Серікгүл Сали, психолог-психотерапевт: БАЛА МІНЕЗІ ҚҰРСАҚТА ҚАЛЫПТАСАДЫ

Әрбір адам өмірге келгеннен кейін барынша жақсы өмір сүруді қалайды. Ал адамның жақсы өмір сүруі оның мінез-құлқына, ұстанымына, құндылығына, ата-анасынан алған өнегесі мен баласына берген тәрбиесіне байланысты.
Осының барлығын жүйелі орындай алмаған адам әркез қателікке бой ұратыны сөзсіз. Осы орайда, қазіргі қоғамда адам отбасында, бала тәрбиесінде, өзгелермен қарым-қатынаста нені ескеруі қажет екендігі жөнінде психолог-психотерапевт Серікгүл Салимен сөйлескен едік.
– Серікгүл ханым, сіздің психология саласында жүргеніңізге қанша уақыт болды? Әрі осы салада жүріп, қандай ерекше жағдайларды бастан өткердіңіз?
— Психология саласында жүргеніме 12 жыл болды. Осы 12 жылдың ішінде сегіз мыңнан астам адамның тағдырымен таныстым. Ал ол 8 мыңның ішінде… кішкене кезінен ойыншықпен емес, шынайы қарумен ойнап өскен баламен жұмыс істедім. Яғни, оны әкесі кішкентайынан 90-жылдардағы қырғын төбелестерге қатыстырып, өзімен бірге ертіп жүрген. Бұл, әрине, баланың психологиясына қатты әсер еткен. Осындай жағдайларды ұмыту үшін әлгі жігіт менен психологиялық тұрғыда көмек сұрады. Бұдан бөлек, туған әкесінен, ағасынан зорлық көріп өскен қызбен де жұмыс істедім. Тұрмысқа шығып, тұрмыстың тауқыметін көріп өскен келіншекпен де, құрсағындағы жеті айлық баласын тумаймын деп баласын өлтіру үшін небір әрекеттер жасаған әйел де көмегіме жүгінді. Тіпті баласын тастап кетіп, өзін-өзі кешіре алмай жүрген әйелмен де, ең жақын адамдарына қиянат жасағандармен, адам өлтіргендермен, есірткіге тәуелді адамдармен, ойынға бәс тігіп, 700 миллион теңге ақшасынан айрылған адаммен де жұмыс істедім.
Тағы да айта кететін жайт, қазіргі қоғамда гомосексуалды қарым-қатынас кең етек жайып келеді. Бір таңғаларлығы, гомосексуальды жағдайға ұрынатындардың қатарында қазақы тәрбиенің ұстанымымен өмір сүріп жатқан отбасының балалары да бар. Ал сол балаларының осындай әрекетке барып, нәзікжандыға айналғанын көтере алмай, депрессияға түскен отбасын кездестірдім. Сондықтан осылардың ішіндегі ең сорақысы – мынау деп бөліп айта алмаймын.
– Соңғы уақытта адамдарда ашушаңдық, агрессивті әрекеттер көп байқалатын болған. Яғни бір-бірінің сөзін көтере алмау, үнемі шаршап жүру секілді жағдайларды көп адамнан байқаймыз. Бұның себебі неде деп ойлайсыз?
— Жалпы ХХІ ғасыр адамның жан дүниесі мен психологиясын, сана-сезімін түсініп, өмір сүруінен тұрады. Қазіргі технологияны игерумен бірге, сана-сезіммен өмір сүру формасын жаңғыртып, рухани дамуын қажет ететін заман десек те болады. Сол себепті, заман талабына сай, мен өзімді түсінбесем, өмірден өз орнымды таппасам, өз қалауыма қарай жауапкершілікті толық сезінбейтін болсам, әрине, өмірге көңілім толмайды. Яғни өз қалауына қол жеткізбеген адам әрдайым фрустрациялық күйде жүреді. Ал фрустрациялық күй деп кез келген жағдайда агрессивті, ешкімнің сөзін көтере алмайтын мінезді айтамыз. Өйткені ол өзін-өзі әзер көтеріп жүрген адам. Бұның себебі, адамның өзін-өзі танымауында, заманның талабын толық түсінбеуінде. Ал заманның талабын түсінбегеннен кейін оған сай өмір сүре білмейді. Осының барлығы адамдарды созылмалы стреске түсіріп, олар әрдайым қысым деңгейінде жүреді. Соның салдарынан бірін-бірі жақтырмай, жек көру, өзіне жақын тарта алмау сезімдері туындайды.
Екінші себебіне келсек, адамдардың бірлесіп, ұжымдық тұрғыда қысымнан шығуы секілді нәрселер кейінгі кезде мүлдем қалып бара жатыр. Сол себептен, осы сұраныстың орнын толтыру үшін көпшілігі орынсыз несие алып, той жасап жатады. Той жасаған әрине, жақсы. Өйткені адамдардың іс-шараларда, ұжымда бас қосып, бірге тамақ жесе, күйзелістің алдын алады. Бірақ қазіргі ұжымдық бірлесу бұрынғымен салыстырғанда өз деңгейінде өтіп жатқан жоқ. Олай дейтінім, бізде күншілдік деген жаман қасиет бар. Сол күншілдіктің салдарынан несие алып, той жасаған адам «ой, басымыз қосылып, қуанышымызды бірге тойлайтын болдық» деп ойлаудың орнына «несиемді қалай төлеймін, болмаса дастарқаным біреуге ұнамай қалды ма?» деген мәселені ойлаумен болады. Шынында да тойды мейлі жақсы өткіз, мейлі нашар өткізсең де, бәрібір онда тойды сынап, кекетіп-мұқатып кететіндер кезігетіні анық. Ал мұндай жағдай сөзсіз стрестің үстіне стресс жалғап береді.
Дегенмен сынап-мінеу болады екен деп, той жасамай қоюға да болмайды. Өйткені қазір онсыз да ұжымдық бірлік, әулеттегі басқосу жағы бәсеңсуі мен жастарымыздың да шетелдік жат мерекелік іс-шараларға әуестенуі белең алып барады. Енді жастарымыздың өзге менталитетті сіңіруі мен адамдардың күйзеліске түсуінің алдын алу үшін той-томалақтар мен басқосуларды өз деңгейінде өткізгеніміз дұрыс деп ойлаймын.
–Қазір адамның энергиясын, күшін сорып, жейтін адамдар бар дегенді де жиі естиміз. Ол қандай адамдар? Нақты тоқталып, айта аласыз ба?
— Көп жағдайда адамның энергиясын жейтіндерге сөздің адамдарын жатқыза аламыз. Ондай адамдарға өздерінің энергиясы көп, сөзі мірдің оғындай, әртүрлі тақырыпта сөйлесе алатын сөзшең кісілер жатады. Ал сөздік қоры жұтаң жандар балағат сөздер айтуға құмар, даукес, сөзден жеңілмейтін қасиетке ие жандар. Бұл адамдар әрдайым басқа адамдардың энергиясын жейді. Яғни кез келген жағдайда міндетті түрде ұрыс шығарып, жанжалдасып, біреудің жанына тиетін сөздерді айтады. Мұндай адамдарды ешкім жеңе алмайды. «Энергия жейтін» адамдар адамзаттың 5 пайызын құрайды. Оның ішінде дұрыс тәрбиеленіп өскендерінен сөзге шешен, шығармашылыққа жақын адам шығады. Ал керісінше, дұрыс тәрбие алмай, қысым көріп өскендер біреудің бақытын көре алмайды. Олар үнемі біреуді кекетіп отырады. Және басқа адамның асып-тасып, мерейінің өспеуі үшін аяғынан шалып, басып тастайды. Бұларды сол себептен, «вампир» деп емес, «күншіл адам» деп атаған дұрысырақ деп есептеймін.
– Сіз көбіне ақшаға қатысты да көп кеңес бересіз? Сонда өмірде ақша мен адам мінезінің байланысы қандай? Ақшаға тәуелділік адамды теріс әрекетке ұрындырмай ма?
