Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:05, 20 Сәуір 2022

Шарасыз үкімет енді қайтпек?!

None
None

Халықты қазір қымбатшылық қамыты қос өкпеден қысып тұр. Еліміздің Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен айда азық-түлік өнімдері 15,4 пайызға қымбаттаған.

Есепке жүгінсек, бір ғана құмшекердің бағасы наурыз айында 51,5 пайызға дейін артқан. Азық-түлік өз алдына, азық-түлік емес тауарлардың бағасы да өткен айда 10,9 пайызға қымбаттаған. Баға деңгейі тұрмыстық аспаптарға – 27,8 пайыз,  автомобильдерге – 19,8 пайыз,  жиһаз және үйге қажетті заттар мен құрылыс материалдарына – 11,8 пайыз, фармацевтикалық өнімдерге 5,8 пайызға өсті.

   Бұл – жалпы есеп. Ал жалқы есепті алатын болсақ, кей өңірлерде, тіпті азық-түлік бағасы 36 пайызға дейін қымбаттаған. Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша,  аймақтағы елмен кездесу барысында қарапайым халықтың басым бөлігі тапқан табыстарын азық-түлікке жеткізе алмайтындарын айтып шағынған.

Бұған қатысты Еділ Жаңбыршин былай дейді:

– Статистикалық дерек бойынша қазақстандықтар табысының жартысынан көбін азық-түлік алуға жұмсайды. Біздің азаматтардың еңбек ақысының өсу деңгейі әлеуметтік маңызы бар тамақтардың бағасының өсу деңгейіне ілесе алмай отыр. Бұған қоса, азық-түлік көлемінің жеткілікті болу мәселесі де сұрақ тудырады.

   Сөйтіп, деректер көрсетіп отырғандай, біздің елде халықтың жалақысы өспейді, тек азық-түліктің бағасы көз ілеспес жылдамдықпен өсіп жатыр. Ең қынжыларлығы, алдағы уақытта қымбатшылықтан бөлек, азық-түлік тапшылығы да орын алуы бек мүмкін. Сонда біздің үкіметтің дағдарыс штабын құрып, қымбатшылыққа, тапшылыққа қарсы қабылдап жатқан шараларының нәтижесі қайда?! Ел сенген Смайылов үкіметі болашақта халықты қымбатшылық қамытынан құтқара ала ма?! Әлде осылай әр ай сайын инфляция халықтың қалтасын тесе бере ме?  

 Бұған қатысты, экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:

– Инфляция 36 пайыз. Жәрдемақыға, әлеуметтік төлемдерге 4 пайыз қосылады. Қазір халық тапқан табысының 60 пайызын азық-түлікке ғана жұмсап отыр. БҰҰ-ның есебі бойынша тапқан табысының 50 пайызын азық-түлікке жұмсайтын ел кедейшілік шегінде деген сөз. Ал біздікі 60 пайыз! Батыс елдерінде азық-түлікке жұмсалатын қаражат 12-15 пайызды құрайды. Дамыған елдердің көпшілігі тапқан табысын өзін-өзі дамытуға, оқуға, білімге, демалуға жұмсайды. Біздегі елдің қаражаты өзін-өзі дамытуға мүлде жетпейді. Қымбатшылықтың осылайша, ырыққа көнбей, дендеп кеткеніне үкімет қатты алаңдауы керек. Сондықтан жуық арада салмақты шешімдер қабылдануы тиіс, – дейді.

   Мамандар осылай дегенімен, біздің министрлер елдегі қымбатшылықтың байлап-матауға көнбей тұрғанын әлемдік экономикалық жағдаймен салыстыруда. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бағаның жаппай қымбаттауына әлемді жайлаған инфляция әсер етіп отыр. «Геосаяси жағдайға байланысты әлемде бағаның жаппай өсуі бізге де кері ықпал етіп отыр. Әлемде азық-түлік бағасы жыл сайын 20 пайызға өседі. Еуропада да 5-7 пайызға дейін инфляция тіркелген. Көршілес елдерде де бағаның өсуі 15 пайызға жетті. Бұған қоса, теңгенің 18 пайызға құлдырауы бағаның қымбаттауына әсер етіп отыр», – дейді министр.  

