"Оскар-2026" жүлдесінің иегерлері белгілі болды
Режиссер Пол Томас Андерсон түсірген «Шайқастан кейінгі шайқас» (One Battle After Another, 2025) фильмі Америка киноакадемиясының «Ең үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығына ие болды.
Сыйлықтың 98-ші марапаттау рәсімі АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лос-Анджелестегі Dolby театрында өтті.
Пол Томас Андерсон сондай-ақ "Ең үздік режиссер" және "Ең үздік бейімделген сценарий" номинациялары бойынша да екі "Оскар" иеленді.
Фильмде ойнаған Шон Пенн "Екінші пландағы ең үздік актер" атанды. Картина сонымен қатар кастинг үшін марапатталды — бұл "Оскардағы" жаңа номинация. Бұдан бөлек, фильм ең үздік монтаж номинациясында жеңіске жетіп, монтажшы Энди Юргенсен де арнайы марапат алды.
Осылайша фильм барлығы алты "Оскар" жүлдесін иеленді.
Фильмде Леонардо Ди Каприо, Шон Пенн, Бенисио дель Торо және Тейяна Тейлор басты рөлдерді сомдаған. Андерсонның бұл картинасы АҚШ-тағы солшыл радикал топ мүшелерінің өмірі туралы баяндайды.
Ең үздік актер және ең үздік актриса деп тиісінше Майкл Б. Джордан ("Күнәһарлар") және Джесси Бакли ("Hamnet: “Гамлетке” шабыт берген тарих") танылды.
Ал режиссер Райан Куглердің "Күнәһарлар" (Sinners, 2025) фильмі "Ең үздік түпнұсқа сценарий" номинациясында "Оскар" жүлдесіне ие болды.
Екінші пландағы ең үздік әйел рөлі номинациясындағы марапат Эми Мэдиганға ("Қарулар") бұйырды.
"K-pop жын аулаушылары" (KPop Demon Hunters, 2025) атты фэнтези-мультфильм екі статуэтка жеңіп алды:
– "Ең үздік толықметражды анимациялық фильм",
– "Ең үздік ән".
Ал Ресей мектептеріндегі әскери насихат туралы баяндайтын Павел Таланкин мен Дэвид Боренштейннің "Ешкім мырза Путинге қарсы" (Mr. Nobody Against Putin, 2025) деректі фильмі "Ең үздік деректі фильм" номинациясында "Оскар" алды.