Шавкат Рахмоновтың жұбайына қатысты іс: сот отырысының күні белгіленді
Жамбыл облысында адам өліміне әкелген жол апаты бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Айыпталушы – белгілі қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың жұбайы. Бұған дейін ол іс материалдарында қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде көрсетілген.
Соттың алдын ала тыңдауы 16 ақпанға белгіленді.
Жол апаты 2025 жылғы 27 шілдеде таңғы сағат 08:50 шамасында республикалық маңызы бар «Алматы-Екатеринбург» тас жолының 299-шақырымында, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында болған.
Полиция мәліметінше, Қарағанды облысы жағынан Алматы бағытына қарай келе жатқан Toyota Land Cruiser 200 маркалы жол талғамайтын көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік аударылған.
Апат салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілген.
Қандай бап бойынша айып тағылды?
Жамбыл облысы полиция департаментінің хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша жүргізілген. Бұл бап – жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелу фактісін қарастырады.
Полицияның мәліметінше:
28 қаңтарда сотқа дейінгі тергеу аяқталып, қылмыстық іс Жамбыл облысының прокуратурасына жолданған.
Кейін іс материалдары Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына түскені расталды.