Ал сарапшылар «Сұлтановтыкі сылтау» деседі.

– Сауда және интеграция министрі өзінің уәждерін айтады. Ұлттық экономика және қаржы министрлігі келесі бір сылтаудың шетін шығарады. Негізінде осы үш министрлік тізе қосып, үкіметке нақты-нақты ұсыныстарды ұсынуы керек емес пе?! Егер біз осы уақытқа дейін отандық өнім шығаратын әлеуетімізді арттырып, материалдық базамызды нығайтқанда, көрші елден өнім сұрап, алақан жайып отырмас едік. Өз өнімімізді өндірсек, жағдайымыз әлдеқашан жақсарған болар еді, – дейді Тоғжан Шаяхметова.

Көршіден өнім сұрау дегеннен шығады, былтыр нақ осы Бақыт Сұлтановтың арқасында, біздің лексиконымызға «форвардтық келісім» деген сөз тіркесі енді. Өткен жазда картоп пен сәбіздің бағасы 500-700 теңгеге дейін көтерілгенде, министр Сұлтанов осы форвардтық келісім бойынша көршілерден картоп пен сәбіз сұрап, қымбаттаған өнім бағасы сәл-пәл тұрақтанғандай болған. Ал биыл ше?! Биылғы жазда осы жағдай қайталануы мүмкін бе?!

 Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, осы жылғы жазда былтырғы қуаңшылықтың салдарын біз нақты көретін боламыз.

– Бағаның қымбаттауына қатысты әлемдік жағдайдан бұрын өткен жылғы қуаңшылықты мысал ету керек. Былтыр мал қырылды, қуаңшылықтан егіс те биыл аз егілді. Өткен жылы негізінде, үкімет қанша мойындағысы келмесе де кәдімгі жұт болды.  Биыл соның зардабын көреміз, – дейді маман.

Расында да былтырғы қуаңшылықтан, жайылым жерлер қуарып кеткендіктен, жем-шөп те қымбаттады. Осыдан барып малдан алынатын өнім ретінде еттің бағасы қымбаттады. Астық көлемі аз егілгендіктен, ұнның бағасы да қымбаттау алдында тұр. Бұған қатысты үкімет «тұрақтандыру қорларында арзан бағада алынған азық-түліктері бар», деп есеп береді. Бірақ оның қызығын халықтың толыққанды көре алмай отырғаны тағы жасырын емес.

– Біз үшін келешекте азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, қордағы азық-түліктер легін арттыру маңызды болмақ. Таяу болашақта әлемде астық тапшылығы орын алып, ұн бағасының қымбаттау қаупі де төніп тұр. Себебі Ресей шекараны жапса, Украинаның қазір астық егетіндей жағдайы болмай отыр. Бұл екі ел әлемдік астық өндіру көлемінің 30 пайызын қамтиды. Сондықтан осы жайтқа қатысты еліміздің «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ нарықты нақты бақылап отыруы керек. Үкіметке тұрақтандыру қорында қанша көлемде астық, ұн, азық-түлік бары шынайы дұрыс айтылуы керек, – дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Осы арада «Азық-түлік келісімшарт корпорациясын» былтырғы аты шулы қуаңшылықта «жұмысты үйлестіруге біліктілігі жетпеді, міндетін дұрыс атқара алмады», деп президенттің өзі үкім шығарып, орынтағымен қоштасқан экс-министр Сапархан Омаров басқаратынын ескерсек, «азық түлік қауіпсіздігімізді нықтауда Омаров опа бере ме?» деген сауал тағы да еріксіз мазалайды.

   Жалпы, осы уақытқа дейін үкімет дағдарысты, қымбатшылықты еңсеруге қатысты шаралар атқармады емес, атқарды. Бірақ олардың нәтижесі көңіл қуантпай отырғаны ащы да болса шындық. Қымбатшылық асау аттай алдыға түсіп, шауып барады, ал оның артында тарығып, халық қалады. Бірақ біздегі үкімет мүшелерінің есебі түгел. Олар мәселенің тігісін жатқызып, есеп беруге барлығын үйлестіріп, көрсетуге әбден машықтанып алған. Әттеген-айы осы...

Тегтер: