Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:31, 08 Қараша 2022

Шала білім ел бұзар!

None
None

«… Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім», дегенді жазғанда, Абайдың айтпағы не болғанын түсініп жүр ме екенбіз, осы?

Меніңше, осы жолдарда үлкен педагогикалық-психологиялық мән жатыр. Жасында сіңірілген дұрыс білім өмірбойына ұмытылмай, адамның санасында сайрап тұрмай ма? Ал сол білім дұрыс болмай, яки дұрыс сіңірілмей қалса ше? Қате берілсе, яғни шала оқытылса ше? Оны түзеу қиын, енді. Сол кеткені – кеткен, қалғаны – қалған.

«Ержеткен соң түспейді ол уысыңа!» Оның дәлелі – бүгінгі жария заманда әлеуметтік желі беттерінде тұп-тура өріп жүр ғой! Дардай адамдардың, әжептәуір, қызметтерде, ел көзінде жүрген кісілердің қатеден аяқ алып жүргізсіз жазбаларын оқығанда, шошисың. Олар білмейді дейсіз бе, өздерінің қате жазатынын? Біледі. Әлгілердің өздеріне тіке айтып та жатады, біреулері шыдамай, түзеп жібергілері, үйретіп, түсіндіріп жібергілері келеді. Жоқ. Түзелмейді ол. Себебі ме? Себебі – басында қисық оқытылған. Шала оқытылған. Бітті. Қисық бұралған бұранда сияқты енді былқылдайды да тұрады. Уақыты кетіп қалған соң, енді қонбайды.

«Дүмше молда дін бұзар», дегенді бүгінге қарай бейімдеп айтсақ, «Шала білім ел бұзар» болып шыға келер еді. Қорқынышты! Сапалы білім дейміз-ау… Сапа дегеніміз, ең әуелі, сауаттылық емес пе? Жалғаудың бірге, шылаудың бөлек жазылатынын ақыры, меңгерте алмай, жеңілген сияқты мұғалімдер қауымы… Әлде, жалғауы қайсы, шылауы қайсы, өздері де қойды ма екен соларды айыруды? «Мүйіз сұраймын деп, құлағынан айырылған тоқал ешкі» сияқты, жазу сауаты дегенге қарамайтын да, оны керек те қылмайтын да буын өсіп жатыр мектептерде, ал! Оның түбі не болады? Әркім өз білгенінше шатпақтап, «айтар ойымды шамалап түсінсе болды», деп қойып жаза бере ме? Оқушыға диктант жаздыруды алып тастаудың түбінде не жатыр, ақылым жетпейді  соған. Сауатсыз мұғалімнің көбейіп кетуінен бе? Мұғалімнің жұмысын жеңілдеткен түрлері ме? Не бұл?

«Алдымызға баланың жұмысы, мысалы, эссе келеді. Толған қате. Бірақ біз әріп қатесін, пунктуациялық қатені түземейміз, себебі, ол жағы критерийге кірмейді. Баланың тақырыпты меңгеруі, ішкі ойын жеткізуі ғана қаралады», дейді мұғалімдер… Бұл не қылған бағдарлама? Мақсат қандай? Мүддесі не?

«Шала оқудан

Не жарыдық,

Қалғаннан соң құр надан?» деген Абай сөзі еске түседі. Оқулықтардың сапасы туралы айту түгілі, ойлаудың өзі қиын болып кетті. Жемқорлардың жемсауыты болып, алуан түрлі авторлар мен, бас-басына шалқайған кітап баспаларының қолынан шыққан «өнімдерді»  парақтасаң, жылағың келеді. Осы мәселені жазбақ болып екі рет оқталып, екі рет кейін ысырғанмын, жүрегім дауаламай. Дауаламағаны сол, біз көрген кітаптардың басы да емес, аяғы да емес, түсініксіз оқулықтарды қарай бастағанда, басың айналады. Балаларды аяйсың, мынаны оқуға мәжбүр болып отырған. Мұғалімді  аяйсың...

Қолымда 9-сыныптың «Қазақ тілі» оқулығы. («Мектеп» баспасы – 2019). Ішінде бәрі бар.

Стилистикаға – «Мәңгілік ел – мұратым», синтаксиске – «Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан. ЭКСПО–2017, «Адам құқығы мен бостандығы», «Отбасы және демографиялық өзгеріс», «Биотехнология және гендік инженерия келешегі», «Бұқаралық ақпарат құралдары», «Әлемдегі қақтығыстар және бейбітшілік», пунктуацияға – «Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» тақырыбындағы тоғытпа мәтіндер толып тұр. Тек қана қазақ тілі жоқ. «Қалай оқысаң, солай оқы, қалай оқытсаң, солай оқыт!» дегендей, сірестіріп бере салған.

Қазақ тілі пәні, жалпы, тіл пәндері ішкі өрнегі мол, жіктеп, жіліктеп, үңіле оқуды талап ететін, қызықтыра отырып оқытпаса, болмайтын ғылым. Оған әкеліп қоғамтану, тарих, биология, география, физика, химия пәндерінің материалдарын жаттығу орнына тықпалағанның не жөні бар, түсініксіз. Жан-жақтылық осылай беріле ме екен балаға? Бас қатыру ғой бұл.

«Артық қыламыз деп, тыртық қылғанның» кері ме, болмаса, Қожанасыр айтқан «Бұқа болсын, шорт болсын, балаларға сүт болсын» деп, әр нәрсенің басын шалып, «жасадың ба, жасадым» деп, ақшаны игерудің оңай жолы ма? Қай баспадан, қай авторлардың қолынан шыққан оқулық та, алдымен, белгілі бір мектептерде сынақтан өтеді. Бір гәп, сол апробация жасаушыларда ма деп қорқамын. Ең оңай басқарылатын, бағынышты топ – мұғалім. Олардың оң бағасын алып беруді білім, мектеп басшылары оп-оңай-ақ шешіп бере алады. 

Мына кебіртек кітапты көріп отырып, «Апробацияда мұғалімдер кемшілігін көрсетіп, оңтайлы ұсыныстарын айта алғанда ғой, мұндай тартымсыз күйінде жарық көрмес еді», деген ойлар кесе көлденең тұрды да қойды. 

«Домбырам не дейді, мен не деймін!» дегендей, тіл бір жақта, кітап екінші жақта лаққан да қалған. Мынадай кітаппен бала қайтіп пәнге ықылас танытады? Ата-ана  қазақ мектебін қалай таңдасын, оқулықтардың адам аяғандай түрін көріп тұрып?..

«Қой көрмесек те, қи көрдік, ешкілі байдың қызы едік» демекші, азды-көпті мұғалімдік тәжірибеме сүйенсем, қазақ тілі мен әдебиеті егіз, бірін-бірі толықтыра оқытылуы керек. Стильге мысалдар да,  керемет мәтіндер де толып тұр осы 9-сыныптың «Қазақ әдебиеті» хрестоматиясында. Ауызекі стиль керек пе, шешендік сөздерді қара. Публицистика керек пе, Шоқанды оқыт. Әдеби стильге Бейімбеттен, Ғабиттен, Қажығалиден үзінділер ал. Қарапайым, оқып отырып-ақ баланың тілі жаттығады. Тілдің әсем қуатын сезінеді. Қарабайыр, қасаң мәтіндерді басқа-басқа, қасиетті қазақ тілі оқулығына бас-көз жоқ төпеп кірістіруден саясаттың, болмаса, жоғарыда айтқан жемқорлықтың иісі шығатындай. Ойлаңыз, таралымы 75 000-80 000-нан шығатын оқулыққа мақаласы енгізілген автор қанша қаламақы алады?!.

«Баламыздың оқығысы келмейді», «Оқуға қыры жоқ, бастауышта жақсы еді», «Мектепке барғысы келмейді» деушілер көбейіп барады. Жаңа буын оқулықтарымен жетеміз деген нәтижеміз осы ма еді? Қолымызға тиген су жаңа кітабымызды үйге келе сала, өз бетімізше судырата бір оқып алатын біздің балалық шағымыз бақытты екен. Мұғалімдеріміз «Күні бұрын оқымаңдар, кейін оқуға ынта-ықыластарың жоғалады», дейтін. Қайдағы ынта-ықылас жоғалады, өзіңше, оқып-біліп алдым деп отырған тақырыпты мұғалім басқаша қырынан сөйлете жөнелгенде аузың ашылып, қайтадан бас қоясың. Қазақ тілі мен әдебиетін айтамын. Ал физика, химия оқулықтары орысшадан аударыла ма, миына қонып болмайды. Қазір, тіпті, сол орысшадан тікелей аударылған калька қаптап кеткен соң, қазақшадан қазақшаға аударатын тілмаштар қажеттілігі туындағандай.

Кітабы жоқ, тек бағдарламамен оқытып жатқан мектептер де бар. Әр мұғалім әліне қарай сол бағдарлама бойынша интернеттен бірдеңелерді теріп, оқытқан болып жатады. Балалардың не алып, не қойып жатқанын кім білсін?.. Өкініштісі, «ержеткен соң уысқа түспейді» ол білім. Сол шала қалғаны – қалған. Қасаң болғаны – болған. Кітап қарағанды, адамның айтқанын көңіл қойып, көзіне қарап тыңдағанды меңгермегені – меңгермеген. Сөйлем құрылысы, сөздердің байланысы, сөз тіркестері, пунктуация дегендердің бара-бара не болатыны белгісіз...

Тілді құрту да, бардан айырылу да мектептен, оқулықтан басталады. Бір жүйеге келтіріп, жемқорлық пен салғырттықтан азат етпесе, тұтас бір буынға обал болатын болды. Ұлттық код деп жүргенде, басқасынан да айырылып қалып жүрмесек екен мына түрімізбен. Бір-бір бала бір-бір үйдің болашағы. Ал сол болашағымыз, ұл-қызымыз телефоннан басын көтерместен, керек емес дүниеге шұқшиып ержетіп, бойжетіп келеді… Өйткені мектеп қызық емес. Нақты білім де, бағалау да жоқ. Неге екенін білмеймін, осы күнгі мектеп бағдарламаларына үздіксіз жасалып жатқан, түсініп болмайтын бағдарламалар туралы естіген, оқыған, хабардар болған сайын Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрген» романындағы мына бір сурет есіме түседі де тұрады:

«… Ызыңның өзі басыла бергенде төрдегі молда:

– Оқыңдар! – деп ақырып қояды. Ызың көтеріле түсіп, басылады. Молда қайта көтереді.

… Жастары, сабақтары әр қилы. Біреуі: «әліп-би, ти, си...» десе, біреуі: «Әліпте жоқ, бидің астында бір нұқат, тидің үстінде екі нұқат, сидің үстінде үш нұқат», енді бірі: «Әліп екенсің ән, әліп екенсің ен, әліп екенсің он, ән, ен, он...» деп сарнайды...»

Сырт көріністі ғана оқытып, сырттай ғана бағалай салатын бүгінгі оқу – болашақ әдебиетімізден қалай көрініс табар екен, ал? Әдебиетті жазатын жазушылар шықса, десеңізші! Грамматикасыз жазу бола ма? 

Тегтер: