Серік Асылбекұлы, жазушы: Өмірді бүкпесіз суреттеді
Бердібек Соқпақбаев шығармашылығының басым бөлігі – автобиографиялық туындылар екені рас.
Бұл жайт бекер де емес, жазушы Шыңғыс Айтматовқа журналистер сұрақ қойған екен: «Жазушы өзінің ең басты тақырыбын қалай табады? Сіз қалай таптыңыз?» десе, жазушы: «Тақырып дегенің – сенің өмірің, сенің тағдырың және сенің өзің» деп жауап беріпті.
Адам өз көзімен көріп, құлағымен естіп, жүрегімен сезгенін жазғанда ғана шығарма шынайы болып, оқырманның сезімін тудыра алады. Ал өмір шындығына сүйенбей, қандай ұшқыр қиял мен ойдан шықса да, шығарманың ғұмыры ұзақ бола бермейді. Себебі оқырманды қандай шығарма тебірентеді деген сұрақ қойсақ, тек шынайы шығарма деген жауап аламыз. Адам жан дүниесін катарсиске түсіріп, рухын оятатын, жан дүниесін ізгі ететін шығарма жазушының ішкі тебіренісінен шықса керек. Орыстың ұлы ақыны Пушкин: «Жазушы тарихты, я болашақты емес, өзі көзімен көріп, жүрек сүзгісінен өткізген замана шындығын жазу керек» дейді. Себебі өзің куә болмаған, осыдан бірнеше ғасыр бұрын өткен оқиғаны көркем әдебиет қып жазу әлдеқайда қиын. Мүмкін, монография, я зерттеу еңбегін жазуға болатын шығар, бірақ сол заманға тән көркем образдар жүйесін жасау мүмкін емес сияқты.
Жас жазушыларға тән бір үлкен кемшілік бар. Ол айтылып жүрген нәрсе. Жастар өмірді аз біледі, үстірт біледі деген сөз. Қазіргі жас жазушылардың көпшілігі мектепте, одан соң институтта оқыған, одан соң газет-журнал редакцияларында қызметте қалған. Олардың өмір жолдары міне, осындай. Содан соң олар не туралы жазбақ? Өзі жап-жас болып тұрып, жас кезде өтіп кеткен махаббатын жазады. Мысалы, Қалиханның «Қоңыр күзі». Өзі институт бітірмей жатып, институтқа сабақ беретін профессорлар, аспиранттар туралы жазады. Мысалы, Оразбек Сәрсенбаевтың «Даңқы» Өзінің бастан кешкен елеулі оқиғалары болмағандықтан, қайдағы бір «Болмаған оқиғаларды» жазады. Мысалы, Есенжол Домбаев. Өмір терең де, күрделі нәрсе. Жазушы болған адам сол өмір турасында басқаларға сабақ беруші, оқытушы болуға тиіс.
Бердібек Соқпақбаев«Прозаның жас талаптары» мақаласынан.
«Жұлдыз» журналы. 1964 жыл. №12
Бердібек Соқпақбаевтың қай шығармасы да өз басынан кешкен оқиғаларға құралады. Сен жазушы шығармаларында автор сүрген қоғамның қыртыс-қатпарын мейлінше саралап, кесел-кемшілікті санамалап, аударып-төңкеріп қарайсың. «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат» шығармасы Бердібек Соқпақбаевтың автобиографиясына тікелей қатысы бар. Оқырманды оқиғада ұстап тұратын басты қасиеті де осы – жазушының қалтқысыз шындық, бүкпесіз өмірдің бейнесін суреттеуі. Автор шығармалары – ешбір жанрға бағынбайтын, өмірге өзінше келген, өз айтары мен бағыты бар, мейлінше шынайы шығармалар. Бердібек Соқпақбаевтың қазақ әдебиетінің ұлы классигіне айналуының бір сыры – осындай шыншылдығында жатыр деп ойлаймын.
Бердібек Соқпақбаев тек қазақ прозасы ғана емес, қазақ балалар әдебиетінің ұлы классигі. «Менің атым Қожа» – тек қазақ балалар әдебиетінің ғана емес, әлемдік балалар әдебиетінің жауһарларының бірі де, бірегейі. Әлемдік әдебиеттегі Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері», Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың лашығы» немесе Гавриил Троепольскийдің «Қара құлақ, ақ Бим» сынды атақты шығармалармен иық тірестіретін шығарма. Автор бақытына орай «Менің атым Қожа» шығармасының желісі бойынша түсірілген фильм де түпнұсқадан кем болмай, сәтті шықты.