңірлерде бәрі бірқалыпты болғанымен, студенттер ағыны жоғары мегаполистердегі проблема тек өсіп жатыр. Ірі қалаларда орналасқан ЖОО-лардың ішінде жалғыз Назарбаев университеті талапқа сай студенттердің 70 пайызын жатақханамен қамтамасыз етуге қауқарлы.
Министрлік не дейді?
Осы тақырып төңірегінде министрлікке ресми сауал жолдап, жауабын алдық. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті алдымен «Білім туралы» заңға сілтеме жасап, әр ЖОО өз студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуге міндетті екенін айтқан. Ал жатақхана жетпей қалғандарға қонақ үйлер мен хостелдер қарастырылады. Одан соң, 2024 жылғы шілдеге дейін ашылған жаңа 10 жатақхана мен қыркүйекте пайдалануға берілетін орындар туралы мәліметтер келтіріліп, жалдамалы орындардың қауіпсіздігін қадағалайтын арнайы бұйрық шыққанын жеткізген. Ал «Осы жылы ЖОО-ларда болжамды орын жетіспеушілігі қанша? Қажеттіліктің қанша пайызын қанағаттандыру мүмкін болмай отыр?» деген сұрақтарымызға нақты жауап болмады. Жалпы екі беттік жауаптан ұққанымыз, министрлік мүмкін жағдайдың бәрін қарастырған, сақадай-сай екен. Алайда ондай мәлімдеме өткен оқу жылында да жасалған. 2023 жылдың қыркүйегінде министрлік маманы Ақерке Абылайхан орталық коммуникациялар алаңында тиісті 70 пайызды қамту үшін, қауіпсіздік үшін барлық жағдайды жасадық деген. Дегенмен уақыт министрліктің қалай жұмыс істегенін көрсетіп берді. Яғни биыл да бәрі дұрыс болады дегенге сену қиын.
«Хостел шешім емес»
Құрылыс баяу дедік. Сондықтан ЖОО-лар дайын ғимараттарды жалдауға, қонақ үйлермен, хостелдермен келісімшарт жасасуға мәжбүр. Осы әдісті министрлік те қайта-қайта айтып, алға тарта береді.
«Мен бірінші курста жатақханада жаттым. Жалпы жатақхананы тек бірінші курстарға береді екен. Екінші курста өтініш беріп те қажет емес деп әуел бастан-ақ айтылды. Тіпті әлеуметтік жағдайына да қарамастан екінші курстардан тек 10 адамға орын береді. Олар жаңадан келген студенттерді қадағалап, кезекшілік атқаратын «активистер». Ал 3, 4 курстар жатақхана туралы ойланбайды да. Сол себептен жалдамалы пәтер іздеуге кірістік. Астанада жалдау құны қалтаға ауырлау тиеді. Бір бөлмелі үйдің өзі айына 150-170 мың теңге. Ал екі бөлмелі пәтерлер 200 мыңнан асады. Соның өзінде орталықтан алыстау, жайлы деп те айта алмайсың. Енді топтас қыздармен есептеп отырсақ, әрбірімізден айына 50-60 мың теңгеден шығады екен. Біздің шәкіртақымыздың өзі бұл шығынды жаппайды. Одан бөлек, тамағың, жүріс-тұрысың бар. Сондықтан студенттердің көпшілігі жазда ауылына қайтып демалмай, жұмыс істейді. Ақша жинайды. Біз де солай жасадық. Бірақ үш айда жинаған аз-маз қаражатың пәтерақының жарты жылын жабуға да жетпейді. Сондықтан сабақтан тыс уақытқа «график қойып беретін» жұмыстар іздеп жатырмыз.
Осыны айтсаң болды, университеттер жатақхана жетпегендерге хостел тауып беріп жатыр дейді. Иә, жақында бізге хостелдердің тізімін, нөмірлерін, мекенжайларын жіберген. Ал ашып қарасаң, хостел деген аты ғана, бағасы пәтермен бірдей. Негізінен, 20-60 мың теңге арасында. Дегенмен арзандарының жағдайы жақсы емес. Оның үстіне тез толып қалады. Сондықтан хостел – шешім емес дер едім», – дейді ЕҰУ-дің 2 курс студенті Дильназ Иманғали (өз өтінішімен аты-жөні өзгертілді).
Жатын орны жоқ студент сабақ оқи ала ма?
Бұл мәселе мәжілісте де көп талқыланады. Мысалы, депутат Е.Бейсенбаев: «Университеттер студенттерді қабылдау кезінде аудитория мен жатақхана, оқытушы сағаттары жеткілікті ме деп ойланбайды», – дейді.
Тағы бір депутат Е.Саурықов: «Жатақхана мәселесін аз уақытта шешу оңайға соқпайды. Себебі демографиялық өсімге байланысты алдағы бес жылда студенттердің саны бірнеше есеге артпақ. Яғни жатақхана тапшылығы алдағы уақытта күшейе түсуі мүмкін. Осы ретте жоғары оқу орындары жекеменшік серіктестіктер арқылы, мекеменің табысынан түскен қаржыға, министрліктің қаржы орталығынан несиелер алып, ескі ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, жатақханаларға айналдыру арқылы да мәселені шешуі керек», – деген.
Ал экс-премьер Ә.Смайылов: «Көптеген университет басшылары студенттерге тиісті жағдай жасау өздерінің тікелей міндеті екенін іс жүзінде ұмытып кетті деуге болады. Өз кезегінде ғылым және жоғары білім, оқу-ағарту министрліктері университеттер мен колледждердің сырттан келген студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету талаптарының орындалуына қатысты жағдайды бақылап отырған жоқ. Сондай-ақ әкімдіктердің тарапынан да үйлестіру жұмыстары нашар», – деп сын айтқан.
Айтылғанымен, нәтиже жоқ, жұмыс баяу. Бұлай жалғаса берсе, мемлекет қолдан сапасыз кадр шығарады дейді әлеуметтанушы Әнел Әлібекова.
«Жатақхана мәселесі жоғары білім беру саласындағы ең салмақты проблема десек артық емес шығар. Ал енді студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ете алмай отырып жоғары білімнің сапасы туралы айту қиын. Мысалы, Еуропа немесе АҚШ-тағы жоғары оқу орындарында бірінші келісімшарт оқу формасы жайында жасалса, екінші келісімшартта жатын орның мен тамағың көрсетіледі. Ал Түркияда 2002 жылы 182 орын болса, 2022 жылға қарай 4,6 есеге өсіп, 850 мыңға жеткен. Олар студенттердің 80 пайызға жуығын жатақханамен қамтып отыр. Мұндай жағдайда студенттер ештеңеге алаңдамай, сабағын оқиды, бос уақытын ізденіске арнайды, ғылыммен айналысады. Ал бізде студенттердің көпшілігі жұмыс іздеп сабылып жүреді. Қайда барсаң студент даяшы, сатушы, кеңесші, т.б. Пәтер ақысын қалай төлеймін деп, базалық қажеттіліктерін өтеумен басы қайғы болып жүрген студенттер «диплом алсам болды» деген позицияға қалай өтіп кеткенін өзі байқамай қалып жатады. Сондықтан бұл мәселені барынша жедел шешкен жөн. Әрі алдын ала демографиялық ахуал мен басқа да жанама факторларды ескерген дұрыс», – дейді маман.
Баян Мұратбекқызы