Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 24 Шілде 2024

Шарлапаевтың тыңдай отырып құлақ аспау формуласы

Шарлапаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Мамыр айында утильалымы мен алғашқы тіркеу ақысына қарсы топ жариялаған петиция 50 мыңнан аса қол жинап, билік оны қоғамдық талқылау кеңесіне салуға мәжбүр болған. О бастан аталған петицияның нәтижелі болуына белсенділер күмән келтірген.

 Айтуларынша, үкімет құрған комиссия Лаврентьевтің автозауыты мен оның айналасындағы шағын топтың мүддесін қорғап келеді. Белсенділер болжағандай-ақ, 19 шілде өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утильалым мен алғашқы тіркеуге қарсы петиция талаптарын қанағаттандырмайтынын мәлімдеді.

«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділері арнайы жұмыс тобын құрып, утильалым мен алғашқы тіркеуге қатысты петицияны қарастырды. Ашық қоғамдық талқылау нәтижесінде, петиция талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды» деп мәлімдеді министр.

Шарлапаевты есеп беруге мәжбүрлеген петиция имитация ма?

50 мың адам қол қойған петицияның қанағаттандырылмайтынын утильалымға қарсы белсенділер басынан-ақ білді. Дегенмен Шарлапаев басқарып отырған министрлік қоғам пікіріне құлақ асып қалар деген үміт те болды. Сарапшылар Қазақстан билігінің петиция жинау, қоғамдық талқылау заңын енгізу әрекеті биліктің өтірік имитациясы ғана деп отыр. Белгілі саясаттанушы Досым Сәтпаев «ГиперБорей» каналына берген сұхбатында билік азаматтық қоғамнан мұндай белсенділік күтпеді дейді.

«Авторитарлы билік қоғамға ұсынатын кез келген саяси, экономикалық институттар, петиция талқылау дегеннің бәрі – қолдан басқарылатын биліктің диалог имитациясы ғана. Соңғы 30 жылды қарасақ, қоғам белсенділерінің басын қосатын демократиялық даму, мәдени даму қауымдастықтары, министрліктер астындағы қоғамдық кеңестер дегеннің бәрі қоғаммен байланыс құру терезелері ретінде құрылды. Онлайн петиция да сондай бір имитацияның түрі. Қоғам билікпен байланысудың қандай да бір каналын сұрап, талап етті. Саяси технологтар «петиция түріндегі диалог формасын құрайық» деді. Бұл биліктің қоғамды тыңдау, бірақ құлақ аспау формуласы еді. Бірақ билік азаматтық қоғам петиция жинау мүмкіндігін шынымен де қолданып, ашық диалог орнатқысы келеді деп күтпеді. Сондай-ақ петиция арқылы қандай да бір мүдделі дүниелерге төменнен дауыс жинауды көздеді. Бірақ санкцияланбаған петиция монополизмге үйренген шенеуніктерді халық алдында есеп беруге мәжбүрледі. Нәтижесінде, шенеуніктер 50 мың адамның санын өсіруді ойлап отырған болар. Бірақ 20 миллион тұрғыны бар Қазақстан үшін 50 мың адамның онлайн петицияға қол қоюы үлкен көрсеткіш. Себебі 80 млн тұрғыны бар Германия, Ұлыбританияда петицияға 50-100 мың қол керек. Ал Швейцарияда 50 мың қол референдум өткізу үшін керек».

Биліктің ұсыныстарын қанағаттандырмағанына қатысты пікір сұрап петиция ұйымдастырушысы Санжар Боқаевқа хабарласқан едік. Бірақ белсенді телефонға да, жеке хабарламамызға да жауап бермеді. Алматыда өткен қоғамдық талқылауға қарсы тараптан жалғыз өзі қатысқан «Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері республикалық одағының» төрағасы Владимир Дворецкий мұндай әрекеттері арқылы билік халықпен санаспайтындарын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр дейді.

«Қоғамдық талқылауда да нақты статистика келтірілген, дәлелденген толыққанды отырыс болған жоқ. Жәй ғана тыңдау имитациясы жасалды. Екі тарап өз ойын айтты, ортақ шешімге немесе келісімге келмеді. Бәріміз білетіндей, ӨКМ операторы (РОП), утильалым, автопром бір мега жоба. Мақсат пен логика – бір отбасының пайдасы мен оған қызмет етуші шағын бір топтың мүддесі үшін ғана. Президент Тоқаев мәселені мойындап, өз шешімімен РОП-ты «Жасыл дамуға» өзгертіп, утильалым бағасын екі есеге төмендетті. Бірнеше жыл болды утильалым мәселесі бәрімізді зорықтырып жіберді, себебі о бастан жобада нормативке сай емес пайда көзделген. Қазіргі автопром саудадан өсіп, сол деңгейде қалып қойды. Петицияның мақсаты – утильалым мен бастапқы тіркеуді тоқтату болатын. Неге тоқтату керек деген сұраққа келсек, утильалымның бағасы шығатын шығыннан он есеге көп, утильалымды кәдеге жарату бойынша өндіріс факті бойынша жоқ. Айналып келгенде салмақ қарапайым халықтың қалтасына түседі, пайда белгілі бір мүдделі топтардың қалтасына кетеді», – деді Владимир Дворецкий.

