Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:00

Серік Жұманғариннің жұбайы бағалы қағаздардан 88,6 млн теңге табыс тапқан

Жұманғарин
Фото: primeminister

Ұлттық экономика министрі, вице-премьер Серік Жұманғариннің жұбайы Сәния Садықова 2024 жылы бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялардан 88,6 млн теңге табыс тапқан.

Бұл мәліметтер Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтында жарияланған «Лауазымды тұлғалардың кірістері туралы мәліметтер» құжатында көрсетілген. Құжатта Жұманғариннің отбасына қатысты деректер де қамтылған.

Атап айтқанда, өз бетінше салық салынатын табыс ретінде 88,67 млн теңге көрсетілген. Алайда құжаттың алғашқы нұсқасында бұл табысты нақты кім – вице-премьердің өзі ме, әлде жұбайы ма – декларациялағаны бірден анық көрсетілмеген.

Кейінірек Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі бұл табыстың Сәния Садықоваға тиесілі екенін растады. Ведомствоның түсіндіруінше, аталған қаражат бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялардан, соның ішінде дивидендтер мен сыйақылардан түскен.

Айта кетейік, министрлік сайтында осындай мәліметтер вице-министр Асан Дарбаевтың отбасына қатысты да жарияланған. Құжатқа сәйкес, оның жұбайы Гүлнұр Дарбаева 2024 жылы 69,6 млн теңге табыс декларациялаған.