Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:28

Шахтадағы кеншілердің өліміне кінәлілер 4 жылға сотталды

Шахта
Фото: ашық дереккөз

Қарағанды ​​облысында "Қазақстан" шахтасында қаза тапқан бес кеншінің ісі бойынша сот үкімі шықты.

Қылмыстық іс Шахты қалалық сотында қаралды. "Қазақстан" кенішінің төрт жұмысшысы кінәлі деп танылды.  Оның ішінде директордың өндіріс жөніндегі орынбасары және конвейер көлігі учаскесінің бастығы қызметін уақытша атқарған қызметкер бар. Оларға «Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан» (Қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлігі) деген айып тағылды. Сотта айыпталушылардың жұмыс барысында көмір ошағында өрт шығуына әкеп соқтырған бірқатар заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды.

Прокурор сотталушыларды кінәлі деп тауып, әрқайсысын 4 жылдан бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот барлық айыпталушыларды кінәлі деп тауып, төрт жылға бас бостандығынан айырды. 

Соттың үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 2023 жылдың 17 тамызында "Қазақстан" кенішіндегі  конвейер лентасында өрт шықты.  Өрт кезінде шахтада 227 кенші болған. Кейін 222 адам жер бетіне шығарылды. Құтқарушылар жер астында қалған бес кеншіні іздеуге кірісті. 17 тамызда бір шахтер қаза тапқаны белгілі болды. 18 тамыз күні таңертең "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы түтінге оранған шахтадан екінші жұмысшының мәйіті табылғанын хабарлады. 19 тамызға дейін құтқарушылар қаза тапқан бес кеншінің де денесін тапты. Шахтадағы өрт одан әрі жалғасып, көмір қабаттарына тарады.

Тегтер: