Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:08, 30 Мамыр 2024

Шарлапаевтың жасанды петициясы

Шарлапаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Министр Шарлапаев утиль алым туралы сұрақты қарастырмаймыз да деп жүргенде тиісті петиция 50 мың қол жинады. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі енді қаласа да, қаламаса да халықтың пікірімен санасып, бұл сұрақты «шаммен» қарауы тиіс. Көпшілік солай күткен. Бірақ министр мен министрлік әрекетіне сай қадамнан бұрын, петицияға қарсы петиция шыға келді. «Халықтың кірісі артуы үшін! Өнеркәсіптің дамуы үшін!» деген атпен жарияланған петиция көптің көңіліне күдік ұялатып, ойландырып қойғаны рас.  

2015 жылы сол кездегі инвестиция және даму министрлігі Қазақстанға келетін көліктерге утиль алым енгізуді ұсынды. Қарсылық та дәл сол уақытта пайда болып, 2016 жылдан бері тек күшейе берді. Ең қызығы, 2022 жылы утиль алым құны Жапонияда – 120 доллар, АҚШ пен Германияда – 180 доллар, Еуропа елдерінде бар-жоғы 100 еуро болған кезде, біздегі «парыз» төлемнің сомасы 440 мың теңгеден басталып, 13 миллион теңгеге бір-ақ тірелетін. Өйткені экономикалық тұрғыдан бәсекеге қабілетті елдер утиль алымды тұрғындарының орташа еңбекақы мөлшеріне қарап бекітеді. Жалпы ішкі көлік өндірісі дамыған елдер ғана шетелдік көліктерге үстемеленген утиль алым енгізетін. Ал біздегі жағдай тіптен қисынсыз сипат алып, жұртшылықтың қатты сынына ұшырады. Әйтеуір дегенде 2022 жылғы мамырдан бастап алым мөлшері 50 пайызға қысқартылды. Соған қарамастан, бүгінде жеңіл көлікке төленетін утиль алымның құны көліктің өз құнымен шамалас: жеңіл автомобиль үшін – 229 мыңнан 1 млн 828 мыңға дейін; жүк көлігі үшін – 536 мыңнан 3 млн 139 мыңға дейін; ауыл шаруашылығына арналған трактор, комбайндар үшін – 6 млн 891 мыңға дейін ақы төлеуге тура келеді.

Осы мәселені көтергендер 20 мамыр күні Астанада жиналып, шетелдік автомобильді елде есепке қойған кезде алынатын алғашқы тіркеу ақысы мен утиль алымын жоюды талап еткені есімізде. Ол күні Шарлапаев төбе көрсетпесе де, өкілдері келген, қолдарынан ештеңе келмейтінін айтқан. Ал ведомство басшысының өзі бұл мәселені қарастырмаймыз, утиль алымы төмендемейді деп, оны талап етіп жүргендер «алыпсатарлар» екенін мәлімдеген. Бірақ ол бұл мәселені қарастыруға мәжбүр. Себебі өткен қазанда онлайн петициялар туралы заң қабылданып, арада алты ай өткенде, яғни осы жылғы сәуірден бастап күшіне енді. Бұдан былай мемлекеттік «Е-петиция» плаформасында жарияланып, тиісті дауыс жинаған петициялар жауапты органда қаралады. Меже қала мәслихатында қаралуы үшін – 2500 дауыс, үкімет деңгейінде қаралуы үшін – 50 мың дауыс. Утиль алымға қарсы петиция 10 күн ішінде тиісті дауысты жинап, министрлік назарына жолданды. Осыған орай баспасөз конференциясын өткізген «Нет утильсбору» қозғалысының жетекшісі Санжар Боқаев Шарлапаевты дебатқа шақырды.

«Мен Шарлапаевты дебатқа шақырамын. Мемлекеттік дебаттар ұйымдастыруды қолға алып, істі алдымен министрлерден бастау қажет. Осылайша, олар өздерінің даласын дамыта алатындай шамасы бар екенін дәлелдеуі тиіс. Утиль алымды жоймаған жағдайда көліктердің орташа жасы ұлғая береді. Соңғы 9 жылда бұл көрсеткіш 15-тен 22 жылға дейін өскен. Демек, біз ТМД елдерінің ішіндегі ең ескі автопарк иесіміз. Оған қоса, ауыл шаруашылығы мен маманданған көліктердің де мінілген, ескіргені басқа ТМД елдерінде 50-60 пайыз болса, бізде 70 пайыздан асып жығылады. Егер жағдай түзелмесе, Дүниежүзілік сауда ұйымына жүгінуге мәжбүрміз. Өйткені елдегі бүгінгі ереже аталған халықаралық ұйымның басты келісіміндегі тарифтік саясатқа сәйкес келмейді», – дейді қозғалыс жетекшісі.

Қозғалыс өкілдері мен утиль алымға қарсы тарап осы сұрақты референдумға шығару керек деп есептейді және жеңіл автокөлікке төленетін соманың 100-200 мың теңгеге дейін қысқаруын талап етуде. Ал утиль алымға қарсы шыққандарды «перекупщиктер» деп елемеген Шарлапаев петиция бойынша 40 күн ішінде ресми жауап жариялаймыз деп хабарлады. Айтуынша, өңірлерді аралап, кеңестер өткізетін, зауыттар мен өндіріс орындарын аралайтын комиссия құрылып, іске кіріседі. Одан соң комиссия жұмысына қорытынды жасалып, қоғамдық тыңдалым ұйымдастырылады. Аталған процестің бәрі жобамен 5 шілдеге дейін аяқталады. Министр альтернативті петициялар болса, олар да ескеріледі деп қалды. Соған қарағанда, Шарлапаев шамалап, тұспалдап, бір нәрсені айтқысы келгендей көрінді. Сөйтсек, расында да «қарсы петиция» жарияланып, оған күштеп қол қойғызылып жатыр екен. Ақ-қарасы ажыратылмаған бұл ақпаратқа сенгің де келмейді... Алайда жаңа петицияның астындағы пікірлер екіұдай ойларға қалдырып отыр.

25 мамыр күні «Халықтың кірісі артуы үшін! Өнеркәсіптің дамуы үшін!» деген атпен жарияланған петиция қазір 16 мыңнан астам дауыс жинаған. Петиция мазмұнын қысқартып ұсынсақ: «Осы петицияға қосылған азаматтар жергілікті өндірісті дамыту жағындамыз, мықты және әртараптандырылған экономика тұрақты және жарқын болашақты қамтамасыз етеді, экономикалық егемендік қалыптастырады. Өндіріс көп болса, жұмыс орындары да көп. Әр өндіріс орнындағы бір жұмысшының артында оның отбасы бар. Жергілікті өндіріс кәсіпкерлік пен инновацияға жол ашады. Қауіпсіздік пен экологияға септігін тигізеді. Біз үкіметтен «сұр импортқа» қарсы шараларды күшейтуін, отандық өнеркәсіпті қолдауды арттыруын сұраймыз. Осылайша, тәуелсіз де мықты Қазақстанды бірге құрайық!».

Иә, петиция мен өтініштен, шынайы мәселе мен көптің көңіліндегі ойдан гөрі шенеуніктерден естіп құлақ шаршаған ұрандарға көбірек ұқсайды... Мұнда петицияның жалпылама, тым жұпыны, экспрессивті жазба емес, конструктивті сын мен ұсыныс екені ұмыт қалғандай. Пікір қалдырушылар да осыны көп ескерткен. Алдымен жаппай бірдей «За» , «Я за», «За, голосую» деген пікірлерді жиі ұшырастырдық. Бір мерзімде бірнеше автордан жазылыпты. Одан бөлек, бұл петиция утиль алымға қарсы петиция екені, өте жалпылама жазылғаны, нақты ұсынысы мен себебінің жоқтығы, министрліктің айласы деген болжамдар жазылыпты. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынайық:

А. Мұрат: «Мына петицияның авторы себеп-салдарлық байланысты көрмейді. Протекция мен лозунгтан басқа нақты ештеңе жазылмаған. Ұранды сөздермен 2020-ны, 2030-ды көрдік. Бұлай жалғаса берсе 2050, 2080 десең де осы жүргеніміз жүрген. Министрлік барлық бюджеттік қызметкерлерді қол қоюға мәжбүрлеп, қанша блогер жалдаса да ашық қоғамда өмір сүріп жатқанымызды жадымызда ұстайық. Талқыға алаң көп. Бұл – жалған петиция мен жалған дауыстар екені түсінікті жайт».

С. Нұркен: «Қазақстанда «өндіріліп» жатқан көліктер Өзбекстанда да өндіріледі және біздегіден әлдеқайда арзан бағада сатылады. Қытайда утиль алым мен «первичканы» қосқанда 8,5 млн тұратын тура сол көлік бізде 12 млн болады. Бәлкім, бұл сала біздікі емес шығар? Немесе ерте кірісіп кеткен болармыз? Өнеркәсіпті дамытқымыз келсе, потенциалы зор деген ауыл шаруашылығынан, жеңіл өнеркәсіптен бастау керек. Ал көліктің бөлшектерін сырттан әкеліп құрастыру арқылы автомобиль өндірісін дамытамын деу – қиял».

А. Ербосын: «Қолдау болу керек, бірақ бәсекелестік те сақталуы тиіс. Бізге күн астындағы күнекей секілді өндіріс орындары не үшін қажет? Өз беттерімен нарықта бәсекеге шыға алмаса, субсидия есебінен жұмыс істеп отырса да бірталай мәселе тудырса, салықтық жеңілдіктер мен преференциялар алып отырып тағы жағдай жасауды сұраса, ондай компаниялар кімге керек? Оданда қолжетімді бағада сапалы өнім шығарсын да, өз күндерін өзі көрсін. Нарық заңы – осы».

Бұдан бөлек, «Еш мағынасы жоқ петиция», «Оқып отырсам, осы петицияны Шарлапаевтың өзі жазған секілді. Оған отставкаға кету керек», «Псевдопетиция жасау «мемлекет мүддесін көздеген» талантты шенеуніктеріміз үшін ұятты іс», «Утиль алым соңғы 8 жылда өзінің тиімсіз, пайдасыз екенін дәлелдеді» деген сынды пікірлер жиі жазылыпты. Расында, дәл утиль алым туралы петиция 50 мың дауысқа жуықтағанда өндірісті дамыту туралы бұлдыр да мақсатсыз петицияның шыға келуі таңғалдырмай қоймайды. Әрі петиция астына өздерін немесе таныстарын мәжбүрлеп жатқандар да пікір қалдырған. Мәселен, Б. Болат, А. Қасымжан «Шахтерларды қол қоюға мәжбүрлеуде», Л. Мария «Қарметте жұмыс істеймін, қол қоюдан бас тарттым», К. Нұрберген «Зауыт қызметкерлеріне қол қою міндеттеліпті», Ю. Галиб «Досыма қол қоймасаң жұмыстан шығарамыз деп ескерткен» деп жазба қалдырған. Ал «Қармет» бұл ақпаратты жоққа шығарып әлек. Компанияның ресми өкілі Талғат Темірханов былай деп пікір білдірді:

«Ақпарат алаңында компания әкімшілігі қызметкерлерге қысым көрсетіп, «Халықтың кірісі артуы үшін! Өнеркәсіптің дамуы үшін!» атты петицияға қол қоюға мәжбүрлеп жатыр деген расталмаған ақпарат тарап жатыр. «Қармет» басқа да өнеркәсіп орындары секілді петицияда көрсетілген бағытты қолдайтыны сөзсіз. Сондықтан осы сұраққа қатысы бар әрбір өнеркәсіп қызметкері мен олардың отбасы, яғни 100 мыңнан астам адам осы петицияға қол қоятын болады. Себебі бізді отандық өнеркәсіпті мықты ету деген мүдде ортақтастырады. Ал қол қойғысы келмегендер жұмыстан шығарылады немесе қысым жасалады деген сөз – қауесет».

Ал Allur компаниясына хабарласқанымызда нақты пікір білдіретіндерін айтты. Алайда газет беттеліп болғанша біржақты хабар бермеді. Осы оқиға мен петицияның рөлі туралы саясаттанушы Мөлдір Батиханова былай дейді:

«Петиция демократия құралдарының бірі ретінде қоғам үшін өте маңызды. Елімізде петициялар жүйесін енгізу, жетілдіру ашық мемлекет құруға жасалған жақсы қадам деуге де келеді. Десек те, белгіленген 50 мың қол жиналмай, 40-45 мың қол жиналса да бұл құбылыс қоғамдағы қандай да бір алаңдаушылықтың көрінісі ретінде бағаланып, ескерілгені дұрыс. Жалпы халық тарапынан біраз дауыс жинаған петициялар үкімет тарапынан қаралғаны қажет. Өйткені мұндай формадағы өтініштерді елемеу азаматтардың билік институттарына деген сеніміне нұқсан келтіруі және олардың болашақта азаматтық бастамаларға қатысуға ынтасын төмендетуі ықтимал. Ал енді мәжбүрлеуге келсек, басшылықтың субъективті бұйрығы мен қысымы көптеген қазақстандықтар үшін қалыпты секілденіп кеткен. Дәл петицияға келгенде мәжбүрлеп қол қойдыру фактісі кездессе, расталып жатса, ол азаматтық қоғамның ұйқылы қалпы мен адамдардың өз құқығын таптатуға бейімділігінен хабар береді. Бір жағынан халықтың әлеуметтік жағдайы тұрақсыз, билікке, әділет органдарына сенімі аз елде ондай оқиғалардың болуы да заңды ма дейсің... Не де болса азаматтар өз құқығын білуі қажет».

Петицияның екпінін петициямен басамын деп еліріп отырған Шарлапаевтың шын ниеті елдің өндірісін дамыту болса, онда оны халықтың қалтасындағы ақшамен емес, нақты экономикалық жоспармен дамытқаны әлдеқайда абыройлы іс болар еді-ау...

Баян Мұратбекқызы