Сержан Нұрпейісов, қорғаушы: Заң орындалуы үшін міндетті түрде ауыр қылмыс жасалуы керек пе?
Алдымен президентке рақмет айтамын. Нұрай қарындасымыздың кісі қолынан аса қатыгездікпен қаза табуына байланысты мәлімдеме жасады. Бұл іс қазір ел назарында.
Елімізде қыз алып қашу адам ұрлаумен тең. 125-1-бап бойынша 1-бөлімінде 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл ауыр емес қылмыстар санатына жатады. Ал екі және үшінші бөлімдері ауыр қылмыстар түрі саналады. Бұл бойынша екінші бөлімде 3-7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы, үшінші бөлім бойынша балама жаза қарастырылмаған, бірден 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бізде қыз алып қашу тыйылмай тұрғаны жасырын емес. Әсіресе Оңтүстік өңірде бұл бар. Бұл тағы да полиция қызметкерлеріне келіп тірелетін мәселе. Кейде құқық қорғау органдарына арыз жазылған кезде қазақшылыққа салынып, жылы жауып қоятын кездер жоқ емес. Иә, заң қатал. Бірақ неге дер кезінде шара қолданылмайды деген мәселе қоғамда қазір өзекті болып тұр. Меніңше, мұның бір себебі – құқық қорғау органдарының салғырттығы. Заң дұрыс орындалу үшін міндетті түрде аса ауыр қылмыс жасалуы керек пе? Қазір бұған етіміз өліп кетті, тіпті дәстүрге айналғандай. Резонанс туғанда ғана басшылары назар аударады. Қылмыс қайталанбасын десек, оқиғаның алды алынып, жазылған арыздар бойынша дер кезінде жұмыс істелуі керек деп есептеймін.