Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:42, 20 Қараша 2024

Сезім мен ойды отқа аунатқан...

Фариза Оңғарсынова
Фото: ашық дерекккөз

Ақындық – жаратылыстың адамзат баласына берген айрықша сыйы!

Ой мен сананың, жүрек пен жанның тұтастық сипатын танытар осынау ғажайып құбылыстың жер бетінде қанша ғұмыр сүргені, әлі қанша ғұмыр кешерін ешкім кесіп айта алмайды. Бірақ ай, жұлдыз аманда, мына жусанды даласы мен қарағайы, тал-қайыңы тербелген қара орманды таулары аманда, жер әлемге шуағын шашар күн аманда, әр алуан тілде сөйлейтін, өмірге шексіз ғашық болатын ұлдары мен қыздары аманда, жұмыр жердің төсіндегі өмір мәңгілігін танытар жану мен өшу, күю мен сүю, жақсы көру мен жек көру сезімі аманда ақындық дейтін Құдіреттің өлмесі, Жыр дейтін қуатты ғаламның жарығының сөнбесі шүбәсіз!

Бір қарағанда жұмыр бас пенденің жалқы сезімі мен жандәрмен ойының қағаз бетіне түсе қалған айнасындай көрінер, адамның жылаған, күлген, қайғырған, шаттанған, мұңайған, шабыттанған сәт-сағатының ырғақ болып түйіліп, ұйқас болып құйылып, өз қалыбы мен өрімін оп-оңай таба қойғандай елестер шынайы Жырдың шыңғырған мінезі мен шымыр табиғатын тану оңай емес. Нағыз жырды нәнкеуде жазғыштардан айырудың, алкеуде сәуегейсымақтардың пішкен тоны мен кескен сөзінен сақтаудың жолы жалғыз.

Ол – бас төреші – Уақыт пен хас төреші – Жүректің сыны мен сынағынан сүрінбеу.

Фариза Оңғарсынова – осындай жүрек пен уақыт сыны мен сынағынан сүрінбей, оқырман ойының кең айдынын әлдеқашан жаулап алған ақын. Оның өмір, адам, дүние тану кеңістігін айғақтар қайыпберен сезім мен қайталанбас ойлар иірімі өзіндік өр үнімен, өзгеше бояуымен, тағылымды мінезімен, танымдық сипатымен көңілді толқытады, жүректі тербетеді, жанды байытады. Әр кезең оқырмандары мен әр буын өкілдері Фариза ақынның жанайқайына өзінше құлақ түріп, жаны ашуына да өзінше ден қояды.

Өйткені...

Фариза-Жырдың өнбойынан өмірдің өзіндей тылсым сырлы, қайғы мен қуанышқа, жалын мен аязға, көлеңке мен күнгейге толы бояулар мен сарындар жарыса қатар есіп тұрады. Ақын өлеңдерін қанша адам оқыса, сонша нұр мен сырға толы ағыстар буырқана сілкініп, әр жүректі баурайды.

Фариза-Жыр бірде Атыраудың ақжал толқынды айдынындай аспанға ақ көбігін ата шапшыса, енді бірде ой мен мұңның түпсіз тұңғиығына шым батқан түнгі аспандай адам қиялын алысқа, тым алысқа жетелеп алып кетеді. Оқырман сиқыры мен сыры мол, оты мен мұзы, жалыны мен сызы қатар өрілген поэзия әлемінен сусындайды, шөлін қандырады! Ой төрі мен өлең өріндегі ақын қуанышы мен қайғысы жалғандық пен жәдігөйліктен су таза! Ақынның айдыны кең, айбынды әлемі – жалғандыққа жаны қас, өртеніп-жанудан арымас, Асқақтық пен Рухты аялаудың қайталанбас әлемі!

Сондықтан...

Ақын ойы мен көркемдік жүйесінің көзге бірден шалынар асқақ арқауындай елестер осы бір қос ұғымның қазықбауын мықтап аңғартар өлең туралы «Өлеңді» үзіп жұлқымай толық оқығанды жөн көрдік. Өйткені бұл өлеңде қазақ есімді халықтың жыр дүниесіне өз бояу-реңімен, өз үнімен келіп қосылған сипаты бөлек ырғақ, сиқыры өзге қуатты сарын бар. Анық нәрсені алыстан орағытып, дәлелдеп жатпай-ақ, оқырман жұртшылықтың осы жырға қайыра бір назар аударғанын қаладық. Қазақ жырының арғы-бергі бай тарихындағы сандаған сұңғыла дауыстар көшінде жоғалып, жұтылып кетпей, уақыт өткен сайын бойы мен ойы сұңғақтанып, мән-мағынасы кеңейіп, жапырағы жайқалған, дауысы мейлінше зорайып, тамырын тереңнен тартар, бойынан жалын мен оттың, өрт пен серттің лебі есіп тұрған рухты Жырға құлақ түріп көрейікші!

«Дара күндерімнің,

нала түндерімнің

серігі болғаны үшін,

сенімі болғаның үшін

мен сені аялаймын.

Біреудің пасықтығынан,

біреудің жасып мұңынан

жүрегім сыздаған кезде

жаным мұздаған кезде

мен сені саялаймын...

...Күлкімді, жайлы күнімді,

азапты, қайғы-мұңымды

өзіммен бөліскенің үшін,

қатем мен жеңістерім үшін,

менің мынау қиындау тағдырым

болып

о баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем!»

дейді Фариза ақын.

Өзегін өсек пен ғайбаттың ащы түтіні буып, сатқындық пен самарқаулықтың бықсығы тұншықтырған жылдардың, жастық жалынымыз бен махаббат кешулеріміздің, арман-мұраттарымыз бен ой-сүреңі мол күндеріміздің куәсі болған, адамзат баласына талай-талай ұлы жаңалық, жайсаң жақсылықтармен қоса, жәбір-жапаны да, қасірет-қайғыны да аз бермеген жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарында жазылған от-жалыны, ою-өрнегі, өлеңдік үлгісі ерекше осынау өрісті жыр уақыт, қоғам, заман, адам хақындағы әлгі ойымызды бекіте түседі.

Асылы ақын атаулы өз кезеңі мен өз дәуірінің шындығын бедерлі жырмен бейнелеп өре алғанда ғана өлең өлкесінен өгейлік көрмей, өз орнын төрден алады. Фариза ақынның адам ойы мен сезімін отқа аунатып-аунатып алғандай әсерге бөлейтін өлең дүниесіне еніп, терең бойлаған мына фәни жалғанның өтпелі екенін сезінесіз. Жан жүрегіңіздің жайлауын әлдебір дауыл жалап өткендей, қоңыр тауыңыздың қойын-қолтығын әлдебір сарала күздің сарала жаңбыры қыдырып кеткендей күй кешесіз. Бой-бойыңызды өмір, тіршілік туралы алуан-алуан ой тінтіп, жазира-жазығыңызды қилы-қилы сезім кезеді. Опасыз досты көріп, опынар шағыңыз да, адал жандардың ақжарма көңіліне кенеліп тебіреніп-толқыр сәтіңіз де мол. Соның қай-қайсысында да – «жүрегіңіз сыздаған кезде, жаныңыз мұздаған кезде» Фариза-Жырды оқысаңыз, көкірек көзіңіз ашылып, сая табарыңыз, пана көреріңіз анық. Мына дүниеде тау тұлғалы, кең мінезді жандардың бар екені есіңізге түседі. Сайын даланың төсін емген адал, аңғал халқымыздың сондай тұғыры мықты тұлғаларға қай заман, қай дәуірде де өз тағдырын сеніп тапсырғанын ойлайсыз.

«Жанымда жүрші

аласармайтын армандай асқар

тауым боп,

Шілдедегі әппақ жауын боп.

Сенімен жүрсем –

мынау жалғанда мен көтермейтін

ауыр жоқ,

Бет қаратпайтын дауыл жоқ...»

дейді Фариза-Жыр мұндайда. Жаныңызда жүрген жандардың «күн ашықта – мойныңда, күн тұтылса – қойныңда болмай», көз алдыңызда әркез аласармайтын тау болып, өз биігінен көрініс түспей жүргені қандай жақсы?! Ақын қиялы сомдаған, ақын әлемі бедерлеген көзқарастар кеңістігі осылай өріледі. Мұндайда ақын ойы – асқақ, ақын рухы – биік!

Жырға тән арнасынан асып-төгілген сәтте де, шалдығып құлап, мұң-қайғының ұйығына батып, ашынған кезде де ақынның лирикалық кейіпкері жалған сөйлеуден, жарамсақтанып күлуден бойын аулақ ұстайды. Нені айтса да жасырмай, турасын айтады. Ақынның лирикалық кейіпкері жалғыздықпен жекпе-жеке қалып, жанын тіршілік түйткілдері тілгілеген тұстың өзінен әділдік пен мейірім іздейді. Махаббат пен салауатқа жүгінеді. Өмір өткелектері өзегін өрт болып жалаған сағаттар мен сәттердің өзінен:

«Өмірде мынау менің бір

қоштаспас мәңгі досым бар.

Ол – менің жолым сенімді,

болашақтарға жосылған.

Шарласам түгел аймақты,

Терсем де қырдың гүлдерін,

барсам да қашан, қай жаққа –

сол досымменен біргемін...

... Мені өмір талай сүңгіткен

Жалғыздық деген айдынға.

Арыл да бір сәт мұң-жүктен

дос барда, жүрек, қайғырма!

Қиналсам дәйім тосты алдан,

Сүйремей алға тынбайды.

Әкеме жандай дос болған

Жол мені адастырмайды...»

дейді балаң кездің бейкүнә, таза бір жырында өз жолын өзі тағдырындай көріп таңдаған ақын.

Әлі алдан шығар шығармашылық болмысының «дара күндері» мен «нала түндеріне» бойы мен ойын толық алдыра қоймаған жанның жанарпалысынан тұмакөзі бұрқырап, ашылғалы тұрған қуатты Жыр мінезін тануға болады. Лирикалық кейіпкер жалғыз қап, қатал уақыт, қатыгез өмір оны қанша «айдынға сүңгіткенімен», көңіл төрін күйреткенімен, жыр табиғаты күйреуік сипаттан ада-күде... Сондықтан да өлең түйініндегі тәлім мен рухқа толы – «Әкеме жандай дос болған Жол мені адастырмайды» деген қос жолға соншама риясыз көңілмен сенесіз... Еріксіз қол соғасыз...

Талай-талай жалын құшқан түндерде махаббат сезіміне оранып, мына ұлы қала мен ұлы даланың жастық отын тынымсыз үрлеген жырлардың жүректер ықыласына қалай бөленіп, оқырман ойын қалай баурайтынын айтып, тәптіштеп жату артық. Олай дейтініміз – Фариза-Жырдың жаратылысы мен табиғатын мейлінше жан-жақты танып, оны өзінің жүрегі, сезімі арқылы өткізген ойлы оқырман мұндай «артық ежіктеуді» жөн көтермейді. Оны жыр төркінінде жатқан әлемдік үлгі-нышандарды аңғартар көркемдік сипаттар да көтере бермесі тағы анық... Поэзия мен музаның қайнар көзі қай кезде де – сұлулық пен сымбатты, асқақтық пен арылуды, табыну мен тазаруды жырлауымен айқындалған! Сұлулық бойынан сезім тазалығын қалыптастырар керемет қасиет көре білген ақынның жыры адам бойын оттай болып өртеп, қажетті тұсында мұздай болып қарып түсетіні де сондықтан... Оңғарсынова поэзиясы – осындай үлгі-өнегесімен «одағайланып» көзге түсер өрелі жырлардың кеңістігі. Отты жырдың өміршең табиғатына мейлінше тереңірек бойлаған талғампаз оқырман ақын махаббаты аясының соншама кеңдігін, өмірдің өзіндей сан алуан, санқилы екендігін аңғарары хақ. Ақын ұсынар «ғашықтық параметрлері де» сондықтан қилы-қилы болып келеді...

«Кеттің ғой сонда көп күнге,

Қолымды неге қыспадың?

Тіледім самолеттің де

кешігіп барып ұшқанын...»

дейтін ойнақы мұң, отты өлеңнің бойынан жасты да, жасамысты да бейжайы, бейтарап қалдыра қоймас шынайы лириканың оқырман жүрегін «жаулап» алар мінезін көрсек:

«Алақаны анамның – топырағың,

Сендік махаббатымның оты жалын.

Сені қалай сүюдің керектігін

мен ешқандай кітаптан оқымадым.

Сенде тас та қастерлі, аспан да алау,

Сенде жанды тербетер дастан бар-ау.

Менің мынау өмірге құштарлығым

Сені жақсы көруден басталған-ау»,

деген шумақтар астарынан адамға, елге, жерге деген перзенттік ұлы махаббаттың ешкім бұрын-сонды айтпаған алғаш рет Оңғарсынова аузымен айтылып, ақ қағаз бетіне мөлдіреп түсе қалған «сені қалай сүюдің керектігін мен ешқандай кітаптан оқымадым» деген жолдар өрілген. Бұл – арнасынан асып-төгілген асау сезім ғана емес, бұл – ақын қолтаңбасын айғақтар сөз саптау мен ой өрудің өзіндік сыр-сипатын, нақыш-мәнерін байқатар белгі.

Жалпы ақын үшін ұшы-қиыры жоқ қазақтың кең даласы бояу мен реңнің, бейне мен бедердің, ой мен сезімнің кешеден бүгінге аман жеткен қасиетті Құндағы тәрізді. Фариза-Жыр қандай күйді басынан кешпесін, әуелі далаға қарап, барын түгендейді, жоғын іздейді. Ақын қазақ даласының ою-өрнегі бөлек, осынау өртеңді суретінен образдар жүйесін сомдайды.

Кеңестік дәуірдің «аузымен құс тістеген» талай дүлдүл суреткерлерін көркемдік айла-шарғының алуан түрлеріне алып барған жол іздеу, жол табу тәсілі жетпісінші, сексенінші жылдардағы Оңғарсыноваға да жат емес еді. Ақынның қиыннан қиялап жүріп, жол іздеп, бірде өткен тарихтың қойнау-қолтығына сүңгуі де, бірде планетааралық белдеулерге баруы да соның айғағы. Осы бағыттағы жырлардың қай-қайсысында да ақын қолтаңбасын айқындар Рух жасампаздығы аңғарылады. Сол кезең, сол тұстағы ақын қаламынан туған мына бейнелеу үлгілері соның дәлелі.

«Дүние сұлық.

Тыныштық құшқан шартарап,

бір сілкіністі күткендей ғалам

ішіне демін тарта қап.

Ойларға жүкті жұмыр Жер жатыр

ай-күні толған күйінде

Заманның барлық ауыртпалығын

жалғыздан-жалғыз арқалап...»

Көріп отырсыздар, кіл жаңа тіркестер... «Дүние сұлық...» «Ішіне демін тартқан ғалам...» «Ойларға жүкті жұмыр Жер...» жай емес, «Заманның барлық ауыртпалығын (бар кесір, кесапатымен қоса) арқалаған...» (Қайран да қайран, жұмыр Жер?!) Байқайсыздар ма? Тіркестер де, тіркестер иығына қонған замана жүгі де арада қанша жылдар өткенмен, қол бұлғар алыс көктемдей қартая қоймағанын көреміз...

Империя тарағанымен, қоғам ыдырағанымен, жер үстінде жаңа тәуелсіз мемлекеттер орнағанымен... Адам ойы өзгере қоймапты. Қайта бұрынғыдан да гөрі күрделі кейіпке еніп, заманның азу тісі бұрынғыдан да гөрі ақсия түскендей. «Алданғандар» мен «алдап соққандар» қатары көбейіп келеді.

Азаяр түрі жоқтай...

Ақынның сол бір кезеңде жазған мына бір «Арна» деген өлеңі де ертеректе емес, тап бүгін жазылғандай ерекше естіледі.

«Ағынменен құздарға соғып, бас ұрып,

алай да дүлей ақ толқындары шашылып,

тірлікке түгел нәр беріп жатқан арнаға

жетуге ғана асығып,

бұлқынып ағып буырқанады бейуақта

тосқауылдардың көптігінен бе – ашынып?!»

деген шағын өлеңнің өрісінен өмір, тіршілік жайлы шым-шым шындықты естуге, дауыл шайқаған теңіздің өрін көруге болады!

«Фариза, Фаризажан, Фариза-қыз» деген ұлы ақын өлеңінің түп төркініне бір сәт ден қойған кез келген қарапайым оқырман «Фариза-Ақын, Фариза-Жыр» деген балама сөздерінің жатқанын аңғарар еді. Қиналмай аңғарар еді... Аңғарар еді де ақынның мына бір шумақтарын ішінен сан қайтара күбірлеп, оқи бастар еді.

«Жаным – дала, көгінен бұлт арылмай,

батпан зілдер басса да, жүр тарылмай;

Шідерлеулі көңілді зулат, жырым,

баяғының құс қанат тұлпарындай.

Жол – дария, тұрмайды ағын ұрмай,

Жоғалма, жыр, жылдарға тамырың жай

дәуірлердің дауылы дақ салмаған

ата-мұра қобыздың сарынындай.

Жүрек жазбай жұптасқан ғұмырласым,

жыр-әуезім суарған мұңым, жасым

ойсыздықтан өрекпіп тойғандардың

құлағына қайғы боп ызыңдасын...»

деген өн бойынан нажағай жарқылымен қатар, адам ойының салмақ тарта бастаған сабырлы қалпы да аңғарылар шамырқанған шумақтар айдынында ақындық адалдық, азаматтық парасаттылық, адамгершілік айбындылық жатқанын қалай ғана танымауға, естімеуге болады?! Танымау – рухани соқырлық, естімеу – рухани кереңдік болар еді...

Әр жолында мына қулығы мен сұмдығы біресе ұртына, біресе мұртына жасырынған уақытпен шімірікпей, тұра қарап, тілдесе білер мінезі бар Жыр әйтеуір «айтып» қалуды мұрат тұтпайды. Айтпауға болмайтындай жағдайға жеткенде ғана қозғалар сыңай танытады.

«Жалған достар ертең жоқ, бүгін бірге,

Көрмегендей сырт берер – сүріндің бе,

Ісі бітсе, ісі жоқ сеніменен –

Өлдің бе?

Тірілдің бе? –

деп, ақын өзі айтқандай, қылығы мен мінезінің аласы да, құласы да жеткілікті мына жер үстінде өмір сүру алай-дүлей, соқыр мылқау, бетбақ мінезді бейбақ ғасырда жұмыр басты пендеге, әсіресе ақындарына, оңай соқпай тұрғанын біз жақсы білеміз... Ой мен Сөздің жетімдік күйін кешкенін де білеміз. Ойдың төрін қамықтырып, жүретін өрін шер қазығына байлаған әділетсіздік ай астында адамдар арасында – қарым-қатынасында аз емес...

Ақын жаны соны көріп толқиды! Ақын жүрегі соны сезіп тебіренеді! Ақын ойы пендешілік мінез етек жайған жаңа ғасырға алаңдай қарап, жаңа ұрпақ, жас буын қазақтардың ертеңін ойлайды.

Күрсінеді. Түршігеді.

«Жырым еді, жыласам, жанды ұғынар...

Бірақ соның арты құм, алды мұнар.

Өлең деген өр мінез адамға ұқсас,

Әрқайсысының өз жолы, тағдыры бар», –

дейді Фариза ақын бір өлеңінде.

Тағы да тағдыр!.. Тағы да атой салған Асқақтық пен Рухтың үні! Жырдың үні! Уақыттың сарыны келеді құлаққа!

Өмір мен Заманның өрті мен серті шыңдап, қашаған, әр жолын халқының жүрегіне бөлеген, әр шумағын туған Даласының ыстық ықыласы мен өлшеусіз махаббатына ораған, қайталанбас Жыр дүниесінің үні мен асқақ сарыны бұл!

Нұрлан Оразалин

Мемлекеттік сыйлықтың иегері