Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:09, 04 Қыркүйек 2020

«Шалшық суды тұндырып ішеміз»

None
None

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің назарына!

        Қарағанды қаласындағы Пограничная көшесінің тұрғындары өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері ауызсуға жарымай келеді.

Бұл көшенің тұрғындары жазда қала ортасындағы базардан су сатып алса, қыстың күндері таза қарды ерітіп ішуге мәжбүр. Талай жылдан бері биліктен дәрмен болмай, күдерін үзген жұрт жақында Қарағанды қаласы әкімдігінің алдына барып, наразылығын білдірген болатын. «Қашанға дейін шыдауға болады, қалада отырып су тасып, «тәшке» сүйретіп жүреміз. Біз құбырды өзіміз сатып алып, оны орнатуға дейін ақшасын төлеуге дайынбыз. Бізге су желісіне қосылу үшін биліктің келісімі ғана керек. Әкімдіктен көмек сұрап отырған жоқпыз, осыған келісім берсе болғаны», – деп күйінеді Аман есімді Пограничная көшесінің тұрғыны.       Әңгімеге арқау болып отырған Пограничная көшесінде 22 үй бар. Бұл көшенің дәл жанында, 20 метрдей жерде «Горбачев» шахтасы орналасқан.  Кен орнына су келіп тұрады.  Тұрғындар талай жылдан бері осы су желісіне қосылуды армандап келеді.  Шахта басшылығы тұрғындарды су құбырына қосуға  қарсы емес екендерін жеткізген. Алайда шахтаны сумен қамтамасыз етіп отырған басты мекеме – «Арселор Миттал Теміртау»АҚ бөлімшесі – «Қарағандыэнергоуголь» компаниясы тұрғындардың суға қосылуына рұқсат бермей отыр. Қарағанды қаласының әкімдігі «мәселені шешуді Октябрь ауданының әкімдігіне тапсырдық» деп, халықты сабырға шақырып кері қайтарды. Ал Октябрь ауданы әкімдігінің мамандары тұрғындардың біреуі «жеке кәсіпкерлік» ретінде тіркеледі, сосын, «Қарағандыэнергоуголь» техникалық жағынан суға қосылуға рұқсат береді деп уәде етіпті. Алайда тұрғындар шенділердің бұл жауабын  «әншейін сылтау ретінде айтыла салған уәж» деп есептейді. Өйткені тұрғындардың жеке кәсіпкерлік ашуға жағдайлары келмейді. Жеке кәсіпкерлік ашу үшін есепшіні жұмысқа алып, кассалық аппарат сатып алу керек.     – Октябрь ауданы әкімдігі мамандарының берген жауабы жағдайды шешуге бағытталмаған. Жеке кәсіпкерлік ашып, жұрттан су үшін ақша жинап жүруге ешкім келіспейді. Біз құбыр үшін барлық қызметтерге ақшаны өзіміз төлейміз,  тек бізге суға қосылуға рұқсат етсе болғаны. Бірақ рұқсат бермей, жағдайды мүлдем ушықтырып жіберді. Карантин кезінде тіпті қиын болды, қала орталығынан су таси алмадық, далаға шығармады. Шалшық суын тұндырып пайдаландық деп айтсақ та болады, – дейді ызаға булыққан Пограничная көшесінің тағы бір тұрғыны Мұхтар Каделбаев.      Қарағанды қаласының әкімдігі шаһар шетінде отырып суға жарымаған тұрғындар жайында сұрау салғанымызға қарамастан, жауап бермеді. Соған қарағанда  Қарағанды билігі шалғай ауылды айтпағанда, қала ішіндегі тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етудің ретін таба алмай отырған тәрізді.

Тегтер: