Шамшадин алтын тағынды

Мамыр айында өткен әлем чемпионатынан Қазақстан құрамасы ешбір жүлдесіз оралып еді.
Париж олимпиадасына бір жыл уақыт қалғанда мұндай нәтиже көңілге күдік ұялатып, алаңдатып қоятыны да рас. Дегенмен күні бұрын түңілуге және болмайды.
Сондықтан жақында Астанада аяқталған Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысын асыға күттік.
Қазақстан құрамасы бұл сынды 1 алтын, 1 күміс, 5 қола медальмен аяқтап, 42 елдің арасында жалпыкомандалық есепте 4 орынға ие болды. Үш күнге созылған әлемдік додада 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Мағжан Шамшадин чемпион атанып, Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) күміс жүлде еншілесе, Данияр Шамшаев (73 келі), Асқар Нарқұлов (73 келі), Ислам Бозбаев (100 келі), Ғалымжан Қырықбай (+100 келі) және Ақерке Рамазанова (+78 кг) жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.
Ғалия Тынбаева (48 келі), Жансай Смағұлов (73 келі), Бекарыс Сәдуақас (100 келі) кіші финалға дейін жетіп, 5-орынға тұрақтады.
— Керемет сезімдемін, өз елімізде өтіп жатқан байрақты жарыста алтынға қол жеткізу – маңдайыма жазылған бақыт шығар. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Финалдық кездесуде француз балуаны Седрик Револмен «Голден скор» сегіз минутқа созылса да, шаршағанымды сезгенім жоқ. Қарсыласыммен бір-біріміздің қыр-сырымызды біліп, әбден намысқа тырысып күрестік. Өз елімізде өтетін жарысқа психологиялық тұрғыда жақсы дайын болдым. Мені қолдаған барша қазақ еліне алғысым шексіз, – деді М. Шамшадин.
— Qazaqstan barysy Grand Slam жарысы тәжірибелі және жас дзюдошылар үшін өте керемет алаң болды. Жарыс нәтижесіне қарап, біздің құрамада буын алмасып жатқанын және әртүрлі салмақтар арасында ел ішінде бәсекенің артып жатқанын байқауға болады. Жарыс өз жерімізде өтіп жатқандықтан, әрқайсысында жауапкершілік жүгі екі есе болды. Кей дзюдошылар өз қателіктерінен медальға қол созым жерден тоқтаса, кейбіреулерінің бабы мен бағы қатар шаппады. Біздің спортшыларымызға қолдау білдіріп келген барлық жанкүйерлерге рақмет айтамын және біз әлі де сіздердің үміттеріңізді ақтау үшін көп еңбек етеміз, – деді дзюдодан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов.
Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енген «Qazaqstan barysy Grand Slam» атауымен енген бұл жарысқа барлығы 42 елден 340 спортшы қатысты. Бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында Әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінді. Атап айтқанда, 1 орын үшін 1000, 2 орын үшін – 700, ал 3 орын үшін – 500 ұпайдан берілді.
«Qazaqstan barysy Grand Slam» турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде өтетін Жазғы олимпиадаға қатысу үшін ұпай жинады.
Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес, Қазақстан әлемдік Grand Slam жарысын 2023-2026 жылдар аралығында қабылдайды.