Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:51

Шардарада 5-сынып оқушысы дене шынықтыру сабағында қаза тапты

1
Фото: «Орда»

Түркістан облысының Шардара қаласында қайғылы оқиға болды. Қасым Аманжолов атындағы мектептің 5-сынып оқушысы 11 жастағы Арнұр Қошербай дене шынықтыру сабағы кезінде жазатайым жағдайда көз жұмды.

Өткен аптада дене шынықтыру пәнінің мұғалімі оқушыларды далаға алып шыққан. Бұл — бірінші тоқсанның соңғы сабағы болатын. Сабақ барысында Арнұр мектеп стадионының қоршауына өрмелеп шығып, кейін абайсызда ағаштан құлап кеткен.

Мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Қалдарбекованың айтуынша, оқиға кезінде көзге көрінерліктей жарақат болмаған.

«Бала стадионның қоршауына шыққан. Төмен түсу кезінде жіңішке ағашқа соғылып қалды. Сол сәтте қан немесе ауыр жарақат байқалмады, бірақ біз дереу баланы ауруханаға жеткіздік», — дейді ол.

Дәрігерлер Арнұрдың қуық аймағынан ауыр жарақат алғанын анықтап, ота жасаған. Өкінішке қарай, операциядан кейін баланың жүрегі тоқтаған.

Ата-анасы қазіргі таңда түсініктеме беруден бас тартқан.

Тергеу басталды

Шардара аудандық білім бөлімі оқиға бойынша қызметтік тексеру бастағанын хабарлады. Полиция да қылмыстық іс қозғаған.

«Мұғалім әзірге жұмыс орнында, алайда прокуратура ұсыныс енгізді. Келесі аптада тергеу аяқталғанша педагогты қызметінен уақытша шеттету жоспарланып отыр», — деді аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Мусатаева.

Мектеп ұжымы 34 жастағы мұғалімге араша түсіп отыр. Олар оның бұл мектепте 10 жылдан астам еңбек еткенін және бұған дейін ешқандай шағым болмағанын айтты.

Тегтер: