Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:03, 06 Қараша 2023

Серік Бейсембаев: Отыз жылдағы өзгеріс – ақпараттық ортаның қазақылануы

Серік Бейсембаев
Фото: soros.kz

Әдетте біз көп назар аудара бермейтін айналамыздағы кейбір оқиғаларды, оның салдар, себебін әлеуметтану ғылымы тереңдеп зерттейді. Қандай да бір қоғамдық әлеуметтік мәселелерге ғылыми тұрғыда тұжырым айтады. Біз бұл жолы әлеуметтанушы С.Бейсембаевпен қоғамдағы өзекті, өткір түйткілдер туралы сұхбаттастық.

Секе, әдетте бір тосын жаңалық айтыла қалса немесе қоғамға бетбұрыс әкелетіндей өзгеріске ұмтылсақ көбінесе жұрт болып: «бұған әлі дайын емеспіз, мұның уақыты келген жоқ» деп кері тартамыз. Сіздің ойыңызша мұның себебі неде?

– Шынымен де «біздің қоғам дайын емес» деген түсінік қоғамда кең тараған, байқасаңыз, мұны биліктегілер жиі айтады. Негізінен саяси контекстте аргумент ретінде көбірек пайдаланады. Естеріңізде болса Н.Назарбаев президент болып тұрған кезде демократиялы ел құру туралы сұраққа жауап береді, сонда «16 миллион америкалықты мен қайдан алып келемін» дейді. Яғни Назарбаев бұл сөзі арқылы Қазақстан қоғамы ешқандай да демократияға дайын емес деген ойын ашықтан ашық айтып отыр. Негізі дәл осылай ойлау, оны ашық айту авторитарлық жүйеге тән мінез. Себебі авторитарлық жүйеде саяси элита өзін жабық вакуумда ұстайды. Мұндай жүйенің қоғаммен байланысы да томаға тұйық болады. Ақпарат құралдарын барынша уысынан шығармауды көздейді. Сыни пікір айтатын, демократиялық құндылықтарға ұмтылатын медиаларға қысым көрсетеді. Сондай-ақ сайлаудың бәрін өз қалауынша өткізеді, өзіне ұнайтын, қолайына жағатын кандидаттар мен партияларды сайлаудан өткізеді. Сөйтіп саяси бәсекелестікке еш мүмкіндік қалдырмайды. Мұндай жағдайда саяси билік қоғамнан алшақтайды. Ең өкініштісі – осыдан соң саяси билік өздерін халықтан бір саты жоғары тұрмыз, қоғамнан әлдеқайда ақылдымыз деп сезіне бастайды. Сосын қандай да бір саяси немесе басқа да өзгерістерді жасамаудың аргументі ретінде «бұған әлі де уақыт қажет, азаматтардың деңгейі жетпейді» немесе «біздің менталитетіміз басқаша» деген сылтауларды жиі айтады. Қарап отырсаңыз, осы «қоғам дайын емес» деген дүние көрші Ресей, Өзбекстан сияқты елдердің де риторикасынан байқалады.

– Осы «дайын емес» дегенді жиі айту азаматтарды соған сендіру, қоғамды барынша жабық күйде ұстау деген саяси әдіс емес пе?

– Иә, бұл арнайы саяси технология да болуы мүмкін. Мысалы, әдетте мемлекеттік ақпарат көздері митинг туралы «арандатушылардың, қоғамдық тәртіпті бұзушылардың жиналатын жері» деген мағынаны көбірек айтады. Мұның астарында тағы да сол «біз митинг өткізе алмаймыз, оның ереже тәртібін білмейміз, дайын емеспіз» деген ой жатыр. Осылайша, адамдарды митингке шықпауға үгіттейді. Сәйкесінше жүйені осы күйінде қалдыруға күш салу анық байқалады. Әрине, кез келген авторитарлық жүйенің басты мақсаты ешқандай да саяси өзгерістерге жол бермеу, қоғамды мейлінше бақылауда ұстау, бостандық деген ұғымды шартты дүние ретінде қабылдау екені түсінікті. Кейбір медиаларды билік осы мақсатта пайдаланады. Тіпті бұл үрдіс мәдениетке қатысты саясатта да көрініс табады. Мысалы, «жады саясаты» деген түсінік бар, бұл мемлекеттік идеологиялық саясатының ажырамас бір бөлігі іспетті. Мұнда негізінен билік өте нәзік деп есептейтін тақырыптар мен тарихи кезеңдерді мемлекет бақылауында ұстайды. Мәселен, 1930 ашаршылық осы тақырыпқа жатады. Бұған қатысты деректер, медиада таратылуы тиіс ақпараттар түгелдей сүзгіден өткізіп, қадағалап отырады. Себебі қоғам мұндай шындықты еститін болса оған қандай да бір қарсылық туындауы мүмкін деп ойлайды.

– Демек, өнерге, мәдениетке мемлекеттік саясат араласқан жерде оның дамуына белгілі кедергілер бола ма?

– Жалпы, мемлекет бақылаған, билік менеджер болған жерде табиғи дамуға мүмкіндік берілмейді. Мысалы, кейінгі жылдары ән өнері едәуір қарқынды дамыды. Қазақ заманауи музыкасы айтарлықтай жетістіктерге жетті. Жаңа буын қалыптасты. Ең маңыздысы – бұлардың ешқайсысы мемлекеттің қолдауына иек артып, қаржы алған жоқ. Керісінше, өз қалауларымен, өз ерік-жігерлерімен өнер жасады, жетістікке жетті. Міне, дәл осы жерде бір байланыс бар секілді. Яғни мәдениетке мемлекеттің араласуының нәтижесі өнімсіз. Себебі мұнда шығармашылық салыстырмалы түрде еркіндігінен айырылады. Мұнда кілтипан цензурада ғана емес, қомақты ақшамен бірге басқа да дүниелер қатар жүреді, сөйтіп шығармашылыққа орын қалмай қалады. Мұнда сонымен қоса мемлекеттік тапсырыс орындалады, сәйкесінше, бұл бағыттың дамуын анықтайтындар сол саланы жетік білетін кәсіби мамандар емес, шенеуніктер. Демек, биліктің өнерге араласуының пайдасынан гөрі зияны басым.

– Өзіңіз де көріп, біліп отырған шығарсыз. Соңғы уақытта режиссер Мұрат Есжанның «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі кинотеатрларда қойылды. Бір қызығы көрерменнің бұл туындыға деген ынтасы айрықша болды. Жұрт қызыға тамашалады. Әрине, фильмнің сапасы, көркемдігі өз алдына, ал көрерменнің жаппай кинотеатрға ағылуын қалай түсіндірер едіңіз?

Иә, «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі жөнінде мен де ұзақ ойландым. Жұрт қатарлы кинотеатрға барып көрермен ретінде фильмді тамашалап ой қорытуға тырыстым. Шынымен де мұны дәл осылай ажиотаж болады деп ешкім ойлаған жоқ. Себебі дәл қазіргі қоғамның мәдени, идеологиялық сұранысы жөнінде жоғарғы жақта түсінік жоқ. Жалпы, тарихи тақырыпқа деген қызығушылық қай кезде де жоғары болған. Осыдан он жыл бұрын интернет сайттары ашыла бастаған кезде біз зерттеу жасағанбыз. Сонда танымал қазақ сайттарында ең көп жазылатын және көп оқылатын тарихи тақырыптар екені белгілі болды. Демек, мұндай сұраныс бұрыннан бар. Тәуелсіздік алып, өзінің тарихи тамырын енді іздей бастаған қоғам үшін бұл тіпті табиғи құбылыс. Адам өзінің кім екенін анықтау үшін өз тарихына үңіледі. Ата-бабасының кім болғанын зерттейді. Бүгінгі күнде мен кіммін деген сұраққа тарих арқылы жауап береді. Жоғарыда айтқанымдай, біздің тарих қай кезде де цензураның ықпалында, соның қатаң бақылауында болды. Егер біз әу баста барынша ашықтыққа жол берсек, тарихи шындықты айтсақ, түрлі мәдени өнім шығарсақ, тарих тақырыбын ұлттық құрылымымыздың үлкен бір діңгегіне айналдыруға болар еді. «Міржақып. Оян, қазақтың!» феномені – дәл осындай зәру сұранысты қанағаттандыра білуінде. Бейнелеп айтсақ көпшілік «дүкенге түседі» деген бір затты күтіп жүреді де, түскен сәтінде жапа-тармағай соны сатып алды. Сондай-ақ мұны соңғы отыз жылдағы құндылық өзгерістерінің көрінісі деп атасақ болады. Жалпы мәдени өнімдерге деген сұраныстың артуы бұл да қала мәдениетімен тікелей байланысты. Кейінгі жылдарда қаланың мәдени контексті өзгерді. Сәйкесінше, қалада қазақша сөйлейтін, қазақша ойлайтын жаңа буын қалыптасты. Әдетте мұндай жас буын өз ата-анасына қарағанда әлдеқайда еркін өседі. Олар ата-анасы айтуға батпайтын мәселелерді айта бастайды. Бұл әлем тарихында бар үрдіс. Диктатурадан шыққан ұрпақтың немерелері ғана шындықты айтқан, әшкерелеген. Мұндай жайт Испания, Аргентина елдерінің тарихында болған. Міне, осы дүниеге біз енді ақырындап келе жатырмыз. Режиссердің өзі жаңа ұрпақ өкілі. Демек, олар тарихи шындықты білуге құлықты.

– Әлеуметтану ғылымы мен қазақ қоғамының байланысын, ара қатынасын қалай түсінесіз. Мұны сұрап отырған себебім – әдетте бір оқиғаны әлеуметтанушылар сараптап, талдап түсіндіреді, оның нәтижесі қаншалық?

– Ғылым дегеніңіз – әмбебап дүние. Ол тілге, дінге бөлінбейді. Мемлекеттің дамуына ілесіп, бұрындар ашылмаған тақырыптар ашыла бастайды, зерттелмеген салалар зерттеледі. Бізде де дәл солай. Осы отыз жылдағы өзгеріс не десеңіз ол – ақпараттық ортаның қазақылануы. Бұл негізінен демографиямен байланысты. Қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны артқан сайын олардың ақпараттық кеңістікте, қоғамдық кеңістікте салмағы да арта түсті, көзге көріне бастады. Қазақ тіліне деген қажеттілік, қазақ тарихына деген қызығушылық осыған сәйкес оянды. Бұл дегеніңіз – ұлттың өзін, түп тамырын іздеу деген сөз. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ Кеңес өкіметі кезіндегі елдер арасында мұндай үдерісті Грузия, Балтық жағалауындағы елдер ертерек бастан кешті. Ал бізде бұл саяси, демографиялық жағдайға байланысты сәл кешеуілдеді. Осы жақында ғана Рига қаласында конференцияда болдым. Сонда «Советтік оккупация музейіне» бас сұқтым. 1993 жылы ашылған бұл музейдің мақсаты – Советтік тарихты оккупация ретінде саяси баға беріп, оны жұртшылыққа осы тұрғыдан түсіндіру. Музей маған өте ұнады. Онда оқиғалардың желісі толық көрсетілген, артында үлкен ғылыми-зерттеудің тұрғаны аңғарылады. Мұны тарих арқылы ұлт қалыптастырудың жарқын бейнесі деп айтсақ болады. Кеңес өкіметі мемлекет ретінде жойылғанымен, оның идеологиялық, саяси жүйе ретіндегі ызғарын әлі сезініп келеміз. Дегенмен бұл алдағы уақытта азая береді. Сонымен қоса осы тарихи кезеңді қайта қарап, сыни сараптамадан өткізетін кезіміз жақындап келеді. «Міржақып. Оян, қазақ!» соның алғашқы сәулесі.

– Бізде мынадай бір үрдіс бар. Жаңа жыл жақындағанда шырша жағу жақпауды, наурыз таяғанда ұлттық киім киюді, сосын 1 қыркүйекте хиджаб киіп, мектепке бару, бармауды қызу талқылаймыз. Бұл өзі қандай жағдай, мұны қалай түсіндірер едіңіз?