Петициядағы дәлелдер негізсіз екен...

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің департамент директоры Әділбек Бектібаев Шарлапаевтың мәлімдемесіне дейін де утильалым алынбайтынын кесіп айтқан болатын. Министрлік өкілі петициядағы дәлелдер негізсіз деп отыр.

«Кез келген петиция нақты дәлелдерден тұрады. Сол дәлелдер негізінде талаптар қойылады. Негізгі келтірілген аргументтер – утильалымның кесірінен көлік бағасының өсуі, ауыл шаруашылығы техникасы мен автопарктердің жаңармайтыны туралы болды. Осыдан М1 категориялы көлігіне 150 мың теңге баға қою, қалған көлік түрлеріне утильалым бағасын жаңарту, ауыл шаруашылығы техникасынан алымды мүлдем алып тастау деген талаптар қойылды. Дәлелдер тексеріліп, рас екені анықталса талқылауға түсіп, шешім қабылданады. Заң аясында петицияға қатысты үш шешім бар: петицияны толықтай қанағаттандыру, петициядан бас тарту және талаптардың жартысын қанағаттандыру. Негізгі дәлелдерден бөлек, жанама дәйектер болды. Барлық талқылаудан кейін жобаның шешімін шығаруға қатысты талқылауға петиция ұйымдастырушысы Санжар Боқаевтың өзі қатыспады. Талап-тілектерін айтуға мүмкіндік болған еді, бірақ қарсы тараптан бір ғана адам қатысты. Петициядағы талап-тілектердің кейбіреуін ашып түсіндіре алмады. Уәкілетті органдар барлық келтірілген фактілерді тексеріп, талаптарын қанағаттандырудан бас тартты. Жұмыс тобына қатысқандарда петиция талаптарын қолдамады. Жаңа дәлелдер ұсынылмаған соң, осындай шешім қабылданды», – деді Әділбек Бектібаев.


Әлия Назарбаеваның тұсында адам шошырлық күйге түскен автопарктер

Ал тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоковтың айтуынша, утильалым бағасын өзгертпеу арқылы билік Қазақстанды ескі-құсқы көліктердің отанына айналдырады. «Бес жылда әлемде жоқ утильалым бағасынан түскен қаржының көп бөлігі қайда кеткені белгісіз. Әлия Назарбаева басқарған атышулы РОП келгелі – Қазақстандағы автопарктер адам сенгісіз күйге түсті», – дейді сарапшы.

«Елдегі автопарктер ҚҚС, акциз, баж салығы, утильалымның он есеге өскен бағалары қосылып, 2016 жылдан бастап катастрофалық жағдайда ескіре бастады. Әлемдегі көліктердің утильалым бағалары 100-200 доллар ғана, ал бізде 2000-3000 доллар. Осының кесірінен Қазақстанға жаңа авто көліктердің келуі азайып, нарық өз ішінде өзі қайнады. Утильалым мен алғашқы тіркеу бағасының қайда жұмсалатыны белгісіз. Қазіргі таңда утильалыммен «Жасыл дамуға» дейін айналысқандардың жартысынан көбінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, түрмеде отырғандарын ескерсек, ақша жымқырудағы «заңдастырылған» алаяқтық. 2016-2023 жылдарды қосқанда тек қана утильалымға қазақстандықтардың қалтасынан 2,5 млрд доллар алынды, бұл триллиондаған теңге. Толық циклді көлік зауыттарының құны – 500 миллион доллардан басталады, дайын көлік зауытының құны 1 млрд доллар. Утильалымнан түскен қаржыға төрт көлік зауыты мен ар жағында қалған сомаға утильалым зауытын тұрғызуға болады. Қыруар қаражат бір отбасының қалтасына кетіп отырды. Мұның нәтижесі – адам шошырлық жағдайда ескіріп кеткен автопарктер. Елдегі утильалым құны шамамен 100 мың теңгеден, алғашқы тіркеу бағасы 50 мың теңгеден артық болмауы тиіс. Сондай-ақ сырттан алып келетін мінілген көліктердің техникалық регламенттерін көтеру керекпіз. Олай жасамаған жағдайда, Қазақстан әлемдегі ескі көліктердің отанына айналады. Техникалық регламент қою арқылы ғана Қазақстан автопаркін жаңарта аламыз. Ал отандық өнім деген желеумен жиналып сатылып жатқан жаңа көліктердің құны түпкі өндіруші Корея, Қытаймен салыстырғанда екі-үш есеге жоғары», – дейді Эдуард Эдоков.

Утилизация алымы – мемлекетке төленетін бір реттік төлем, ол келешекте көлікті утилизацияға жіберген кезде жұмсалуға тиіс қаржы. Қазақстанда көлікті елге алып келгенде төленетін утильалым 2016 жылы 1 қаңтарда енгізілді. Кейін қоғам тарапынан сынға ұшырап, 2022 жылы қайта қаралды. Сол жылғы мамырда утильалымның жаңа мөлшерлемелері жарияланды. Төлем 50%-ға азайды. Бүгінгі таңда бұл іспен «Жасыл даму» АҚ айналысады.

Айжан Қалиева

Астана қаласы