Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:45

Шавкат Рахмоновтың әйелі жол апаты бойынша кінәсін мойындамады

Шавкат Рахмонов
Фото: ашық дереккөз

Қазақстандық танымал ММА жауынгері Шавкат Рахмонов-тың жұбайы Гүлайым Рахмонова өлімге соқтырған жол апатына қатысты істі қарау барысында кінәсін мойындамаған. Алдын ала сот тыңдауы Тараз қаласында өтті.

Сотта Рахмонованың адвокаты қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтаруды сұрады. Оның айтуынша, жүргізілген автотехникалық сараптама апаттың нақты себептерін толық анықтамаған. Қорғаушы көліктің барлық төрт дөңгелегінің зақымданғанын, бұл жүргізуге әсер етіп, апаттың алдын алу мүмкіндігін шектегенін атап өтті. Сол себепті кешенді сараптама тағайындауды талап етті.

Өзі сотта кінәсін мойындамай, жақындарынан айырылып, ауыр қайғыны бастан өткергенін айтып, соттан түсіністік көрсетуін сұрады.

Прокурор істі қайта тергеуге қайтаруға қарсы шықты, себебі сотқа дейінгі тергеу барысында әйел өз кінәсін мойындаған, қажетті сараптамалар жүргізілген.

Қазіргі уақытта Рахмонова елден кетпеу туралы қолхатпен босатылған.