Шаңырақ оқиғасы – 2. Шымкентте қандастардың үйі сүріліп жатыр
Шымкенттегі Шаңырақ ықшамауданындағы баспана дауы бірнеше күннен бері жалғасып келеді. Тұрғындардың үйін тартып алып жатыр.
Тіпті кейбірінің үйін бұзып тастаған. «Жас Алаш» тілшісі тұрғындарға хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтаған еді. Бұл туралы газетіміздің №65 санында «Шаңырақ оқиғасы. Сыздықбеков Тасмағамбетовті қайталай ма?» деген атпен көлемді мақала да жарық көрді. Енді редакциямызға Шаңырақтың тұрғындары Әбіләкім Айтқұлов, Ергешбай Қошаев және олардың заңгері Гүлмира Құсайынқызы арнайы келіп, Jas Alash Youtube-арнасына сұхбат берді. Олар Шымқаладағы Шаңырақ дауының неден басталғанын егжей-тегжейлі баяндады. Сол сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын газет бетіне ұсындық.
Шаңырақтың дауы неден басталды?
2005 жылдары Түркістан облысына Өзбекстанның Ташкент, Науаи, Жызақ облыстарынан 470 отбасы көшіп келген. Сол кездегі президент әкімшілігі мен облыс шенеуніктері қандастарға жер беру мәселесіне тікелей араласып, облыстағы 67,5 гектар жер телімі қандастарға бөліп берілген. Қазіргі күнде Сайрам ауданы мен Шымкент қаласы әкімдігінің жер беру қателігінен қарапайым тұрғындар зардап шегіп жатыр. Бір жер телімі аудан әкімшілігі мен қала әкімшілігінің атынан екі отбасыға бірдей берілген. Тұрғындардың айтуынша, жемқорлық салдарынан мұның арты бітпес дауға айналған. Бүгінде 20 шақты отбасы үйін күндіз-түні қарауылдауға мәжбүр. Себебі әкімдіктегілер олардың жерін заңсыз деп танып, үйін бұзып тастауға техника жіберген. 6 отбасы осылайша баспанасынан айырылған. Үйін қорғаған адамдарға түрлі қысым көрсетіліп, олардың үстінен арыз жазылып, қудалауға ұшыраған.
Ергешбай Қошаев: Шаңырақта жылап жүрген адам көп
– Біз Өзбекстаннан 2004 жылы көшіп келдік. 2007 жылы Шымкентке жер телімі бойынша арыз бердік. Сонда әкім жер комитеті мен қалалық сәулет-құрылыс басқармасы бізді қала шетіне орналастырды. Көшіп келгендердің жартысы Сайрам ауданына кетті. Әкімнің айтуымен жерді көрдік, карта сыздық. Сөйтіп 10 сотықтан бөлдік. Көшеге, ауылға атау бердік. Барлығын өзіміз істедік. Біз жер комитетіне «11 гектар жер бос па?» деп хат жолдадық. Олар жердің бос екенін айтып, шешім шығарды. Бірақ оған жергілікті адамдарды да қосып жіберіпті. Сол кезде ауыл әкімдері де жекеменшік ретінде 10 сотықтан жер беріп жатты. Ал қала әкімі бізге алдымен жер телімін 5 жылға, уақытша мерзімге берді. «Әуелі үй салыңдар, құжатын реттеңдер, кейін жерді заңдастырып береміз» деді. Соған көндік. Айтылған уақытта үйімізді де салып үлгердік.
Осы 2 жыл бұрын үйді біреу қайта-қайта айналып жүрді. Балам «әке үйді біреу айналып қарап жүр, тыныштық па?» дейді. Ауыл биінен сұрасам: «Көке, сізге айтуға ұялып жүр едім. Тұрдыабад елді мекенінің әкімі Сабиров сіздің жеріңізге басқа біреуге шешім шығарыпты» дейді. Сонымен ол адаммен соттастық. Сот жер комитетін, жер кадастрын, сәулет құрылысы басқармасын, Сабировты – бәрін шақырды. Сызған карталарымызды көрді. Сабировтың қаламмен жазып, өзгеріс енгізген шешімін де оқыды. Бәрін көріп, менің жерім заңды екенін айтты. «Жер сіздікі» деді. Ертеңіне жеріңізді көреміз деп келді де, құжатқа қарап, «сіздің жеріңіз емес екен» дейді. Мен көрген құжатта 326 делінген еді. Кейін анықтасам, құжаттың төменгі жағына «262» деп қаламмен өзгеріс жасап жіберіпті. Осылай. Енді мына Әбіләкімнің жерін «менікі» деп даулап жатыр. Оның жерін алғаннан кейін менікін де алмақшы. Қорғаушыға «ауданның, облыстың шешімі бар, оралмандардың жері өздерінде қалсын деген арызды қос» дегенмін, ол әне-міне деп жүріп, қоспапты. Алқабилер сотына қайтадан жүгіндім. Сот күні барсам, алқабилер соты сөз бермейді. Қорғаушымды сөйлетеді. «Ау, жер менікі ғой, неге сөйлемеймін, бұған президент қол қойған, сен де сол заң бойынша жұмыс істейтін шығарсың?» десем, «шығып кетіңіз» деп тыңдамай қойды. Сөйтіп бұрынғы сот шығарған шешімді бұзып, менің берген арызымды қараусыз қалдырды. Әкімге, прокуратураға жазып жатырмын. Президент біз көшіп келген жылы осы заңға қол қойды емес пе? Қол қою үшін төменгі парламент, жоғарғы парламент оны талқылады, мақұлдады. Оған ешкім қарап жатқан жоқ. «Заңның бірі адам құқығын қорғау емес пе? Сендер бұған неге бағынбайсыңдар?!» десем, «Сөйлемеңіз көке, сөйлемеңіз» дейді. Осымен келе жатырмыз.
Жақында заңгермен бірге прокурорға кірдік. Ол құжаттарды көрді де, заң біз жақта екенін айтты. Еңбекші ауданына арызымызды тапсыруды өтінді. Бастығына айттық. Арызымызды тапсырдық. Бірақ бізді шығарып жібереді де, ешқандай шара қабылдамайды. Бізге «бәрі заңды» деп айтқан прокурорды жұмыстан босатып жіберген. Кеше тағы бардық. 2 күнде жауап келеді деген еді. 1 апта өтті, әлі жоқ. Сонда деймін-ау, Шымкентте дұрыс сөйлейтін адам қалмапты. Кеше Әбіләкімнің үйін бұзуға келіп тұрып, мені шақырып алып айтады: «Көке, ауылыңызда жер қанша болып жатыр?» дейді. Мен «10 млн теңге» деймін. Ол «Әбіләкімге айт, жерді заңдастырам, маған 10 млн берсін» дейді. Ау, өзі 2 бөлмелі времянкада отырса, Әбіләкім 10 млн қалай береді?!
Датымызды кімге айтамыз?
Мен зейнеткер адаммын. Өзім «инвалидпін». Күнде шапқылай беруге шамам жоқ. Әйелім қоңырау шалып, «жері құрсын, қайт» дейді. Заңгерге айтамын, «Астанадасың ғой, орыстарда «рубашка ближе к телу» деген сөз бар, президентке арыз таста. Елге келген қандастардың үйін бұзып жатыр, қуып жатыр» деп айт десем, бұл «болмайды» дейді. Сонда біз кімге барамыз. Анда барамыз, мында барамыз, журналистерді шақырамыз, шайын береміз, шығар дейміз, «иә» дейді. Бірақ жарияламайды. Ана жерге барсақ қабылдамаса, барып келуге пұлымыз болмаса, датымызды кімге айтамыз?! Қазір бірдеңе етіп жиналып, Алматыға келдік. Қаражатымыз жоқ, бұл жерде де көп қала алмаймыз. Ертең қайтып кетеміз. Сондықтан сіздерге өтініш айтып жатырмыз. Журналиссіздер, осы сөздерді парламентке, президентке жеткізу керек. Жалғыз мен емес, шырағым. Қаңғып жүрген бар қазақ. Біздің үстімізден басқалар күліп жатыр. «Шұбырындылар, қолдарынан ештеңе келмейді» дейді. Жер комитетіне барсаң, алдап-сулап шығарып салады, сосын аналар ақша береді, содан кейін біздің сөзімізді ешкім қолдамайды. Енді не істеуіміз керек? Бала-шағамыз ер жеткенде өзімізді атып тастаймыз ба, жоқ біреумен атысамыз ба? Білмей қалдық қой?! Әкімге айтып жатырмыз: «Қағазға қарасаңызшы, біздікі дұрыс болмаса айтыңыз, көшіп кетейік» деп. «Көреміз» деп шығарып салады, бірақ я аудан әкімінен, я қала әкімінен ешқандай жауап болмайды. Балам да «инвалид», тірі уағымда істеп беріп кетейін, өліп қалсам далада қалады деп шырылдап жүрген жайым бар. Әйтпесе, жасым 80-ге жақындап қалды. Уақытында жұмыс істедім, ешкімнен кем болған жоқпын. Қазіргі Өзбекстанның президенті «қалыңыз, үй де басқа да болады, бірге жұмыс істейік» деген еді. Бірақ мен «еліме келейін, балаларым басқа ұлтқа тұрмысқа шығып кетпесін» деп, атамекенге қоныс аудардым, енді көшеде жүрміз.
Мұны қоғам білу керек
Менің жерімде екі «госакт» бар. Бір жер телімінде бір ғана адам тұру керек емес пе? 2009 жылы жер телімі маған берілсе, 2012 жылы үй салып, жекеменшікке айналдырсам. Менің жерімді даулап жатқан адам үй салмай қалай иелік етіп алған?! «Қалай бұлай болған?» деп жер қатынастарынан сұрасаң, тыңдамайды.
Қағаз десеңіздер құжаттар да бар, көрсетейін. Заңгер де айтты, көзімен көрді. Мұның бәрін президентке жететіндей етіп жарияласаңдар. Басқа ештеңе жоқ. Мен біреуге жала жауып жатқан жоқпын, ешкімнің ала-жібін аттамадым. Жалғыз менің мұңым емес, Шаңырақта жылап жүрген адамның есебі жоқ. Құжаттарымызды көрсетеміз, ешкім қарамайды. Осындай тірлік, шырағым. Аудан әкімін, қала әкімін президент сонша адамның ішінен таңдап сайлайды емес пе? Неге түсінбейді?! Алдына арыз айтып барсаң анаған сілтейді, мынаған сілтейді, болды. Осылай жүре бересің. Шаршасам да алдарыңа өтініш айтып келіп отырмын. Мынадай былықты жариялаңдар, шырағым. Мұны қоғам білу керек деп ойлаймын.
Әбіләкім Айтқұлов, Шаңырақ тұрғыны: Алматыдағы «Шаңырақ оқиғасын» Шымкент әкімі ұмыта қойған жоқ шығар
– Менің үйімді 2016-2017 жылдары заңсыз деп таныды. Баспанамызда отбасымызбен тұрып жатқанымызға 15 жылдан асты. 2005-2006 жылдары Сайрам аудан әкімі оралмандарға шешім шығарып берді. Сол кездегі аудан әкімі Сабиров қаланың жері немесе ауданның жері демей, бәріне шешім шығара берген. Бірақ «тек оралмандарға жер берілсін» деген үкім бар еді. Мұны ескермеген. Сөйтіп қалалықтар да жер алған. Құжаттар жер кадастрында бар, олар бермей отыр. Оның бәрі заңсыз еді. Астанадағы заңгерлер де біздің қағаз заңды деп отыр. Сабировтың 326 жер теліміне берген шешімі заңсыз, 262 жер теліміне әкімнің қаламмен өзгеріс енгізгені де заңсыз, мұрағатта тіркелмеген. Ал менімен соттасып жатқан Асанова қалаға қарайтын жер теліміне госактыны Сайрам ауданынан алған. Жер кадастры әр адамға бас жоспарға қарап жер телімін береді. Үйдің нөмірі болады, соған қарайды. Ауылда Маржангүл Елшібаеваның үйі бұзылып кетті. Оның жерін алған адам 4 жерге иелік етіп жатыр. Сайрамнан 396-жерді алады, оған «госакт» алған, 395 нөмірлі жерге қаламсаппен өзгеріс енгізіп, тағы да құжат алады. Маржан деген жеңгеміздің жері 188 нөмірлі, қаладан алған қаулысы да бар. Соның үйіне келіп тағы да «менің жерім» деп даулайды. Сонда бір шешіммен 3 жер телімін қалай алады? Менің жерімді де даулап тұрған адам, одан бөлек, Қошаевтың да жерін алып қоймақшы. Бұл қалай?
Үйді 15 млн теңгеге бағалайсыз, мен сізге 30 млн шығарып беремін
Үйімді бұзуға биылдың өзінде 3 рет келді. Кешегі әлеуметтік желіде тарап жатқан видеоны көрген болсаңыздар, сол кезде бұзуға келгенде сот орындаушылары «аға үйдің ішінде отырыңыз, сыртқа шықпаңыз» деп отырғызып қойды. Соған мен алданып қалыппын. Үйде отырғанымды пайдаланып, олар әжетхананы жермен-жексен етіпті. Терезеден қарасам, шатырды трактормен бұзып жатыр екен. Сыртқа жүгіріп шықтым. Сот орындаушылардың техника алып келуге лицензиясы да болмапты. Көшеден 60 мың теңгеге жалдап алып келіпті. Міне, сот орындаушылар да заңсыздыққа барып отыр.
Қазір менің барлық банк есепшоттарым жабулы. Шетелге шыға алмаймын, жұмыс істей алмаймын. Туған анам, туыстарым Өзбекстанда тұрады. Бара алмаймын. Осы жердің мәселесімен жүріп, денсаулығымнан да айырылдым. Кеше 4 сот орындаушысы келді. Ішінде сот орындаушылар палатасының орынбасары да бар. «Аға, үйден отбасыңызды шығарыңыз, мен сізге көмектесемін. Үйдің бір бұрышын бұзамын. Сіз сотқа бересіз. Мен қорғаушы тауып беремін. Сонымен үйді 15 млн теңгеге бағалайсыз, мен сізге 30 млн шығарып беремін. Соның ішінен маған өзіңіздің рақметіңізді айтасыз», дейді. Шымкентте осындай тірліктер болып кетті. Заң адамының өзі осылай айтады.
Сотта да бұрмалау боп жатыр
Ауылда осы кезге дейін мен білетін 4 үй бұзылды. Оның алдында қаншама үй сүрілді. Соның бәрінің түбірін тексере келсеңіз, өзгеріс енгізілген шешімдер. Оның қай уақытта өзгеріс енгізілгені туралы датасы да жоқ. Сотта да бұрмалау боп жатыр. Қаламмен өзгертілген шешімді заңды деп таниды. Мұрағатта бар деп қояды. Шешімнің түбірі мұрағатта жоқ екенін жер қатынастары да, сәулет құрылыс та дәлелдеп берді. Бірақ сот бар дейді. Сот орындаушылары келгенде құжаттарын көрдім. Мұрағаттан алғанда қойылатын мөр оларда жоқ.
Менің жерімді даулап жатқан Асановаға айтарым, үйді балаларыма арнап салдым. Соңғы демім қалғанша қорғаймын. Жерімнің заңдылығын қайда барып болса да дәлелдеймін. Баяғыдағы Алматыдағы «Шаңырақ оқиғасын» жаңадан келген қала әкімі ұмыта қойған жоқ шығар деп ойлаймын.
