Шаңыраққа қара
«Жаман үйді қонағы билейді» деген бар". Осы сөз рас-ау, тегі. Соңғы отыз жылда Қазақстан сондай жаман үйге айналды.
Еліміздегі барлық ұлтпен ұлыс өкілдері жұдырықтай, жұмылған біртұтас жұрт болып қалыптаспады. Өзгелер секілді өзге ұлттарды өз бойымызға сіңіру бізге бұйырмапты. Сіңіру тұрмақ, ортақ мақсатта жұмыс істейтіндей, идеология да жасай алмадық. Текке кеткен отыз жыл. Жоғалған уақыт. Қолдан шығарып алған мүмкіндік. Отыз жыл елдің тұтастығына емес, бір адамның қас-қабағына жұмыс істедік. Дарақылық, жағымпаздық, жеке басқа табынушылық, ұрлық-қарлық, жемқорлық-парақорлық. Міне, Қазақстанның отыз жылда жеткен жетістігі.
«Жүз бәленбай ұлттың өкілі елімізде тұрады, ынтымағы жарасқан, береке-бірлігі артқан мемлекетпіз», деп мақтанамыз. Расында солай ма? Қайдам? Күмән көп. Күдік басым. Қазір өзімізге емес, өзгеге қызыға, қызғана қарайтынымыз сондықтан. «Украиналық халық жалпы саяси, этникалық, мәдени тұрғыда біртұтас болып қалыптасып қалған халық еді. Украин саясатында жүрген тұлғалардың ұлты басқа болса да «Жаным менің, Украинам!» – деп өліп-өшіп тұратын. Украин ұлтшылдығы – мемлекетшілдікке негізделген ауқымды, үлкен бір ұғым, бір құбылыс. Яғни, Украинаны мекендеген ұлыстардың бәрі украиндық ұлттың өкілі деп қабылданады.
Мысалы, Украинаның президенті – В. Зеленский еврей ұлтының өкілі екен.
Оның қазір Украина үшін қалай арпалысып жатқанын бәріміз көріп отырмыз.
Сонау 2014 жылдан бері Украина үшін 7 жыл Донбаста соғыс жүргізген Арсен Аваковтың тегі армян. Кеше Украина атынан келіссөздерге қатысып жүрген билік партиясының басшысы Арахамия грузин.
Николаев облысындағы халық батыры, осы соғыстағы қаһармандардың бірі — облыс әкімі Виталий Кимнің тегі кәріс. Мелитополь қаласын басқыншылар басып алып, қала әкімін кепілдікке алып, оны өз жағына шығарамыз деп бір апта қорқытып, көндіре алмапты. Оның да тегі орыс. Бұндай мысалдар ол жақта көп. Бізде мұндайды елестету қиын.
Жалпы, қазір украин әскерінің құрамында Украинаны мекендеген түрлі ұлыстардың өкілдері соғысқа белсенді түрде араласып жатыр.
Күллі украиндық ұлыстар Украинаны басқыншыдан жабыла қорғауда.
Меніңше, Ұлт дегеніміз осы, дәлірек айтсам, әлдебір мемлекетті мекендеген халықтардан, ұлыстардан тұратын біртұтас, бір мүддеге негізделген қауымды Ұлт дейді.
Ал осы біртұтас ұлттың ауызбіршілігін, қамын күйттеген жанды ҰЛТШЫЛ дейді. Және ұлттық мемлекет сондай ұлтшылдықтың үстіне негізделеді екен.
Украин халқы осы санаға жетіпті. Олардың ұстанған ұлттық саясаты қазір жемісін беріп жатыр. Рас, бірлікке, ынтымаққа негізделген Украин ұлты қалыптасыпты, оны көріп отырмыз». Бұл оғаш ойларымен, уытты тілімен өзекті мәселелерді әлеуметтік желілерде қозғап жүрген қоғам белсендісі, сарапшы Олжас Әбіл деген азаматтың жазбасы. «Міне, украин еліндегі жұрттың ауызбіршілігі. Біртұтас ұлт болып қалыптасқан украиндықтар мұздай қаруланған Ресейдің басқыншы әскерімен бір айдан астам уақыт болды өз отанын қорғап, соғысып жатыр. Берілер емес, берілмейді де. Ынтымағы жарасқан елдің ғазауат соғыста рухы сына қоймасы анық. Жеңіске де жетеді» – депті.
