Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:10, 19 Сәуір 2023

Шатырлар неге ұшады?

None
None

Сәуірдің 1-4 аралығында болған табиғаттың тосын мінезінен секундына 20-30 метр жылдамдықпен соққан желдің екпінінен Шу қаласы мен аудандағы ауылдарда түрлі нысандар мен үйлердің шатырлары ұшты.

Жеке үйлер мен ғимараттарды есептемей-ақ қояйық, мемлекет меншігіндегі 7 білім нысаны айтарлықтай зардап шекті. Осы жерде «неге?» деген сұрақ туындайды. Өмірінің 45 жылын құрылыс саласына жұмсаған «советский прораб» ағамыз айтады. «Қазіргі құрылыс жұмыстарында сапа жоқ. Кешегі дауылдың екпіні күшті болғаны рас. Бірақ аз екпінмен соққан желдің өзіне шыдас бермей ұшып жатқан қаңылтыр шиферларды көріп жатырмыз. Қазіргі жекеменшік мердігерлер арзан, әрі оңай жабылатын қаңылтыр жабындыларды көп пайдаланады. Әрине, пайданы ойлайтын құрылыс басшысы бағасы төмен жұқасын таңдайды. Бұранда шегенің резеңкесі күнге күйіп шіріген кезде сәл босаған шифердің тоқтаусыз дірілден шегенің қалпағынан жыртылып шығып, күшті желдің екпініне төтеп бере алмай желкенді қайықтай төңкеріліп түседі. Құрылыс саласында «карниз» деген сөздік атау бар. Ол шатыр мен ғимарат қабырғасының қиюласқан жеріндегі тесіктерді бітеп қағылатын тоспа, әрі сәнді көрініс. Сондай тоспа жоқ болса, кішкентай жерден сыналап кірген жел екпіні шатыр ішіне «ваккум» кернеуді күшейтіп, небір үлкен шатырларды тақия құрлы көрмей көтеріп әкетеді. Бұрындары әрқайсысының салмағы 10-15 кг болатын салмақты асбест шиферлар жабылатын. Мәселен, 500 шаршы метр алаңға кемінде 5-6 тонна салмақпен басып жататын. Осыншама көлемдегі қаңылтыр шифердің қазіргі салмағы 50-60 кило ғана. Сондықтан соңғы кезде құрылыс саласына көп пайдаланып жатқан қаңылтыр шифердан бас тарту керек. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» десек те жекеменшік емес, мемлекет қаржысына соғылып жатқан нысандардың құрылысына қадағалауды күшейтіп, мерзімнен бұрын шығынданудың алдын алатын шараларды ұйымдастырған жөн. Табиғат апатына сырғытып сылтау айтудан бұрын, мезгілсіз ұшқан шатырды соққан құрылыс басшыларын, құрылысты өткізген, қабылдаған әкімшілік басшыларын жауапқа тартса мұндай нәрселердің азаятыны белгілі. «Жауапкершіліктің бостығы – сапасыздықтың басты жауы» деген қағидат неміс халқының басты ұстанымы. Одан олар жаман болып жатқан жоқ. Әлі есімде отанына оралған неміс азаматтардың көбісі құрылыс саласында істеген. Эдгард деген бригадиріміз бітіп тұрған клуб үйінің шатырын қайта жаптырған еді. Әр шифердің қиюласқан жапсарына үш шегеден қақтырып, шығысқа емес, батысқа қаратып қайта жаптырды. Бәріміз қарсы болсақ та ішімізден боқтай жүріп, түгел шатырды жауып шықтық. Кейінірек білдік, ылғи шығыстан соғатын желге қарсы қаратып жауып қойғанымызды. Қазіргі құрылыстағы кемшілік жұмыстар арнайы мамандардың жоқтығынан, қадағалаудың бостығынан болып жатыр. Иә, бар ғұмырын құрылыс саласына арнаған ағамыздың айтқандарының да дұрыстығы бар екенін біз де қоштадық. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші сапа дегеннен шығып отыр. Көзіміз көрген соң айтамыз, аудан аумағында соңғы заманауи технологиямен төселіп жатқан асфальт жолдардың жыл айналмай ойылып, бүлініп, апатты жағдайларды қолдан жасап жатқандарын не деуге болады? Қазақы мінез, бойкүйездік пен немқұрайдылықтан шеккен зардабымыздан сабақ алатын кез жетсе де, әйтеуір ел аман болсын деп шүкір айтамыз. Дүркін-дүркін сайлау өткізіп, алаөкпе болып шауып, саясатты сапырып жүргенімізге мәзбіз. «Қасқырға қақпан құрып әуреленгеннен гөрі, қораңды мықтап бекітуді ұмытпа» деген шығыс мақалының мәніне үңілсек жаман болмас едік.

Тегтер: