Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:23, 28 Ақпан 2023

Шаһар шарлаған ерке еліктер

None
None

ртқаны өтірік емес. Шынымен де тас жолдың бойымен кетіп бара жатқан адамға топ-топ болып жайылып жүрген ашатұяқтыларды байқау қиын емес.

Бұл өзге өңірлерге таңсық көрініс шығар, далада қар қалыңдап, шөп тауып жеу қиындаған соң түз тағылары елді мекендерге кіре бастаған. Тіпті Петропавл қаласының көшелерінде жүргенін көргендер бар.

Қорықшылар қалаға кіріп кеткен еліктердің біреуін табиғи тіршілік ету ортасына жіберсе, үшеуін ботаникалық баққа табыстаған. Сондай-ақ олардың қала көшелерінде сайран салмас үшін орман шаруашылықтары мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылары қаланың айналасындағы аумақты қарда жүретін техникамен шарлайды. Топ еліктер көзге шалынған жағдайда оларды орман алқаптарына қарай қайырады.  

Мамлютка ауданының тұрғыны Манарбек Мұстафин еліктердің қарасы өткен жылға қарағанда биыл көбейгенін айтады. Ол мұны көрші елдің ормандарынан ауып келген деп топшылайды. Елік – жыртқыш аң емес, олардың көбейгенінен келер залал жоқ сияқты көрінгенімен кейбір тұрғындардың малға арналған шөп-шалаңын жеп кететін жайттар да жиілеген. Мұндай жағдай Мамлютка ауданының Петерфельд ауылында да болған екен.

Бұдан бөлек, жол жағалай жайылған жабайы аң жүйткіп келе жатқан көлікке көп соғылады. Әсіресе қар жауып тұрғанда немесе боранды күндері оларды алыстан аңғару қиын. Соңы қайғылы жағдайға ұласумен қоса айыппұл арқалауың да бек мүмкін. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Нұрбек Баекин елік соққан жүргізушіге айыппұлды жануарлар дүниесі мен балық ресурстары бөлімінің мамандары белгілейтінін айтады. Сондықтан полиция қызметкерлері апат болған жағдайда бірден аталған бөлімге хабарласады. Олар өлген еліктің жасына, жынысына қарай айыппұл тағайындайды. Айыпты болған жүргізуші өз көлігінің бүлінгенімен қоймай, айыппұлды да төлеуге міндетті.

Оқыс оқиға көбінде түнде болатындықтан, елік соққанын айтып ешкім жар салмайтыны анық. Тіпті аңды соқпай айналып өтем дегендер кейде қарсы келе жатқан өзге көліктерге, немесе жол белгілері мен ағаштарға соғылатын жағдайлар да жоқ емес.    

Мамлютка ауданы Белое ауылы тұрғындарының айтуынша, еліктердің саны жылдағыдан көп.

– Олар ауыл маңында мал сияқты еркін жайылып жүреді, мән бермейміз. Облыс орталығына дейінгі жол жиегінде кейде өлі денелерін көзім шалады. Әсіресе қараша-желтоқсан айларында жиілеп кетті. Бұрындары мұндай көрініс көп болмайтын. Бұл шынымен де олардың санының көптігін аңғартатын сияқты. Дөп басып айта алмаймын. Естуімше, Ресей жақтан ауып келген сияқты. Бір ерекшелігі адамнан не көліктен үрікпейді, түнде көліктің жарығына қарай қарсы жүреді. Сол үшін де темір тұлпар тізгіндеушілер жылдамдықты асырмағаны дұрыс, – дейді Сейтбек есімді ауыл тұрғыны.  

Бұрын еліктер ауылға жақын жайылмайтын, тіпті елді мекенге кіріп, малдың шөбіне түсіпті деген болмаған екен. Белое орта мектебінің директоры Елена Хоменко да бұл жағдайды растап отыр.«Иә, расында да біздің ауылдың маңында елік көп. Олар кей тұрғындардың қораларына дейін кіріп кетеді», – дейді ол.

Азық іздеп ашыққан аңға ауылдың жүйрік төбеттері шауып, жаралап тастаған жағдай да кездесті. Өткенде иттер талап, бір аяғы сынған елікті қала тұрғындары ботаникалық баққа өткізген болатын.

Қойдай өрген қоңыр аңның адамға зияны жоқ болғанымен, жайылымдық жер мен егістікті таптап кететіні бар. Бізге бұл туралы облыстық жануарлар дүниесі мен балық ресурстары бөлімінің басшысы Михаил Никитин айтып берді.  

– Өңіріміздегі кейбір шаруашылық иелері еліктердің санының көбеюіне шағымданғаны рас. Олардың сөзінше, жабайы жануарлар көктемде және жазда егінді таптап кетеді екен. Маңдай терімен еккен дақылдарынан табиғи апатсыз зиян көргісі келмеген олар ашатұяқтыларды ату ережелерін жеңілдетуді талап етіп отыр, – дейді Михаил Никитин.

Бөлім мамандарының байқауынша, қараша айынан бастап Қызылжар өңіріне және Қостанай облысының аумағына Ресеймен шекаралас аймақтарынан еліктер ауа бастапты. Оған Түмен облысындағы қолайсыз ауа райы себеп болған сыңайлы. 2022 жылы қарашада ондағы қар аралас жаңбырдан кейін аяз қаһарына мініп, нәтижесінде жердің бетінде мұз қабығы пайда болыпты. Бұдан бөлек, күздегі дала өртінің және жерлерді жаппай жыртудың кесірінен де жабайы аңдардың жайылымы тарылып, аязда жайлы мекен іздеп, бері қарай өткен сыңайлы. 

Біздің облыста сібір елігі көп, олардың саны 2022 жылғы есеп бойынша 18 858-ге жеткен. Биыл арнайы квотамен солардың 2027-сін атуға рұқсат берген. Облыстық жануарлар дүниесі мен балық ресурстары бөлімінің басшысы жабайы жануарды басқа жаққа айдау мүмкін еместігін айтады. Ол үшін арнайы аумақ және қомақты қаржы керек. Ал ату жағына келетін болсақ, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын аң аулау ережелеріне сәйкес, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат және аңшылық шаруашылығы субъектісінен жолдама алғандар әр жылдың 15 шілдесі мен 31 желтоқсаны аралығында ата алады.

Аңшылық шаруашылықтардың аумағында мекендейтін жануарлар 1 ақпаннан 31 наурызға дейін есепке алынды. Осы есептің нәтижесі бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті лимит бекітеді. Ресейден ауған еліктердің есебінен олардың популяциясының көбеюін ескере отырып, 2024 жылы аң аулау квотасының мөлшері  артуы да мүмкін. Ал заңсыз елік аулағандарға қомақты айыппұл жүктеледі. Бүгінгі таңда облыстық орман шаруашылықтарының қорықшылары рұқсатсыз аң ұстаумен айналысатын адамдарды тексеруде.

Облыс бойынша табиғат қорғаушылар жабайы жануарларға қысқы азық үшін биыл 12 мың центнер шөп, 8 мың центнер жем, 160 центнер тұз және 600 мың түк шөп дайындағанын да айта кеткен жөн. «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, жабайы еліктер үшін дала жайлы болса, қалаға кіріп несі бар?

Тегтер: