«Шақанның шері – бұл біздің шер»

Қалыбек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толуына арналған «Сын – шын болсын» ІІ республикалық театр фестивалі өтті
Қарағандыда Қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қалыбек Қуанышбаевтың туғанына 130 жыл толуына арналған «Сын – шын болсын» ІІ республикалық театр фестивалі өтті. Фестивальге республика бойынша тоғыз театр қатысты. Спектакльдер С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры мен Теміртау ТЮЗ-да сахналанды. Фестивальдің әділқазы алқалары да ерекше жасақталған. Театр спектакльдерін бағалау отандық және шетелдік кәсіби мамандарға тапсырылды.
"Фестиваль жоғары деңгейде өтті. Бізге, қазылар алқасына, үздіктердің ішінен ең үздігін таңдау қиынға соқты. Теміртау театрының «еске алу намазын», Алматы театрының «Бернарды Альба үйін», Талдықорған театрының «Атаусыз жұлдызын», Жезқазған театрының «Шақан-шері» спектакльдерін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ қарағандылық көрермендердің ыстық ықыластарын да назардан тыс қалдыруға болмайды", – дейді Башқұрстан мемлекеті Уфа қаласынан келген қазылар алқасының мүшесі, театр сыншысы, өнертану кандидаты Айсұлу Сағитова.
Өнер сайыс нәтижесінде оқ бойы оза шауып, Алматы қаласы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Бернарды Альба үйі» спектаклі үздік атанды. Бірінші орынды балалар мен жасөспірімдерге арналған Теміртау театры, екінші орынды Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры иеленді. Марапаттан Жезқазған қаласының С. Қожамқұлов театры да қалыс қалмады. Фестиваль қорытындысы бойынша басты рөлді сомдаушы Ардақ Жарқынбаев «Үздік актер», ал спектакльдің режиссері Мейрам Хабибуллин «Үздік режиссура» номинациясын қанжығасына байлады.
Театр директоры Досхан Сәкеннің айтуынша, театрды алда тағы бірнеше фестиваль күтіп тұр.
"Қазан айында театр Қызылжар қаласына Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған XXIX республикалық театр фестиваліне аттанады. Сонымен қатар біз түркітілдес мемлекеттер театрларының алғашқы фестиваліне қатысамыз. Іс-шара Әзербайжан астанасы Баку қаласында қараша айының басында өтеді. Онда біздің труппа көрермендер назарына Мұхтар Әуезовтің аттас романы бойынша «Көксерек» спектаклін ұсынады", – дейді Д.Сәкен.
С.Қожамқұлов атындағы театр республикадағы көптеген мәртебелі театр фестивальдарының бірнеше рет жеңімпазы атанған. Әр жылдары қойылған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Абай», «Қалпына келтірілген күмбез» спектакльдері «Гран-Приге» ие болып, республиканың алтын қорына қосылды. Сахнаның даңқты шеберлері – Қазақстанның Халық әртісі – Досжан Жанботаев, еңбек сіңірген әртістері – Серік Бұлғақбаев пен Татьяна Рақышева, танымал актерлер Райхан Ибраева, Дүйсен Кенжеев, Әбілқасым Шоманов, Сәнім Нұрғалиева, Зылиқа Әбдірәсілова, Сабира Бегайдарова театр өнерін шет елде де жоғары деңгейде таныта білді. Театр ұжымының айтуы бойынша, қоржындағы алтын жауһарлардың бірі – «Шақан шері» спектаклі. Қойылым Ұлытау облысы көрермендеріне талай рет сахналанған. Көрерменнен өз бағасын алған «Шақан шері» әділқазылардың да көңілінен шыға білген. «Оның басты себебі – қойылымның шынайылығында», – дейді театр ұжымы:
"Шақанның қасіреті неде? Ол әйелі мен баласын жарып өлтірген жолбарысқа, тіпті жолбарыс атаулыға кек тұтты. Ақыры Алатаудан Балқашқа қарай өріп жүрген аң патшасы жолбарысты құртуды мақсат етіп, арманына жетті. Шақанның кегі қайтты. Бірақ өкініштісі – бұл аңға деген кек емес, адамға деген кек еді. Оның жолбарысты құртуы табиғат ананың бір мүшесін кесіп алғандай болды. Ақырында өзі де жолбарысқа айналып кетті емес пе? Сырты сау қалса да, іші өлді. Оның осындай хәлге жеткеніне кім кінәлі? Өзі өмір сүрген қоғам ба? Әлде басқа себептері бар ма? Жалпы, бұл сұраққа жауап беру мүмкін бе? Бұл тек Шақанның шері емес, бұл біздің де шер", – дегенді жеткізді театр ұжымы.
Шыңғыс АТАЙ