Шәкірттері аялаған бапкер
Қазан айының 7-8 күндері Алматыда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО денешынықтыру және спорт ісінің үздігі Мұсабек Қапановтың құрметіне еркін күрестен жасөспірімдер арасында республикалық жарыс өтеді.
Бұл бәсекені Мұсабек Қапанұлының шәкірттері ұйымдастырып отыр.АЙХАНОВТЫҢ ШӘКІРТІ… ҚАЗЫМБЕТОВТІҢ БАТАСЫ
Мұсабек Қапанұлы. Кешегі Ахметжан Қазымбетов, Петр Матущак, Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айханов, Аманкелді Ғабсаттаров, Аманжол Бұғыбаев секілді атақты балуандармен, білікті бапкерлермен дәмдес, сыйлас болған, сол ағалары салған жеңіс жолын шамасы жеткенше жалғастыра білген тарланбоз маман. Ескінің көзі, жақсының тұяғы. Көкірегі шежіреге, тарихқа толы ағамыз жетпістің де қырқасына ілігіп қалыпты.
«Ұстаз жетпіске толады» дегенді естіген шәкірттері дүр ете қалды. Өздері үшін отқа да, суға да түсуден тайынбайтын бапкерлерінің тойы мен жарысын білек сыбанып, қатар атқаруға бел буды. Бұл күнде Мұсабек ағаның жағасы жайлауда. Енді қайтсін, бір кезде балапандай бауырына басып, қыран етіп қанаттандырған ұлдары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып мерейін көтеріп жатса… Өзі өтінсе, бір сәрі. Шәкірттері «ұстазымыздың бір тойы мойнымызда» деп, рұқсат сұрай келгенде «жоқ» дей алмады. Көңіл шіркін алабұртып бір толқып, бір басылып, боз кілемнің бауырындағы жылдары сағымдай бұлдырап, көкірегін аялай желпіп өткен.
Күреске Өскемендегі ауыл шаруашылығы техникумында оқып жүрген бозбала кезінде ден қойды. Жасы он жетідегі шымыр келген ауыл баласы бапкер Юрий Куропаткиннің көңілінен шықты. Куропаткиннің қол астында жүріп 1966 жылы «Қайрат» ерікті спорт қоғамының біріншілігінде күміс жүлдегер атанған Мұсабекті сол жылы «Қайрат» спорт қоғамының аға жаттықтырушысы, қазақтың атақты балуаны Әбілсейіт Айханов жаттығу жиынына шақырды. Айхановтай алыптың басшылығымен тер төккен Қапанов уақыт өткен сайын шыңдала түсті.
Осы жылы Әбілсейіт Айханов бастаған «қайраттық» балуандар ерікті спорт қоғамдары арасындағы одақтық чемпионатта сынға түсті. Бұл жарысқа Кеңес Одағының әр қиырынан 26 команда қатысты. 68 келі салмақта белдескен Мұсабек Қапанов жақсы нәтижеге қол жеткізсе, Айханов баптаған қазақ балуандары командалық есепте тоғызыншы орынға ие болады.
Ол кезде қазақ жастарын мұндай ірі жарыстарға көп апара бермейтін. Айханов тәуекелге басып, құраманың басым көпшілігін қазақ жігіттерінен жасақтаған еді. Аманжол Бұғыбаев, Манарбек Есімов, Мұсабек Қапанов, Ғазиз Қайқубаев, Төлеген Кәкенов, Ордабек Орынбеков секілді балуандарымыз осы бәсекеде жанкүйер қауымның ықыласына бөленеді. Аялдамада шәкірттерімен бірге автобус күтіп тұрған Әбілсейіт Айхановтан сол кездегі КСРО құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Дьякин: «Мына тур-турларды қайдан тауып алғансың?» – деп сұраған екен. Біздің бапкерлер шәкірттері амалсыз жамбастап күрескенде немесе тізерлеп қалғанда «тұр! тұр!» деп айқайлайды емес пе?! Дьякиннің «тур-туры» содан шыққан.
1967 жылы спорт қоғамдары арасындағы Қазақстан біріншілігінде Мұсабек Қапанов «Қайрат» ерікті спорт қоғамы құрамасының сапында жеңімпаз атанды. Жиырма жастағы Мұсабек үшін бұл зор табыс еді. Дарынды балуанның ілкімді қадамы «Қайрат» ерікті спорт қоғамы республикалық кеңесінің төрағасы Ахметжан Қазымбетовтің назарынан тыс қалмайды. Қазымбетов сол тұстағы спорт қайраткерлерінің ішіндегі ең бір қазақи әрі беделді азаматтардың санатынан еді.1968 жылы Бішкекке ауыл шаруашылығы спортшыларының аймақтық біріншілігіне бара жатқанда Ахметжан ағасы: «Оқуыңды бітірдің. Енді не ойың бар?» – деп сұрайды. «Ауылда жұмыс істеп жүрмін», – дейді Қапанов іркілместен. Бұл кезде Мұсабек Шығыс Қазақстан облысы Таврия ауданы «Ленин» колхозында автокөлік тұрағының меңгерушісі болатын. «Ауылда орыстың бір қызына үйленіп, біржола қалып қоюың мүмкін. Мен Көкшетау облысы Қызыл Ту ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы болдым. Сол қызметті тастап, Алматыға ауыстым. Егер қаласаң, «Қайрат» қоғамына кел. Қызметке аламын», – дейді. Қазымбетовтің бұл ұсынысы жас жігіттің көңіліне қона кетеді.
Жарыстан қайтқан бойда Мұсабек Қапанов Қазымбетовтің ұсынысын бапкері Юрий Куропаткинге жеткізеді. Юрий Иванұлы Мұсабектей дарынды спортшыдан айырылғысы келмейді. Екеуі табандатқан бес сағат бойы осы мәселе төңірегінде қызу тартысады. Ақыры шәкіртінің көңілі Алматыға, күрес мықтыларының ортасына біржола ауғанына көзі жеткен Куропаткин Қапановқа рұқсат береді.
Бір кезде әкесі Қапанға ілесіп, шығыстағы Ұлан ауданының бір түкпірінде қой баққан ауыл баласы енді Қазымбетовтай ағасының батасымен Айханов баптайтын «Қайрат» құрамасына табан тірейді. Бұл – 1968 жылдың қыркүйек айы болатын.МҰРАТЫНА ЖЕТКЕН МҰСАБЕК
Жиырма бір жастағы Мұсабек балуан сол тұстағы еркін күрестің майталман мамандары Петр Матущак пен Қабден Байдосовтың қол астында жаттыға бастады. Қабден ағасы көп сөзге жоқ. Ісіне мығым. Жаттығуға жанын беріп кіріседі. Сол кезде жасы отыздан асқанына қарамастан, сондай қарулы еді, төрттағанда (партерде) жас жігіттерге алдыртпайтын. Матущак өте сыпайы, сөзге шешен. Ұйымдастырушылық қабілеті күшті. Байдосов екеуі бірін-бірі қабақтан ұғады.
Даңқты балуан Әбілсейіт Айханов та кілем үстінде тыным таппайды. Әдіс-айланы жан-жақты талдап, оңтайлы тұсын табуға келгенде қамшы салдырмайды. Сол жылдары Кеңес Одағы чемпионаттарында көзге түсіп жүрген Аманжол Бұғыбаев бір әдіске бір жаңалық қосса, Айханов әлгі әдісті бірнеше қырынан жетілдіріп береді. Әбілсейіт ағасы Мұсабектің шеберлігін шыңдауға барынша атсалысты. Қарағайдай бойымен Мұсабекті әдіс-тәсіл ұштауға кілемге шақырады. Атағы жер жарған балуанның ақылын тыңдап, көрсеткен әдісін көкейге тоқи жүріп Мұсабек балуандық өнердің тереңіне бойлай түсті.Осындай ортаға түскен Мұсабектің еңбегі зая кеткен жоқ. 1969 жылы тұңғыш рет Қазақстан чемпионатында топ жарды. Осы жылы Кеңес Одағының командалық чемпионатында Қазақстан құрамасы 17 команда арасынан бесінші орынға ие болды. Бұл бәсекеде Мұсабек Қапанов әлем және Еуропа чемпионы, КСРО-ның бес дүркін жеңімпазы, дағыстандық Насрулла Насруллаевқа қарсы арыстанша айқасты. Ұзамай КСРО құрамасының жаттығу жиынына шақырылды.
«Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады» дейді аталарымыз. Мұсабек Қапанұлы күресе жүріп, жаттықтырушылық кәсіпті қатар меңгерді. Әбілсейіт ағасы республикалық «Қайрат» қоғамының аға жаттықтырушысы қызметінен босағаннан кейін тізгінді Мұсабек Қапанов ұстады.
Қапанов «Қайраттың» аға бапкері қызметін 1990 жылға дейін абыроймен атқарды. Талай талапкерді жеңіс биігіне алып шықты. Қапановтың ең атақты шәкірті Мәлік Нәдірбеков КСРО чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болды.
Мәлік балуан күресті доғарған соң, ұстаз жолымен жаттықтырушылық қызметті таңдады. Еңбегі жанып, Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды. Афины, Пекин олимпиадаларына қазақ құрамасын бастап барған кім десеңіз, ол – Мәлік Нәдірбеков. Мұсабек ұстаз Мәлік шәкіртін үнемі ілтипатпен айтып отырады. Нәдірбековтің республика күресіне қосқан үлесі мол.
