Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:02

Шавкат Рахмоновтың жұбайының адвокаты өліммен аяқталған жол апаты ісін қосымша тергеуге қайтаруды сұрады

Шавкат Рахмонов
Фото: ашық дереккөз

Тараз қаласында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты сот процесі басталды. 

Айыпталушы Гүлайым Рахмонова өз кінәсін мойындамады. 

Қорғаушы тарап соттан қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтаруды сұрады. Адвокаттың айтуынша, жүргізілген сараптама апаттың нақты себептері жөнінде біржақты қорытынды бермеген. Іс материалдарында көліктің төрт бірдей дөңгелегінің зақымданғаны көрсетілген. Қорғау тарабының пікірінше, бұл жағдай көліктің басқарылуына әсер етіп, жүргізушінің жол апатын болдырмауына мүмкіндік бермеген болуы мүмкін. Осыған байланысты адвокат қосымша кешенді сараптама тағайындауды талап етті.

Гүлайым Рахмонова соттан өзінің ұстанымына түсіністікпен қарауды сұрап, өзі де жақындарынан айырылғанын айтты.

Прокурор қорғау тарабының өтінішіне қарсы шықты. Оның сөзінше, сотқа дейінгі тергеу барысында айыпталушы кінәсін мойындаған, ал қажетті сараптамалардың барлығы толық көлемде жүргізілген.

Сот адвокаттың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Судья бұл кезеңде істі қосымша тергеуге қайтару ерте екенін атап өтті. Дегенмен, қорғау тарабы негізгі сот талқылауы барысында мұндай өтінішті қайтадан көтеруге құқылы екені айтылды.

Қазіргі уақытта Гүлайым Рахмоноваға қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден шықпау туралы қолхат қолданылған.

Еске салайық, 2025 жылғы 28 шілдеде Жамбыл облысында болған жол апатынан екі адам қаза тапқаны хабарланған еді. Кейін дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы мәлімет берген. Алғашында Шавкат Рахмоновтың жұбайы тергеу материалдарында қорғау құқығы бар куәгер ретінде көрсетілген болатын. Алайда кейіннен ол айыпталушы ретінде сот алдына шықты.