Шәпкеновтер былқ етпеген тасқынға үш-ақ адам кінәлі екен

Былтырғы су тасқыны кезінде медиа да, әлеуметтік желі де, үкімет пен басқа да ведомстволардың күн тәртібі де бір тақырыпқа арналды. Осындай аласапыран кезінде ақталудың бірінші тәсілі – «табиғи апат» болса, екіншісі – «жергілікті атқарушы органдар дұрыс жұмыс істемеген» болды.
Соңғысын президент те, премьер де, басқасы да айтты. Ақша бергенбіз, облыстар бақыламаған, аудандар жасамаған десті ақ жағалылар. Осыдан соң бірнеше әкім мен ТЖ бөлімінің басшылары креслосынан «құлап», қызметтен кетер, тіпті сотты болар деген болжамдар да айтылды. Алайда сандарды қарасақ, өткен су тасқынына ешкім де кінәлі емес. Себебі он облысты басқан топан суға қатысты үш қана іс қозғалған.
Қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) өткен көктемде-ақ тексеріс жұмыстары мен қозғалып жатқан қылмыстық істер туралы ақпарат таратты. ТЖМ да, басқа мүдделі тараптар да неше түрліні айтып, қызыл тілденіп жүрген. Десек те, арада жылға жуық уақыт өтсе де мына әкім су тасқынына дұрыс дайындалмағаны үшін қызметінен қуылды, ана басқарманың басшысы немесе маманы жауапкершілікке тартылды дегенді құлақ шалмады. Әсіресе әкімшілік, қылмыстық істер жайында бірде-бір жаңалық жоқ. Сондықтан оны әр мекеменің өзінен сұрадық.
Төтенше жағдайлар министрлігі:
«Өткен жылдың қараша айынан бастап ТЖМ-дағы лауазымды қызметкерлер үкімет аппаратының өңірлік инспекторларымен және президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторларымен бірлесіп жүргізілген жұмыстарды нақты бағалауға тырысты. Ол үшін өңірлерге жедел топтар жіберілді. Тексерістер өтті. Алайда біздің ведомство мына өңірде мынадай қылмыстық іс қозғалсын деп айта алмайды. Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті жақында ғана құрылды. Әзірге құзыреттілігімізге кірмейді. Енді ғана парламентте тиісті заң жобасы қаралып жатыр. Ол қабылданса ғана өңірлерге мына шаруаны атқармадың деп жаза қолдана аламыз».
Қаржы мониторинг агенттігі:
«Алматы қаласы, Ақтөбе және Ұлытау облыстары бойынша экономикалық тергеу департаменттері су тасқынына қарсы іс-шараларға байланысты үш қылмыстық істі тергеді. Ақтөбеде Мағажан бөгетінің бұзылуы туралы іс бойынша бөгетті сенімгерлік басқаруға алған компания басшысы екі жылға бас бостандығынан айырылып, үш жыл бойына су шаруашылығы саласында қызмет етуден шеттетілді. Олардың айыбы – адал жұмыс істемеген, міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған.
Ал Ұлытау облысында табиғи ресурстар басқармасының басшысына, «Жезді өзенін санациялау» жобасы аясында жұмыстарды тиісінше жүргізбегендерге қатысты қылмыстық істер аяқталды, материалдары сотқа жіберілді.
Алматыға келсек, 2021-2023 жылдары «Ақсай» өзеніндегі сел ұстағыш бөгетті салу кезінде ұрлық фактілеріне қатысты тергеу алдындағы тексерулер жүрді. 2024 жылғы 9 сәуірде ЖШС-ның бұрынғы директоры ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша күдікті деп танылды».
Ішкі істер министрлігі:
«Ішкі істер органдарында су тасқыны кезінде ұрлық, тонаушылыққа және тағы басқа қылмыстар бойынша қылмыстық істер жүргізілді. Ал мекемелер мен азаматтардың үстінен су тасқыны шығынына байланысты тексеру жүргізу ішкі істер органдарының құзыретіне жатпайды. Су тасқыны кезіндегі әртүрлі заңбұзушылықтарға байланысты тіркелген әкімшілік, қылмыстық істердің саны мен тағайындалған жаза түрлерін білу үшін бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне жүгіну қажет».