— Ақшаға байланысты көп кеңес беруімнің себебі, бұл тақырып ең жоғары сұраныстағы тақырып болып есептеледі. Өйткені адамдар үшін бала тәрбиесі, отбасылық қарым-қатынасқа қатысты мәселелер шыны керек, ақшаға қарағанда төмен. Оның себебі, әрбір адам дүниеге келгеннен кейін жақсы тамақтанып, дүние-мүлкі мен өзіне қажетті қалауына қол жеткізуі үшін ақша қажет. Осыған орай, мен өз қалауымды қамтамасыз етпей тұрып, екінші метофизикалық әлемдегі қалауымды түсіне алмаймын. Ол ары қарай өсіп, дамымайды да. Ал метофизикалық әлем дегеніміз – адами қасиеттер, рухани құндылықтар, имандылық, ақиқатты тану саналады. Сол себептен, физикалық әлемдегі қалау басты орында тұрады. Мәселен, мен өзімді ақшаға тәуелді де, тәуелсіз де сезіне аламын. Бірақ мұны ақшаға құнығу деп айтуға болмайды. Мысалы, ақшаң жоқ болса, аштық болады. Ашаршылық болса, адамның санасы өшіп, жан түршігерлік әрекеттерге баратыны сөзсіз. Бұған дәлел ретінде, кезінде ата-бабамыз бастан кешірген сонау нәубет замандағы ашаршылықты айтуға болады. Сол кезеңде адамдар аштықтан, жоқшылықтан қиналып, туған-туыстарына қиянат жасауға дейін барғанын тарихымыздан білеміз. Ал сол ашаршылықтың салдарынан бір-бірінің етін жеп, жауыздық әрекетке барғандарды қалай «адам» деп айта аламыз. Ал жаман жағдайлардың орын алмасы үшін де ақша қажет емес пе? Одан бөлек, әрбір адам ақша арқылы қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, білім алып, өзін-өзі дамытуы үшін де қажет. Сондықтан бұл қажеттілікке «ақшаға тәуелдіміз» деп қарамай, көмектесуші құрал ретінде қарауымыз керек.
— Әңгімемізді балалардың тәрбиесіне орай өзгертсек, қазіргі заманда балалар тәрбиесі ең өзекті тақырыптардың бірі. Осы орайда, құрсақтағы баладан өтпелі кезеңге дейінгі бала тәрбиесінде нені ескерген жөн?
— Баланың жан дүниесін түсініп, оның кім екенін тани отырып, тәрбиелеу керек. Оның туабітті психотипіне байланысты негізгі базалық қалаулары мен базалық құндылықтары қандай екенін ескеріп, тәрбиелеген жөн. Әрине, барлық бала бірдей емес, әрқайсысы әртүрлі. Сондықтан қазір оны білудің, түсінудің түрлі техникалары мен тәсілдері де бар. Мәселен, баланың қажеттілігін зиянсыз мөлшерде толтырып, қол көтермей, ұрыспай қалыптастырған дұрыс. Содан кейін баланы жауапкершілікке үйретіп, еркін өсіру қажет. Еркін өсіру деген баланы бос жіберу деген сөз емес. Бала 11-12 жасқа дейін жақсы мен жаманды, пайдалы мен пайдасызды ажырата алмайды. Санамалы түрде айтсақ, ең әуелі баланы ұрмау керек. Екінші, баланың жебіріне жетіп, айқайлап, қатты күйзеліске түсіретіндей жағдайға жеткізбеген жөн. Және баланы өзінің ортасынан, қасындағы жүрген балалардан ерекшелемеу қажет. Яғни оны ерекше еркелетіп, ешкімде жоқ киімді әперіп оқшаулауға болмайды. Керісінше, баланы көпшілік ортамен тіл табысуға, араласуға үйреткен жөн. Содан кейін бала тәрбиесінде ерекше ескеретін нәрсе, баланы үнемі дамытып отыру маңызды. Мейлі физикалық тұрғыда болсын, мейлі рухани тұрғыда болсын үнемі ізденісте жүруіне жағдай жасасақ, сана-сезімі толық қалыптасады. Жауапкершілікке үйрету де басты тәрбиеге жатады.
Енді құрсақтағы баладан өтпелі кезеңге дейін ата-ана өзінің өмірлік проблемаларын, көңіліндегі қолайсыз жағдайларды баласына білдіріп жатады. Бұл дұрыс емес. Екінші, бала үшін ата-ананың екеуі де бірдей саналады. Мысалы, бізде көп аналар баласына әкесін, ата-әжесін жамандап жатады. Бұл қаншалықты дұрыс? Сонда анасы әкесін, ата-әжесін жамандау арқылы балаға нені жеткізгісі келіп отыр? Әлде баланың сол жақын жандарын жек көргенін, не болмаса өз мәселесін шешіп бергенін қалап отыр ма? Осы мәселелерді де бөліп, ескеру қажет. Үшіншіден, бала дүниеге келген кезде анасында әртүрлі қиыншылықтар болуы да мүмкін. Мысалы, өзінің денсаулығына байланысты, не баланың әлсіздігіне байланысты, тіпті болмағанда, бала туған кезде үйдегі келеңсіз оқиғалар болуы мүмкін. Мұндай оқиғаларды балаға мүлдем айтпаған жөн. Оның барлығы балаға қажетсіз ақпараттар саналады. Тіпті балаға «сені туғым келмеген, сені қаламадық» деген сөздер айтатын аналарды да көрдім. Ал мұның бәрі кейін баланың психологиясына травма жасайды. Осы орайда, баламен орнатылған әрбір қарым-қатынаста ата-ана өте сақ болғаны дұрыс.
Енді адамның түріне келсек, жалпы адамның 8 түрлі типі болады. Ал сол сегіз типтің екі түрі ғана құрсақта дамиды. Әрі құрсақтағы баланың қандай типке жататынын мен анықтай алмаймын. Сондықтан да баланың жақсы мінезді адам болып қалыптасуы үшін аяғы ауыр әйелдер айғай-шуы көп, қатты әуен ойнайтын, жағымсыз дыбыс шығатын жерлерден сақтанып жүргені дұрыс. Себебі дыбыс арқылы құрсақтағы бала травма алса, балада аутизм, не болмаса туабітті құлақ естімеу, сөйлей алмау секілді мәселелер туындайды. Бұны біздің ата-бабамыз да жақсы білген. Өйткені бұрындары үлкен кісілер аяғы ауыр әйелдерді көпшілік жиналған жерлер мен өлім-жітімге жібермей, жамандықтан сақтап отырған. Өкінішке қарай, қазір осындай қазақтың тағылымға толы дәстүрлері ұмытылып барады.
— Ал адамның өзін-өзі тануы, өзін-өзі бағалауы дегенді қалай түсіндіресіз?
— Ешкім бұл өмірге жайдан-жай келмейді. Яғни әр адамның өмірге келгеннен кейін өзінің атқаратын арнайы функциясы бар. Мысалға, өзімді алатын болсам, өз құндылығымды – өзімді тани отырып, қалыптастыра аламын. Бұл әр жасаған ісімнен, әрбір сәттен ләззат алу деген сөз. «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» демекші, өз кетігімді тауып қаландым. Ал кетігімді табуым үшін өзімнің неше қырым бар екенін анықтауым қажет. Мүмкін, екі қырлы, мүмкін, үш қырлы, не болмаса, жеті қырлы шығармын. Осы қырларымды білу – өз-өзімді тану болып есептеледі. Ал өзін-өзі бағалау деген нәрсеге келсек, адам дүниеге келгеннен кейін, адам болғаннан кейін, әрине өзін-өзі бағалайды. Дегенмен адам өзін қалай бағаласа, өзгені де солай бағалауы қажет. Яғни өзгенің жан дүниесін танып-білу керек. Егер мен қаншалықты біреуді бағаласам, өзгелер де мені солай бағалайды. Ал басқаны бағаламасам, мені де ешкім бағаламайды. Енді ешкім мені бағаламай тұрып, өз-өзімді бағалап жүрсем, бұл мені жалғыздыққа, күйзеліске әкелетін қате қасиеттердің бірі. Сондықтан менің психологиялық бағытымда өзін-өзі бағалау деген нәрсе жоқ. Өйткені бұл адамның табиғи жаратылысы. Ал адамға оның қандай екенін тек өзгелер айтып бере алады. Сол үшін адам өзінің бағасын өзгенің пікірі арқылы біледі.
— Әңгімеңізге рақмет!