Ал біздің елдегі жағдай қалай? Украинадағы ұлт-ұлыстардай, бізде де өзге ұлт өкілдері исі қазақтың маңайына топтасып, ортақ мүддеге ұмтылып отыр ма? «Қазақстан менің елім – Отаным» деп айта ма? «Осы жер – ел үшін жанымыз пида», деп өзін құрбандыққа шала ала ма? Қайдам? Сенім аз, күдік басым. Неге? Әлсін-әлсін елімізде болып тұратын ұлтаралық қақтығыстар (қазақ-шешен, қазақ-тәжік, қазақ-күрд, қазақ-ұйғыр, қазақ-дүнген) Қазақстандағы жұртшылық бір мүдде үшін жанын сарп етеді, дегенді жоққа шығартындай. Тіпті, «Солтүстік Қазақсан біздікі» деп сырттан доқ көрсететін орыс саясаткерлерін былай қойғанда, іштегі орыстардың өзі соңғы кезде мінез шығарып, «дядя Вованы көмекке шақырамыз», деп доқ көрсетуге көшті. Бұл нені көрсетеді? Бұл алауыздықтың белгісі. Қазақстанда сын сағаты туа қалса, қазақтан өзге жұрт бұл елді тәрк етіп, сатып кете алатындығының белгісі. Бұған қалай жеттік? Кім кінәлі? Ең бастысы, әр ұлтқа жеке-жеке мектеп, театр ашып беріп, «тіліңді, дініңді, мәдениетіңді, ұмытпа, өркендет» деп, оларды өзімізге сіңірудің орнына, көкіректен итеріп, қазақтан алыстату саясатын жүргізіп келген өзіміз. Сондықтан өз тілінде мектебі, театры, мәдени ошақтары бар ұлт, қазақтың қолтығына кіріп, тонның ішкі бауындай, араласып кетпейді. Орманға қарап, ұлып тұрады. Бұл халықты ұйыстыратын идеологияның жоқтығы. Отыз жылда жіберген ең үлкен қателігіміз осы. Осындай өрескел жасалған саяси көрсоқырлық салдарынан Қазақстанда саяси, этникалық, мәдени тұрғыда біртұтас халық қалыптаспады. Шұбарланған тілі, шұбарланған ұлты бар дүбәралау мемлекет қалыптасты. Тағы бір мәселе, қазақты биліктің өзі мойындамайды, менсінбейді, теперіш көрсетеді. Билік өз ана тілінде сөйлемейді. Қазақ тілі олар үшін – екінші сорттағы тіл. Ал мұны көрген өзге ұлт не істемейді. Балақтағы бит өрлеп басқа шығадының керін істейді. Қазақты көкірегінен итереді. Өктемдік жасайды. Олардың ойында: «бізге не істейсіңдер, қолдарыңнан не келеді? Биліктің өзі сендерді адам құрлы көрмей тұрғанда», деген астамшылдық пиғыл тұрады. Және солай болып та жатыр. Мұндайда атам қазақ «жаман үйді қонағы билейді», дейді. Содан болар өз жерінде өзі де, тілі де өгейсіген қазақ – әлсін-әлсін өзгеге «шаңыраққа қара!» деп кіжінуден арттыққа бара алар емес. Қысқасы, тәуелсіздік алғаннан бүгінге дейін жүргізіп келген, жалған «интернационалистік», «толеранттық», өзге ұлттарды «әлпештеп», өз ұлтымызды төмендетіп келген жалтақ саясатты жүргізе беретін болсақ, түбі оңбаймыз. Бұл ащы болса да шындық.