Серікбол Хасан, балалар ақыны: Балалар әдебиеті бағыт іздеу кезеңінде тұр
Әдебиеттің үлкен бір арнасы – балалар әдебиеті. Оның да өз тағдыр тарихы бар. Бастапқыда әдебиетпен біртұтас өсті, кейін ХІХ ғасырда өзіндік жолға түсті. Қазір де қал-қадірінше дамып жатыр.
Дегенмен бүгінгі гаджет пен сан түрлі технологияның арасында өсіп жатқан баланың арманы бөлек, талғамы басқа. Соған қарамастан, қазір балалар мен жасөспірімдерге арналған кітаптар мен жинақтар шығаратын баспалар да көп. Сонымен қазіргі балалар не оқиды? Оларға қандай кейіпкерлер қызық? Балаларға арнап қалам сілтеген жазушы ең әуелі осыны ескерсе керек. Жаһанданған дәуірдің қасиеті мен қасіретіне қатар айналған технологияның дамуы бүгінде қызылды-жасылды суреті арқылы бала атаулының санасын оңай жаулап жатқаны жасырын емес. Осы турасында біз бүгін балалар ақыны Серікбол Хасанмен сұхбат құрдық.
– Әр дәуірдің өзіне сай баласы, сол баланың қызығушылығына сай кейіпкері болатыны анық. Десек те, қазіргі қазақ балалар әдебиетінде қаһармандар жүйесі жоқ сияқты. Біз әлі күнге Ер Төстік пен Алпамыстан шыға алмай жүрген секілдіміз. Осы туралы сөз қозғайықшы. Кез келген балаға не жасөспірімге өз дәуірінің оқиғасы қызықты емес пе?
– Менің қаузап келе жатқан тақырыбым негізінен балалар поэзиясы. Сол себепті балалар прозасы тақырыбын тереңірек зерттеп көрген емеспін. Ал жалпы пікірімді білгіңіз келсе, қазіргі заман балаларына, өзіңіз айтқандай, өз дәуірінің оқиғасы керек. Ол үшін алысқа барудың қажеті жоқ. Өз дүниетанымымызда, мифологиямызда, ауыз әдебиетімізде, қисса-дастандарымызда қызықты кейіпкерлер жетерлік. Соларды қайта тірілтіп, жаңаша серпін беріп, екінші өмір сыйлауға болады. Немесе қазіргі балалардың өз ішінде де кейіпкер болуға сұранып тұрған зерделі, зерек, талантты, талапты, өнерлі, өнертапқыш балалар жеткілікті. Солардың өмірінен де өнегелі туынды тудыруға әбден болады. Әрине, ол балалар жазушысының ізденісіне байланысты.
Ол үшін алдымен қазіргі балалардың арман-мұратын зерттеу маңызды. Егер балалар батырлыққа, ерлікке ұмтылып тұрса, өзіңіз айтқан Ер Төстік, Алпамыс батыр секілді жаңа дәуір қаһармандарын шығаруға болады. Алайда, менің ойымша, қазіргі балаларды жасанды интеллект, жаңа технология, қала өмірі секілді тақырыптар көбірек қызықтыратын секілді. Бүгінгі балаларға сериалық қаһармандар, заманауи сюжет, урбан кейіпкерлер керек. Қазіргі балалар шығармадан интернетті білетін, смартфон ұстайтын, өзіне ұқсас кейіпкерді көргісі келеді. Қазіргі балалар көбіне мейлі үйде болсын, мектепте болсын психологиялық қысымда жүреді. Оларға жанашыр дос табу қиын, жалғыздықты көбірек сезінеді. Сондықтан осы тақырыптардағы кейіпкерлер табу маңызды. Дәстүрге байланып қалудан, балаға ақыл айтудан қашу керек. Балалар жазушылары жаңа формаға көшу қажет. Бала психологиясын тереңірек таныған сайын оның талғамына сай туынды жазу оңайға түседі.
– Қазіргі балалар баяғыдағы біз бен сіздей Мыстан кемпір, тау қопарған Толағай сияқты ертегілерді оқымайтыны анық. Шет ел авторлары аниме, комикс, супербатырлар арқылы балаларды қызықтырудың жолдарын іздейді, сондай-ақ олар жабық тақырыптардың өзін бала танымына сай беруге тырысады. Ал біздің балалар әдебиетінің беталысы қандай?
– Ертегілер белгілі бір дәуірге арналған шығарма емес қой. Ертегінің қай дәуірде де оқырманы табылады. Мәселе – балаға қызықтырып оқыта білуде. Тіпті қажет болса Мыстан кемпірді қазіргі заманмен байланыстырып неге қайта жазбасқа?! Оның «мыстан» атануының өзі де тұнып тұрған мифология. Мыстанның түбірі – мыс, Жезтырнақтың түбірі – жез. Екеуі де металл. Мифологияны тереңірек зерттеген кезде, қызық тақырыптар өздігінен төгіле кетеді. Сондықтан көп нәрсе ізденіске байланысты. Баланы жай бір оқырман деп қарамай, оған болашақ ірі тұлға деп қарау қажет. Себебі ол – талғампаз әрі биік оқырман. Қазір біздің балалар әдебиеті бағыт іздеу кезеңін басынан өткеріп жатыр. Жақсы талпыныстар, соны бетбұрыстар байқалып келеді. Өзіңіз айтып отырған, аниме, комикс жанрларында жазылып жатқан қазақша шығармалар көбейіп жатыр. Бүгінгі балалар – экранда Netflix, Marvel кейіпкерлерін көріп өскен балалар. Сондықтан олар кітаптан да сондай кейіпкер іздейді.
Бүгінгі балалар әдебиетінің беталысы жаман емес. Қазақ тіліндегі аударма кітаптардың қатары көбейді. Алайда олардың тілі қазақша болғанымен, ділі қазақша емес. Қазақ дүниетанымынан тумаған дүние қазақ баласына бәрібір жат. Сол себепті бар үміт – өзіміздің балаларға жазып жүрген ақын-жазушыларда. Балалар қаламгерлері тартымды формаға көшіп, кішкентай оқырмандарды өзіне баурап алудың жолдарын қарастыру қажет. Себебі бүгінгі балалар визуал дүниелерді жақсы қабылдайды. Кітаптарда әсерлі суреттер мол болса, қысқа да қонымды мәтін, динамикалық сюжет болса, балаларды қызықтырып әкетеді деп ойлаймын. Сондай-ақ «кітап және мәтін» жүйесінен қашуымыз керек. «Гарри Поттер» шығармасы кітап қана емес, ол – кино, ойын, мерч, т.б. Сонымен қатар тәрбиелік тақырыптардан бөлек, жабық тақырыптарды да қолға алған дұрыс. Қоғам бір басқа, әдебиет бір басқа болмауы керек. Қоғамдағы суицид, буллинг секілді тақырыптарды да бала санасына сай жеткізу – қазіргі уақыт талабы. Біздің балалар әдебиетінде әдемі мазмұн бар. Алайда форма, кейіпкер тудыру жағынан кешеуілдеп келе жатқанымыз жасырын емес.
– Бұдан бөлек, қазіргі балаларға арналған өлең, хикаяттардың басым көпшілігінде асық, киіз үй, қыранды дәріптеу сынды идея әлі бар. Мейлі делік. Бірақ қазіргі балаға өзі сүріп жатқан кеңістіктегі дүниелермен қарым-қатынас жасау әлдеқайда қызық болатын сияқты. Мәселен, күнделікті тұрмыстық құралдармен әлде өзі күнде қолданатын смартфонмен диалог құрған тиімдірек пе деп ойлайсың. Осы жайлы не айтасыз?
– Жоғарыда «дәстүрге байланып қалудан, балаға ақыл айтудан қашу керек» дегенім сол. Бұл, әрине, ұлттық символдардан түбегейлі бас тартайық деген сөз емес. Оны жаңа заманмен қабыстыра, жымдастыра білу керек. Мысалы, бала смартфон арқылы атасының ескі әңгімесін жазып алса болады. Яғни дәстүр мен заман бір кеңістікте кездесуі керек. Өкінішке қарай, бізде екеуі екі жақта қалып жатады. Менің «Техникалар таласы» деген жұқа кітапшам шыққан. Осы жинақта смартфон, планшет, ноутбуктың диалогы бар.
Технологиялар тақырыбы – балалар үшін қызық. Себебі қазіргі балалар екі қабатта өмір сүреді: нақты өмір және цифрлық орта. Балалар нақты өмірмен (мектеп, үй, достар) қатар цифрлық ортамен (смартфон, әлеуметтік желі) де қатар дамып жатыр. Қазіргі баланың досы – смартфон. Сонымен сырласады, ол үшін содан асқан ақылшы жоқ. Сондықтан балалар әдебиетінде осы екі қабатты да қабыстыра білу керек.
– «Балалар әдебиеті – үлкен әдебиеттің кіріспесі» деген біржақты пікір әлі күнге дейін айтылып қалады. Оған балалар әдебиетінің бүгінгі ахуалы анық дәлел. Алайда соңғы жылдары түрлі жобалар қолға алынып жатқанын көріп жүрміз. Әрине, оның барлығы айтарлықтай нәтиже бере ме – ол уақыттың еншісінде. Балалар әдебиетінде үлкен өзгеріс болуы үшін нақты қандай қадамдар жасалуы керек деп ойлайсыз?
– Бүгінгі бала – ертеңгі үлкен оқырман. Балалар әдебиетімен сусындамаған бала ертең үлкен әдебиетті оқымайды. Балалар әдебиеті – көркем әдебиетке жетелейтін жол деп түсінуіміз керек. Яғни балалар әдебиеті – оқырман қалыптастыратын күрделі, жауапты сала. Сондықтан балалар әдебиетінде жүйе, нақты жұмыстар жүргізілуі керек: жаңа жанрларға бару, жаңа кейіпкерлер табу маңызды. Жоғарыда айтқандай, сапалы иллюстация, заманауи визуал мәселелерін де қолға алу қажет. Кітап – өнім. Сапалы кітап – жақсы өнім. Балалар әдебетінде жақсы өнімдер көбейген кезде, ол қарыштап дамиды.
Сұхбаттасқан
Ақгүлім Ерболқызы