Шалабековтің ісі шала болды

Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабеков 12 қыркүйекте ұсталып, тергеу изоляторына жеткізілді.
Алғашқыда әкім орынбасарын 48 сағатқа қамапты. Кейін 13 қыркүйекте Қарағандының мамандандырылған тергеу соты қала әкімінің орынбасарын екі айға қамау туралы санкция шығарды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен арнайы прокурорлар Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабековтің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Жақсылық Шалабеков былтырдан бері қала әкімі орынбасары қызметін атқаруда. Бұған дейін ол сегіз жыл бойы Қарағанды қаласының құрылыс бөлімін басқарып келген. Әкім орынбасарының ұсталуына осы құрылыс бөліміндегі жұмыстары себепкер болыпты. Прокурорлар көпқабатты тұрғын үй салып жатқан жекеменшік фирмаға құрылыс бөлімі ірі көлемдегі қаражатты аванс ретінде бергенін анықтаған. Алайда бұл қаражаттың берілетіні жайында келісімшартта көрсетілмеген. Қарағанды облысы прокуратурасының мәліметінше, Жақсылық Шалабековтің қылмыстық әрекет жасауы салдарынан мемлекетке 107 млн теңге шығын келген.«Аталған тұлғаға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыс жасады деген күдік тағылуда. Атап айтқанда, 2018 жылы Қарағанды қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ірі панельді тұрғын үйлерді салуға бөлінген бюджет қаражатын алдын ала сөз байласу жолымен топты адаммен бірігіп жымқыру және қаражатты талан-таражға салу фактісі бойынша күдікке ілінген», – деп хабарлады Қарағанды облысының прокуратурасы. Прокуратура әзірге Жақсылық Шалабековтің кімдермен бірігіп, бюджетке шығын келтіргенін нақтылаған жоқ. Құзырлы орын «тергеу құпиясы» деген себеппен өзге ақпараттарды таратпады. Бүгінде қылмыстық істің ақ-қарасы анықталып жатыр.