Шатыр ұшты, жарық өшті
Қызылорда қаласындағы болған дауыл тұрғындардың зәре құтын қашырып кетті. Өйткені дауылдың екпіні бала-шаға тұрмақ, үлкендерді ұшырып кетердей қауқарлы-тын.
Салдары сол, бір мезетте 14 көпқабатты үйдің шатыры көкке ұшты. Қуанышқа орай, қаралы, суық хабарлардан ада болдық. Табиғаттың тылсым мінезі, адамдардың жасаған шикі жұмыстары мен жауапкершілігі жоқ адами олқылықтарын көрсетіп берді. Қала бойынша барлық жерде жарық өшіп, көпқабатты үйлер сусыз қалды.
Қала бойынша қатты зардапқа ұшыраған Тасбөгет кентінде көпқабатты тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекемелердің де шатыры ұшып, қаңылтыр жабындылары опырылып қалды. Шатырлары ұшқан үйлердің көбісі модернизациядан өткен, жөндеу көрген үйлер еді. Мердігерлердің шикі жұмыстарын табиғат осылайша өзі жалаңаштап берді. Оны тұрғындарда растайды.
— Жөндеу жұмыстары тым нашар болды. Қаққан шегелеріне дейін дұрыс болмады ғой. Сапасымен келіспей, құжаттарына да қол қоймадым сондықтан, – дейді кент тұрғыны Әли Таңқыбаев.
Шатырсыз қалған 14 үйден бөлек қатты желге екі мектептің де жабындылары шыдас бермеген. Оның бірі жаңа мектеп. Үйлерден ұшқан қаңылтыр шатырлар балалар ауруханасының темір қоршауын жұлып кетсе, енді бірі жарық бағанасына қадалған. Ал жарықсыз қалған кентте электр жарығының бағаналары қисайып, сымдары ғана үзілмей қалған.
Тасбөгеттіктер кент әкіміне реніштерін білдірді. Үйлердің айналасын тазарту үшін тұрғындар жергілікті биліктен көмек сұраған, бірақ әкім дегбірге түскен халықты сабырға шақырмаған.
– Әкім келіп суретке түсіріп алды да, кетіп қалды. Өздерін істеңдер, өздерің қойыңдар жеке деп. Сонымен қалдық бала-шағамен шулап, – дейді Қаламкүл Үмбеталиева.
– Қираған дүниенің барлығын еркектерге қосылып, біз де жинармыз. Бірақ әкім не үшін отыр дейміз ғой, бізге сәл көмек бермесе. Ал балалар ойнап жүр, үстіне түссе не істейміз мысалыға? – деді кент тұрғыны Қуаныш Аякенова.
– Расын айту керек кешегі жағдай ешкімге оңай соқпады. Біраз адамдар осындай жағдайда сыналатыны белгілі ғой. Физикалық тұрғыдан болсын мейлі психологиялық жағынан болсын «әкім» деген төзімді, әрі ұстамды бола білуі керек. Ауызбіршілік болмаған жерде бірлікте болмайды, одан кейін тірлікте өнбейді, тек соны білуі керек, – дейді кент тұрғыны Жасұлан Жақыпов.
Кент әкімдігінің орнына Қызылорда қаласының әкімдігі көмек беретін болып халыққа басу айтты.
– Барлық ақаулар есептеліп, зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Ұшып кеткен шатырлардың орны тазартылып, қала әкімдігінің тарапынан жұмыстар жүріп жатыр, – деді қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай.
Сонымен қатар әкім орынбасары «шығынның мөлшерін есептеп, не кәсіпкерлерден көмек сұраймыз, не жөндеу жұмыстарына қаржыны қалалық бюджеттен қарастырамыз» деді.
31 мыңнан аса халқы бар Тасбөгет кенті бұрынғы Сырдария ауданының орталығы, бүгінде Қызылорда қаласына қарасты кент.