Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
23:26, 09 Қазан 2023

Серік Тұрсын: МӘМС-тің айналасына дәрігер емес, агроном мен инженерлер жиналып алған

дәрігер
Фото: из открытых источников
Медицина тақырыбы, МӘМС мәселесі, дәрігерлік жауапкершілікке қатысты дау-дамай біздің қоғамда үнемі қызу талқыға түсіп жатады

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы төрт жылда 5000 дәрігер шетелге кеткен. Олардың елден кету себептері дәрігерлерге құлшыныс беретін белсенді механизмдердің болмауы, қысым көрсету, кәсіби өсуге мүмкіндіктің жоқтығы, әлеуметтік жағдайдың жасалмауы.

Медицина тақырыбы, МӘМС мәселесі, дәрігерлік жауапкершілікке қатысты дау-дамай біздің қоғамда үнемі қызу талқыға түсіп жатады. Бұл саладағы келеңсіздіктер елді де, осы саладағы дәрігерлерді де шаршатқан. Ал өзге елде қалай? Шет мемлекеттерде дәрігерлерге қандай жағдай жасалған? Олардың әлеуметтік жағдайы қандай? Осыны білмек ниетте Швейцарияда тұрып жатқан, сол елде жұмыс істейтін терапевт-дәрігер Серік Тұрсынмен сұхбаттастық.

– Серік мырза, Швейцарияға қалай келдіңіз?

– Сіз мені қалай таптыңыз? Алдымен осыған жауап беріңізші...

– Іздендім.

– Мен де солай ізденіп, өзімді-өзім жетілдірдім. Өз аяғыммен осы елге келдім.

– Шетелге қандай да бір бағдарлама аясында бардыңыз ба? Қай жылдары елден кеттіңіз?

– Жоқ, ешқандай бағдарлама аясында шетелге кеткен жоқпын. Ең алдымен 1995 жылдың аяғында Германияға көштім. Одан кейін Швейцарияға келдім.

– Елде қандай санаттағы дәрігер болдыңыз, ЖОО қайда оқыдыңыз?

– Мен 1988 жылы қазіргі Астана бұрынғы Ақмола болып тұрған кезінде медициналық оқу орнын бітірдім. Жалпы емдеу саласы бойынша терапевт мамандығын алып шықтым. Екі жыл ауылдық жерде дәрігер болдым. Одан кейін Екібастұз қаласында төрт жыл жұмыс істедім. Содан кейін барып Екібастұздан Германияға көштім. Германияда жарты жыл тіл оқыдым. Қазақстанда біз оқыған мамандықты «терапевт» десе, Германияда және Швейцарияда ол мамандықты басқаша атайды. Бұл елдерде бізді «ішкі құрылыс дәрігері» дейді.

– Соңғы жылдары Қазақстаннан шетелге кеткен дәрігерлердің саны 5000-ға жуықтапты. Елімізде білікті мамандар тапшы. Әсіресе ауылдық жерлерде дәрігерлер жетіспейді. Жалпы, осы отандық дәрігерлердің шетелге кетуіне не түрткі?!

– Негізгі айтарым, біріншіден, біздегі денсаулық саласына жауапты министрліктің менеджменті, басқару тәсілі өте төмен. Бұл ведомствоның дәрігерлердің деңгейін көтеруге шамасы келмей отыр. Қазақстанда «дәрігерлерді халық сыйлайды» деп айта алмаймын. Сіздерде бұл салада күнде дау-дамай, ұрыс төбелес шығып жатады. Негізінде, дәрігер өзінің емдеп отырған науқасын «қалай емдеп жазамын» деген ойда ғана болуы керек. Өкініштісі, Қазақстанда олай емес. Қазақстандық дәрігерлер «қалай нәпақа табамын, бала-шағамды қалай асыраймын, қаражатты қалай жеткіземін» деген ойдың жетегінде жүреді. Екіншіден, медицинадағы ең өзекті мәселе – МӘМС. Ең қызығы, осы МӘМС-тің басшылығында бұрын бір агроном басшы болды. Одан кейін бұл саланы бір инженер басқарды. Сол агроном өз саласына пайдасын тигізіп, бидайды өсіріп, егістікті жайқалтудың орнына келіп, медицинаға басын тықты. Дәрігердің қызметінің сапасын тексерді. Ал жаңағы инженер барып жол салып, зауыттарда болмаса өндірісте жұмыс істеудің орнына МӘМС-ті басқарып, дәрігердің білімін және қызметінің сапасын тексерді. Шындығында, агроном мен инженердің білімі дәрігерді тексеруге жетпейді ғой. Сондықтан бұл жерде сауатты, сапалы жұмыс жүрмеді. Агроном келіп маған дікеңдесе, мен де қарап тұрмаймын «әй, тоқта сен басқа саланың адамысың, мен басқа саланың маманымын, сен қалай мені тексересің» деймін. Ол ондайда «протокол бойынша тексеруім керек» деп алдыға протоколын кесе-көлденең тартады. Негізі медицинада протокол онкологияда ғана бар. Өйткені онкологияда әр адамды емдеу тәсілі оның салмағына, бойына байланысты. Осыған байланысты онкологияда беретін дәрілер бірдей болғанымен, оның дозасы сол адамның бойына, салмағына қарап белгіленеді. Протокол осы үшін керек. Ал қант диабетімен ауыратын адамдарды емдеуде протокол болмайды. Оларды тек ұсыныспен емдейсің. Мұндай науқастардың біреуінің қанты көтеріліп кетеді, енді бірінің қан қысымы түсіп кетуі мүмкін. Енді бірінің бүйрек қызметі нашар, холестерині көп болып кетеді. Бұл дертте әр адамның жағдайы әртүрлі. Осыған байланысты науқасты бақылап отырып емдеу шарасы жүргізіледі.

– Әйтсе де МӘМС тексеруінің аясында қазақстандық медицинадағы біраз былықтардың ашылып жатқанын да жоққа шығара алмаймыз ғой...

Бұған қатысты өткенде тыңдап отырсам, дәрігерлер арасында бір адамның 52 тісін емдеген фактілер кездесіпті. Әрине, адамда 52 тіс болмайды. Бірақ ол соңғы екі жылда дәрігерге тісін емдетуі үшін сонша мәрте баруы мүмкін ғой. Тістің біреуін емдесе, екіншісін жұлуы, протез қоюы, ота жасауы, имплант салуы, тағы басқа ем-домдар жүргізілуі мүмкін. Ал МӘМС мұны ескермейді. Қазақстанда МӘМС өз жұмысын медициналық қызметтің сапасын тексеру деп ойлайды. Ол дұрыс емес. МӘМС-ті Қазақстанда бухгалтерия деп түсіну қажет. Негізінде МӘМС дәрігердің жұмыс істегеніне байланысты соған ақшасын төлеуі керек. Ал медициналық қызметтің сапасын жоғары санаттағы тәжірибесі бар дәрігерлер, профессорлар тексеріп отырғаны дұрыс. Жаңағыдай МӘМС-тің айналасына жиналған агроном мен инженерлер дәрігердің қызметінің сапасын тексеруді доғару қажет. Өкінішке қарай, Қазақстанда медицинаны қаржыландыру бір көзден ғана емес. Саланы қаржыландырудың бір жартысы министрліктің қолында, келесі бірі – МӘМС-те, енді бірі – СҚ «Фармацияның» еншісінде. Осыдан барып заңсыздық, қаражатты жымқыру басталады. Салада былық пайда болады. «Фармация» келіп дәрілерін сатып жібереді. МӘМС келіп, өз ережесін тықпалайды. Мұндайда дәрігерлерді министрлік қорғай алмайды.

– Неге?!

– Біз Еуропада «Еуропа-Қазақ дәрігерлерінің» қауымдастығын құрдық. Бұл қауымдастық Швейцарияда тіркелді. Ол қауымдастыққа Оңтүстік Кореядағы, Түркиядағы, Америкадағы жұмыс істейтін білікті қазақ дәрігерлері мүше болып отыр. Енді біз Қазақстанға келіп «медицинаны дамытуға қолұшын созайық» десек бұлар бізбен сөйлескісі келмейді. Біз 2015-2016 жылдары Қазақстанға шақыртумен келіп, дәрігерлерге дәріс оқып жүрдік. Ең қызығы, сол кезде бізге бір адам бір тиын төлеген жоқ. Тек бір мәрте ғана мен келгенде бір жекеменшік клиника жолымды төлеп берді. Түркияда жұмыс істейтін мықты гепатолог, балалар онкологы бар. Олар, әрине, Қазақстанға келіп жұмыс істей алады. Бірақ оған Қазақстанда жол бермейді. Мықты-мықты нейрохирургтар, кардиологтар бар. Елге барса олардың еңбегі бағаланбайды. Олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік берілмейді.

– Шетелде сіздерге қандай жағдай жасалған? Нендей жеңілдіктер бар? Орташа жалақы қандай?

– Айырмашылық жер мен көктей. Мұндағы жағдайды Қазақстанмен салыстыруға мүлдем келмейді. Швейцарияда мен өз алдыма жекеменшік жұмыс істеймін. Бұдан бөлек университеттерге барып дәріс берсем, оған да қомақты қаражат төленеді. Бірінші, үшінші, бесінші курстың студенттері маған келіп тәжірибеден өтеді. Оған университет бөлек қаражат төлейді. Содан кейін Швейцарияда терапевт, яғни ішкі құрылыс дәрігерінің кабинетіне бірден рентген, лаборатория, дәріхана, УЗИ қоюға рұқсат береді. Ал Қазақстанда терапевтер тек арнайы мамандарға жолдама беріп қана отырады. Рентгенге, УЗИ-ге түсу үшін бір апта, анализ тапсыру үшін бір күн, оның қорытындысы шығуы үшін тағы бірнеше күн жүреді. Швейцарияда терапевке келген науқастардың барлығы бір күнде жұмыстарын бітіріп, сол күні анализ тапсырып, рентгенге, УЗИ-ға түсіп, қажетті дәрі-дәрмегін алып кетеді. Ешқандай сабылу, кезек күту, арнайы мамандарға жолдаманы бір ай тосу деген мұнда атымен жоқ.

Қазақстандағыдай портал, квота тосу деген мұнда атымен жоқ. Сіздерде «портал, квота жоқ» деп оны жауып тастайды да, артынан бірдеңесін беріп «сыйлық» жасаса немесе мықты танысы қоңырау шалса оны жасап береді. Бізде ондай мүлдем жоқ. Науқастың жағдайы ауыр болып, оған ота немесе басқа медициналық көмек керек болса, ол үшін қызметтік телефонымыздың тұтқасын көтеріп, жоғарыға телефон шалсақ болды.

– Сіз Швейцариядағы орташа жалақыңызды айтпадыңыз. Бізде дәрігерлердің жалақысы 450 мың теңгеге көтерілді. Сіздіңше, бұл көп пе, аз ба?!

(Күлді)... Негізінде, дәрігерге жалақы көтерді деген бұл миға қонбайтын нәрсе. Дәрігерге жағдай жасалынуы керек. Сонда ол өз еңбегін өзі тауып алады. Ол үшін бүкіл Қазақстанға бір тариф енгізу қажет. Мысалы, Қазақстанда бір дәрігер күніне он кісі қабылдаса, екінші бірі жиырма кісі қабылдайды делік, бірақ олардың алатын жалақылары бірдей. Бұл дұрыс емес.

Жуырда Женеваға денсаулық сақтау министрлеріңіз Ажар Ғиният келді. Сол кезде арнайы іздеп бардым. Қазақстандағы МӘМС мәселесін және ауыл медицинасын көтеру жайын айттым. Идеяларым оған ұнаған еді. Бірақ министр Қазақстанға барған соң оны жүзеге асырмады. Сол бұрынғы Біртановтың кезіндегі ескі сарынға салып, «ауылға барған дәрігерлерге 1,5 млн өтемақы төленеді» деген әдісті алға тартты. Бұл – өте аз сома. Дәрігерлердің жалақысын 450 мың теңгеге өсіру тек базардағы бағаны ғана өсіреді. Дәрігерлерге ол ештеңе бермейді. Сіз қоярда қоймай, менің табысымды сұрап отырсыз ғой. Біздің бір жылдық табысымыз АҚШ-тың дәрігерлерінің табысымен бірдей. Жылына біз терапевтер 180 мың доллар табыс табамыз. Хирургтар 210 мың доллар табады. Салыстырсаңыз, жер мен көктей. Жылағыңыз келеді.

– Рас, жылайтындай бар екен. Сіздіңше, біздің дәрігерлердің және медицинаның мәртебесін көтеру мүмкін бе? Саладағы келеңсіздіктерді таяу болашақта жоя аламыз ба?

– Шындаса жоюға болады. Ол үшін бұл саладағы қорлардың жұмысын реттеу қажет. СҚ «Фармация» бар, МӘМС бар, тағы басқасының шығыны 3 пайыздан аспау керек. Бұл қорлардың басшыларының қаламсабынан бастап, астындағы көлігіне дейін, отырған офистері, қол астындағы қызметкерлері, барлығы бақылауда болуы керек. Олардың шығыны 3 пайыздан асып кетсе, оны коррупция деп есептеп, оларды тергеуге алу қажет. Аталмыш қорлардың басшыларына, көмекшілеріне жоғары сыйақылар, бонустар алуға тыйым салынуы керек. Оларды қыспай, ештеңе өзгермейді.

Швейцарияда дәрігерлік қателікке жол берілсе қандай шара қолданылады?

Бұл елде әрбір дәрігерде сақтандыру болады. Егер қандай да бір дәрігер қателік жіберетін болса, зардап шеккен науқасқа сақтандыру компаниясы бүкіл шығынын төлеп береді. Оны дәрігер өз қалтасынан төлемейді. МӘМС сияқты сақтандыру қоры бізде де бар. Сол сақтандыру қоры төлеп береді. Ол үшін әрине сот болады. Сотта дәрігердің кінәлі екенін дәлелденуі тиіс. Содан кейін барып, сақтандыру қоры барлық шығынды төлейді. Бірақ ондай оқиғалар бізде кездеспейді. Себебі мұнда науқас қай дәрігерге барып қаралатынын өзі шешеді. Қазақстандағыдай белгілі бір емханаға міндеттеп тіркеп қойып, бір учаскелік дәрігерге ғана қаралып, басқа дәрігерлердің қарамай қою тәсілі мұнда жоқ. Науқас өз қалауымен дәрігерді таңдайды.

– Тағы бір сауал. Біздің Қазақстандағы медициналық білім қазір әлемдік стандартқа жауап бере ме? Сіз 1995 жылы шетелге барып білімімді толықтырдым, сосын барып жұмысқа кірістім дедіңіз. Бұл мәселе қазір қалай?

– Бұл – Қазақстандағы өзекті мәселе. Негізінде, білесіз медициналық оқу орындарын басқаратын ректордың білімі өте жоғары болуы керек. Шетелде мұндайға қатты мән береді. Мысалы, сіздерде Астанадағы университеттің ректоры санитарлық дәрігер. Ал ол ана оқып жатқан дәрігерден «мына науқастың жүрегі қалай жұмыс істеп тұр, мына науқастың патогенезі қандай» деп қалай сұрайды? Оған оның білімі жетпейді ғой. Бұдан бөлек, Қазақстан медициналық білім беруде Болон системасына кіреді. Ол система бойынша алты жыл оқу керек. Мұны бітірген соң Германияда тағы алты жыл оқу басталады. Бірақ қазақстандық медицина дәрігерлерді тұтас алты жыл емес, 5+2 тәсілімен оқытып жатыр. Жалпы алғанда жеті жыл. 5+2 деген Болонға сәйкес келмейді. Егер Еуроападан арнайы келіп тексеретін болса, бұл Болон тәсілі емес, аяқталмаған жоғары білім деп саналады. Өз басым, «бұл 5+2 әдісі қазақтың дәрігерлерін шетелге жібермеу үшін әдейі істелінген шығар» деп те ойлаймын.

– Білесіз, Қазақстан жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурулар көрсеткіші бойынша алдыңғы орындарда тұр. Біздің өмір сүру салтымыз, тамақтану әдеттері осы ауруларға әкелетін болуы керек. Сұрайын дегенім – шетелде өмір сүру оңай ма?

Бұл елде адамға жеңіл өмір сүруге мемлекет өзі көмектеседі. Швейцарияда адамдар бір-біріне көмектескісі келіп тұрады. Мен осында көшіп келгенде мені мүлде танымайтын пациентім болды. Сол кісі көшіп қонып жатқанымды естіп, маған астындағы көлігін беріп қойды. «Әбден жұмысыңды бітіріп, көшіп алғанша осымен жүре бер» деп кілтін қолыма ұстатып кетті. Бір тиын сұраған жоқ. Әр нәрсені бағалау, баратын жеріңе кешікпей бару деген әдетті өзінен-өзі бойымызға сіңірдік. Одан кейін ең қызығы, Швейцарияда халық аулаларын өте таза ұстайды. Себебі ол ауланы ұстайтын шығынды үкімет қайтарып береді. Егер мен өзімнің үйімнің терезесін ауыстырсам немесе тасын ауыстырсам, оны фирма келіп істеп береді. Мен оның түбіртегін мемлекеттік орындарға өткіземін. Оның ақшасын үкімет маған төлеп береді. Осыдан кейін барып, ауланың бір жері дұрыс болмаса, сылап-сипап өте таза ұстайсың. Болашақта сіздерде елге жайлы шешімдер жүзеге асып, Қазақстан да өскен, өркендеген елдердің қатарына қосылса, қанеки.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: