Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 01 Ақпан 2025

Шақырған шың басынанұлар ма екен...

Ұлар
Фото: ebirds

Биік, биік болғанда да тым биік тауға көтерілу кезінде немесе таулы мекен тұрғындарының есіне «Ұлы тауға шықтың ба, ұлар етін жедің ба» деген халқымыздың нақылы еске жиі оралатыны белгілі.

 Бұл жердегі «ұлытау» сөзі, яғни асқақ шың, биіктікті білдіреді. Еліміздің орталық аймағындағы Ұлытаумен шатастыруға келмейді. Айтқандай-ақ ұлар құсының биотобы альпілік биік таулар. Ұлар – биік таулардың биік шың-құзда­рын­да кездесетін жыл он екі ай қоныс аудармайтын отырықшы құс. Ғалымдардың танымдық еңбектерінде «Басынан биік шыңның ұлар қудым», «Басында биік шыңның ұлары бар» деген қара өлеңдер ұлар құстың биік тау­лар­дың шың-құздарында кездесетінін аңғартады.

Әлбетте, халықтың тікелей табиғи байлығына ие мемлекеттік мекемелер бекітілген әдістемеге сәйкес, жануарлар дүниесін де басқаруға, пайдалануға, қорғауға алады. Атқарылатын іс-шаралардың бірегейі, жабайы жануарларға күзгі және көктемгі санақ жұмыстары жатады. Тіпті тауықтәрізділерді көктемде «күй ойнақ» кезінде де дауыстарын бақылап жүріп, жиналған орындарында есепке алынады. Ұлттық парктің жоспарлы жабайы жануарлардың күзгі санағын жүргізу бойынша маңызды іс-шараны ұйымдастыруға жануарлар дүниесін қорғау дамыту бөлімінің басшысы Бауыржан Рүстемханұлы бастаған инспекторлық құрам толық дайындалды. Жауапты аң санақ жұмысына санақшылар тобын әрбір маршрутқа бөлді. Бас аңшылықтанушымен бірге желтоқсан айының алғашқы аптасында Медеу филиалы Үлкен Алматы орманшылығы Үлкен Алматы көлі шатқалына таң атпай сапарға шықтық. Шекаралық аумаққа жетіп, бекеттен өткен соң жол талғамайтын автокөліктің өзіне жолдың тасты дөңестері біраз қиындық туғызды. Тауға өрлеген сайын қар да қалыңдай бергендей.

Ұлар
Фото: poknok.art

Дегенмен межелі орынға жетіп айналаны дүрбімен барлаған мамандар күнгейлі қорым тастан таутекенің он шақты дарағын байқады. Санақпен қатар медиа жоспарға алынған мақалаға материал жинаудың соңғы кезеңі бойынша Бауыржандай есім арқалаған табиғат қорғаушысымен бірге жаяулатып қырлы белесті бетке алып көтеріліп келеміз. Мақсатымыз – ұлар тобын көру. Мекен орны осы болады ау деген ірі тасты таса қылып алдыңғы шептегі жалды бақылауға алдық. Бірнеше инспекторлар келесі сайдың саласына кеткен. Пайымдауымызша, үркіп бері ұшу керек. Әріптесімнің қолында дүрбі, мен фотоаппарат асынғам. Күтіп отырып, аң-құс жайлы әңгіме тізгіні ағытылды. Осы салада табан аудармай 15 жылдан астам уақыт жұмыс жасайтын маманның айтуынша, қазіргі уақытта Ұлттық парк аумағында ұлар саны біршама көбейгені байқалады. Ол үшін ұдайы мониторинг жүргізіп (фотоқақпан орнату, далалық жұмыстар жүргізу) отыру, қаскөйлерден қорғау, мекен ету орнында биотехникалық шаралар (таутекелерге тұз салу, ұлар да жақсы жейтін көрінеді) жүргізіледі. 

Жыл бойы сан рет рейдтік (кейде шекарашылармен, табиғат қорғау полициясымен) жұмыстар атқарылады. Десек те, биологиялық (бүркіт, түлкі негізгі жаулары) өзара қаупін қоспағанда, антропогендік әсерлер біршама. Мәселен, біз көтерілген шатқалдарда қалаға жақын болғандықтан туристер өте көп шоғырланған. Мотокөлік тізгіндегендер де тауды жаңғырықтырып, жал-жалды асып, жануарлар тыныштығын алады, жердің құнарлы қабатын бүлдіреді дегендей. Барлығымен күресу үлкен шаруа екенін әріптесімнің жүзінен айқын ұқтым. Аталған құс жайлы кішкене балалық шақтан бастап ұдайы әжем марқұмның әркез есіне түсіріп айтып отыратын әңгімесінен естуші едік. 

Ол кісінің балалық шағы (Нұржамал Жаманқұлқызы 1924 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы қазіргі Қайрат елді мекенінде дүниеге келген) нағыз ашаршылық жылдарына тап келген уақыт... Талас Алатауының Ақсай шатқалында отыратынбыз деп бастайды әжем. Өзім кішкентай қызбын, сондағы батылдығым-ай дегенді қосады. Тауда қар қалың түсіпті. Ерте тұрып тысқа шықсам, жақын маңдағы ағаш арасынан қарайған бірдеңені көрдім де қасына жеткенімде құс екенін біліп, сырт киіміммен тұмшалап жертөле тамға әкелдім. Адал асқа жарамды құсты бүркіт теуіп, ұшуға жарамсыз етіп, кішкене қыздың дауысы естілгенде ұшып кеткен екен. Үлкендер риза болып табан астынан пайда болған олжаға қатты қуанып, іргелес отырған ағайын-туыс бір сорпаланып, ересектер абыр-сабыр, балалар шу-шұрқанға ұласып, дастарқан басында неше түрлі әңгімелер шертіліп, мәре-сәре болысты. Сондағы ұққаным, киелі құс ұлар екен. Мені барлығы мақтады. 

Ұлар
Фото: poknok.art

 

Айтуларынша, ілгеріде деп төбеде келтірілген нақылды айта жөнелетін көрінеді. Егер осы құстың етін жедім десең, тарпа бас салады екен дегенде әжемнің әжім басқан жүзі шын ниетімен сеніп отырғандай көрінетін. Белгілеріне келсек, ұлар тауықтектестер тобының қырғауылдар тұқымдасына жататын дене тұрқы тауықтарға ұқсас ірі құс, алтай ұларынан денесінің төмен жағының қаралығымен ерекшеленеді. Ересек аталығының және аналығының денесінің жоғарғы жақтары және қанаттары сұр балшық түстес, қара секпілді және шимақты суретті. Құрсағы қара, құйрығының асты ақ. 

Денесінің жандарындағы ұзын қауырсындарының ұштары жирен түсті. Ашық түсті жемсауында көлденең қара дақтары бар, жемсауы мен қара төсінің шекарасында жалпақ қошқыл немесе ақ жолағы болады. Басының жоғарғы жағы, желкесі және мойнының арты күлгін сұр түсті, ал маңдайы, көзінің жоғары жағы жолақты, мойнының жандары, иегі және жемсауының жоғары жағы ақ түсті. Тамағы және мойнының жандары ақ, жиектері сарғылт жирен жолақтармен көмкерілген. Құйрығы қара қоңыр, қара шимақты және ұштары қара жолақты. Тұмсығы мүйіз түсті. Аяқтары қызғылт сары. Қарашығы қоңыр. Көзінің артындағы жалаң дағы сары түсті. Аналығы аталығынан денесінің кішілігімен, тепкісінің болмауымен және жемсауының қауырсындарының ашық жиектері қара секпілді болуымен ажыратылады. Жас аталықтарында тепкінің орнына доғал төмпешігі болады. Дауысына келсек, аталығы ұзақ ысқырық шығарады. Кейде ысқырықтан кейін құрқылдаған немесе гүрілдеген дыбыстар соңы үзікті «ко-ко-ко» деп аяқталады. Ұшып жүргенде «кли-кли-кли-кли-кулигаулу» деп дауысты гүрілдеген дыбыс шығарады.

 Аналықтары үндемейді, кейде құрылдайды және ысқырады деп «Қазақстан құстары далалық анықтағышы» Б.Есжанов, Қ.Мұсабеков аударған ғылыми еңбек басылымында сипаттама беріледі. Біршама ірі құс. Оның бойының биіктігі 60 сантиметрдей, ал салмағы 2-3,6 келіні тартады. Ол өте сақ құс. Қауырсындарының түсі биік таулы алқаптардағы қорым тастарға ұқсас болғандықтан, жүрген жерінде көзге көп байқала бермейді. Ғалым Рысбай Сәтімбеков ғылыми-танымдық мақаласында жан-жақты аталған құсқа фольклор мен ғылымдағы орнын қиюластырып сипаттама берген. Дүниежүзінде ұлардың 5 түрі таралған. Олар өздері мекен ететін биік таулардың атау­ларымен аталады. Мысалы, Кавказ, Гималай, Алтай, Тибет, Каспий ұлары деп аталады.

Қазақстан аумағында Алтай және Гималай ұлары деп аталатын 2 түрі кездеседі. Ұлар 10-15-тен кейде одан да көп шағын топ құрып тіршілік етеді. Олар көбейер кезде ғана жұп құрады. Ұлар ұясын жерден шағын ойыс жасап, соған жұмыртқалайды. Әр ұяда 7-16 (көбіне 6-9) жұмыртқадан болады. Жұмыртқаларын тек мекиендері 25-28 күндей басып, балапан өрбітеді. Балапандарына да қамқорлықты мекиендері жасайды. Қауіп төнгенде ысқырғандай үн шығарып «шулайды». Ұлар шулау арқылы бір-біріне қауіптің төнгендігін білдіреді. Сондықтан да қазақ халқында «ұларды шулатпа» деген тыйым сөз бар. Отбасы өзінің отағасынан немесе отанасынан айрылғанда артында қалған перзенттері «ұлардай шулап қалды» дейді.

Қазақ халқының ұғымында ұлар әрі қасиетті, әрі киелі құс деп саналады да, «оның киесі ұрады» деп айтуға, мазасын кетіріп шулатуға рұқсат етілмейді. Кейде оның етін дертке шипа болады деп (әсіресе көкжөтелге қарсы) пайдаланады. Ұлар ұшар кезде таудан төмен еңіске қарай қорым тастармен сырғанап, аспанға қалықтап көтеріледі. Ұлардың осылай ұшу әрекетін байқаған халқымыз «сырғанап ұшқан ұлардай» деген теңеу сөз ретінде қолданады. Ұлар тау бөктерлерімен қорегін іздеп жайылған кезде төменнен жоғары қарай жүреді, кейде өте жылдам жүгіреді. Олар көбіне өсімдіктердің тамырларымен, тамырсабақтарымен және пиязшықтарымен қоректенеді, кейде ұсақ жәндіктерді де қорегіне пайдаланады. 
Халқымызда ұлар құсқа байланысты аңыздар көп. Халқымыздың перзенттерін Ұларбек, Ұларгүл деп ат қоюы да ұлар құсқа деген сүйіспеншілігін білдіреді.

Ұлар биік шың-құздардағы дәрілік өсімдіктердің тамырымен, тұқымымен, жемісімен қоректенеді. Сондықтан да оның етінің шипалық қасиеті мол. Ұлар көбіне тұзды жерлерде жайлайтынын білген бабаларымыз ұлар жүретін орындарға тұз шашып, тұзақ құрып аулаған. Бірақ ұларды бей-берекет атуға болмайтынын да ескерткен.

Әңгімеге елітіп кеткен біз келесі сайдан бір топ шулаған ұлардың ұшып келе жатқанын таспаладық та, олардың еңіске қарай ұшып, бергі сайдағы тастың артына барып қонып тығылғанын көрдік әрі қойын дәптерімізге санын жаздық. Осы шатқалдан 55 дарақ ұлар тіркелді. Қарап отырып олардың жайылуы бойынша ғалымдардың жазған формалары еске түсті. Жинақы тұрып, бас алмай жер шұқып жайылады. Санағанда 1 минутта 97-111 рет шоқиды. Кей тобындағы күштілері әлсіздеріне әлімжеттік көрсетіп, мықтыларынан соң қалдық азықты әлсіздері қорек етеді.

Ұлар
Фото: kyrgyzstan.birding.day

Жалпы топтасып, кейде күн суытқанда 50-60 дарағын бір орыннан көруге болады. Көктемде жұп құрады. Ұясын арша жайылмаларына салатындығын аңшылықтанушылар растауда. Жайылым кезінде біреуі тас үстінде отырғанын байқаймыз, оның белгі беруші екенін көріп қайран қаласың. Ұлар негізінен кешкісін биік жартастарға, қуыс ықтасын орындарға түнейді. Таң атысымен қыр беткейлерге, ашық алаңқайларға шығып қоректенеді.

Жалпы ұлардың қоректенуі, ұшып-қайта қонуы, күй-ойнақ кездегі дауыстары, қауіпті сезгендегі шулауы, т.б көрген кезде дауыстарын естіген уақытта адамға басқаша қуаныш, ерекше шабыт сыйлайды. Өйткені тау биігінің сәні ұларды көрудің өзі оңайға соқпайды. Алайда биік жартас ұларға толықтай қауіпсіз мекен деуге де келмейді. Әрине, қарапайым халық зиянын тигізбес, дегенмен қарудың сан түріне иелік ететін қаскөйлер тау аралап, амалын тауып, ұларды аулауға тырысады.

ҚР Табиғат заңнамасын бұзу жазасыз қалдырылмайды. Халық игілігі үшін аңшылық шаруашылық мекемелерде арнайы лицензиямен ауланады. Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аңшылыққа тыйым салынған. Біз кеш бата таудан төмен түсіп келе жатқанда тау биігінде қарлы боран ұйытқи бастады. Шіркін, осындай табиғаттың қатал аймағында мекен ететін ұлар құсына тағы бір таңданып суынған дене бүрсең қағып ылдиға аяңдадық. Ұларды еріксіз шулатпайық.

Тұңғыш Жапарқұлов

Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми қызметкері 

Тегтер: