Серік Ахметовтың ұлы мен Асқар Маминнің бауырының Дубайдағы пәтері анықталды
Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарып, кейін сотталған Серік Ахметовтың ұлы Данияр Ахметов пен экс-премьер-министр Асқар Маминнің бауыры Марат Мамин Дубайдан пәтер сатып алған. Бұл туралы Азаттық радиосының зерттеу материалында мәлім болды.
Азаттық мәліметінше, экс-премьер Серік Ахметовтың баласы Пальма аралына кіреберістегі FIVE AT PALM JUMEIRAH DUBAI деген қонақ үйдің бір пәтерін сатып алған.
Мүлік меншік иесінің жеке деректері соны көрсетіп тұр. Баспананың аумағы – 113 шаршы метр. Қазір нарықта қонақ үйдің осындай көлемдегі пәтерлері 400 млн теңгеден (950 мың доллар) жоғары бағаланады. Данияр Ахметов бизнес реестріне сәйкес, Астана мен Қарағандыда тіркелген жиыны 5 компанияның құрылтайшылар қатарында, деп жазады басылым.
Сонымен қатар, 2014 жылы Дубайдағы Jumeirah жағалауында AL BATEEN RESIDENCES кешені пайдалануға берілген. Соның 41-қабатынан Марат Мамин деген азамат 273 шаршы метрлік үлкен пәтер алған.
Марат Мамин – Қазақстанның экс-премьер-министрі Асқар Маминнің туған бауыры.
Премимум санаттағы пәтерінің құны 500 млн теңгеге (1,1 млн доллар) жуықтайды. Ол бұдан бөлек паркингтен үш көлікке орын алған, делінген зерттеу материалында.
Асқар Мамин премьер-министр қызметінен Қаңтар оқиғасынан кейін кеткен. Кезінде премьер-министрдің орынбасары, министр, Астана әкімі қызметтерін атқарған. Сегіз жыл бойы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясын басқарған.