Шәпкенов емес, шәуіш кінәлі

Өткен аптада 8 желтоқсан күні Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде әдемілеп тұрып есеп берді.
Аймақ әкімі Атырау өңірі халқының 99,8 пайызы газбен қамтылғанын, ел өнеркәсібінің төрттен бір бөлігі Атырау облысына тиесілі екенін, аймақта 10 ай ішінде 43,9 млн тонна мұнай, 22,7 млрд текше метр ілеспе мұнай газы өндiрілгенін, т.б. жүздеген тындырған ісін айтып тауыса алмай қайтқан күннің ертеңіне Атыраудағы «ертегідегідей» өмір өзгеріп сала келді.
Атырау қаласы бір-ақ күнде жылусыз, жарықсыз, сусыз қалды! Әкімдері Астанада жүргенде атыраулықтар жылусыз баспаналарынан пана таппай дірдектеп, «құтыларын» алып, су іздеп, көше кезіп кетті.
«Жас Алаш» арнайы тілдескен қала тұрғыны Жаңылхан Оңдасынова қала бойынша су беру тоқтатылатынын алдын ала ешкім ескертпегенін айтады. Ештеңеден хабарсыз тұрғындар тұрмысқа қажеттілік ретінде қосымша су алып та қоймаған.
"9 желтоқсанда түнгі сағат 23.30-да су тоқтады. Ұят та болса айтайын, көпқабатты үйде тұратын бізге тіпті әжетханаға бару мүмкін болмады. «Атырау су арнасы» ұзаққа созылған аяздан Жайық өзеніндегі су соратын стансаларда мұз қатып, су беру тоқтатылды деп түсіндірді. Бірақ сол күні далада 10 градус қана суық болды. Су қататындай күн соншалықты суық болған жоқ", – дейді тұрғын.

Әрине, су келмеген соң қаладағы құбырлар қатып, жылу да тоқтаған. «Жұт – жеті ағайынды» деген сол, артынша электр жарығы да сөніп қалған. Жұрт қайда барарын білмей сенделіп жүргенде жергілікті әкімдік тарапынан түсіндіру жұмыстары да жүргізілмеген.
Әкімдік пен арнайы мамандарға хабарласып, мұндай ауа райында қондырғылар қалайша істен шыққанын сұрадық. Облыстың баспасөз қызметі бірден жағдайдың қалыпқа келгенін айтып, «барлығы реттелді, қалаға толықтай су мен жылу берілді, жарық жанып тұр» деп қысқа қайырды. Аталған мәселені анықтау үшін Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен арнайы комиссия құрылып, себебі анықталып та қойыпты. Негізгі себеп – Жайықтың бетіне қатқан мұздан қондырғылар істен шыққан. «Атырау су арнасы» өкілдері бұған соңғы 20 жылда болмаған «шәуіш» құбылысы себеп дейді. «Шәуіш дегеніміз – судың дер кезінде бір уақытта қатпау салдары. Біздің айналамыз қатпай, өзеннің орталығындағы су қатты да, желдің салдарынан сеткамызға келіп тірелді. Жағдай соның салдарынан болды», деген ақпарат берді. Аталмыш кәсіпорынның басшысы Мейірім Қалауи 10 желтоқсанда Атырау қаласы мен Мақат ауданындағы тұтынушыларға су толық берілгенін, жағдай қалыпқа келгенін айтты.
Байқағанымыз, Атыраудағы жауапты тұлғаларға қаланың сусыз, жылусыз қалуын табиғаттың жайсыздығына жаба салған оңай тірізді. Жалпы, сала мамандары Атырау облыстық су арнасының және әкімдік өкілдерінің болған жайтты шәуішке артқысы келетінін «әдеттегі ақталудың бірі» деп есептейді.
