Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 29 Желтоқсан 2023

Серік Нұрмұратов,профессор: Ұлттық құндылығын дәріптеген елдің әлем алдында беделі болады

Серік Нұрмұратов
Фото: из открытых источников

Кез келген елдің мемлекеттік тұтастығы мен саяси тұрақтылығы оның рухани-мәдени дамуына тікелей байланысты.

 Десек те, қазіргі жаһандану үдерісі ұлттық мәдениетімізге ықпал етіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Мәдени майданның шебінде күл-талқан болып жеңілу де, жеңіске жету де халықтың таным-түсінік, қабілет-қарымына байланысты болса керек. Осы тұста қазақ мәдениеті, руханияты қарсы келген мәдени қақтығыстарда жұтылып кетпей, шыдас беруге қауқарлы ма деген сұрақ еріксіз ойға оралатыны анық. Ұлт пен ұлтты теңестіретін оның білімі, мәдениеті, ұлттық құндылығы десек, дәл осы дүниелерді қалай бір-біріне жұттырып алмай, қалай тең ұстауға болады? Осы тақырып аясында біз философия ғылымының докторы, профессор Серік Нұрмұратовпен сұхбаттастық.

– Серік мырза, сұхбатымызды бүгінгі жаһанданған дәуірде орын алып жатқан құндылықтар дағдарысындағы ұлттық руханиятымыздың жағдайынан бастасақ...

– Жаһандану деп айтылатын бұл тарихи құбылыстың адамзат заманауи өмірінде көрініс беруін кездейсоқ деуге болмайды. Өйткені жаһанданудың негізгі сипаттамасы барлық рухани, материалдық және әлеуметтік салалардың өзара ықпалдасуы, кірігуі, өзара жақындасуымен беруге болады. Демек, ақпараттық, технологиялық дүмпу заманында барлық үдерістер тек жаһандық пішімге ие болады. Сондықтан жаһандану адамзаттың болуға тиісті эволюциялық қозғалысының нәтижесі. Одан қорқудың да, соншама үрейлене қорғанудың да қажеті жоқ. Оның игілік әкелетін тұстарын ұтымды пайдалануға тиістіміз. Мәселен, ғаламтор, әлеуметтік желілер және барлық цифрлы технология жаһанданудың жемісі. Сондықтан ұлт руханиятын дамытудың бір тетігі осы жаһандану элементтері болу керек. Ал енді жаһанданудың құрамдас бөлігі болып келетін жаһаншылдық, басқаша аты глобализм. Ол ұлттық мәдениеттер мен руханияттарға біршама нұқсан келтіруі мүмкін. Енді осы тұста жаһаншылдық несімен қауіпті деген сұрақ туындайды. Жаһаншылдар кез келген халықты, оны табиғаты мен жерін, халқы мен тұрғындарын өзіне пайда табудың көзі ғана деп түсінеді. Халықаралық концерндер мен тресттер жергілікті халықтың экологиясының, мәдениетінің, ділі мен тілінің дамуына мүдделі емес, олардың бар ойлағаны – прагматистік негіздегі қадамдар. Жақында орын алған көмір шахталарындағы келеңсіз оқиғалар соның айғағы. Сондықтан мұнда ең бастысы күріш пен күрмекті ажырата білуіміз керек. Ұлт мүддесін қорғау деген сөз – ұлт келбетін жоғалтпауды қамтамасыз ету. Бұл үлкен жауапкершіліктен туындайды. Ондай қадамдар жасалған елде руханиятқа аса қауіп келмейді. Қазақ халқының да руханияты қазіргі кезеңде көптеген қыспақтарға қарсы тұра алатындай қауқары бар. Мәселе сол қауқарды жасампаздық арнаға түсіруде. Осы тұрғыда билік, елдің рухани элитасы көбірек назар аударғаны абзал. Әрқайсысы өзінің жеке басын күйттеп кеткен қоғам болып қала берсек, жаһаншылдар қақпанына оңай түсеміз.

– Енді осы тұста нарықтық қатынаста өзіңнің ұлттық бірегейлігіңді сақтап қалудың амалдары туралы сұрағым келеді. Жастардың шет ел мәдениетіне жаппай еліктеуінің себебі неде? Салдары неге әкеліп соғуы мүмкін?

– Кеңестік кезеңде жоспарлы экономиканың және коммунистік идеологияның жетегінде жүрдік. Оның әлеуетін барлық өңірлер сезінді. Осының нәтижесінде өзіндік социалистік әділеттілік қағидаттары басымдылыққа ие болды. Енді, міне, нарықтық қатынастар өзінің реттеуші күшке айналғанына да отыз жылдан асты. Ұлттық бірегейлік үлкен маңыздылыққа ие болып отыр. Шынайы ұлттық бірегейлену әрбір қауымдастықтың өн бойындағы жақсы қасиеттерін ашқан кезде ғана қалыптасады. Қазақ халқы өзінің ұлттық келбетін қалпына келтіру кезеңінде бұл үдеріске кейбір еліктегіштігіміз, әсіребейімділігіміз кедергі келтіретіні анық. Әсіресе өзінің ұлтының шынайы рухани құндылықтарын дәріптемеушілік қазіргі таңда үлкен қауіп туғызатын құбылыс екені анық. Кез келген халық өзінің ұлттық санасын, рухани келбетін анықтап алмаса, ол жай тұрғындардың маргиналды тобына айналып кетеді. Бірегейлену деген ұғымның – ұлттық бірегейлену, азаматтық бірегейлену, этникалық бірегейлену деген әрқилы түрлері болады. Қайшылықты кезеңде өзінің рухани, әлеуметтік және мәдени әлемін реттеп алмаған халық көбінесе әртүрлі әлеуметтік қайшылықты істерге тап болады. Қоғамдағы кез келген текетірестердің және әлемдік деңгейде болып жатқан әртүрлі тартыстардың көбісінің түпкі негізі ұлттың өз-өзіне жүйелі түрде келмегенінде жатыр.

Капитализмнің негізгі заңы – бәсекелестік негізінде қоғамды дамыту екені айтылады. Демек, ұлттар, ұлыстар, адамдар бір-бірімен бәсекеге түскен сайын қоғамның алға жылжуы жүзеге асады, жаңа дүниелер нарыққа келіп, әлеуметтік прогресс орын алады. Осындай жағдайда адамдар арасында өзара сыйластық емес, басқаны достан гөрі, жау ретінде қабылдау алға шығады. Бәсекелестіктен гөрі өзара тиімді қатынастарды орнату, біріге шығармашылықпен айналысу адамдарды рухани қатынастарға жетелейтінін ұмытпаған абзал. Бәсекелесу – түбінде өзімшілдікті күйттеу, адамдарды бір-біріне қарсы қою екенін ұмытпаған жөн.

– Сіздің ойыңызша, ұлтаралық мәдениеттердің қақтығысында біздің мәдениетімізге қай тараптың әсері күшті болып жатыр? Мәдени ықпалдың әсерінен болмысымыздың жаңаша түрленіп жатқан тұстары бар ма?

– Ұлтаралық өзара әрекеттестік заманауи кезеңде үлкен ықпалды құбылысқа айналып отыр. Қазақ халқы өзінің сан ғасырлық тарихында көптеген этномәдениеттердің ықпалын сезінді. Алдымен көрші елдермен өзара ықпалдастық болғанын айта аламыз. Арабтар мен парсылардан ислам дінімен бірге көптеген ұғымдар келіп, руханиятымызға сіңісіп кетті. Ресейдің империялық саясаты қазақ даласына тек орыс тілін ғана емес, орыстың өмір салтын, дүниетанымдық түсініктерін алып келген еді. Ассимиляцияға ұшыраған қандастарымыздың бірталайы сол қақпаннан әлі шыға алмай жүр. Әрине, Абай айтқандай, орыс тілі мен мәдениетінің ұлтымыз үшін жасампаз тұстары болғанын жасырмауымыз керек. Алаш зиялылары, кейінгі заманда пайда болған академиялық профессура да Мәскеуден білім алғанын жасыра алмаймыз. Дегенмен басқа ұлттар қарым-қатынасты паритетті, яғни теңқұқықты деңгейдегі қатынастар ғана тиімді тарихи кезеңге келді. Сондықтан бізге географиялық жағынан алыс-жақын демей, өзара сыйластық, өзара тиімді негіздегі мәдениеттермен, мемлекеттермен қарым-қатынастардың болашағы зор. Қазір барлық елдер осындай қалыпқа ұмтылуда. Бірақ үстемдік етуге үйренген державалар әлі күнге дейін өзінің күшке сүйенген позициясын көрсетіп қалып отырады. Біз халықаралық құқыққа сәйкес қатынастарды орнатуымыз арқылы өркениеттілікке қарай ұмтыларымыз анық.

– Өзіңіз атап өткендей, діннің мәдениетке ықпалы зор. Соңғы кезде жастардың жаппай діни ағымға бет бұрғаны жиі айтылады. Жалпы діннің мәдениетке әсері, атап айтқанда, қазақы болмысымызға тигізер ықпалы қандай?

– Иә, діннің адамзат тарихында атқарып келе жатқан рөлі орасан зор екенін жоққа шығармаймын. Социалистік қағидаттарға негізделген кеңестік кезең діннің адамдар дүниетанымына деген ықпалын барынша шектеді. Осындай жағдаяттың да өзіндік қисыны болғаны байқалды. Дін өзінің дүниетанымдық функциясын толыққанды атқара алмай келген шақта тарих сахнасына атеизм келді. Сол атеистік көзқарастарды ұстанғандар Еуропа елдерінде біршама. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін зайырлы мемлекетті қалыптастыратынын әлемге жария етті. Сөйтіп, ел азаматтардың таңдау еркіндігіне жол ашты. Жат ағымдардың көбейіп кетуіне осындай факторлар себеп болды. Уахабизм, саентология, иеговизм, кришнаизм сияқты діни ағымдар жастардың санасын улай бастады. Құқық органдары күрескенмен әлі де өзіндік қайшылықты жағдайда қалып отырмыз. Өзбекстан, Түркіменстан сияқты көрші мемлекеттер өздерінің жат ағымдарға қатысты позициясын ертерек нақтылап алды. Қазір біздің жағдайымыз бен Қырғыз елінің діни ахуалы ұқсас болып тұр. Зиялы қауым мемлекет тарапынан заңға сәйкес шешімді әрекеттер жасалынуын қалайды. Бірақ әзірге бұл саланың оң нәтижелерін көре алмадық. Діннің сындарлы сипаты болашағымыз үшін қажет. Ол мәдениет пен ғылымды шеттетпейтін күйінде тиімді сипатын танытады. Көпшіліктің көздейтіні де осы. Ұлттық құндылықтарын дәріптеген елдің ғана әлем жұртшылығы алдында беделі болады және жас ұрпағын дұрыс әрі өркениетті жолға бағыттайды.

– Тәуелсіздікке қол жеткізіп, шекарамыз ашылғаннан кейінгі кезеңдегі мәдени құндылықтар жүйесі мен руханиятқа көптеген өзгерістер еніп жатқаны белгілі. Бұл жерде дәстүршілдік пен жаңашылдықтың қатынасындағы белгілі бір баланс бар ма?

– Әрине, бар. Ол сақталса ғана әлеуметтік, рухани ауытқулар мен жаңылысулар болмайтыны белгілі. Ескі мен жаңаның күресі кез келген мәдениеттің құрылымындағы процесс. Тек бұл ахуалдың негізгі өлшемі – руханилықты, ақиқатты айқындаумен ғана өзінің оңды нәтижесін береді. Бұл қоғамдағы азаматтардың рухани дамуға бет бұруымен астасып жататын дүние. Адамның рухани дамуы экзотикалық технологиялардың, жаттығулардың, медитацияның нәтижесі емес, ол адамның нақты қоғамда қайшылықтарды, мәселелерді ізгілікті қадамдармен шешіп қана әлемді нұрландыруға бағытталған әрекеттер. Қазіргі замандағы модернизациялану кезеңінде философияның, жалпы гуманитарлық білімнің негізгі субъектісі адам болып есептеледі. Сондықтан қоғамдағы рухани құндылықтар тек адамның жетілуіне, кемелденуіне, үйлесімді өмір сүруіне қызмет етуі тиіс. Бұл үшін әлеуметтік философияның талдауындағы әрбір құбылыс осы ұстанымдар тұрғысынан қарастырылуы абзал. Мәдени құндылықтардың маңыздылығын айқындаудағы жауапкершілік зор. Бұл ізденістердің нәтижелері қоғамның іргетасын не нығайта түседі, не шайқалта бастайды. Сондықтан ізденуші үнемі ақиқат жолында болуы шарт, одан басқа соқпақтар жаңылысу қадамдары. Бұл рухани қалыптарды, құндылықтарды қалыптастырудың, дамытудың негізі.

Тәуелсіздікпен бірге елімізге көп өзгерістер келді. Бұрын қоғамдық, мемлекеттік меншік басымдық танытса, енді жекеменшіктің әрқилы түрлері көрініс бере бастады. Бұрын бір ғана идеология болса, енді саяси плюрализмге жол ашылды. Бірақ дін саласында да көптүрлілікке мүмкіндік берілді. Міне, осыдан біршама қиындықтар туындап отыр. Мұсылмандықтың ұлттық болмысымызға, құндылықтарымызға сәйкес келе бермейтін, исламдағы салафизм сияқты ағым құбылыстық қайшылықтар туындатып отырғанын жасырмауымыз керек. Бұқаралық мәдениеттің кейбір Батыстық формалары қоғамдық санамызға теріс ықпал жасағанын атап өтеміз. Мәселен, гомосексуализм, бір жыныстық некелер біздің ұлттық менталитетімізге жат дүниелер. Сондықтан мәдени ықпалдастықта електен өткізу талаптарын алға қойған орынды.

– Шығыс халықтары, атап айтсақ, жапон, кәріс халықтары осындай мәдениеттердің тоғысуы тұсында өзінің бірегейлігін, болмысын жоғалтпай сақтап қалды. Біздің олардан үйренетін тұстарымыз көп секілді. Осы турасында сөз қозғасаңыз…

– Жапон мен кәріс мәдениеті шығыстық ділімізге жақындау екені анық. Бұл екі ел де басынан әртүрлі жағдайды кешкені белгілі. Бірақ ең маңыздысы – заманауи өзгерістерге жақсы бейімделе алғаны. Жапондар «ұлттық рухты дамыту және батыстық технологияны игеру» деген ұлттық идеяны ұстанады. Одан ұтылып жатқан жоқ. Есесіне, барынша даму жолында. Әрине, олар космополиттік заманауи үдерістерге барынша ұқыпты қарайды және өзінің ұлттық иммунитетін бекітуді әсте ұмытпайды. Сондықтан елде ішкі ұлттық бірлік бар, азаматтардың жауапкершілігі жоғары. Міне, осыдан-ақ біздің үйренетін нәрсеміз біршама екенін байқаймыз. Қазақ айтады «Өнерді үйрен де жирен» деп. Себебі адам бір өнермен ғана жүре бермей, басқа өнердің түрлерін игеру керек. Бұл жағынан әзірге жетістіктеріміз көп деп айтудың өзі қиын. Сондықтан толықтай қайта пішімделетін уақыт та келген іспетті.

Сұхбаттасқан – Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