Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:41

Шалқардағы жасөспірім өлімі: тағы екі күдікті ұсталды

Әлихан Жәнібек
Фото: diapazon.kz

Ақтөбе облысында Шалқар қаласының 17 жастағы тұрғынының қазасына қатысты іс бойынша тағы екі адам ұсталды.

Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді.

Қайғылы оқиға 20 наурызға қараған түні жасөспірімдер арасындағы топтық жанжал кезінде болған. Әлихан Жәнібектің туыстарының айтуынша, бұл бірнеше топтың қатысуымен өткен жаппай төбелес болуы мүмкін. Қақтығыс барысында жасөспірім кеуде тұсынан пышақ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған.

Оқиғадан кейін бірден полиция қылмыстық іс қозғап, жанжалға қатысқандардың барлығы анықталып, бөлімге жеткізілгенін хабарлаған. Кейін 18 жастағы Шалқар тұрғыны адам өлтіруге күдікті ретінде ұсталды.

Алайда марқұмның әкесі бұл іске байланысты өңір басшылығы мен құқық қорғау органдарына ашық түрде жүгініп, жанжалға екі жақтан шамамен 14-15 адам қатысқанын, ал бастапқыда тек бір адамның ғана ұсталғанын алға тартқан. Ол істі жан-жақты әрі әділ тергеуді талап етті.

26 наурыз күні полиция департаменті тергеу екі бап бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады: адам өлтіру және адамдар тобы жасаған бұзақылық. Қазіргі таңда уақытша ұстау изоляторына үш күдікті қамалған.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары оқиға куәгерлерін және жанжалға қатысқан өзге тұлғаларды анықтаған.

Тергеуді жүргізу үшін тәжірибелі тергеушілер мен жедел қызметкерлерден құралған арнайы жедел-тергеу тобы құрылған. Қылмыстық іс облыстық полиция департаментінің қарауына беріліп, оның барысы ведомство басшылығының ерекше бақылауына алынған.