Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:35, 18 Қаңтар 2023

Шашылған бидай шығынына кім жауапты?

None
None

Қарағанды маңайындағы темір жол аумағында шашылған бидай талай жанды сергелдеңге салып қойды.

Вагон аударылуы салдарынан далаға төгілген бидай кәсіпкерлерді қып-қызыл шығынға ұшыратты. Бұл оқиға 28 желтоқсанда орын алған. Қарабас стансасында жүк тасымалдау пойызының 19 вагоны рельстен шығып кеткен еді. Тауар тасымалдауға жауапты болған «Қазақстан теміржолы» ҰК АҚ вагондардың ақаулы тұсы болды деп мәлімдеген еді. Алайда вагон иелері бұл айтылған уәжбен келіспей отыр. Қарағанды қаласында баспасөз мәслихатын өткізген кәсіпкерлер өздерін алаңдатқан мәселені баяндап берді. Далаға төгілген астық пен вагон «Новоишим» астық компаниясына тиесілі көрінеді. Баспасөз мәслихатына қатысқан вагон иесі Серік Қожахметов «Қазақстан теміржолы» компаниясының вагонда ақау болғандықтан, апатты жағдайға осы себеп болуы мүмкін деген болжаммен келіспейтіндігін жеткізді.

«Төтенше оқиға болды деп айтқан бойда сол жерге бірден бардым. Барсам, ҚТЖ мамандары болуы керек, қалпына келтіру жұмыстарын жасап жатыр екен, далаға шашылған бидайды қапқа салып алып жатқандар болды. Вагон дөңгелектері жұбының кептелісінің салдарынан осындай болып қалды деп түсіндірген. Бірақ мен сол жерді бағдарлап қараған кезде дәнекерленген рельсті көрдім. Біз бірнеше жылдан бері Өзбекстанға бидайды осылай тасымалдап келе жатырмыз, мұндай жағдай бірінші рет кездесіп отыр. Бұл вагондар жаңа, оны біз Ресейден сатып алған едік. Осы оқиғадан кейін Ресейдегі бізге вагон сатқан компаниядан мамандарды осы жаққа шақырттық. Ол мамандар вагоннан ешқандай ақаулы жайтты таппады. «Қазақстан теміржолы» компаниясы вагонның ақауынан болар деп дәлелсіз хабар таратқаны ешқандай қисынға келмейді. Жарамсыз болып қалған вагондардың және діттеген жеріне жетпей қалған тауардың құнын, теміржол ақысына төленген шығынды кім өтейді? — деп мәлімдеді вагон қожайыны Серік Қожахметов.

Қазақстан кәсіпкерлер қауымдастығының облыстық филиал төрағасы Ермек Әбілдин төтенше жағдай болғаннан кейін оның себеп салдарын анықтайтын комиссияның кешігіп он күннен кейін ғана құрылуының өзі заңның өрескел бұзылғандығы деп есептейді. Осылайша, қып-қызыл шығынға баттық деген кәсіпкер оқиғаның мән жайын анықтап жатқан тергеп-тексеруге күмәнмен қарайды. Ал кәсіпкерлерге қолдау білдірген «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі, Қазақстан Республикасы парламент мәжілісінің депутаты Ерлік Өмірғали премьер-министр Әлихан Смайыловқа, Қазақстан Республикасының бас прокуроры Б. Асыловқа депутаттық сұрау жолдаған екен. Дегенмен кәсіпкерлерде теміржолда болған апатты жағдайды тексеріп жатқан комиссия әділ қорытынды шығарар деген үміттері бар. Дау туғызған бұл мәселеге қатысты әзірге нақты түйінді шешім шығарылған жоқ.

Тегтер: