Шах Пехлевидің ұлы: «Иранға қайтуға дайынмын»
Иранның соңғы шахы Мұхаммед Риза Пехлевидің үлкен ұлы Реза Пехлеви елде күшейген жаппай наразылықтар аясында Иранға қайтуға дайын екенін мәлімдеді.
Ол қазіргі сәтті «шешуші кезең» деп атап, АҚШ басшылығын нақты әрекетке көшуге шақырды. Пехлевидің айтуынша, ол өту кезеңіне арналған команда құруды алдын ала жоспарлап қойған.
Реза Пехлеви бұл туралы жексенбі, 11 қаңтар күні Fox News арнасында көрсетілген Sunday Morning Futures бағдарламасында айтты.
«Сіз өз мұраңызды бейбітшілік пен зұлым күштерге қарсы күреске адал көшбасшы ретінде әлдеқашан қалыптастырып қойдыңыз. Иранда адамдар көшелерді сіздің құрметіңізге қайта атауының себебі бар. Ирандықтар сіздің Барак Обама мен Джо Байденнен мүлде өзгеше екеніңізді біледі. Наразылыққа шыққандар сіздің оларды бұрынғыдай елеусіз қалдырмайтыныңызға сенеді», — дейді Трамп жайлы Пехлеви.
АҚШ президенті Дональд Трамп 10 қаңтар күні Truth Social желісінде наразылық білдірушілерді қолдайтынын тағы да жариялады. Ал 9 қаңтардағы баспасөз мәслихатында Иран билігі кең ауқымды күш қолданса, АҚШ қатаң жауап қайтаратынын ескертті.
«Біз олардың ең ауыр жеріне өте қатты соққы береміз. Бұл әскер енгізу деген сөз емес, бірақ ең ауыр нүктесіне өте, өте қатты соққы болады», — деді Трамп.
Реза Пехлеви Трамптың ашық қолдауы наразылардың рухын көтергенін айтып, қазіргі жағдайды ұлтты «азат ету үшін шешуші мүмкіндік» деп атады.
«Біз бұл мұраны Иранды азат ету арқылы мәңгілікке бекіте аламыз деп үміттенемін. Сонда сіз де, біз де Иранды қайтадан ұлы елге айналдырамыз. Келіңіздер, осы жолда бірігіп, халықтарымыз бен мемлекеттеріміз үшін жарқын болашақ қалыптастырайық», — деді ол АҚШ президентіне арнаған сөзінде.
«Бұл — бізге берілген тарихи мүмкіндік. Мен алғашқы мүмкіндік туған сәтте Иранға оралуға дайынмын. Бұл қадамды және өту кезеңіне арналған команданы әлдеқашан жоспарлап қойдым. Бұл жолы Иран халқы жеңіске жетеді деп сенемін. Ол міндетті түрде жеңеді, өйткені ирандықтар бұл жолда жанын беруге дайын. Мен де сондаймын», — деді шахтың үлкен ұлы.
Осы уақытта The Wall Street Journal басылымы Трамптың 13 қаңтар күні Ирандағы жағдайға байланысты АҚШ-тың ықтимал әрекет нұсқалары жөнінде арнайы ақпарат алатынын хабарлады. Онда әскери соққылар, киберқару қолдану, қосымша санкциялар енгізу және оппозицияны қолдау сияқты сценарийлер талқылануы мүмкін. Reuters агенттігінің мәліметінше, жиынға президенттің жоғары лауазымды кеңесшілері қатысады.
АҚШ-та орналасқан құқық қорғау ұйымы HRANA деректеріне сүйенсек, Ирандағы тәртіпсіздіктер кезінде 500-ден астам адам қаза тауып, 10 600-ден астам азамат ұсталған.
Әкесі тақтан құлатылғаннан кейін 64 жастағы Реза Пехлеви АҚШ-та тұрып келеді және Тегерандағы режимнің ауысуын ашық қолдап жүр. DW-ге берген сұхбатында журналист Молуд Хожизода:
«Көптеген ирандықтар үшін Пехлеви — үміттің символы. Ол 1979 жылғы революциямен аяқталған, бірақ болашаққа бағытталған кезеңді еске салады», — дейді.
Ирандағы наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда басталды. Сол күні Тегеранда дүкен иелері экономикалық жағдайдың нашарлауына наразылық білдіріп, сауда орындарын жапты. Кейін бұл толқын елдің басқа ірі қалаларына тарады.
30 желтоқсан күні полиция мен наразылар арасында алғашқы қақтығыстар тіркеліп, қауіпсіздік күштері көзден жас ағызатын газ қолданғаны хабарланды. Көп ұзамай акциялар саяси сипат алды. Кейбір қатысушылар Иранның жоғарғы рухани көсемі Әли Хаменеиге бағытталған «Диктаторға өлім» деген ұрандар айта бастады. Наразылар саяси режимнің ауысуын және Пехлевидің билікке келуін талап етуде.
Иран экономикасы шамамен 40 пайыздық инфляциядан және Батыс санкцияларынан қатты зардап шегіп отыр. АҚШ президенті 2 қаңтар күні Truth Social желісінде, егер қауіпсіздік күштері ауыр экономикалық жағдай мен инфляцияға қарсы бейбіт шеруге шыққан азаматтарға оқ атса, АҚШ араласуы мүмкін екенін ескерткен еді.
Кейін бейбіт шерулер тәртіпсіздікке ұласты. Тегеран мэрі Алиреза Заканидің айтуынша, 9 қаңтарға қараған түні өткен акцияларда 50-ден астам банк пен бірнеше мемлекеттік мекеме өртеліп, 30-дан астам мешіт зақымданған.