Шабан жалақы, жүйрік инфляция, тепеңдеген халық
Халықты қымбатшылық қос өкпеден қысып тұр. Елдің тапқан табысын инфляция жеп, қарапайым қарашаның қалтасы тесіліп, уайымы күшейген.
Ал Смайылов үкіметі экономикада өсім бар, инфляцияның қарқыны баяулағанын айтудан шаршамайды.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров биыл өткен жылдың қаңтар-сәуір айларымен салыстырғанда Қазақстан экономикасы 5 пайызға өскенін, оның ішінде нақты сектордағы өсім 4,8 пайызды, ал қызмет көрсету саласындағы өсім 4,9 пайызды құрағанын айтып жүр. Сондай-ақ сәуірде инфляция 16,8 пайызға дейін баяулапты!
Қуантыровтың осы есебін тыңдаған Смайылов енді үкіметке инфляцияны екі есеге төмендетуді тапсырды. Ал бұл мүмкін бе?
Сарапшылар тарихта инфляцияны жеңген елдердің бар екенін мысал еткенімен «мұндай айтулы күн әзірге Қазақстанға қол жетпес арман» дейді. Мысалы, Жапония инфляцияның пайда болуын мереке ретінде қабылдайды. Бұл елде қазір инфляция деңгейі 2 пайыз болса, Қытайда инфляция деңгейі 3 пайызды құраған. Еуропа мен АҚШ елдерінде 8-10 пайыз. Бізде тежелген инфляцияның түрі 16,8 пайыз.
Соның өзінде үкімет өсіп жатырмыз, дамып жатырмыз деуден танбайды. Алайда қарапайым халық мұны неге сезбейді? Осы және өзге де сауалдарымызды біз арнайы сала мамандарына қойдық.
Экономист Қуанышбек Дүйсенов былай деп жауап берді: Жалақысының тең жартысы тек азық-түлікке кеткен жағдайда, халықтың ЖІӨ өсімін сезуі өте қиын
– Үкімет «Биыл ЖІӨ 5 пайызға өсті» деп есеп берді. ЖІӨ өсіп, экономикада даму болғанымен, неге бізде инфляция төмендемейді?
– Бұл сұраққа экономикалық теория тұрғысынан қарасақ, ЖІӨ өсімі кейбір жағдайларда инфляцияны төмендетуге көмектессе де, бұл әрдайым бола бермейді. Оған бірнеше себептер бар:
Бірінші, ақша-несие саясаты: ЖІӨ өсімі инфляцияны бақылаудың тікелей құралы емес. Инфляциямен күресу үшін пайыздық мөлшерлемені көтеру немесе айналыстағы ақша массасын азайту сияқты тиісті ақша-несие саясатын қолдану қажет. Біздің елде өткен күзде базалық пайыздық мөлшерлемені 16,75 көтергені мәлім. Бұл белгілі бір деңгейде инфляцияның өсуін бөгеуі мүмкін. Дегенмен жалпы ақша-несие саясаты жеткіліксіз немесе тиімсіз болса, онда ЖІӨ өсімі инфляцияны төмендете алмайды.
Екінші, импортқа тәуелділік: Егер ел экономикасы тауарлар мен қызметтердің импортына өте тәуелді болса, ЖІӨ өсуі импорттың өсуіне және нәтижесінде инфляцияның өсуіне әкелуі мүмкін. Кейде ішкі сұраныстың артуы импортты ынталандырып, импорттық тауарлардың бағасын көтеріп, инфляциялық қысымға алып келеді. Қазақстандағы инфляцияның елеулі үлесі импорттық инфляция. Яғни шетелдік тауарларға тәуелділік.
Аталған екі себептен тыс инфляцияға әсер етіп жатқан өзге сыртқы факторлар бар. Сол себепті еліміздің ЖІӨ 5 пайызға өскенмен, инфляция төмендемей жатқанын көріп жатырмыз.
– Бізде экономикалық өсімнің бар екені үнемі айтылады. Ал халық неге экономиканың өскенін сезінбейді?
– Халықтың экономикадағы өсімді сезбеуінің бірнеше себебі бар. Экономикалық көрсеткіштер бірінші ретте елдегі ірі кәсіпорындардың табысының артуымен есептеледі. Алайда бұл сол кәсіпорындағы қызметкерлердің жалақысы, табысы артты деген сөз емес. Мысалы, 2022 жылы орташа жалақы 308 мың теңгені құраса, 2023 жылдың 1 тоқсанындағы орташа жалақы 340 636 теңгені құрады. Халықтың көпшілігі алатын медианды жалақы былтыр 204 мың теңге болса, 2023 жылы болса 225 мың теңгені құрапты. Бұл белгілі бір деңгейде орташа жалақы 32 мың теңгеге, ал медианды жалақы 21 мың теңгеге артқандай көрінгенімен, ақпандағы инфляция деңгейі 21,3 пайыз болды. Осыны ескерсек, өсім тағы сол инфляцияның әсерінен білінбей қалғанын көреміз. Шынайы табыстың өспеуі халыққа экономиканың өскенін сездірмей отыр. Былтырғы қарқынды инфляцияның нәтижесінде, әсіресе қарапайым халық үшін маңызды азық-түлік және тұрмыстық-химияның қымбаттауынан соң, елдің ЖІӨ өсімін сезбейтіндігі анық. Бір деректерге сәйкес, қазақстандықтар орташа жалақысының 53 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Егер медианды жалақыны алсақ, қазір 225 мың теңге алатын қазақстандық айына 115 750 теңге айналасындағы қаржысын азық-түлікке жұмсайды. Жалақысының тең жартысы тек азық-түлікке кеткен жағдайда, халықтың ЖІӨ өсімін сезуі өте қиын.
– Қазіргі уақытта елді қымбатшылық қамытынан құтқару үшін қандай нақты әрекеттер жасау керек?
– Біріншісі, үкімет бағаның өсуін ынталандырмау үшін өзінің шығыстары мен бюджет тапшылығын бақылауын, қадағалауын қатаңдатуы қажет. Қажетсіз шығындарды азайту және салық түсімдерін арттыру мүмкіндігін қарастыру керек. Шығындарды азайту бойынша біріншіден, бюджетке салмақ болатын түрлі елдің экономикалық әл-ауқатын арттыруға жүк болатын шығындарды тоқтату қажет. Салық түсімдерін арттыру бойынша бірінші ретте көлеңкелі экономикамен күресті негізге алсақ болады.
Екіншісі, бағаны бақылауды қаталдандыру мен жүйелі іске асуын қамтамасыз ету. Үкімет негізгі тауарлар мен қызметтердің, әсіресе маңызды тауарлардың бағасын бақылау үшін шаралар қолданғаны абзал. Әрі бұл жақта соңғы тұтынушымен байланысатын бөлшек сауда орындары ғана емес, ортадағы делдалдар, кейбір өнім өңдеуші делдал монополиялар мен олигополияларды қадағалауды күшейту қажет. Бұл шараның маңызы, ол ел ішінде тапшылық туғызбау және нарықтық экономиканы бұрмаламау үшін мұқият жасалуға тиіс.
Үшіншісі, отандық өндірісті қолдау. Бұл импорттық инфляция жағдайында әсіресе өзекті болып табылады. Себебі жергілікті өндірісті ынталандыру импортқа тәуелділікті және бағаның өсуіне сыртқы факторлардың әсерін азайтуға мүмкіндік береді. Жергілікті бизнестің тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру инфляциялық қысымды азайтуға көмектеседі. Жергілікті бизнестің импортқа негіз болып отырған алып-сатудан гөрі, жергілікті нарықта өнім өндіру, оны шет елге экспорттауға бағыттау секілді дүниелерге зейін қоюға итермелеу, маңызды пункт болып табылады.
– Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы қадамдарына көңіліңіз тола ма?!
– Үкімет белгілі бір деңгейде әрекеттерге көше бастады. Ұлттық банктің монетарлық саясатты күшейтуі инфляцияны тежеді. Дегенмен инфляцияның тежелуі бұл оның төмендеуі емес. Елдің әл-ауқатының артуы үшін кемінде ең маңызды тауарлар мен қызметтер құны төмендеп, қолжетімді бағада болуы шарт. Бұдан соң нарықтық экономика заңдылықтарына сәйкес, жұмыс орындарын бірінші ретте мемлекет емес, кәсіпорындар қалыптастырады. Ендеше, үкімет тарапы бірден ірі «жасанды» кәсіпорындар аша салғанның орнына, ел азаматтарының кәсібін жүргізуге шектеулерді азайтып, шағын өнеркәсіп орындарын орташа, орташаны ірі кәсіпорынға айналуына септігін тигізу керек. Әрі сол жұмыс орындарында шынымен де жалақы орташадан жоғары болуын қамтамасыз еткені абзал. Әйтпесе, жүздеген, мыңдаған жұмыс орнын ашып, оның айлық табысының жартысы азық-түлікке жұмсалса, онда оның тиімділігі қаншалықты деген заңды сауал туындайды.
Өз кезегімізде бір ғана маманның ойымен шектеліп қалғымыз келмей, инфляцияның қарқыны мен экономиканың өсімі жайында Ұлттық банкке де сұрау салдық. Ұлттық банктің баспасөз қызметінің басшысы Асан Ахметжан біздің сауалымызға былай деп жауап берді:
«Инфляция жүгенсіз кетті дейтіндей себеп көріп отырған жоқпыз»
– Қазір елдегі қымбатшылықтың өршіп тұрған тұсы. Инфляцияның ауырлығы халыққа қатты батып отыр. Ұлттық банк өз кезегінде белгілі бір шараларды қарастырып жатыр. Осы шаралар оң нәтиже берді деп ойлайсыз ба?!
– 2022 жылдың басынан бастап Қазақстанда инфляция қарқын ала бастады. Себебі сұраныс жағынан да, ұсыныс жағынан да факторлардың әсері болды. Осы жағдайларда баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк инфляцияға қарсы ақша-кредит саясатын жүргізді. Базалық мөлшерлеме өткен жылдан бастап 7 тармақшаға – 9,75 пайыздан 16,75 пайызға дейін көтерілді. Базалық мөлшерлемені қазіргі мәнінде ұстап тұра алсақ, инфляцияны тұрақтандыруға және ортамерзімді перспективада оның біртіндеп төмендеуіне ықпал етер едік.
2023 жылдың ақпанында инфляция 21,3 пайызға дейін жетті. Алайда одан кейінгі айларда бағаның өсу қарқыны баяулай бастады. Оған Ұлттық банктің дезинфляциялық саясаты әсер етті. Сәуір айының қорытындысы бойынша, жылдық инфляция деңгейі 16,8 пайызға дейін түсті.
Дегенмен экономикадағы инфляцияның қысымы әлі де болса сейіле қойған жоқ. Сыртқы орта тарапынан алып қарасақ, бұл геосаяси жағдайдың белгісіздігімен және оның салдарымен, сондай-ақ азық-түліктің әлемдік бағасының айтарлықтай жоғары болуымен байланысты.
Инфляцияның ішкі тәуекелдері тұрақты ішкі сұраныстан, логистикалық және өндірістік тізбектерді қайта құрудан, ынталандырушы фискалдық саясаттан, жоғары инфляциялық күтулерден, сондай-ақ жанар-жағармай және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы нарығындағы реформаларды іске асырудан туындайды.
– Көрші Ресейдегі геосаяси жағдайды және әлемдік тұрғыдағы экономикалық жағдайларды сараптай келе, болашақта Ұлттық банк пен үкіметтің енді инфляцияны бұғаттауға шамасы келмейді дейтін сарапшылар бар...
– Инфляцияға ішкі және сыртқы факторлардың әсер етуі тоқтамай келеді. Екінші ай қатарынан жылдық инфляция осы жылдың ақпан айында шарықтау шегіне жеткеннен кейін төмендегенін көрсетеді. Болашақта инфляция одан әрі баяулайды деп күтіледі. Бұған соның ішінде әлемдік бағалардың төмендеуі және соның салдарынан сауда-серіктес елдердегі инфляцияның төмендеуі ықпал ететін болады. Бұл ретте ел ішінде де, сыртқы сектор тарапынан да инфляциялық тәуекелдер сақталады. Егер олар күш алатын болса, инфляцияның тез төмендеуіне кедергі келтіруі мүмкін. Алайда қазіргі уақытта біз инфляция жүгенсіз кетті дейтіндей оның алғышарттарын көріп отырған жоқпыз.
Ұлттық банк өз тарапынан ортамерзімді перспективада инфляцияны мақсатты деңгейге дейін төмендету үшін барлық қажетті шараларды қабылдай береді. Сондай-ақ 2023-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені аясында үкіметпен бірлескен жұмыс жалғасуда.
– Өткен жылдан бері базалық ставка мөлшері бірнеше мәрте көтерілді. Биыл базалық ставка осы күйінше сақтала ма?!
– Қазіргі уақытта біз ортамерзімді перспективада инфляцияны төмендету үшін 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұру қажеттілігі туралы пікірді ұстанамыз. Ставканың одан әрі траекториясы жаңартылған болжамды бағалауларға байланысты болады. Біз оларды келесі шешімнің қорытындысына сай 26 мамырда ұсынамыз.
– Қазір бірқатар экономистер күзге қарай доллардың бағамы күрт көтерілуі мүмкін деген болжам айтады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасымды. Сіздер доллар мен теңге арасына қандай болжам жасап отырсыздар?
– Ұлттық банк айырбас бағамы деңгейін қандай да бір уақыт көкжиегіне қарап болжамайды және оның мәнін таргеттемейді. Еркін құбылмалылық жағдайында теңге бағамының ұзақмерзімді тренді негізгі факторлардың ықпалымен, оның ішінде мұнай бағасына, негізгі сауда серіктес-елдердің валюта бағамдарына, төлем балансының жай-күйіне, инфляция деңгейіне және әлемдік пайыздық мөлшерлемелердің әсер етуіне байланысты қалыптасады.