Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:00

Серік ҚҰЛЖАҚАН. Көгілдір көйлек киген қыз (әңгіме)

Серік Құлжақан
Фото: Серік Құлжақан

Қаланың шетінде, жіңішке сабақтары майысып, жапырақтары шымылдықтай көлбіреп төгілген үйеңкілердің арасына жасырынып шағын аула тұр. Сәулетті емес, бірақ салауатты, ауласы толы гүл, жолына мрамор төселген.

 Маңай тып-тыныш, қаланың шуылынан өзгерек, мұнда тек құстардың сайрағаны ғана естіледі. Үй екі-ақ бөлмелі. Бірінші есіктен кіргенде кеңірек зал, оған ұзын диван, үстел, үстел үстіне бірнеше газет- журналдар қойылған. Одан ары ішкі бөлме, үлкен терезелі, екі қабырға толы кітап, одан бері үстел, үстелдің төргі жағында шамасы қырықтардағы әйел отыр, бөлмеде өзі ғана. Терезе жақта қарама-қарсы қойылған біркісілік екі үлкен кресло тұр.

Әйел алдындағы экраннан қақпаның сыртына келіп тоқтаған қара түсті машинаны бақылап отырған. Бұл машина осымен үшінші рет келіп тұр. Әр жолы келеді де жиырма минуттай тұрып, кері қайтады. Қақпаға келіп кіруге бата алмай қайтып кететіндер бұрын да болатұғын. Келген жұрттың мұң-зарын тыңдап, жүрегіндегі жұмбақтарын, көңіліндегі түйіншектерін шешіп беретін осы әйелді былайғы ел жақсы білетін-ді. Несі бар, бұл әйел емші болмаса да сабырлы тыңдаушы болып жүр. Қаланың шуылы жүйкесін тескен талай «бейбақ» осында келіп, ішкі сырын ақтарып қайтады. Керек десеңіз, осында келіп енесін, келінін, көршісін сыбап алатындар да бар. Дағдарғандар тіптен көп. Бәріне көмегі тие бермесе де әйел жымиғанынан жазбайтын, өзі асқан сұлу. Сол жақ ұшын ала тарыдай меңі бар жұқа ерні ерді де, әйелді де көрген жерден баурап алатын.

Ал мына қара машина бүгін үшінші рет келіп тұр. Әйел бұған әуестене бастады. Қалай да жеңіл-желпі жұмыс емесі анық. Сәл ойланып отырды да сыртқы қақпаны ашатын түймешікті басты. Үйеңкі жапырағы реңдес жасыл қақпа баяу сырғи бастағанда қара машинаның есігі де ашылды-ау әйтеуір. Бақылағыштан өңі көрінбесе де, ретті киінген сымбатты жігіт екені сезіледі. Жігіт есік қаққанша әйел орнынан қозғалмай отырды. «Кіріңіз!» деп жұмсақ дыбыстап, орнынан тұрды.

Жігіт кірген бойда әйелдің алдындағы үстелдің қарсысына келіп қолын ұсынып есендесті де, бұрылып терезенің алдында тұрған креслоға жайғасты. Тым сенімді, әрі асқақ көрінгісі келгенімен, әйел бұның әлденеге абдырап немесе әлденеден ұялып тұрғанын сезеді. Бұл әйел кімді көрмеді дейсің бұл бөлмеде. Үйреншікті әдетімен жымия түсіп, екі стаканға қызыл шай демдеп, бірін жігіттің алдына қойды.

– Сізге қандай көмегім болар екен, – деді әйел жігіттің алдындағы креслоға отырып жатып, сосын қол сағатына қарады.

– Менің бір сағатымның бағасы сексен юань, сондықтан келіссеңіз, қазір бастауыңызға болады. Жігіт күрсінді. Жаны азаптанып тұрғаны белгілі. Көзі ештеңеге тұрақтамай, терезенің сыртын қыдырып жүр.