– Әлеуметтану ғылымында қандай да бір пікір алауыздығы, шиеленіс ол дамудың белгісі деген ұғым қалыптасқан. Бұл ойдың түрлі зерттеулер, талдаулар арқылы тұжырымдалған негіздемесі бар. Мен де соны қолдаймын. Демек, қазіргі біздің қоғамда болып жатқан әралуан қақтығыстар қоғам ретінде дамып жатқанымыздың белгісі. Бұл біздегі құндылықтардың, әлеуметтік нормалардың өзгеріп жатқанының көрінісі. Мысалы, өзіңіз айтып отырған хиджаб мәселесі. Көп жағдайда мұны «қазаққа тән бе, әлде арабтың киімі ме?» деп талқылайды. Бұл тұрғыда екі тараптың да айтар уәжі бар, бірақ екі жақ та бір-бірін тыңдағысы келмейді. Дегенмен дәл осылай талқылау арқылы ерте ме, кеш пе бір келісімге келеміз. Бірақ бұл жағдайда да мемлекет кірісіп, бір тарапты дискриминацияламауы тиіс. Өйткені әр тараптың өз шындығы, өз ақиқаты бар. Тіпті бұлай ойлауға әр тарап толық құқылы. Сондай-ақ айтылып жатқан әр тараптың пікірлері дәл біздің мемлекеттігімізге қауіп төндіретіндей жағдай да емес. Жақында бір топ зиялыларымыз хат жазып: «біз арабтанып бара жатырмыз» депті. Шынын айтқанда, бұл ешқандай да арабтанудың нышанына жатпайды, бұл біздің жаһанданып жатқанымыздың белгісі. Егер осы мәселені киім тұрғысынан алып қарайтын болсақ, бізге арабтан ғана емес, батыстық, корейлік үлгідегі киімдер де дендеп кіріп жатыр. Бұл жаһандық жүйеде әртүрлі мәдени айырбастың жүріп жатқанын білдіреді. Егер осының бәрін қазаққа төніп тұрған қауіп есебінде қарасақ, онда кезіндегі Кеңес өкіметі сияқты шекарамызды тас қылып жауып тастауымызға тура келеді. Сонда ғана мұны тоқтата аламыз. Әлеуметтану ғылымы осының бәріне барынша кеңірек қарауға мүмкіндік береді. Осы сияқты табиғи қақтығыстар арқылы қоғам ретінде жаңа күйге, жаңа құндылықтар жүйесіне қол жеткізе аламыз деп үміттенемін. Бұл жердегі ең бастысы – мемлекет жүргізетін саясат мейлінше инклюзивті болу және әр тараптың азаматтық құқықтарының сақталуына мүмкіндік беру.

– Мемлекет қандай да бір мәселелер төңірегінде әлеуметтанушылардың ой пікірімен қаншалықты санасады?

Мен үш жыл мемлекет қарамағындағы зерттеу орталығында қызмет еттім. 2020 жылдан бері жеке зерттеу орталығын құрып, сонда жұмыс істеп жатырмын. Шынын айтқанда мемлекетке қатысы бар зерттеу орталығынан кетуімінің бір себебі – істеп жатқан жұмысымның нақты нәтижесін көрмеуі. Өйткені онда жүргізіліп жатқан зерттеулер, жасалған сараптамалар өкінішке қарай жоғары жаққа жетпейді, жетсе де цензураға ұшырап, қиылып, қысқарып, бір жақты ғана жетеді. Шынын айтқанда авторитарлық жүйеде сыни пікірге орын жоқ. Сондықтан мемлекеттік саясатқа ықпал еткің келсе, зерттеуші ретінде ойыңды ашық түрде айтудың басқалай жолын қарастыру қажет, сонда сөзің өтімдірек болады. Біз қазір әлеуметтік желінің, ашық медиа кеңістіктің арқасында қоғамдық пікірге әсер етуге құлшынып жатырмыз. Біздің орталық үнемі әлеуметтік желілерге түрлі тақырыптағы зерттеулерін жариялап отырады. Осы арқылы мемлекеттің демократиялы түрде дамуына, өркендеуіне үлес қосқымыз келеді. Негізі мемлекет қашан бізден осыны сұрайды деп күтіп отырудың еш қажеті жоқ. Өзіміз белсенділік танытып, пікірімізді білдіріп, қоғамдық өмірге ашық аралассақ, пайдамыз әлдеқайда көбірек болады.

– Қазір нақты қандай зерттеу жұмыстарымен айналысып жатсыздар, оның нәтижесі қалай?

– Істеп жатқан жұмыстарымыз көп. Соның бірі – Қаңтар оқиғасына қатысты. Нақтырақ айтқанда, «жұрт қаңтар оқиғасын қалай қабылдады?» деген тақырыпта сауалнама жүргізіп, нәтижесін жарияладық. Сонда ресми тергеудің нәтижесіне халықтың 50 пайыздан астамы сенбейтіні белгілі болды. Менің ойымша, бұл өте маңызды ақпарат, себебі ерте ме, кеш пе қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарды адамдар қайта қоюы мүмкін. Әділ тергеу өтіп, шындық ашылмайынша бұл жара күйінше қала береді. Сондай-ақ соңғы уақытта зерттеп жүрген тақырыптарымыздың бірі – Қазақстандағы орта білім берудегі теңсіздік мәселесі. Балалардың орта білім алуына байланысты арнайы индекс құрастырдық. Онда статистикаға сүйене отырып, әр аймақ, әр мектеп деңгейінде қандай теңсіздіктер орын алды, ол немен байланысты деген сұраққа жауап іздедік. Мұны баяндама түрінде дайындап жатырмыз. Қысқаша айтқанда, аймақтарға байланысты білім теңсіздігі ашық көрінді. Ең қарапайым бір мысал айтайын, ол әжетханаға қатысты. Мектептердің үштен бірінде әлі күнге шейін әжетхана далада орналасқан. Шынын айтқанда, бұл дегеніңіз – тікелей білім сапасына әсер ететін нәрсе. Себебі бала әжетханаға бару үшін далаға шығады, уақытын жоғалтады, қауіпсіздік мәселесі тағы бар, онымен қоса бұл баланың психологиялық көңіл күйіне әсер етеді. Кейбір мектептерде ғимарат ішінде әжетханалар бар. Бірақ оны мұғалімдер мен мектеп әкімшіліктері ғана пайдаланады. Мұның өзі өсіп келе жатқан балаларға: «біз сіздерден жоғарымыз, сіздердің құқықтарыңыз біз үшін маңызды емес» деген ой салады. Осындай мектепте білім алған бала кейін өзін қоғамның толыққанды мүшесі сезінбеуі әбден мүмкін. Көрдіңіз бе, қарапайым бір ғана мәселе қаншама проблеманың бетін ашып, көрсетіп тұр.

– Әлеуметтану ғылымының қоғамдағы орны, рөлі қалай болуы керек?

– Әдетте біз өзіміздің әрекетіміз, мінез құлқымыз өз қалауымызбен жүреді деп ойлауымыз мүмкін. Шын мәнісінде біз қай жаста үйленеміз, кімге үйленеміз, қай жаста балалы боламыз, қанша бала өмірге алып келеміз, мұның бәрі әлеуметтік нормалар арқылы анықталады. Сіз шешімді айналаңызға қарап қабылдайсыз, демек, сіз үнемі осындай көзге көрінбейтін әлеуметтік заңдылықтардың ықпалында өмір сүресіз. Әлеуметтану ғылымы, міне, осыны зерттейді. Қандай заңдылықтар бізге әсер етеді. Қандай нормалар бар, олар қалай өзгеріп жатыр деген сұрақтардың жауабын әртүрлі тәсілдер арқылы іздейміз. Әлеуметтану ғылымын экономикалық зерттеудің ішінде де пайдалануға болады. Себебі экономистер шешім қабылдаған кезде нарықтағы сұраныс пен бағаға сүйенуі мүмкін. Анығында тауарды сатып алу, қызмет көрсету деген дүниелер адамдардың ортасына, қарым-қатынасына байланысты. Осының бәрін әлеуметтану ғылымы зерттейді.

Сұхбаттасқан –

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