Шалғынның шашасына шық байланып...

Қаңтармен қоштасу
Ай сәулесін қондырып алақанға,
Ала таңда жүк артқам нар атанға.
Шалқар бағы қайта ма байтағымның
Қаңтардағы кете ме қара таңба?..
Көгере ме көңілім даладайын,
Санаулы күн,
менің де шамалы айым.
… Ай толғанда болсаңшы арағайын,
Балтырлары билеген бала қайың.
Тоңып қалған жанымды тонады ой көп,
Қанаттыға кім айтар:
– Қона ғой – деп.
Өмірімнің төрінде өлең қалар
Көңілімнің көлінде көк ала үйрек...
Жалғыздықтың жаныңа зары өткенде,
Бері өткенде соғарсың
әрі өткенде.
Күзгі дауыл,
көтерме түндігімді –
Біздің ауыл – Есілде,
Қараөткелде.
Қияметте қимайды ел құлауға үйін,
Тарқаса екен тезірек мынау құйын.
… Ошағыңды таптасаң оты өшеді –
Уығыңды сындырсаң құрау қиын.
Шұғыла іздеп шыққанда шалқар көктен,
Айдалада адастым аң-таң боп мен.
Жегі күнді желімен жетім етіп –
Көңілімді қарыған қаңтар кеткен...
Мына көктем...
Жаумайтынын білсем де шұға көктен,
Былтырғыдан өзгелеу мына көктем.
Күндер қашып барады
қырдан асып-
Құйрығындай түлкінің бұлан еткен.
Береке іздеп жеткесін белестерден,
Жолы басқа,
жосығы...
жөн ескерген.
Қантарылған қантарда керуеніме-
Бұлдыр-бұлдыр бұл көктем елес берген.
Өлең айғақ,
ол күнге өмір айғақ,
Елеске еріп ән салған «Елім-айлап».
… Бар асылдың бағасын
сен білесің-
Алашыңның келдің бе, бағын ойлап.
Жота,
жонның бәрін де мұнар еткен,
Тұңғиықты мойнына тұмар еткен.
Құла да өткен көмбеден
бұла да өткен-
Тұманы өбкен,
қарағым,
Мына көктем.
Ібіліске ілеспес,
ізгі өлеңім,
Бір салауат таппасақ бізге де мін.
Өзің едің,
содан соң
Өзім едім-
Көздерінен көктемнің іздегенім...
Көктің нұры
Қысырақтың үйірі шымқай көктен,
Кездейсоқта кезіккен
бұл қай көктем?..
… Тарғыл түсін тағдырдың тамашала –
Қарашада қараса бұлт әйнектен.
Өкпек желдің сездің бе өткірлігін,
Солай болған бұл ғұмыр көп күн бұрын...
Бір түп жусан жайғанда
алақанын –
Сауып берген мен едім көктің нұрын.
Бұла бұлттың бауырын
түртіп,
еміп...
дүбірі көп дүрмекте дүркіредік.
Тамырына тастың да
бір түнедік –
бір күніме кеткелі бір күн еріп.
Өліарада,
Өрісте,
Өткен із көп,
Кейде шалқып кетемін көк теңіз боп.
...Өлерменнің өзіне айналам ба –
Көгергеннің бәрінен көктем іздеп.
Жүйрік жабы болады,
желдірмесең,
Ана шоқтан өрт шығар сөндірмесең.
Көктем неге кешігіп жатыр екен –
Оны қайдан білейін,
Сен білмесең...
ҚЫСҚА ЕРТЕГІ
Көкжиек кезсе көңіл әлемі, ел жаққа тартам биыл да.Балалығым-ай, менің әдеміқалғансың сонау қиырда…
Көздерім, түнде ілінбеп едің, Ақ бөкен жортқан іргеде…Сырымды ашып күбірлеп едім, Жусан гүлдеген шілдеге.
Сол жаққан шамның шырағы, көкем, –Әлі күн сөнбей жүргенің.Жусанның гүлі жылады ма екен?.. Ол жағын енді білмедім…
Дүниенің айтып сырлы дерегін,Қалқитын қаздар төбеден.Түндікті ашсам, КҮН-ді көремін –ал одан биік не көрем?..
Мәңгілік сол саз мақам бола ма, Бір сәуле көргем алыстан…Жабағы мініп жапан даладаӨзіммен өзім жарысқам.
Жапырағын алда жаяды кімдер, домбыраң не күй шертеді?! алыста қалған аялы күндер –саған да, маған ертегі…
Жар басында жалғыз үй
Атаны өлмей,
арба сынып,
Кеші батып,
таңы атқан...
Жалғыз үй тұр жарға асылып –
Жар бола гөр, Жаратқан!
Лебі қарып таңғы ызғардың,
Тауып жеген тандырын.
Жапандағы жалғыздардың
Мен түсінем тағдырын.
Өткен сонда өмірім көп,
Өңім бе әлде,
түсім бе?..
… Сексеуілдің шоғын үрлеп,
Қара қостың ішінде.
Жолыққанмын талай азға,
Қасиетін білгесін.
Сақылдаған сары аязда –
Бүтіндегем іргесін.
Өкпек желдің өмірі ерек,
Жасыратын сыр бар ма?
Сексеуілдің шоғы керек
Жар басында тұрғанға.
Алыс емес жазға да аса,
Керуен көшіп барады.
Өмір оты маздамаса,
Жаның семіп қалады.
Сайтан емес сайдан қашқан,
Ит пен құсқа алғызба!
Орда сайла ойланбастан –
Жапандағы жалғызға.
Тіршіліктің арнасында,
Боран кешкен,
Шаң қапқан.
Жалғыз үй тұр жар басында –
Арты қаңтар,
алды – ақпан...
АЗА КҮЙІ
(28 желтоқсан, 2019 ж.)
Таң ата жолға шығам тағы да алыс,
бұл сапар әрі кие,
әрі намыс,
көкбөрі көк астынан ұлығанда
зәрленіп жалт қарайды кәрі барыс...
Жанарым жарық күнде жасқа тұнып,
Байтақтан іздегенім басқа тұнық.
… Тоңынан дүниені аршып алып –
Жонынан жіберейін таспа тіліп.
Алашпыз арман сұрар
Сенен де, Арай!
Жүзеді, қайран жұртым, кемең қалай?
… Айраның айран емес іркіт болар
Байрағың салбыраса төмен қарай...
Ай аунап,
жылдар жылжып,
күндер өтер,
пендені іргесі аман ілгері етер.
түндігім түнектерде түрілмесе –
шындығым шыңырауға бірге кетер.
Күркелі
Күркелінің басында күнде дауыл...
Көтеш ақын
Алағай да бұлағай,
бұл не, бауыр?
Іркіт ішіп отырған іргеде ауыл.
… Арбаңыздың жетегі жолда сынса,
Күркелінің етегі күнде дауыл.
Шығармаса бұл тірлік
бір төріне,
Жанарымның тамшысын іркеді ме?
Көтеш ақын жұртына датымды айтып –
Күрке тігіп жатсам ба Күркеліде?..
Маңдайында – жұлдызы,
тамырында –Ай,
Қайран жұртым!
күй кешпе тағы мұндай.
Үлпілдеген үмітім,
Үдермеші –
Аққу-қаздың ақ ұлпа мамығындай.
Сарыбелдің сауыры,
бір кемі жоқ,
Көкейімді көп сауал түртеді кеп...
… Жұрты еді деп жатамыз
тектілердің –
Неге атаған бұл тауды – Күркелі – деп.
Бетегелі белдерге ауыл қонса,
Жаумай кетті осы жаз жауын да онша.
Үркерінің жарығын не қылайын,
Күркелінің бауыры дауыл болса.
Бұл қай заман,
күн кешер ақын қайтіп,
Тырнағыңды кетсеңші,
батырмай түк!
… Күрке тігіп отырмын Күркеліде
Көтеш ақын жұртына датымды айтып.
Ит айтақтау
Бір қазына бұл да біздің байтақта,
Ит болған соң үре бер!
...Құмай тазы ермейді екен айтаққа
Өз бағасын біледі ол.
Қауып түсер итін көргем сан үйдің,
Шарбақтардан сан секіргем қуған соң.
Айтаққа ерер сұрын бірден танимын
Ит жылында туған соң.
Содан бері қай дүние өзгерді,
Талай сынды менің шыдам – құмырам.
Алжып қалған төбетті де көз көрді
Айға қарап ұлыған.
– Алабайың сенен гөрі тәуір – деп,
Құрдасыма айтып едім сан қақсап.
… Кір-қожалақ канден көрдім шәуілдеп
Балағыма жармаспақ.
О, құдірет!
Бұл не деген қойылым,
Тұтқиылдан тап беретін талайға.
Білесің бе,
«ит айтақтау» ойынын –
Ұнатпаған Абай да.
Жаратқанның білем бұл да жарлығы,
Сары май жақ,
отқа көмген күлшеге.
Бір-бір итін жетелеп жүр барлығы –
Түлкі алмасын білсе де.
х х х
Құба таң құла дүзде құтқа айналып,
Ғұмырдың кей сауалын ұқпай қалып...
тағдырдың тасасына тамыр жайдым –
шалғынның шашасына шық байланып...
Кеңістік!
егіз еткен саған мені,
көңілім алаң да алаң,
алаң да еді.
Жер – бесік құшағында тербетіліп
Сор кешіп келем, аға, содан бері...
Шер қосып,
шемен қосып шеріме түн,
Сан сауал сүйегімді кеміретін.
Әйтеуір ақ-қараның арасында
бір түс бар маған ғана көрінетін.
Кеудемде үгітіліп бордай ғалам,
Торғайдай шыр-пыр болып торды айналам.
Белдессем бетегеден биік тұрам
Сор кешсем деп ойлама, сор қайнаған.
Тағдырдың тамылжытса таңы бұлбұл,
Сарғайған сарыбелді сағынып жүр!
Батқанда қара түнді құшағыма ап –
Ақ таңға, ұшырайын, тағы бір жыр...
СҮТ БЕРІҢДЕР!
Бетбақдала! Жанарым ғашық алап, Жаныма орап, Жүректің жасына орап, Сүйгем оны…Жайлауда жаз өткергемҚұралайын киіктің асырап ап.
Баянсыз күн басынан бақ ұшырған, Сынақ көріп.туғаннан сағы сынған.Енесінен адасқан құралайғаАқ дүниенің атынан ақ ұсынғам.
Жұмыр бастың шешетінжұмбағы ауыр, Бұлаң еткен бұлдырапбұл да дәуір.Енесінен елсізде адасқанғаСүт беруді үйреткен қырдағы ауыл.
Таңда өлеңім сол болып, кеште өлеңім,Өмір жырын ақ сүтпенкестеледім.Жетілген соң: – Құралай,Қош! – деп едім –алтыда едім…жоқ әлде бесте ме едім?..Ғажайыптан тұрады ғалам лебі,Өн бойында өмірдің бар өрнегі.…жалт қарады ол, арман-ай,қоштасардаСондай жанар көрмедім содан бері.
Айтам деген сыр еді ілгеріден, Армандыға ақ берген күндерім ең.…Өмір зулап барады көз ұшында.Өлең кетіп барады бірге онымен.
Көңілімнің көлдерін мұңдарға орап, Сыңсып ұшты бір құсым сынған қанат.Құлдыраңдап жүгірген құралайғаҚырдан асып кеткенше тұрғам қарап.
Көктөбеден көктемді күткенінде ел,Үзік-үзік үмітін үптедіңдер!Қазақ та бір – киіктің құралайыЖаутаңдатпай жапандасүт беріңдер!
Шарықтасын, Шалқысын көкте құсың,Өзектіге бұл өмір өтпелісің…– Сүт беріңдер, тірілер, бір-біріңеЕріндерің кезеріп кетпеу үшін.
ВАКЦИНА
Бір қиырда – үміт, бір қиырда – арман, Мұнартқан күнім мұңға үйір болған.жабығып кеттім, жалығып кеттімОнлайн – өмір, ЗУМ – жиындардан.
Жақынның болды қаймана бәрі, Күндердің легі жайлап ағады.…Адамның есі орнында ма осыЗаманның көші қайда барады?
Басқаға да арман,Қасқаға да арман, Мазамды алды масқара – жалған.Күзіңді көрмей сарғайды жаным –Жүзіңді көрмей маска орап алған.
Сыртым да – күдік,ішім де – күдік,Өңімде жылап, түсімде күліп…Жалғыздық күйін шертеді жаныммиллиондардың ішінде жүріп.
Алдайсың ба енді, арбайсың ба енді, Айқайға қосып…жалғай сүреңді.бармайсың ба ендіБарсакелмеске –Вакцинаң қайда, салмайсың ба енді?..
Белгісіз күй
Сәуір келді,
тәуір болса жарады,
Қара нөсер сабалап тұр қаланы.
Басылмады көңілімнің алаңы,
Сен не дейсің,
жарық күннің жамалы?..
Сары уайым өн бойымды жаншыған,
Содан қалай аршылам?
Бала-шаға аузы аққа тиерде –
Қара саба қаңсыған...
Ақ дүниеден іздегені
арай, нұр,
Талайына өлең берген талайлы ұл.
...Қысырақтың үйірінен адасып,
Кісінейді қара айғыр.
Туған жердің тауы,
қыры,
белесі,
Сенде қалған өткен күннің елесі.
… Шанағына шаң толған –
Қара қобыз үнсіз қалды неге осы?...
Солай, енді қарағым,
Жыр оқысам жалт ете ме жанарың?
...Қазақы ауыл қазақы ұл секілді –
Дүниенің бағып өскен қабағын.
Құпиясын құлыптасын құм шағыл,
Қысы-жазы көгеретін шырша бұл!
– Біздің елде жатыр, – дейді – су тасып,
Сәуір келді,
қандай екен бұл сәуір?!
Не айтасыз, енді сіз? –
адам айтса сенгісіз...
Көңілімнің көктемдегі күйі осы –
аты-жөні белгісіз...