Негізгі тараптар осылай деп жауап берді. Түсінгеніміз, ҚМА айтқан үш істен басқа дәнеңе де жоқ. Оны нақтылау үшін құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне де ресми сауалымызды жолдап қойдық. Олардың жауабынсыз да анық бір нәрсе, соншама шығынға батырған су тасқынынан соң қызметінен кеткен, орынсыз шығындардың есебін бергендер көрінбейді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы министрлер мен әкімдер су тасқыны қаупі кезеңіне 100 пайыз дайынбыз деген. Алайда он облыста төтенше жағдай режимі жарияланып, салдары мемлекеттік бюджетке ауыр тиді. Мыңдаған адам үйсіз қалып, мал қырылды, кәсіпкерлік субъектілері шығынға ұшырады. Оған қоса, инфрақұрылым зардап шекті. Мұндай шығын мен апаттың негізгі себебі дайындықтың әлсіздігі екені айтылды. Тасқын күшейіп жатқан уақытта, алдын алу шараларына бөлінген 7 млрд теңгенің жартысы игерілмегені де шу тудырды. Соған қарамастан, қозғалған істің саны саусақпен санарлық. Бұл заң үстемдігіне де, мемлекеттік жүйенің әділеттілігіне де күмән тудырады. Мейлі, ол күмән немесе «іштей мойындау» баяғыдан бар ғой. Десек те, ел бюджетіне жүздеген миллиардқа түскен, он облысты жайлаған жағдайдан соң тым құрыса, «айтқанға, көрсеткенге» деп тырысса болар ма еді... Бұл туралы су тасқыны алған аймақтарда ерікті ретінде көмек көрсеткен Жанаргүл Сағымбайқызы айтады:
«Шәпкенов қар суы деп отыра берген»
«Мен үш адам, үш іс дегенге мүлде сенбеймін. Біздің Атырау жақ су тасқынынан қатты зардап шекті. Бәрінің ортасында жүрдік. Сонда бір ғана Жылыой ауданын алсақ, су тасқыны қаупі кезеңіне дайындық қашан, қалай басталды, оған кімдер бірігіп дайындалды, белгісіз. ТЖ бөлімінің қолында бір резеңке етік, бір күрек, бір қайық болған жоқ. Сендерде болуы керек емес пе еді деп жүріп таба алмадық. Оны қадағалауға тиіс аудан әкіміне де өкпеліміз. Ол да жауапқа тартылмады. Мақсат – соттату емес. Алайда кінәлілер тергеліп, есебін беріп, айыбын мойындауы қажет қой. Әкімнің де, ТЖ бөлімі басшысының да ешқандай қауіп жоқ деген видеосы бар ғой. Бәріне дайынбыз деген. Осының жауабы неге сұралмайды?
Әкімнің орынбасарына да хабарласып, дайындықтарың осы ма, үш трактор жер сыпырып жүр, топырақ қайда, басқасы қайда, ертең су келсе ше дегенде, анау кетті, мынаны жібердік деген. Шын мәнінде онда ешкім де болған жоқ. Бақылау ақсап жатыр. Сонда бір ғана ауданның өзінде қаншама адам тергелуі тиіс болған. Оны мен ғана көріп, мен ғана айтып жүрген жоқпын. Халық куә. Десек те бармақ басты, көз қыстыға салған, жабулы қазан жабулы қалған.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов те жойқын судың келе жатқанын біледі. Білмесе, тұрғындар барып айтты. Бір ауылдың маңында 23 жылдан бері мал асырап отырған шаруашылық бар. Ол маңға өмірі су келмеген, өткен көктемде келіпті. Шошынған олар қауіптеніп, әкімге барған. Шәпкенов болса «қардың суы, қардың суы» деп отыра берген.
Осылардың ішінде тек аудан әкімінің орынбасары қызметінен босатылды. Өзі қашқан кейбір мамандар кетті. Бәрін қойғанда, ТЖ бөліміне берілген ақша қайда деп қаржыға жауапты басшыларынан сұрасаң, оның да жауабы жұмбақ. Енді, осы жағдай тек Жылыойда, тек Атырау облысында болып жатыр дегенге кім сенеді? Барлық өңірлердегі жағдай бір шамалас келеді ғой».
«Заңның емес, идеологияның әлсіздігі»
«Қазақстанда су тасқынына қатысты үш қана іс қозғалыпты, осыған не айтасыз» деген сұрағымызды заңгер Айыпқан Мұхамедиевке де қойдық.
«Қазгидромет» тиісті ескертулердің бәрін уақытылы жасағанбыз деп дәлелдеп берді. Сонда да су жылдағыдан көп болды, табиғат қой деген сылтау айтылды. Мемлекет қыруар шығынға ұшырап, халық моральдық тұрғыдан соққы алды. Жердің беті зақымданды. Бірақ жазаға тартылғандар туралы ештеңе естіген жоқпыз.
Шындығына келгенде, төтенше жағдайлар мен оған дайындық пайда көзіне айналып кеткен. Жергілікті атқарушы органдардағы жауаптылар есебін жабады, ақшаны алады. Ал үкімет ақша бердік, істеліп жатқан шығар деп уайымсыз отырады. Екі ортада қиналатын халық пен елдің бюджеті. Ең сорақысы да сол, мемлекетке келген шығын ешкімнің жанына батпайды. Мемлекет шеккен зиянды ешкім жоқтамайды. Бір адамның немесе компанияның мәселесі болса, өзіне шығын келген адам жүгіреді ғой. Ал Қазақстан үшін, мемлекеттің бюджеті үшін жүгіру атымен жоқ секілді көрініп кетеді.
Оның бәрі заңның әлсіздігінен емес, идеологияның әлсіздігінен. Олай дейтінім, қаншама басшы неше түрлі қателік жасап жатыр. Солардың жазаға тартылатыны сирек. Мысалы, Екібастұз жылусыз қалғанда облыс әкімі жай ғана орнынан кетті де қалды. Неге орнынан кетуді оның жазасы деп қабылдауымыз керек? Ол өз әрекеті үшін заңды түрде жаза арқалауы тиіс еді. Сол секілді мысалдарды мыңдап келтіре беруге болады. Және бір жақ екінші жақтың қателігін көрсетуге, заңды жауапқа тартуға ұмтыла бермейді. Себебі бәрі бір-бірінің былығын біледі, бір-біріне кедергі келтіргісі келмейді. Бұл биліктің астыртын, айтылмаған заңы немесе заңдылығы. Президент айтпаса өз бетінше ешкім шара қолданбайды».
Баян Мұратбекқызы