Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:16

«Сезім сапары» спектакль-турының СОҢҒЫ АЯЛДАМАСЫ – Талдықорған қаласы

1

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры 2023 жылы ақпан айында қазақ театрлары ішінде алғаш болып ерекше форматтағы «Сезім сапары» атты спектакль-тур бастаған еді.

 Халықтың өнерге деген ықыласын, рухани байланысын тереңнен сезінген театр бұл сапар арқылы өнерді өңірлерге жақындатуды, көрерменге сапалы мәдени өнімді өз аймағында тамашалау мүмкіндігін ұсынуды мақсат етті. Сезімге толы сапар Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» (реж.: Фархад Молдағали) спектаклімен алғаш рет Жетісу өлкесі – Талдықорған қаласынан басталып, содан бері Түркістан, Шымкент, Тараз, Қарағанды, Көкшетау, Астана, Орал, Ақтөбе, Ақтау, Қызылорда, Жаңаөзен тәрізді оннан аса ірі шаһарын аралап үлгерді. Осы жылдар ішінде театр әр қалада аншлагпен өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жоба аясында артистермен кездесулер ұйымдастырылып, ерекше белсенді көрермендерге естелік сыйлықтар табысталды. Кез келген гастроль шын мәнінде өнер мен көрермен арасындағы шынайы диалогқа айналды. 3 жыл ішінде 40 000-ға жуық көрерменді қамтыды.

Режиссер Фархад Молдағали қаламгер шығармасының көркем табиғатын сақтай отырып, оны бүгінгі көрермендерге жақындатуды мақсат еткен. Қойылымда Ербол мен Меңтайдың кіршіксіз махаббаты ғана емес, соғыстан кейінгі қазақ жастарының тағдырлық тартыстары, үміт пен күйзеліс қатар өрілген кезеңнің тынысы да терең ашылған. Классикалық шығарманың сахнадағы жаңа интерпретациясы көрерменге «махаббат – мәңгілік» екенін тағы бір мәрте еске салады.

Биылғы жылдың сәуір айында «Сезім сапары» спектакль-туры Түркістан музыкалық-драма театрында, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында, сондай-ақ Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында көрермендермен қайта қауышқан болатын. Ең алғаш Талдықорған қаласынан басталған сапар соңғы нүктесін де осы қалада қоймақ. Театр ұжымы сезім мен сағынышқа толы «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклін арнайы Жетісулық көрермендер үшін 20–21 желтоқсан күндері сағат 18:30-да Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында сахналайды.

Ғабит Мүсірепов театры «Сезім сапары» арқылы халықпен жақындасудың, театрға деген қызығушылықты оятудың және қазақ сахна өнерін жаңа деңгейге көтерудің маңызын айқын көрсетті. Егер сіз де шынайы сезім мен терең эмоцияға толы өнер туындысын көргіңіз келсе – көрсетілімді жіберіп алмаңыз. Билеттер тикетон сайтында. Соңғы аялдамада кездескенше, талғамы биік көрермен!

Театрдың баспасөз бөлімі

+77052110045