Гүлмира Құсайынқызы, заңгер: Жүйелі түрде жасалатын алаяқтыққа құқық қорғау органдары мен прокуратура көз жұма қарайды
– Сот орындаушылары келген кезде сот орындаушыларының өңірлік палатасының өкілі қатысты. Облыстық палатаның өкілі жеке сотты орындауға қандай негізде қатысады деген сұрақ туады. Мұны бір деңіз. Екіншіден, сот орындауы кезінде маған моральдық-психологиялық қысым көрсетілді. Әуежайда әдейі мәселе туғызды. Бірақ сонда да ұшып кеттім. Мені құтқарған жалғыз нәрсе – Шымкентте емес, Астанада тұруым.
Жүйелі түрде жасалатын алаяқтыққа құқық қорғау органдары мен прокуратура көз жұма қарайды. Ол жерде тек алаяқтық жүйесі ғана емес. Жер қатынастары, кадастр бөлімі, азаматтық әкімшілік не істеп жатыр деп ойлайсыз. Мысалы, жер иелігіне қатысты базадан өздері тіркеуге алған жерлер туралы деректерді бір-біріне жібереді. Шымкентте жер учаскілері қандай қымбат екені мәлім, олардың иелері аяқ астынан пайда бола қалады. Және сол бұзуға қатысты шешімдерді әкім орынбасары шығарады да, сот соған сай жұмыс істейді. Орынбасар қалай әкімнің алдына түсіп бұйрық береді. Түсініксіз.
Ал қаншама адам шағым жазып, сотқа жүгінеді. Олардың құқығы қорғалмайтыны сонша, тіпті сотқа сенуден қалды. Халықтың пайдасына шешілмейді. Не биліктен, не құқық қорғау органдарынан қолдау көрмеген адамдар ақпарат көздеріне жүгінеді. Ақпарат соғысы жүріп жатыр. Шымкентте Шаңырақ қана ондай жағдайда емес. Бұл әлдеқайда кең тараған мәселе. Себебі маған көптеген адам шағым айтып, хабарласады.
Сот Өтебаев сияқтылардың арызын қабылдамайды
5 қыркүйекте Өтебаевтың соты өтеді. Оның жеріне қатысты 10 шақты келісім жасалған, яғни ол жерін салынған үйімен бірге сатып алған.
Енді дайын тұрған үйді сүруге қатысты Ешмұратов деген азамат сотқа беріп жатыр. Ол осыған дейін неге үндемей келген? Ал ол Өзбекстаннан мұнда көшкенде жер ісіне қатысты жұмысқа тұрған, қазір ол жерді бағалаушы қызметінде жұмыс істеп жатыр. 2022 жылғы сот шешімін ұсынады. Ол жерді сатқан Ділмұратовты заңсыз әрекет етті деп есептейді. Оны қойыңыз, азаматтарға арналған әкімшілік базадан хронологияны түгел жойып жіберген. Бұл да заңсыз. Неге онда сол жағдайға қатысты арыз бермейді. Мен шу шығарғаннан кейін қайта қалпына келтірді. Онда тіпті кей жер иелері алым-сатым шарасына қатыспағаны белгілі болды.
Сот Өтебаев сияқтылардың арызын қабылдамайды. Сөйтіп шешімді жерді заңды түрде алғандардың пайдасына емес, кейіннен 2017 жылы сотқа бергендердің пайдасына шығарады. Билік қайда қарап отыр? Бұл мәселе көтерілгеніне көп болды, қаншама арызды құқық қорғау органдары тоқтатып тастаған.
Тағы айтқым келетіні – сол уақытта жер қатынастары квота беру керек болған. Бірақ оның орнына жер телімін уақытша берген. Қазір тартып алып жатқан жерлерін сол уақытта осынша қаржы бөлінді, 500 қандасқа жер бердік деп есеп берді ғой. Бұдан не шықты, қандай мән бар?! Қазір олар далада қалайын деп тұр. Оларды басқа жақта үй-жаймен қамтамасыз етпестен, үйлерін бұзып тастамақшы. Сөйтіп далаға тастамақшы, оларға қандастардың қайда барып тұратыны қызық емес. Жергілікті әкімдік «мына жерлеріңіздің орнына мына жақтан 10 сотық жер береміз, келісесіздер ме?» деп сұрамайды. Неге әкімдік бұған араласпайды?
Халық әділ сотқа сенуден қалды
Сот жүйесіндегі кейбір олқылықтарды да айтқым келеді. Сотқа бұрынғы арыздарды жолдай береді. Халыққа бұл тиімді емес, бұрынғы арыздарды алып тастау керек. Мемлекеттік баж салығын төлеуді де міндеттеді, сол керек пе? Оның сомасы да аз емес. Мысалы, жер телімі 10 млн теңгеге бағаланса оның 1 пайызын төлеу керек. Оған заңгер жалдауды қосыңыз. Жылжымайтын мүлік бойынша қызмет ететін заңгердің қызметі кем дегенде 500 мың теңге. Олардың да өз шығыны, уақыты бағаланады. Неге қарапайым адамның қаржысы болмауы мүмкін екені ескерілмейді. Олар кез келген уақытта далада қалуы мүмкін. Себебі несиесі көп. Мысалы, Шымкентте 3 қорғаушы сотқа қатысып, жеңілді. Ақшасын қайтармады. Олар сотқа толық құжаттарды көрсетпей, жасырып қалған. Неге олар арыз уақытының өтуін ескермейді. Ал қарапайым халыққа келгенде осы дерекке жүгінетіні қалай? Халық әділ сотқа сенуден қалды. Онда прокуратура, құқық қорғау органдары неменеге керек?
Зейнет жасындағы адамдар несие алып, қарыз боп отырса да үмітін өшіргісі келмейді. Жергілікті билік бәрін көре-біле отыра ештеңе істемейді. Неге көмектеспейді, әрекетсіздіктің соңы неге апарады?! Қарапайым халық өлместің күнін көріп отыр. Зейнетақы алады, ол жетпейді. Сосын тағы да жұмыс істейді. Сонда олар қашан емделеді? Тағы солай ете отырып, өз құқығын қорғау үшін мемлекеттік баж салығын төлеуге міндеттейді. Жақында полиция да баж салығын алып бастайтын шығар. Мен заңның жұмыс істегенін қалаймын, себебі мұндай әрекетсіздіктің соңы «самосудқа» алып келеді.
P.S. Бүгінде Шаңырақ тұрғындары үйімізді қашан бұзып кетеді деген үреймен күн кешіп жатыр. Себебі жер дауы әлі бітпеген. Қандастардың құқығын қорғап жатқан «Шаңырақ» ықшамауданы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Оңғар Кенжеевке қысым көрсету тоқтамаған. «Жас Алаштың» редакциясына да ол сол үшін келе алмаған. Кенжеевтің айтуынша, жер қатынастары ұйымдастырып, оның үстінен 2 адам арыз жазған. 11 қыркүйек күні оның да соты өтеді. Әбіләкім Айтқұловтың осыған дейін екі соты өткенімен, мәселесі әлі шешілмеген. Келесі сот отырысы 18 қыркүйекте. Ал заңгер Гүлмира Құсайынқызының қорғауындағы тағы бір Шаңырақ тұрғыны Ақжол Өтебаевтың соты 13 қыркүйекке белгіленген.
Шаңырақтықтар қала әкімдігі, жер қатынастарының бұл дауда әрекетсіздігіне қатты наразы. Оңғар Кенжеев қанша қысым көрсетілсе де істі соңына дейін апаратынын айтады. Тұрғындар мәселеміз қала деңгейінде шешілмесе, Астанаға, ауыл шаруашылығы министрлігіне барамыз деп бекініп отыр.
Жазып алған Тұрсынбек БАШАР