«Меніңше, бұл мәселе шәуіштен бұрын, Жайықтағы су деңгейінің төмендеуінен болған. Жыл сайын қыс басында өзенде шәуіш қатқан кезде кәсіпорын қызметкерлері тығырықтан шығып жүрді. Ал биыл Жайықтың деңгейі 15-20 сантиметрге дейін түсіп кеткен. Міне, алдағы уақытта жергілікті билік осыны шешуді зерттеу керек. Бәлкім, су астынан тереңірек қазу жұмыстарын жүргізу керек шығар. Бұл арада ескеретін дүние – мұз қатып жатқанда тозған трубалар да болуы мүмкін. Енді қыс айында әкімдік тозған құбырларды жөндей алмайды. Қысқа дайындықты жазда жасауы керек. Қазір комиссия құрылды деп жатыр. Ол комиссия енді жергілікті су арнасы кәсіпорнының техникалық жай-күйін толық тексеру керек. Құрылғылар толық жаңарды ма, осыны анықтау қажет. Негізінде, болған жайтты табиғаттың құбылуына жаба салмай, басқа да мәселелер болса ашығын айту керек. «Осы уақытқа дейін шәуіш болмады, бұл 20 жылда бір болатын құбылыс» деп ақталу да оңай. Материалдық базаны реттемей, коммуналдық апаттардың алдын алу да мүмкін емес. Жергілікті билік осыны міндетті түрде ескеру керек», – дейді Ғ.Түсіпова.
Ғазиза Түсіпова Атыраудағы мәселені жылда қайталанатын етпей, шаруаны қиындатпай шешудің бір жолы бар дейді. Бұл – Ақтөбе аумағындағы Көкжиде жерасты су көзі.
«Бұл мәселені соңғы бес жыл бойы қаузап келеміз. Көкжиде 1983 жылы мұнай кәсіпорындарын шаруашылық ауыз сумен жабдықтау мақсатында барланған. Оның мүмкіндігі Атырау мен Ақтөбе қалаларының ғана емес, құбыр бойындағы барлық елді мекеннің сапалы суға деген сұранысын толық қамти алады. Атырау қаласы мен Махамбет, Индер аудандарының тұрғындары ауыз суды іргесіндегі Жайықтан алып отыр. Бұл өзеннің гидрологиялық деңгейі Ресейдің Орынбор облысында орналасқан «Ириклинский» су қоймасынан жіберілетін су көлеміне тәуелді. Құрманғазы, Исатай, Жылыой жұрты облыс аумағы арқылы өтетін «Астрахань–Маңғышлақ» магистралды құбырынан қажетін өтесе, Қызылқоға мен Құрманғазы ауданы Азғыр өңірінің халқы жерасты суын ішуде. Қазір Жайықтың суы азайды. Шаруашылық нысандары мен кәсіпорындар қажеттілігі үшін алынатын судың көлемі жыл сайын артып келеді. Сондықтан Атырау облысының жергілікті билігі Көкжидені пайдалануға қатысты шешімдерді жылдамдатуға тиіс», – дейді гидрогеолог.
Бірақ Атырау әкімдігі бұл мәселені жақында шеше қояды дегенге сену қиын. Көкжидені пайдалану тұрыпты, олар биылғы апаттың өзіне онша мән бергісі келмейтін сыңай танытты. Атырау тұрғындары жылусыз, сусыз, жарықсыз қалған күннің ертеңіне әкімдікте облыстық мәслихат отырысы өткен. Ең қызығы, мәслихат төрағасы Мұса Хайруллиевтің төрағалығымен және облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің қатысуымен өткен мәслихаттың кезекті VI сессиясында 8 желтоқсан күнгі жағдай туралы депутаттар да, жергілікті әкімдіктегілер де ләм-мим деп сөз қозғамаған. Мәслихат отырысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков «тұрғындар бір тәулік бойы жылусыз, сусыз қалды» деп қабырғасы қайысудың орнына, елді мекендердегі абаттандырудың қағидасына өзгеріс енгізілгенін талқылаған.
Биылғы бір Атырау ғана емес, былтырғы – Екібастұз, Риддер оқиғасынан кейін мәселе үкіметте қозғалып, тозған құбыр жайын бір жыл бойы қаузадық. Президенттің өзі салаға бақылауды күшейтуді тапсырды. Осыдан кейін-ақ енді елді былтырғыдай «Екібастұздың елесі» кезбейтін шығар дегенбіз...

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 402 жобаны іске асыру үшін 280 млрд теңге бөлінген. Ал жылу желілерін жаңартуға 69,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражатқа тек 105 шақырым желі жөндеуден өткен. Республика бойынша 7,5 мың жылу желісін ауыстыру қажет. 2022-2023 жылдағы жылу маусымы кезінде қамтамасыз ету жүйесінде 185 технологиялық ақау болған.
«Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес 2022 жылдың қорытындысы бойынша жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы – шамамен 14 мың шақырым. Желілердің орташа тозуы – 54 пайыз. Ең көп тозу Павлодар – (82 пайыз), Абай – (68%), Қарағанды – (68%), Шығыс Қазақстан – (66%) және Солтүстік Қазақстан – (65%) облыстарында сақталып отыр», – деді аталмыш министрліктің баспасөз қызметі.
Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов:
«Астанадағы бір жылу қазандығының салынып жатқанына 15 жыл болды. Бұл – бітпейтін құрылыс. Құрылысты салуға да миллиардтаған қаражат кетті. Биыл жыл басында «Алматыда алғашқы құны 364 миллиард теңге тұратын газбен жанатын ЖЭС-2 салынады» деді. Оның құрылысы 2024 жылы жазда басталмақ. Ал енді өткенде энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев елімізде болашақта газ тапшылығы болатынын, газдың құны жанар-жағармаймен теңесетінін айтты. Сонда Алматыға газбен жанатын ЖЭС салынса, жылуға төлейтін тарифтың құны қандай болады?! Үкіметтегілер алдымен осы жағын неге ойламайды? Осы уақытқа дейін халықтың жылуға төлеген қаражаты қайда кетті? Жекелеген монополистер елімізде жыл сайын жылу мен жарықтың, судың бағасын қымбаттатады. Олар тарифті көтерерде құбырларды ауыстырумыз керек, жаңғырту жұмыстарын жүргіземіз деген желеу айтады. Бірақ 30 жыл бойы салада мәселелер таусылған жоқ. Осы жайттарды ескерсек, үкімет басқа реформадан бұрын ең бірінші осы саладағы монополистер, жылудан байлық жиған олигархтарға қатаң талап қоя алу керек», – дейді.
Негізінде, маман сөзінің жаны бар. Мысалы, былтыр Екібастұз қаласы мұз құрсауында қалғанда қаланы жылумен қамтуға жауапты ЖЭО-ның иесі Александр Клебановқа үкімет талаптарын әрең өткізді емес пе?! Мәселе туындап, жағдай өршігенде Клебанов тіпті өзі иелік еткен Екібастұз ЖЭО-cын үкіметке 1 теңгеге сата салатынын айтып, жауапкершіліктен қашты.
P.S. Айтпақшы, осы мақаланы жазып отырғанда өзімнің үйімде жарық пен жылу болған жоқ. Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылының әкімдігімен таң атпастан қайта-қайта байланысқа шығып отырып, төрт сағат дегенде жарық пен жылу әйтеуір қосылды. Былтыр осы ауылда 12 сағат бойы газ өшіп, жылу болмай, жұрт көшеге шығып жолды жабуға дейін барған. Биыл жазда «қысқа дайындалып жатырмыз» деп «Іле Жарық» пен «Алматы Жарық» кезек-кезек жаз бойы электр энергиясын күнара өшіріп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бірақ аймақтағы жылу мен жарық желілері қыстың алғашқы он күндігінде-ақ сыр берді. Айналасы төрт сағаттың ішінде бүкіл бір ауыл қалшылдап кетті. Ал бір тәулік бойы жылусыз, сусыз қалған Атыраудың жағдайына шәуіш қана кінәлі, ал жұрттың бір күнгі әуресі есеп емес.
Қарлығаш Зарыққанқызы