– Қайдан бастасам екен, – деді сосын, – мен сізге арнайы келдім. Басымнан өткен осы ғажайып іске ешкім де иланбайтынын білемін. Ақыры айланып сізге келгенім, өйткені ешкім де ақша төлеп өтірік айтпайтынына кемінде сіз сенерсіз. Әйел жымиған қалпынан жазбай, жігітке алақанын жайып, «айта бер» дегендей ишара жасады.

– Мұнда шылым шегуге бола ма екен?

– Әрине, десе де, мұндағы жұпар иісті шылымды шексеңіз, мен басқа темекінің түтініне төзе алмайтын едім. Жігіт шылым тамызды. Бірақ мақсаты – шылым шегу емес, ойының ұшын табу сияқты, жай ғана тұтатып, аз-кем отырды да, әйелге бар денесімен бұрылып сөз бастады:

– Мөлшері он күннің алды болса керек. Бір таңғажайып түс көрдім. Көгілдір көйлекті, сары шашты, он бес-он алты жастардағы, көзі көкшіл ақсары қыз, тіпті өңімде көргендей ап-анық, сол қыз келіп оятып тұр. Әрине, оның бәрі түсім. Сол түсімде ояндым. Бірақ сол өң мен түстің арасында тағы бір өмір барына сеніп қалғандаймын. Өйткені мен ұйықтаймын, ал сосын көгілдір көйлек киген сол қыз оятады, мені басқа бір әлемде, басқа бір жерде, мен өмірі барып көрмеген сырлы бір орманда оятады. Ол жерде де осындай тек құстардың дауысы ғана естіледі. Ол қыз мені арнаулы іздеп келгенге ұқсамайды. Өйткені мені оятқасын тартыншақтай, жасқана шегінді...

Әйел жігіттің жүзін барлай тыңдап отырған, әңгіме жібі ұзарған сайын үйреншікті жымиысы еркіне көнбей, оймақ аузы сәл ашыла, қабақтарын түйе таңырқайды. Жігіт сөзін үзген жоқ:

– Иә, мен оянғанда ол солай шошына сәл шегінді. Дегенмен шамасы менің түсімде отырғанын біледі-ау, есін тез жиып, өзін таныстыра бастады. Аты ..? (жігіт сәл ойланды) Аты Күнбану екен. Біз Кандаха қаласынан шыққалы екі ай болды деді маған. Қазір Индияда екенін, анасынан Кандахадан кетерде-ақ адасып қалғанын айтты. Көгілдір көйлегінен солғындау нұр төгіледі. Алғашқы күнгі түсімнен менің есімде қалғаны осылар болды. Оның асқан сұлулығы, мұң қаймақшыған көгілдір көзі, жасқаншақ ерні, аппақ мойнына төгіле беретін тараусыз болса да, сонша әсем бұйра шашы... Мен ұйқыдан оянғанда шынымен жан-жағыма қарағаным бар. Өз бөлмемде жатыр екенмін. Ол күні әдеттегідей жұмысыма бардым, мен оны жай түс қана деп ойлағанмын ғой, шынымен, бұлай азапқа қаларымды білмеген едім...
Жігіт тағы бір шылым тамызды. Бұл жолы өзінің қалтасынан шылым алып шыққан. Әйел бұны тосқан жоқ, анығында, әйел таңырқаған сезімнен шыға алмай, әңгіменің жалғасын күтіп отырған болатын.

– Жаңа мен бұл жай ғана түс шығар деп ойладым дедім ғой.

Жігіт шылымын сөндіріп жатып әйелге қарады.

– Сонымен екінші күні бірнеше жігіт түнгі клубқа бардық, көбірек ішкен сияқтымыз, таң ата үйге жетіппін. Ертесі түске таяу ояндым. Шындығында, көгілдір көйлек киген қыз есімнен мүлде көтеріліп кеткен болатын. Күндіз оны-мұны жұмыстармен болып, кешкісін қалжырап ертерек ұйықтадым. Менің кешірмемнің мені азапқа салған және адам сенгісіз тұстары сол түні басталды. Есімі Күнбану дедім ғой, Күнбану мені тағы оятты. Сол сырлы орман, құстардың ғана үні естілетін орман. «Кеше түнде сені оята алмадым», Маған айтқан алғашқы сөзі осы болды. «Мені неге ояттың? Неге іздейсің? Қалай таптың? Не үшін керек болдым..?» Мен сұрақтың астына алдым. Екеуміздің қай тілде сөйлесетінімізді білмеймін. Бірақ ең бір ұғынықты, тек санаға төте жететін ғажап тіл секілденді.
«Мен анамды жоғалттым» деді Күнбану, жайбарақат қана, әрі менімен манадан сөйлесіп отырған адамша.

– Бірін-бірі білмейтін көп босқындардың арасында мен Индияға қалай жеткенімді де түсінгем жоқ. Жол бойы анамды іздеумен болдым. Менің әкем кім екені белгісіз, құрбы қыздарымның айтуынша, мен көрдемше баламын. Анамның еркінсіз, амалсыз бойына біткен бала екенмін. Бірақ оны анам маған ешқашан ашып айтқан емес. Ол тек менің аялап, «бейбағым» деп басымнан иіскей беретін. Менің шашымның сарылығы, көзімнің көктігі, тәнімнің ақтығы... маңымдағы адамдарға ұқсамайтын барлық бөгенайым әлгі бір қыздардың «сенің шешеңді Кандахаға алғаш келген сары шашты әскер зорлап кеткен, сен содан кейін туғансың...» деген сөзін растай беретін сияқты. Ол кезде мүмкін шешем де қазіргі мендей он алтыға жаңа келген қыз шығар. Қалайда, шешем мені шексіз сүйетін. Сол аласапыран сапарда мен оны жоғалттым! Әншейін адасып қалған шығармыз деп үміттеніп едім, бірақ екі ай болды, мен оны таба алмадым.

Жұқа көгілдір көйлектің кеудесін қыздың балаң төсі болмашы ғана көтеріп тұр. Сенесіз бе, адам өңінде ондай сұлулықты сезіне алмайтын сияқты. Ол менің қарсы алдымда ғана, әлдебір жығылған ағаштың тамырында отыр. Мен өзімнің қалай, қандай күйде тұрғанымды түсіндіріп бере алмаймын. Тек оның тұла бойындағы сағыныш пен үрейді, әлсіз балапандай қорғансыз күйді, сол күйлер сыйлаған аяулы, аянышты сұлулықты жан-жүйеммен сезінемін. Ол менен еш жауап күтпестен сөйлеп отырды.

– Кандахадағы күндерім де мәз емес болатын. Анам мені барлық адамнан тығып ұстады. Оның жүрегіне орнаған үрейден бе екен, барлық еркек, мейлі өз қандастарымыз, әлде бізге келген жат жұрттықтар болсын маған ішіп-жеп қарайтындай сезілетін. Сондықтан болар, ел іші аласапыран бола бастағанда-ақ анам мені алып, сенімді деген адамдарға ілесіп Индияға аттанған. Алайда шекара асарда біз қарулы шабуылға ұшырадық. Сол жерде анамнан адастым. Оның ең соңғы рет «тәңірім сені оқтан сақтасын!» деген дұғасы құлағымда қап қойды. Индияға келген алғашқы күндерде бізді ешкім ешқайда орналастырған жоқ. Бірге келген босқындардан да бірнеше күнде түгелдей адасып қалдым. Маған анамның ең соңғы рет алып берген сыйлығы осы көгілдір көйлек болатын. Бұны, әрине, Кандахада киюге болмайтын. Бірақ Индияда бұл маған үлкен сеп болды. Ең алдымен мені ешкім босқын екен деген жоқ. Жұрт мені әлдеқалай адасып қалған немесе базар аралап қалжырап, есі шығып жүрген бала шығар деп ойласа керек. Осылай, менің Индиядағы алғашқы күндерім өтті. Ауғанстанда туып бой жетсем де, мен бұл жерде Будда діні ғибадатханасының маңы ең қауіпсіз екенін тез түсіндім. Әрі сол маңды паналадым. Анамның ең соңғы сыйлаған көгілдір көйлегі мен «оқтан сақтай гөр...» деген дұғасының арқасында мен әйтеуір алғашқы он күнімді қауіпсіз өткізсем де, біртіндеп маңымдағы жергілікті тұрғындардың көзіне түсе бастаған едім. Бір күні түс әлетінде салқын тас баспалдақта тынығып отырған едім, жаныма ретті киінген жас еркек келді. Ол біздің тілде ептеп сөйлейді екен. Мен мұнда келгелі ешкіммен тілдеспегем, тек ымдап қайыр сұрайтынмын. Алғашында ол маған аңтарылып ұзақ қарады. Оның жанары біздің елдің еркектеріндей қатал емес, бірақ жанашырлықпен бірге мен түсіне қоймайтын қым-қуыт мақсаттармен нұрлана түскендей сезілді. «Мен сенің қайдан келгеніңді білемін», – деді ол тосыннан. – Босқындар тұрағында сары шашты бір қыз жоғалғаны анықталды. Қазір бәрі сені іздеп жүр. Бірақ сен қорықпа. Ол жердің жағдайы тым нашар, менің де сендей қарындасым бар. Мен ол жерге сені тапсырып бергім келмейді».
Босқындар тұрағының күйі қалай екенін мен де жақсы білемін. Ол жерде ең алдымен еркіндік жоқ, әрі барлық жанның жанарында тұратын үмітсіздік пен дәрменсіздікке, жалынышқа, өшпенділікке, соның бәріне амалсыз көнетініңді ойлауға мен мүлде төзбеймін. Ондай тозақта жүріп үш уақ ас ішкенше, қайыр сұрағаның артық еді. «Мені құтқарыңыз». Мен барлық батылдығымды шақырып, жас еркекке осылай дедім. Ол разы болып, қанағаттана басын изеді де, маған қолын ұсынды, мен оның жетегіне еріп, беймәлім жаққа бет алдым....

...Екінші реткі түсімнен сағаттың таңғы қоңырауы оятты да, әңгіме шорт үзілді. Менің азабым сол оянған сәттен басталған сияқты...
Әйел ұйып тыңдап отырған. Ол өзінің кабинетінде отырғанын, қарсы алдында өзіне сағатына сексен юань ақша төлеп, жан азабын ақтарып отырған жігіт барын мүлде ұмытқан сияқты. Жігіт шайын ішіп тауысып, стаканын ұсынғанда барып есін жинап, баяғы жымиысын тауып, шай құйды. Ол жігіттің осынау хикаясының шын-өтірігін түсінер емес. Егер өтірік болса, онда жігіттің талантына тәнті болар еді. Ал шын болса ше? Әйелдің арқасы шымыр етті. Кеуде тұсы сыздап сала берген. Жігітке ме, әлде жаңағы қыздың аты кім еді, иә, Күнбануға ма, белгісіз бір жанашырлық жанын жей бастаған. – Сосын, тағы түс көрдіңіз бе? – деді шыдамсыздана.

Жігіт өңі қуара шай сораптап отырған. Стаканын үстелге қойып, тағы шылым тамызды. Тамызды да әңгімесін ары жалғай берді:

– Ертесі күнім мең-зең күйде өтті. Өңім мен түсім алмасып кеткендей, ұйықтауды емес, оянуды күткендей дегбірім қашты. Ақыры күн де батты-ау әйтеуір. Бірақ ұйықтай алмай көп әуреге түстім. Қалжырай-қалжырай ақыры көзім де ілініпті. Баяғы сырлы орманда көгілдір көйлегі көлбіреп Күнбану қарсы алды.

– Әрең ояттым, – деді ол бұртиып, тағы оянбай қоя ма деп едім, шүкір...

– Әңгімеңді жалғашы, – дедім мен үздігіп.

– Иә, ол жас еркек мені жұпыны, бірақ тым жайлы кішкентай бөлмеге орналастырды. Мен Индияға келгеннен бері ең алғаш сол бөлмеде жуындым. Жас еркектің не мақсаты бар екенін есі дұрыс адамның бәрі түсінеді-ау деймін, бұған менің қылар не дәрменім болсын. Мен сол күні жуындым да, сол күні былғандым. Менің істеген жалғыз ғана ісім, шешемнің әперген көгілдір көйлегін тазалап, менің былғанғанымды көрмейтін көмескі жерге жасырғаным болды. Сол күннен бастап жас еркек күнде келетін болды. Оның аты Нараж екен. Шыны керек, ол маған жаман болған жоқ, келген сайын құмарлана, тоймай қарайды. Әр жолы түрлі ас-су, айна-тарақ дегендей сыйлық ала келеді. Сөйтеді де, білгенін істейді. Ол кеткенде есікті сыртынан құлыптап кететін. Құлыптамаса да менің барар жер, басар тауым бар ма еді?! Мен көрген жер бетіндегі еркек атаулыдан маған ең алғаш, әрі ең ыстық мейір көрсеткен сол еді ғой. Мен тіпті өмір бойы солай өтуді де қалар едім. Артымда соғыстың үрейі мен қорғансыз өмірім тұр, егер ол қаласа мен оған бала тауып берер едім. Мейлі ұл, мейлі қыз болсын, мен анамның маған тілеген дұғасын тілер едім. Мен сол баламен-ақ бақытты болар ма едім?! Анамның менімен бақытты болғаны сияқты... Мүмкін ол бала да бақытты болар? Өйткені оның әкесінің кім екені белгілі ғой...

Сенесіз бе, мен түсімде отырып осы бір кішкентай қызды құшағыма алғым келді. Оның ақсары жүзінен нұр тамып тұр. Соншалық мөлдір. Бірақ ол баяғы жетім балапандай қалтырап, әңгімесін жалғастыра берді, мен үзбедім.
Жетінші күні ол кешікті. Түн ортасына дейін елеңдей күттім, келген жоқ. Мен ертесі түске таяу ояныппын. Есіктің құлпы сылдырлап жатыр екен, тез жиналып, төсектің жанына тұрдым. Ол келгенде мен үнемі осылай күтіп алатынмын. Алғашқы күндері жаным қаламағанымен, бірнеше күннен бері мен тіпті оның келуін күтетін болғам. Бірақ есіктен кірген ол емес, орта жастағы, тер сасыған семіз еркек болды. Ол кірді де, есікті бекітті. Мен жан дауысыммен Наражды шақырдым. Елеген адам болған жоқ. Шыңғыра-шыңғыра талықсып кетіппін. Есімді жиғанда бүкіл бөлме қолаңса сасып тұр екен. Менде орнымнан тұратын, немесе қарсылық жасайтын дәрмен қалмады. Содан бастап әр күні әртүрлі еркектер келетін болды. Күн санаймын, менен рахат тауып қайтқан адамды санаймын. Мен сол күндерде тұңғыш рет анама кектендім. Неге «оқтан сақтай гөр...» деп тілемей, өз басынан да өткен осы теңдессіз қасіреттен сақтауға дұға қылмадың екен! Мұндайда жалғыз тал оқты адам тәңірінен тілеп алар еді ғой! «О, жаратқан, мынау бейбағыма дәл өзіндей таза, жарқыраған оқ бұйыра гөр, жанын қинай көрме» деп тілеуі керек еді ғой... Қырық күн дегенде мен адам кейпінен шықтым. Есім де орнында емес, аштық пен қалжырау, қорлық мені әбден жұтатты. Мүмкін, олар қызығатын ештеңем де қалмаған шығар. Мені түнделетіп қаланың сыртындағы осы орманға әкеліп тастады...

...Тәңір атқыр сағаттың қоңырауынан тағы оянып кеттім. Жындана айқайлап, сағатты қабырғаға ұрдым. Одан не қайыр. Мен содан қайта ұйықтай алмадым. Түсінесіз бе, көгілдір көйлегі көлбіреп, сол қыз менің ішімде жүр. Жаны азапқа толып, жетім балапандай қалтырап, мені оята алмай отырған шығар...

– Содан кейін ұйықтамадым дейсіз бе? – деді әйел өзіне-өзі келіп.

Әйел өзінің мұнда не жұмыс істейтінін енді есіне алғандай зорлана жымиды. Бірақ көзінен аққан жас кірпік бояуын ағызып, жүзін айғыздап тастапты. Ауыз бөлмеге барып бетін жуып, бояуын оңап қайтып келгенше жігіт шылымын сорып, дел-сал отырды да қойды.

– Одан кейін ұйықтамадым дейсіз бе? – деп әйел қайталай сұрады.
– Иә, мен күні бойы қалжырап жүремін, ал түн баласы бақырайып жатамын да қоямын. Бүгін, міне, төртінші тәулік. Бұл менің өңім бе, әлде түсім бе, мен осыны да айыра алмайтын халдемін. Міне, алдыңызға келіп отырмын. Маған ақыл-кеңес те, басқалай жәрдем немесе ем керек емес, өтінішім біреу ғана, мені ұйықтатыңызшы. Айналайын, мен оны енді көрмесем жынданатын шығармын.

– Көргенде не істер едіңіз, ол сіздің түсіңіз ғана шығар мүмкін. Ондай болуы да ғажап емес қой. Ал түсіңіз емес, сондай бір бейбақ қыз бар дейік, сіз оны құтқара аласыз ба? Не істер едіңіз, егер алдыңызда тұрса?!

– Мен оны құшағыма қысар едім. Оны әрқандай кірбеңдіктен қорғауға барымды салармын. Оның ернінен тек күлкі ғана көрінетін болар еді. Көзінде ешқашан мұң болмайды... Оны бақытты етер едім. Жігіт есеңгірей тіл қатты. – Сіз оның сұлулығын көрмедіңіз.

– Онда сіздің анау – тер сасыған еркектен немесе Нараждан не парқыңыз? Сіз оның тағдыры туралы емес, әдемілігі туралы ғана айтасыз, ол теңдессіз сұлу, оған сенемін, бірақ сіздерше сұлулық аялау мен аймалауға, құшуға ғана жаратылған ба?

Жігіт селк етіп есін жиғандай орнынан атып тұрды да, басын шеңбектей, арлы-берлі жүріп, дауысын көтере сөйледі.

– Кешіріңіз, мен оларға ұқсамаймын, мен тек оған сүйеніш болғым келеді. Бар болғаны сол ғана. Оның қорғансыз халін көргім келмейді. Бақытты болса екен деймін.

Әйел жігіттің жүзіне бажайлай қарады. Жігіт тым сымбатты, салауатты көрінгенімен, жүзі әлем-тапырық. Ең алдымен көрінетіні – амалсыздық, ал көзінде ғұмыр бойы өзіне тиесілі байлығынан айырылған жанның ашуы мен өкініші тұрған сияқты. Жаңағы «мен оларға ұқсамаймын» деп тосын дауыс көтерген сәтінде манадан көрінбеген өктем менмендіктің бояуы жылт етіп жүзіне шықты. Әйел кенет осы адамның есі ауысқан шығар деп ойлаған.

– Басқа жанашырларыңыз бар ма? – деп сұрады сосын.

– Мен сіздің ойыңызды түсініп тұрмын, – деді жігіт. – Менің есім ауысқан жоқ! Сіз сенбесеңіз, бұған ешкім де сенбейді. Сенуіңіздің де керегі жоқ, тек менің ұйқыма ғана көмектесіңіз.

Қалай дегенмен, әйел де жігіттің ұйқыдан кейінгі күйін білгісі келіп тұрған еді. Үлкен креслоның арқалығын жазып, әлдеқандай сұйықтық тамызған шай жұтқызып, жігітті шалқасынан жатқызды. Сосын, темекі күлдікке мергяның тамырын тұтатып салып, төбедегі солғын шырақты қосып, терезе-пердені жапты. Аздан кейін-ақ, жігіт баяу пысылдап ұйқыға кетті. Жұмулы көзінен қарашықтары қозғалғаны байқалады. Міне, ол түс көріп жатыр деп ойлады әйел. «Күнбану, мұнда бармысың ...» жігіт баяу күбірледі де үнсіз қалды.

Соғыс өрті шалмаған, босқыны жоқ бейбіт өмірде, жұмақтай жайлы жерде жүрген жігіттің азапқа түскен жанын күзетіп әйел кешке дейін отырды. Кешкісін құстар үні күшейе түскендей, осы оңаша аула бүкіл дүниеден алыстап, әлдебір балдай тылсым тыныштыққа шомғандай болып тұрды. Не керек, әйел жігіттің ұйқысын бұза алмады. Толықтай сеніп тұрмаса да, дәл қазір жігітті армандаған Күнбануға кезіктіріп отырғанына өзін иландырғысы келеді. Көз байлана бере жүзін жас жуып, жігіт те оянды. Креслодан тұрып, шашын шеңбектей басын құшақтап, аз-кем отырды да шылым тамызды.

– Рақмет сізге, – деді сосын. – Күнбанудан айырылдым.

Әйел аңтарылып, үнсіз тігіліп отыр.

– Ол маған ештеңе де айтқан жоқ. Сонша күн оята алмағанына бұртиятын шығар, өкпелеген шығар, – деп едім, жоқ, ол маған қараған да жоқ. Мен оны тапқанда алдында жүрелеп аса сиықсыз бір албасты отыр екен. Албасты дегенім, ол әйтеуір адам емес еді. Жүзі қап-қара, шашы дудырап жерге төгілген, өне бойы ірің. Ыңырана ма, қыңсылай ма, әйтеуір ол Күнбанудың алдында жүрелеп отырыпты. «Күнбану, мұндасың ба?» – деп дыбыстадым, маған бұрылып қараған да жоқ. Көгілдір көйлектің ішінен балаң денесі, аппақ тәні нұр шашады. Қолында айдың нұрынан құйғандай аппақ тарағы бар. Сол тарақпен жаңағы сиықсыздың шашын тарай бастады, тарай берді, тарай берді... Бір сәт ол сиықсыздың өңі өзгеріп, адам бейнесіне келе бастағандай болған еді, Күнбану тоқтаған жоқ. «Күнбану, бұл кім?» дедім мен шыдамай. Күнбану тоқтамай сиықсыздың шашын тарап тұр. Енді ол да ағарып, құтты Күнбанудың өзіндей нұрлана бастады. Сол кезде ғана Күнбану маған бұрылып: «Бұл менің анам!», – деді. Сөйтті де тоқтамай, шашын тарай берді, тарай берді... Әлгі сиықсыз нұрлана берді, кенет арқасына қанат бітіп, аппақ нұрмен Күнбануды орады да, аспанға ұшып кетті....

... Әйел орнынан тұрып, қыстығып жылай бастаған жігіттің басын кеудесіне басты.