Серік ТҰРСЫН, Щвейцариядағы қазақ дәрігері: Щвейцария медицинасы қарапайым халыққа қызмет етеді
Қазақстанда медицина тақырыбы, МӘМС мәселесі үнемі талқыланып жатады. Қарапайым халықтың бұл салаға деген базынасы жетіп артылады. Бізде дәрігерге жазылу үшін кезек күтіп, қат мамандарға бір айлап талон таппай тентіреп, КТ, МРТ аппараттарына айлап кезек тосып, ауруханаға жату үшін порталдың кезегін алты айлап тосатынымыз жасырын емес.
Ал мұндай мәселелер өзге елде қалай шешіледі? Шет мемлекеттерде медициналық қызмет қалай жүзеге асады? Дәрігерлерге қандай жағдай жасалған? Осыны білмек ниетте біз Швейцарияда тұрып жатқан, сол елде жұмыс істейтін терапевт-дәрігер Серік Тұрсынмен сұхбаттастық.
– Серік мырза, Щвейцарияның медицинасы – әлемдегі ең үздік жүйелердің бірі. Сіз сонда бірнеше жылдан бері тұрып келесіз. Медицина саласында жұмыс істеп жүрсіз. Бұл елдің медицинасы несімен ерекшеленеді?
– Щвейцариямедицинасы қарапайым халыққа сапалы қызмет көрсетуімен ерекшеленеді. Мұндағы жағдайды Қазақстанмен салыстыруға мүлдем келмейді. Мен Щвейцарияда жеке клиникада жұмыс істеймін. Мұнда терапевт-дәрігерлерге көп нәрсеге рұқсат береді. Швейцарияда терапевтерді «ішкі құрылыс дәрігері» деп атайды. Сол ішкі құрылыс дәрігерінің кабинетіне бірден лаборатория, дәріхана, рентген, ЭКГ, УЗИ (сононграфия аппараты) қоюға рұқсат етеді. Щвейцарияда осы қызметтердің барлығын терапевт бір өзі жасайды. Қазақстанда терапевт-дәрігерлер тек арнайы мамандарға жолдама беріп қана отырады ғой. Рентгенге, ЭКГ, УЗИ-ге түсу үшін бір апта, анализ тапсыру үшін бір күн, оның қорытындысы шығуы үшін тағы бірнеше күн жүресіздер. Швейцарияда терапевке келген науқас бір күнде жұмыстарын бітіріп, сол күні анализ тапсырып, УЗИ-ге түсіп, қажетті дәрі-дәрмегін бірден алып кетеді. Ешқандай сабылу, кезек күту, арнайы мамандарға жолдаманы бір ай тосу деген мұнда атымен жоқ. Щвейцариядағы медициналық қызмет осылай ерекшеленеді. Мысалы, менің алдыма ішкі құрылысы ауырып бір науқас келді делік, сол күні бірден ол науқасты УЗИ аппаратына түсіріп, ішкі құрылысын тексеремін, қан талдамасын аламын, ЭКГ жасаймын. Мұның барлығының қорытындысы да сол жерде бірден даяр болады. Ол қорытындыларға қарап қолына дәрісін беріп, осылайша бірден үйіне жұмысын бітіріп қайтарамын.
– Қазақстанның медицинасы МӘМС арқылы және Тегін медициналық кепілдендірілген көмек (ТМКК) арқылы жұмыс істейді.БіздеМӘМС пакетіне кіретін қызметтер қолдан қиындатылып, тіпті шектелетін жағдайлар өте көп. Ал тегін медициналық көмек аясында бюджеттен қаражат алатын емханалар мен ауруханалар бюджеттен берілетін қаражаттардың кешігіп түсетінін, соның аясында қызметтің сапалы әрі уақытында көрсетілмейтінін айтады. Бұл мәселе Щвейцарияда қалай шешілген?
