Шаңырақ оқиғасы. Сыздықбеков Тасмағамбетовті қайталай ма?
Шаңырақ ықшамауданындағы жер дауы қайталанды. Бұл жолы Алматыдағы емес, Шымкенттегі Шаңырақ тұрғындарының баспанасын әкімдіктегілер тартып алып жатыр.
Тіпті кейбірінің үйін бұзып тастаған. Әлеуметтік желіде үйін бұздырмаймын деп техниканың алдын кес-кестеген әкенің, «үйімді сүріп тастады, енді қайда барамыз?» деп көз жасын жаулығына сүрткен ананың видеолары тарап кетті. «Жас Алаш» тілшісі тұрғындарға хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтады.
Шаңырақтың дауы 2005 жылдан басталған
2005 жылдары Түркістан облысына Өзбекстанның Ташкент, Науаи, Жызақ облыстарынан 470 отбасы көшіп келген. Сол кезде экс-президент әкімшілігі мен облыс шенеуніктері қандастарға жер беру мәселесіне тікелей араласып, облыстағы 67,5 гектар жер телімі қандастарға бөліп берілген. Қазіргі күнде Сайрам ауданы мен Шымкент қаласы әкімдігінің жер беру қателігінен қарапайым тұрғындар зардап шегіп жатыр. Бір жер телімі аудан әкімшілігі мен қала әкімшілігінің атынан екі отбасыға бірдей берілген. Тұрғындардың айтуынша, жемқорлық салдарынан мұның арты бітпес дауға айналған. Бүгінде 20 шақты отбасы үйін күндіз-түні қарауылдауға мәжбүр. Себебі әкімдіктегілер олардың жерін заңсыз деп танып, үйін бұзып тастауға техника жіберген. 6 отбасы осылайша баспанасынан айырылған. Үйін қорғаған адамдарға түрлі қысым көрсетіліп, олардың үстінен арыз жазылып, қудалауға ұшыраған.
Оңғар Кенжеев, Шаңырақ ықшамауданы қоғамдық бірлестігінің төрағасы: Шымкентте оралмандардың құқығын қорғағаным үшін қысымға ұшырадым
«2005 жылы оралмандардың төрағасы ретінде Түркістан облысына қандастардың көшіп келуіне атсалыстым. Ол кезде әкімдік бізге осы жерді бөліп берді. Қысқасын айтқанда, бәрі заңды болды. Серік Әбдірахманов көп көмектесті. 2008 жылы жер теліміне байланысты оралмандарға әкімдік шешім шығарды, бірақ облыстық жер инспекциясы «бұл Шымкент қаласының жері» деп сотқа берді. Сөйтіп, 11 гектар жер қалаға өтіп кетті. Сот кезінде өзім барлық оралманның құқығын қорғап шықтым. Содан кейін инспекция апелляцияға, облыстық сотқа арызданды. Біз одан да жеңдік. Кейіннен жердің құжаттарын әзірледік. Бұл жерде қателік – Шымкенттің жер қатынастары басқармасы жергілікті адамдарға жер телімін бөліп берген, дәл сондай етіп Сайрам ауданы да басқа адамдарға құжат берген. Бір сөзбен айтқанда, бір жер теліміне екі адам қожайын болып шыққан. Сайрам ауданы Қаратөбе ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұриддин Сабиров бұл жерлерді «басқа адамға берілсін» дегенді қолымен жазып берген. Оның заңсыз әрекеттері туралы прокуратураға арыздандым. Прокуратура, инспекция шенеуніктердің әрекетін заңсыз деп танып жатыр. Бірақ сотқа барғанда оралмандардың құжаты заңсыз деп ұтылып қалып жатырмыз», – дейді О.Кенжеев.
Оңғар Кенжеевтің айтуынша, қазіргі күнде 20 адамның үйі заңдастырылмай тұр. Оның ішінде 6 отбасының үйі бұзылған. Сайрам ауданының қолмен жазған құжаты заңды болып, қандастардың құжаттары заңсыз деп саналған. Қазіргі күнде Шымкент қалалық жер қатынастары басқармасы өздері берген құжаттарын өздері қорғай алмай жатқан көрінеді. Тіпті қоғамдық бірлестік төрағасының үстінен арыз жазғызып, оның өзін қудалап жатыр екен.
«Бұл жерде заңсыздықтар өте көп. Мысалы, кейбір адамдар бір шешіммен бір емес, үш жер телімін алған. Олардың заңсыздықтары туралы жер қатынастарына айтсақ, олар инспекцияға сілтейді, олар бізді басқа жаққа жібереді, қысқасы, адамды әуре-сарсаңға салады. Енді тамыздың 28-і күні тағы бір үйді бұзбақшы. Мен төраға ретінде олардың құқығын қорғайын десем, біреулерге үгіттеп, үстімнен арыз жазғызыпты. Сотты дәл сол күнге қойған. «Аналардың сөзін сөйлеме» деп мені қудалап жатыр. Мұның бәрін жер қатынастары ұйымдастырып отыр. Қандастарды қайтіп қорғамаймын. Бәрін мен көшіріп алып келіп едім», – дейді қоғамдық бірлестіктің төрағасы.
Әбіләкім Айтқұлов, Шаңырақтың тұрғыны: Мұнда «чимкентский» тірліктер болып жатыр
Оңғар Кенжеев 28 тамыз күні бұзылады деген үйдің иесі Әбіләкім Айтқұлов. Ол да 2009 жылы Ташкенттен көшіп келген. Әлеуметтік желіде оның үйін бұзып жатқанда үйі мен техниканың арасына түсіп, жан даусы шыққан видеолары тарады. Ол қазір жер телімінің иесімін деген Асановамен соттасып жатыр. Айтқұлов Асанованың әрекетін заңсыз деп санайды.
«Ол 2014 жылы Сайрам ауданы атынан жер теліміне госакт алған. Бірақ менің жеріме емес, 326 нөмірлі учаскеге. 2016 жылы қаладан тағы да сол жерге госакт алады. Ал бұл жер басқа біреудің атында, құжаттары заңды болған. Оны ала алмайтына көзі жеткесін құжаттарының астына қаламмен жазып, 262 деп өзгеріс енгізіп алады. Оны өзгерткен әкім орынбасары Сабиров. Олардың 262-ге алған шешімі архивте жоқ. Жаңа айтқанымдай, қолмен жай ғана жаза салған», – дейді Шаңырақтың тұрғыны.
Айтқұлов үйін қорғаймын деп жүріп денсаулығынан айырылған. Емханаға қайта-қайта жатып, емделіп тұрады. Жүйкесі сыр берген, қан қысымы қайта-қайта көтеріліп кете береді. Біз хабарласқан кезде жер мәселесінің құжаттары бойынша прокуратурада жүргенін айтты. Қазіргі күнде ол сотқа да, прокуратураға да сенбейді.
«Маржанкүл Елшібаеваның жерін тартып алып, үйін бұзып тастағандар бір шешіммен үш жер телімін алған. Бірінші бір учаскені алып, кейін астына жай ғана әкім орынбасары қолымен жазып береді де, сонымен тағы бір жер алып, кейін тағы көшірме жасатып, онымен тағы да жер телімін алған. Солардың түбірін тексерсең, архивте жоқ. Себебі бір шешіммен бір ғана жер аласың ғой. Олар біреуін туысына, басқасын сатып, білгенін істеген. Сабиров 2005-2006 жылдары әкімнің орынбасары болды. «Қашан өзгеріс енгіздіңіз?» деп сұрасаң өзі де білмейді. Себебі еш жерде тіркелмеген, құжат жоқ. Біздің құжат заңды, олардікі жалған шешім. Бірақ сотқа барсақ, біз жеңіліп қала береміз. Неге десеңіз, мұнда «чимкентский» тірліктер болып жатыр», – дейді Ә.Айтқұлов.
Маржанкүл Елшібаева, Шаңырақтың тұрғыны: Балаларымыз қазақ ортасында өссін деп келіп едік...
2007 жылы Өзбекстанның Жызақ облысы Тимирязов елді мекенінен көшіп келген Маржанкүл Елшібаеваның үйін 2022 жылы әкімдіктілер сүріп тастаған. 4 ұл, 1 қызы, 21 немересі бар, балалары қазір пәтер жалдап жүр. Ол 188 нөмірлі жер телімін көшіп келген жылы қала әкімдігінен алған. Сосын бірден қолда бар қаражатқа екі бөлмелі «времянка» тұрғызған.
«Жағдайым соған келді. Үйдің құжаты дұрыс еді. Бірақ қысқа мерзімге, уақытша берді. Ұзақ мерзімге арыз тастап жүріп, оны 2019 жылы алдым. Сөйтіп соған құжат дайындап жүрсем, бір үй-жайы бар өзбектер мүмкіндігі шектеулі қызына деп менің жеріме шешім алыпты. Олар алдымен басқа жер телімін алған, ол жерге барса, үй салып тастапты. Сосын тағы біреуіне барған. Ол жерде де үй салынып тұр екен. Кейін менің жеріме келген. Сайрам ауданы әкімінің орынбасары шешімді қолымен жазып берген. Содан өзбектер «жерді босат» деп екі-үш рет келіп, кейіннен сотқа берді. Бір күні сот келіп «жерді босатыңыз, әйтпесе үйді бұзамыз» дейді. Біз босатпайтынымызды айттық. Аяғы ауыр келінім бар еді. Ол перзентханада жатып, біз барып-келіп жүргенде, ешкім жоғын пайдаланып, үйді бұзып тастапты. Күйеуім, балам үшеуміз ары-бері жүгіріп, ештеңе істей алмадық. Шамамыз келмеді, бұзып, сүріп-сүріп тастады ғой. Қазір балаларым пәтер жағалап жүр. Екі келінім қолымда, екеуінен он немерем бар. Бір ұлымды бөлек шығарайын десем, баспана жоқ. Келіндердің қас-қабағына қарап қалдық. Учаскемді өзіме қайтарса екен. Басыңда баспанаң болса, екі қолға бір күрек табылады. Еліміз-жеріміз, балаларымыз қазақ ортасында өссін деп келіп едік», – деп көзіне жас алды кейуана.
Гүлмира Құсайынқызы, заңгер: Жемқорлық тамыр жайып кеткені сонша, тергеушілер мүлдем қимылсыз
Қандастардың құқығын қорғап жүрген заңгер Гүлмира Құсайынқызының айтуынша, Шымкентте әкімдікпен бірлескен жауапты органдар заңсыз әрекетке барып отыр. Қазіргі күнде қалада жемқорлықтың етек жайып кеткені сонша, оған прокуратура да, сот та көз жұмып қарайды екен. Мұндай заңсыздықтарды айтып, шағымданған адвокатқа жергілікті шенеуніктер қысым көрсеткен.
«Сабиров заңсыз әрекеттер жасаған. Мен оның үстінен қаншама арыз жаздым. Ол заңсыз әрекеттер жасағынымен қоймай, құжатқа қолдан өзгерістер енгізген. Өзгеріс енгізіп, «зам аким Н.Сабиров» деп жазып, мөрін басқан. Қалай бұлай істейді? Бір қызығы – жер кадастры, сот мұны заңды деп отыр. Сөйтіп жер телімін тартып алып жатыр. Сот шешім шығарғанда қандастарымыздың жерін алып жатыр, жергілікті адамдарға тиіспейді. Олар алдымен жерді қарайды. Мына жер «местныйдікі екен» дейді де қандастарымыздың жеріне барады. Кейбір жер телімдері бірнеше рет сатылған, сатып алынған. Соның өзінде олардың да құжатына өзгеріс енгізіп, тартып алып жатыр. 5 қыркүйекте Ақжол Өтебаевтың соты болады. Қазіргі күнде мен үш адамның құқығын қорғап жатырмын. Бір отбасын қорғап шықтым. Заңгер ретінде айтарым, Сабировтың ісі заңсыз. Дәлелдер бар, бірақ Сабировқа, жер кадастры, жер ресурстары, азаматтарға арналған үкіметке неге қылмыстық іс қозғамайтынына таңым бар. Мысалы, Өтебаевтың жері бірнеше сату мен сатып алудан өткені туралы құжатты азаматтарға арналған үкімет базасынан өшіріп, екінші тараптың құжатын жүктеп қойыпты. Мен ол жерде келісімшарттар болғанын, олар заңсыз деп танылмағанын айтып, шу шығарғаннан кейін ғана құжатты базаға қайтадан енгізіп қойды. Бұлар алаяқтықпен айналысып отыр. Алаяқтықтың үлкен жүйесін құрған. Оған әкімдік, жер ресурстары, жер кадастры, азаматтарға арналған үкімет қатысқан. Ауыл шаруашылығы министрлігі айтады, Шымкенттегі жер қатынастар басқармасы оны тыңдамайды. Жер инспекциясын не үшін құрған? Қаншама заңсыз әрекеттер жасалып жатыр. Антикор қайда? Жемқорлық тамыр жайып кеткені сонша, тергеушілер мүлдем қимылсыз. Ештеңе істемейді, керісінше, істі жабады», – дейді Г.Құсайынқызы.
Заңгердің айтуынша, қазір оны да қудалап жатыр. Осы іс бойынша Шымкентке барғанда қысым да болған, әуежайда әдейі мәселе тудырған.
«Қазір Шымкентте жер қымбаттады. Оның бәрі ақша. Жерге бәрі қызығады. Бұл жерде прокуратура, полиция, сот, тергеушілер, жергілікті әкімдік, жер кадастры, жер ресурстары, азаматтарға арналған үкімет – бәрі бір-бірімен байланысып кеткен. Қазір солардың кесірінен бүкіл Шымкент зиян шегіп отыр. Шымкентте жер мәселесі тек Шаңырақта ғана емес, басқа аудандарда да бар. Маған қаншама адам көмектесіңіз деп жазады», – дейді ол.
Ақжол Өтебаев, Шаңырақтың тұрғыны: Жерімді тартып алса, басқа үй салуға қаражатым жоқ
5 қыркүйекте соты өткелі жатқан Ақжол Өтебаев та 2009 жылы Ташкенттен көшіп келген. Отбасылы, 3 баласы бар. Өзі құрылыста жұмыс істейді. Дау боп жатқан жер телімін ол әкімдіктен алмаған. Басқа адамнан ақшасына сатып алған. Бірақ құжаттарын реттейін деп азаматтарға арналған үкіметке барғанда жер телімінің басқа адамға да берілгенін білген. Өтебаев 10 жыл пәтер жалдап жүріп осы жерді бөліп төлеуге келісіп алған. Кейіннен шағын екі бөлмелі үйін несиеге салған. «Жерімді тартып алса, басқа үй салуға қаражатым жоқ» дейді ол.
«Бұл жерді 2006 жылы Шымкентке көшіп келген адам әкімдіктен алыпты. Кейін ағам әкесіне деп оны сатып алған екен. Ол 2020 жылы маған сатты. Құжаттарын реттейін деп барсам, бұл жер телімін Тимур Ешмұратов деген азаматқа да беріпті. Екеуміз сөйлестік. Ол «үй салма, бәрібір тартып аламын» деп қорқытты. Сотта Ешмұратов әкім орынбасары Сабиров берген нөмірсіз шешімді көрсетті. Ол таныстарын араға салып, жерді алып қоймақшы. 5 қыркүйек күні тағы бір сотымыз болады», – дейді тұрғын.
«Жас Алаш» тілшісі Шаңырақ ықшамауданындағы мәселе бойынша қалалық жер қатынастары басқармасына хабарласты. Басқармадағылар қазіргі күнде сот болып жатқандықтан ешқандай мәлімет бере алмайтындықтарын алға тартып, жаттанды жауаптарын жазып жіберді.
«Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 167-бабына сәйкес, жер құқығы қатынастарынан туындайтын даулар сот тәртібімен қаралады».
P.S. Бүгінде Айтқұловтардың отбасы екі күннен кейін үйін күреп тастауға келетін техниканы күтіп алуға дайындалып жатыр. Тұрғындар қалалық әкімдіктен қайран жоғына наразы. Олар «сенеріміз қалмады, үйімізді қорғау үшін бәріне барамыз» дейді. Өтебаев та 5 қыркүйекте болатын сотта үйімді соңғы демім қалғанша қорғап шығамын деп бекініп отыр. Қалған тұрғындар да бар жиған-тергеніне салған үйлерін жай ғана бұздырып қарап отырмақ емес.
2006 жылы Алматыда болған Шаңырақ оқиғасы неден басталғанын, немен біткенін ұмыта қойған жоқпыз. Шымкенттің қазіргі әкімі Ғабит Сыздықбеков ол кезде енді қызметке араласып жатқан жас жігіт, СІМ-де жүрген, Шаңырақтағы жер дауынан хабардар болса керек. Өзінің жүрген-тұрғанын дәріптеп, видео түсіріп, ролик жасатып жүретін Сыздықбеков Шаңырақ ықшамауданына бульдозермен емес, самокатпен барып қайтпаса, Алматының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қателігін қайталауы әбден мүмкін...
Тұрсынбек БАШАР