Қапановтың тағы бір шәкірті – Алтай Танабаев, Қазақстан чемпионы. Лондон олимпиадасына ұлттық құраманы бастап барған бас бапкер – осы Алтай. Сол жолы Алтай Танабаев небір лауазымды басшылардың қарсылығына қарамастан, Ақжүрек Таңатаровты олимпиада ойындарына қосты. Алтай бапкердің тәуекелі бос кеткен жоқ. Ақжүрек Лондонда қазақтың еркін күрес балуандарынан жалғыз өзі олимпиада медаліне қол жеткізді. Алтай ұлттық құраманың тізгінін ұстаған тұста, 2011 жылы Дәурен Жұмағазиев пен Дәулет Ниязбеков әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Осы жылы Жұмағазиев Азия чемпионатының алтын тұғырына көтерілді.
Мұсабек Қапановтың ел намысын биік ұстаған шәкірттері аз емес. Спорт қоғамдары арасындағы КСРО чемпиондары Серік Құрақбаев пен Бектай Хасенов, жастар арасындағы әлем чемпионатының және Дүниежүзілік универсиаданың қола жүлдегері Жұмағали Мамытов, КСРО кәсіподақтар біріншілігінің жеңімпазы Талғат Тұрысбеков, Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы Бауыржан Бидайшиев, Саха еліндегі ірі халықаралық турнирдің жеңімпазы Иван Егел… Тізе берсек, тізім ұзара береді. Шәкірттерінің қай-қайсысы да Мұсабек ұстазға қымбат. Қапанов шәкірттерін спорттық нәтижелеріне қарай «сорттаған» емес. Ешқайсысын алаламай, бәріне бірдей қарауға тырысты. Құдай берген сол мінезінің арқасында бала кездерінде Қапановтан тәлім алған жігіттер ұстаздарына зор құрметпен қарайды.
– Мұсабек ағамыздың адамгершілік қасиеті жоғары, – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Алтай Танабаев. – Өтірікке жаны қас. Уәдеге берік. Сыйластыққа адал. Ниеті таза адам. Бұл қасиеттеріне қоса, ағамыздың кімге де болса қаймықпай, әділін айтатын мінезін жоғары бағалаймыз. Шәкірттері үшін шырылдап жүреді. Мына баланың спорттағы жетістігі жақсы, осыған көмектесейін, ана балада нәтиже жоқ, тұра тұрсын дейтін кісі емес. Бәрімізге көңілі бірдей.
Қолдан келетін көмегін аяп қалмайды. Лондон олимпиадасының қарсаңында баламды балабақшаға орналастыруға уақыт таппай шапқылаумен болдым. Сөз арасында ағаға тым қарбалас жағдайдамын, баланы орналастыруға да мұршам болмай жатыр деп айта салғанмын. Арада жарты сағат өткенде Мұсабек ағам телефон соғып тұр: «Алтай, балабақшаға барып шықтым. Баланы қабылдайтын болды. Тездетіп бара қойыңдар». Ұстазды әуре қылу ойымда болмаған. Әңгіме ыңғайына қарай айта салып едім. Көрмейсіз бе, менің жағдайымды ойлап, үлкен басымен балабақшаға барыпты. Ағамыз бар саналы өмірін бізге арнады. Сол үшін ол кісіге шынайы көңілден алғыс айтамыз.Алла тағала көркем мінезді пенделерін жақсы көреді. Мұсабек ағамызды шәкірттеріне ғана емес, біздей інілері мен талай-талай замандастарына, ет жақындарына сыйлы етіп отырған кеңқолтық көңілі мен елге сыйымды мінезі дер едік. Түсінген адамға бұл – зор нығмет.ҚАЗАҚТЫҢ ЕРКІН КҮРЕС БАЛУАНДАРЫНЫҢ ХХ ҒАСЫРДАҒЫ БАСТЫ ЖЕТІСТІКТЕРІ
Амангелді Ғабсаттаров – Кеңес Одағының чемпионы (1962 жыл);Әбілсейіт Айханов – КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы және Кеңес Одағының чемпионы (1963), Одақ чемпионатының күміс жүлдегері (1962), КСРО кубогының жеңімпазы (1970);Аманжол Бұғыбаев – Кеңес Одағының чемпионы (1973), КСРО кубогының жеңімпазы (1970);Рамазан Нұрманов – КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері (1975), Кеңес Одағы чемпионатының қола жүлдегері (1974);Мәлік Нәдірбеков – Кеңес Одағы чемпионатының күміс жүлдегері (1979);Сейітжан Әбдікәрімов – Кеңес Одағы чемпионатының қола жүлдегері (1966);Сайлау Мұқашев – Кеңес Одағы чемпионатының қола жүлдегері (1973);Аманкелді Жапаров – Әлем кубогының жеңімпазы (1984);Серік Алшынбаев – КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері(1986), КСРО кубогының жеңімпазы (1984);Мәулен Мамыров – Атланта олимпиадасының (1996) және әлем чемпионатының (1997) қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы (1994), Азия чемпионы (1999), КСРО халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері (1991), КСРО кубогының жеңімпазы (1990);Әбіл Сұлтанбеков – Азия чемпионатының күміс жүлдегері (1999).
Қыдырбек Рысбек