– Мұнда да міндетті медициналық сақтандыру қоры бар. Мысалы, біздің алдымызға қандайда бір науқас келіп, оған медициналық қызмет көрсететін болсақ, біз оған қандай қызмет көрсеткенімізді, не істегенімізді, қызмет көрсету ақысының тарифін, барлығын көрсетіп, еңбек ақымыздың қанша тұратынын есептеп, медициналық қорға жазып жібереміз. Қор біздің көрсеткен сомамызды бірден төлеп тастайды. Кешіктіру, созбаққа салу деген мүлдем болмайды. Содан кейін мұнда орта есеп деген бар. Қарапайым ғана мысалмен түсіндірсем, мәселен, барлық терапевтер 100 теңге айлық тапсын делік, ал енді келесі бір терапевт олардан 30 теңге артық тауып, әлгі қордан 130 теңге алатын болса, онда әлгі қор ол терапевке сұрау салып, тексере бастайды. «Барлығы 100 теңге тауып жатқанда сен қалай 130 теңге таптың. Қай жерде артық ақы алдың» деген сұрақтар басталады. Міне, осыдан кейін ешбір дәрігер басы артық ақы алмайды. Барлығы рет-ретімен, белгіленген тариф бойынша ғана қордан қаражат алады. Қаржыны оңды-солды шашу деген жоқ. Щвейцариядағы амбулаториялар Қазақстандағы тәрізді бюджетке алақан жайып отырмайды, 100 пайыз жекеменшіктің қолында. Науқас клиникаға келеді, қандай дәрігерге баратынын да өзі таңдайды, толықтай емін алады. Оның құнын жаңағы міндетті медициналық сақтандыру қоры төлеп береді. Ешқандай мәселе жоқ.
– Ал сақтандыру қорына халықтың төлейтін жарнасы қымбат па?
– Мұнда ол жарна Қазақстандағы тәрізді пайызбен есептелмейді. Қазақстанда МӘМС-ке төлейтін жарна 5 пайыз мөлшерінде жалақыдан ұсталып отырады ғой. Ал мұнда әр адам медициналық қорға айына жеке төлем төлеуге міндетті. Балаларға – 350 франк, ал үлкендерге 700 франк төлейді.
– 700 франк теңгеге шаққанда 450 мың теңгені шамалайды. Мұндай төлемдерге қарап та елдің өмір сүру деңгейін анықтауға да болатын тәрізді...
– Дұрыс айтасыз. 450 мың теңге Қазақстандағы кей аймақтарда жоғары жалақы болып есептеледі. Ал Щвейцарияда төменгі жалақы деген мүлдем жоқ. Бұл елде орташа жалақының өзі теңгемен есептегенде 4,5 млн теңгені құрайды. Енді осы соманың 450 мың теңгесін медициналық қорға аударуды олар аса қымбатсынбайды. Соған орай сапалы әрі жылдам көрсетілетін медициналық қызмет алады.
– Былтырдан бері бізде де МӘМС-тің жарнасын арттыру жайы көтеріле бастады. Жарнаны өсіріп, сапалы медициналық қызмет ұсыну мүмкін бе?
– МӘМС-ке жарнаны пайызбен есептеу Германияда бар. Германияда жалақысына қарап МӘМС-ке 7,5 пайыздық жарна алынады. Енді қараңыз, Германияда бір отбасында күйеуі, әйелі, баласы бар делік. Алайда тек күйеуі ғана жұмыс істеп, соның жалақысынан ғана МӘМС-ке 7,5 пайыз жарна алынса, қалған жұмыс істемейтін әйелі мен баласы да сол 7,5 пайыздың есебіне кіріп, МӘМС арқылы тегін медициналық көмек ала алады. Ал Қазақстанда мұндай жоқ. Сіздерде жұмыс істемейсің бе, МӘМС-ке жарна төлемейсіз бе, онда сізді ешбір емхана, аурухана тегін қарамайды. Сіздерге кейінгі МӘМС жүйесін министр болған кезінде Елжан Біртанов енгізіп кетті. Ол өзі Англияда оқыды да, солардың бір үлгісін алды. Сосын Германияға кісілерін жіберіп, олардың МӘМС-ке жалақыдан белгілі бір пайыз ұстап, жарна төлейтін үлгісін дұрыс деп тапты. Одан кейін Щвейцарияға 25 адамдай делегация келіп, олар Щвейцарияның МӘМС-ке адам басына жарна төлейтін әдісін алды. Сөйтіп осы үш елдің үлгісін араластырып, құрама етіп «винегрет» жасап, Қазақстанға кіргізді. Егер мұндай құрама тәсіл жұмыс істейтін болса, Щвейцария да соған көшетін еді ғой. МӘМС-ке қатысты Щвейцарияныкі өзінің идеясы, Германияның да МӘМС-ке қатысты ұстанып отырған бағыты таза өзінің халқының әлеуметтік жағдайына қарай есептелген әдісі. Англияда медицина таза бюджеттен төленеді. Қазақстан осы үш елдің тәсілін алды да бір-біріне қосып, әбден шатастырды. Қазіргі жағдайларыңызды өзіңіз де біліп отырсыз. Қазақстанда МӘМС-тің айналасында сын өте көп. Сіздердегі МӘМС-ке төленетін жарнаны қанша өсірсе де ол шығынды жаба алмайды. Бүкіл дүниежүзінде медицинаның шығынын тек қана бюджет төлейді. Ал МӘМС дегеніміз – ол әр адамның медициналық қызметке қосатын титтей үлесі. Қазақстан осыны ұқпастан медицинаның шығынын МӘМС арқылы жапқысы келеді. Ол мүмкін емес нәрсе. Сондықтан болашақта «МӘМС жарнасын өсірсек, сапалы медициналық қызмет ұсынылады» деген ертегіге сенбеу керек.
– Енді біздің медициналық қызметті сапалы ету үшін не істеу керек?
– Біріншіден, Қазақстандағы денсаулық саласына жауапты министрліктің менеджменті, басқару тәсілі өте төмен. Бұл ведомствоның дәрігерлердің деңгейін көтеруге шамасы келмей отыр. Қазақстанда «дәрігерлерді халық сыйлайды» деп айта алмаймын. Сіздерде бұл салада күнде дау-дамай, ұрыс, төбелес шығып жатады. Негізінде, дәрігер өзінің емдеп отырған науқасын «қалай емдеп жазамын» деген ойда ғана болуы керек. Өкініштісі, Қазақстанда олай емес. Қазақстандық дәрігерлер «қалай нәпақа табамын, бала-шағамды қалай асыраймын, қаражатты қалай жеткіземін» деген ойдың жетегінде жүреді. Сіздерде бюджеттен бөлінген қаражатты министр басқарады. Негізінде бұлай болмауы керек. Бюджеттен бөлінген ақшаны бірден МӘМС-ке қосу керек. Сосын сіздерде «СҚ Фармация» деген бар. Оның да ақшасын алып МӘМС-ке қосып, қаржыны басқаратын бір орталық жасау керек. Барлық қаражат сол бір орталықтан басқарылып, медициналық шығын тек бір жерден ғана төленуі тиіс. Сол кезде барып мәселе реттеледі. Сіздерде бюджеттен бөлінген қаражатты министрлік алып алады да, емханаларға уақытында бермейді. Осыдан барып емханалар мен ауруханалар қарызға батады, сапалы қызмет көрсетілмейді. «СҚ Фармация» да өзіне тиесілі қаражатты алып алады да, оған уақытында дәрі-дәрмек алмайды. Дәрі алса да оны қайта сатып, саудалап, үстінен пайда көріп отырады. Осыдан барып науқастарға берілуі тиіс тегін дәрі-дәрмек уақытысында қолға тимейді. Сондықтан министрлік пен «СҚ Фармацияның» қолына тиетін қаражатқа ықтиятты болу керек. Сіздерде медицинаға бюджеттен бөлінетін қаражат үш жерден басқарылып отыр. Министрлік бір жаққа, «СҚ Фармация» екінші жаққа, Әлеуметтік тегін медициналық кепілдік қоры үшінші жаққа тартады. Аққу, шортан Һәм шаянның мысалы тәрізді қаржыны басқаруды бұлай үшжақты етуге болмайды. Қаражат бір орталықтан басқарылып, қатаң бақылауға алынуы тиіс.
– Емханадағы, ауруханадағы бас дәрігерлердің менеджерлік қабілеті туралы не айтасыз?
– Өте дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Тек министрлік қана емес, емханалардағы, ауруханалардағы бас дәрігерлердің менеджерлік қабілеті мықты болуы керек. Қазақстанда бір жаман әдет бар. Аурухананың немесе емхананың бас дәрігерлері «маған жоғары технологиялы аппарат алып беріңдер» деп үкіметке телміріп, бюджетке алақан жайып отырады. Бұл дұрыс емес. Бас дәрігер өзі менеджер болуы тиіс. Жүгіріп жүріп, инвесторлар тартып, жұмыс істеуі керек. Сосын сіздерде тағы бір қызық бұйрық бар. Ол бұйрық бойынша бас дәрігер науқас қабылдамайды. Негізінде бас дәрігер кәдімгі дәрігерлер тәрізді науқастарды қабылдап, басқа әріптестерімен өзінің тәжірибесін бөлісіп отыруы қажет. Мысалы, Германияда бас дәрігер болып тағайындалған адам күніне үш-төрт сағат қана сол лауазымда отырады. Оларда сондай лимит қойылған. Төрт сағат бас дәрігер болғаны үшін жалақы төленсе, қалған уақытта ол өзінің клиникасында науқастарды емдеумен айналысады. Ал сіздердегі бас дәрігерлер кабинетінен шықпайды, тек қағазбастылықпен айналысады. Науқастарды емдеп, тәжірибе алмасу, білгенін жас мамандарға үйрету деген оларда жоқ. Бас дәрігер кабинетінен шықпайтын шенеунік болмауы тиіс. Сондықтан бас дәрігерлерге қатысты бұйрықтарды қайта қарап, кем-кетігін түзеген дұрыс.
– Білесіз, бізде білікті мамандар тапшы. Кейдеотандық медицинадан үмітін үзгендер табандарын тоздырып жүріп шетелге мемлекеттен квота алып, оған қолы жетпесе елден жылу жинап, шетелге барып емделіп жатады. Бұл үрдісті қалай бағалайсыз?
– Бұған қатысты айтарым, бірінші, әр салада өзінің ісін білетін сауатты басшылар болуы тиіс. Мысалы, бұрын Қазақстанда МӘМС-тің басшылығында бір агроном басшы болды. Одан кейін бұл саланы бір инженер басқарды. Сол агроном өз саласына пайдасын тигізіп, бидайды өсіріп, егістікті жайқалтудың орнына медицинаға басын тықты. Дәрігердің қызметінің сапасын тексерді. Ал жаңағы инженер барып жол салып, зауыттарда, болмаса, өндірісте жұмыс істеудің орнына МӘМС-ті басқарып, дәрігердің білімін және қызметінің сапасын тексерді. Шындығында, агроном мен инженердің білімі дәрігерді тексеруге жетпейді ғой. Сондықтан бұл жерде сауатты, сапалы жұмыс жүрмеді. Агроном келіп маған дікеңдесе, мен де қарап тұрмаймын. «Әй, тоқта сен басқа саланың адамысың, мен басқа саланың маманымын, сен қалай мені тексересің» деймін. Ол ондайда «протокол бойынша тексеруім керек» деп алдыға протоколын кесе-көлденең тартады. Міне, осындай мәселелер ескерілуі керек. Әр саланы өз маманы басқарып, бюджеттен бөлінген қаражат сауатты игерілгенде қызмет те сапалы болар еді, мәселе де шешілетін еді, ел шетел кезіп, табанын тоздырмас еді. Қазақстанда ақша жоқ емес, бар. Соны сауатты игеру жетпей жатыр. Бюджеттің қаражаты дұрыс басқарылмаған сәтте медицина, білім, экономика, тағы басқа салалар дағдарады. Халықтың тұрмысы төмендейді. Елге білікті мамандар келмейді, келсе де тұрақтамайды.
– Сіз өзіңіз Қазақстанға келіп, тәжірибеңізбен бөлісуді ойламайсыз ба?
– 2023 жылы сіздерде «Ата жолы» деген карта шықты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Ата жолы» картасы шетелдегі қазақтарға Қазақстанға келіп кәсіп ашу үшін берілетін арнайы құжат деді. «Ата жолы» картасының иегерлері елге кірген кезде 10 жыл мерзімге тұруға рұқсат алады деп түсіндірді министрлік. Осы картаның аясында шетелде жүрген қазақ мамандарын Қазақстанға шақырды. Сол ақпаратты естіп алып дүрлігіп, біраз мамандар Қазақстанға келдік. Арасында мен де бармын. Еуропадан 138 адам келдік. Ақыры сол 138 адамнан қазір ешкім Қазақстанда қалмады.
– Неге?
– Мен өзі Қазақстанда туып-өскен адаммын ғой. «Өз қазағыма келіп білгенімді үйретейін, жоғары технологиялық аппараттармен жұмыс істеуді көрсетейін» деп шапқылап, барлық құжаттарды жинақтадым, Қазақстандағы «Отандастар» қорына апарып өткіздім. Сөйтсем, маған олар «қазақ екеніңді дәлелде» дейді. Мен 1988 жылы қазіргі Астана, бұрынғы Ақмола болып тұрған кезінде медициналық оқу орнын бітірдім. Жалпы емдеу саласы бойынша терапевт мамандығын алып шықтым. Екі жыл ауылдық жерде дәрігер болдым. Одан кейін Екібастұз қаласында төрт жыл жұмыс істедім. Содан кейін барып Екібастұздан Германияға көштім. Одан кейін барып Щвейцарияға кеттім. Сол Қазақстандағы оқығанымды дәлелдейтін дипломым барлығы тұр, бірақ Туу туралы куәлігімді Щвейцарияда ұмыт қалдырғаным үшін мені Еуропаға қайта қайтарып жіберді. Щвейцарияға келіп, Туу туралы куәліктің көшірмесін қайта жібердім. Мұндағы сертификаттарымды, біліктілікті жетілдірген құжаттарымның барлығын қазақшаладым. Тіпті төлқұжатыма дейін қазақ тіліне аударып жібердім. Бірақ маған Қазақстан тарапынан тек қана орысша жауап келеді. Менің ұсынған жобам – Қазақстанға келіп терапевт-дәрігерлерге УЗИ аппаратымен жұмыс істеуді үйретсем дегенмін. Сөйтсем, Қазақстан тарапы «бізде терапевт-дәрігерлердің біліктілігін арттырып, оларға УЗИ аппаратын үйретуге рұқсат берілмейді» деп жауап берді. Осыны естіп шалқамнан түстім. Терапевтердің біліктілігін арттырмаса, олар қарапайым ғана УЗИ аппаратына өздері түсіре алмаса, терапевт-дәрігер тек қана жолдама беріп қана отырса, бұдан медицинаның сапасы артпайды. Мен осыны денсаулық министріне де, еңбек министрлеріңізге де, ондағы департамент басшыларына да айттым, жаздым. Биыл тамыз айында маған «мәселені екі аптада шешеміз» деген. Бірақ шешетін түрлері көрінбейді. Мен олардан қаржы сұрап отырған жоқпын. Өз қаражатыммен барғалы отырмын. Өзім үш УЗИ аппаратын алып, соларды клиникаларға апарып қойып, терапевтерді оқытамын ба деп ойлағанмын. Ол аппараттың біреуінің құны 50 мың доллар тұрады. Соның барлығын өз қаражатыма алып, инвестиция жасап, сондай шаруаларды атқарғым келген. Өкінішке қарай, «Ата жолы» деп айтылғалы екі жарым жыл өтті, бірақ ол жоба орнынан қозғалған да жоқ. Осылайша «Ата жолы» картасы туралы айтылғандардың барлығы бос сөз болып қалды. Сіздердің шенеуніктерде ұрандау басым. Көп жағдайда Қазақстанды сылдыр сөз, алаулатып-жалаулатып ұрандау құрдымға кетіріп жатыр.
– Біздің денсаулық сақтау министрі қазақстандықтардың өмір сүру жасы 75 жастан асқанын, өлім деңгейінің 3 пайызға төмендегенін айтып жиі мақтанады. Адам капиталын дамыту тұрғысынан алғанда бұл мақтануға тұрарлық көрсеткіш пе?
– Щвейцарияда менің алдыма келіп емделетін ең кәрі науқас 99 жасқа келген адам. Мұнда 95 жасқа келген адамдар сергек, өмірге құштар. Ал Қазақстанда 60-қа жетпей денсаулығын әбден құртып, өмірден түңіліп жүргендер өте көп. Адам капиталы дамыған, дені сау ұлт болу үшін халықтың мүддесін ойлайтын шешімдер қабылдануы қажет. Елдің денсаулығы артуы үшін халыққа жанашыр басшылар мен министрлер көп болуы керек. Қазақстанға сондай атты күн тусын деп шын жүрегіммен тілеймін. Шетте жүрсем де, мен елді осылай ойлап жүремін.
Сұхбаттасқан Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