Шебердің сыры. АҚШ-тан ағаш, Ираннан желім алдырып...

Музыканың әуезді, құлаққа жағымды естілуі, әрине, орындаушысынан, сосын сапалы аспаптан. Қазақ өнерпаздары ежелден музыкалық аспабына, оның ішінде домбыраға қадір тұтып қараған.
Домбыраны шын шеберге құнын артығымен төлеп, арнайы жасатып, оны суық тидірмей күтіп ұстаған. Ал бүгінде музыка аспаптарына қаншалықты жауапкершілікпен қараймыз, шеберлердің еңбегін қаншалықты бағалаймыз. Домбыра жасаудың мехнаты мен қызығы неде, осы және өзге де сұрақтарды белгілі шебер Көкей Меллатұлына қойып көрдік.
– Домбыраны жасау үшін шерте білу қажет. Бұл өнерді қашан, қалай үйрендіңіз?
– Әкем күйші еді. Төрт атадан бері домбыра тартамыз. Бірақ ол кісі маған аспап шертуді үйреткен жоқ. Өз балаңды баулыған қиын ғой. Музыка жағынан кәсіби білім алған ағаларым бар. Солар шәкірт етті. Ол кездерде мен бар болғаны жеті жастамын. Негізі, оған дейін де күй шертуді үйренсін деп, бір кісіге сабаққа апарған. Бір айдай барып-келіп, ойнап жүре бердім. Ниетім, қызығушылығым болған жоқ. Ештеңе де қатырмадым. Кейіннен жаңа айтқан ағамның қаталдығы көмек болды. Өзім домбыраның құлағында ойнамай тұрып та күй деген құлаққа әбден сіңген. Содан да болар, тез меңгеріп кеттім. «Кеңес» күйінен бастадық. Артынан «Телқоңырды» үйретті. Одан кейін «Балбырауын», «Адай». Отырған ортада «әу демейтін қазақ жоқ» деп қолқа салады, сұрайды. Ән айтпасақ та, ел сұраған күйлерді тартып, «Сарыарқа» мен «Әлқиссаны», «Еркесылқымды» шертеміз.
Домбырада шерту бөлек, оны жасау шеберлігі өз алдына үлкен өнер. Бұл жолға қалай келгенім туралы айтсақ, Дархан есімді суретші ағам әртүрлі құралдарға құмартатын. Ол заттарын біз де алып, сурет салуға тырысып, қызығып жүрдік. Кейіннен ағаштан ұсақ-түйек заттар жасап алатынды шығардық. Арба, мылтық ойыншық, тағы басқалар. Сөйтіп жүргенде ағам домбыра жасай бастады. Мені көмекке шақырып, оюларын ойғызып, шанағын игізіп, жұмсайтын. Шамамен 12-13 жасар кезімде өзіме бөлек қалып жасап берді. Содан бері домбыра жасаймын. Көзбен көріп үйреніп қалған нәрсемді қайталап, жеке-дара жасаған алғашқы аспабымды көршінің баласына сыйға тартқанмын. Ол туған жерімде, Қытайда қалды. Қателеспесем, қырқыншы өлшемдегі домбыра. Соны өзіме алдырғым келіп жүр, бірақ ыңғайы келмей жатыр. Бұл алғашқы жұмысымның хикасы. Осыдан кейін сабақтан бос сенбі, жексенбіде, жазғы демалыс уақытында домбыра жасаумен шұғылданатын болдым.
– Бұл балалық қызығушылық пен әуесқойлық кәсіби шебердің шеберханасына айналды емес пе? Осы өсу жолы жайлы айтып беріңізші.
– 2007 жылдың аяғында Алматыға көшіп келдім. Содан Нұрлан Әбдірахманов ағамыздың шеберханасына жасаушы болып жұмысқа орналастым. Сонда Тұрсынбай аға екеуі шебер еді. Бұл – Құрманғазы оркестрінің шеберханасы. Осылайша, тәжірибелі шеберлерден сабақ алдым. Тек домбыра емес, барлық аспаптарды жасап жүрдік. Осыған дейін әуесқой шебер болсам, осындағы жұмыс тәжірибемнің арқасында кәсіби деңгейге жеттім. Әрине, біліп тұрған соң қатты қиналмадым. Дизайнмен, шерту жақтарынан қолбайлау болмады. Тек қандай материалды таңдау керектігіне қатысты тереңдік жетіспейтін. Сөйтіп жұмыс істей жүріп қақпақ салу, оның қалыңдығы, домбыраның ішіндегі дыбыс шығаратын кергіш, яғни белағашты дұрыстап орналастыру мен қалыңдығы жағынан шеберлігімді арттыра түстім, үйрендім.
Сол жерде біраз еңбек етіп, 2013 жылы Астана жаққа қоныс аудардық. Осында келген соң өз ісіме толығымен кірістім. Қосшыдан шеберханамды ашып, өсіп, жетіліп жатырмыз. Алғашында өзіміз айналысып жүре бердік. Ал үш жыл бұрын заңды түрде жеке кәсіпкер болып тіркелдік. Тиісті салықтарды төлеп, жұмысты жалғастырып жатырмыз. Негізгі табыс көзім де осы.
– Ал сатып алушыларыңыз тауарға қандай талаптар қояды? Несіне қарап бағалайды, таңдайды?
– Клиенттердің сұранысы әртүрлі. Кәсіби адамдар тапсырыс бергенде дизайнға аса мән бермейді. Дыбысына қарайды. Пернені басқандағы дыбыстар мен оның тазалығына назар аударады. Ал қарапайым халық түр-түсіне қарайды, көбіне елден бір материалды күшті екен деп естіп алады да, соны сұрап келеді.
Алғаш қоныс аударған кезде Астанадағы өнер мектептері мен университеттеріне, үлкен күйші ағаларымызға барып, домбыраларымызды таныстырдық. Өз аяғымызбен аралап келдік. Интернет аса дами қоймаған уақыт қой. Алғашқы жарнаманы осылайша өзіміз жасадық. Содан бастап тапсырыс түсе бастады. Бүгінде жарнама жүргізіп жатырмыз деп айта алмаймын. Ауыздан-ауызға тарап, біреу-біреуден естіп келеді. Айына шеберханамызға 40-50 домбыра көлемінде тапсырыс түседі. Кейде одан да көп. Әдетте жеке тапсырыстармен айналысамыз.
– Домбыра жасауға қандай материалдарды пайдаланасыздар? Қанша уақыт жұмсалады? Құнын қалай белгілейсіз?
– Стандартты балалар дайындалатын, шертіп үйренетін домбыраны жасауға бір жұмыс күні кетеді. Ал кәсіби күйшілердің арнайы тапсырыстары оған қарағанда ұзағырақ жасалады. Себебі желімін ұзақ кептіреміз, баппен, асықпай құрастырамыз. Қақпағын жапқан кезде де бірден жаппай, дыбысын көріп отырып жұмыс істейміз. Алуға келгенде де тапсырыс беруші дыбысын тексеріп көреді. Қалаған, сұраған дыбысқа жетпесе, қақпағын қайта ашып, жөндейміз. Көп жағдайда олай жасауға дейін жетпейді. Өйткені тәжірибе арта келе материалға да, дыбысқа да әбден үйреніп қалдық. Бәрін сезіп, біліп тұрасың. Осылай асықпай жасауға он күн мен жиырма күннің арасында уақыт жұмсаймыз.
Материал мен қолданылатын құрал-жабдықтарға келсек, халыққа қолжетімді қарапайым домбыралардың шанағы көбіне қайыңнан жасалады. Олар негізінен Көкшетау маңынан келеді. Қарағаш Алматы жақтан, кепкен ағаштар, қарағай Ресейден келеді. Бұл ағаштар аппаратпен кептіріледі. Ең қымбат материалдар – АҚШ-тан, Еуропадан, Канададан алдырылатындар. Осы елдерден келген ағаштар нарықта біздегіге қарағанда қымбатырақ бағаланады. Себебі ондағы кәсіпкерлер ағашты кесе салып сатпайды. Ұрпақтан ұрпаққа кесілген ағаштарды қалдырып, табиғи жолмен кептіреді. Бұл әдіс сапалы ағаштар жасауға көмектеседі. Жалпы ағаштар сақталу, кебу мерзімі ұзарған сайын қымбаттайды. Біз де әртүрлі материалдарды сатып әкеліп, тіліп, сөреге жинаймыз. Осылай тұрып бір-екі жыл қоймада кебеді. Содан кейін ғана қолданылады. Ешқандай ағашты базардан әкеле салып, аспап жасауға пайдаланбаймыз.
Желімдер Иран мен Германиядан келеді. Ішектері де немістердікі. Оның қымбаттары – карбон ішектер. Көп шебер соны тағады, бірақ ол дұрыс емес. Өйткені металдың дыбысын береді. Ал онысы тозып, орнына жай ішек тақса, домбыра сөйлемей қалады. Соны тауып, қайта салмасаң болмайды. Сондықтан қарапайым ішектердің сапалысын тауып алған жақсы. Қазір жоғары сапалы ішектер Жапонияда да, Қытайда да шығарылады. Бояу, лактар Түркиядан келеді. Құлақтарын да Қытайдан алдырамыз.
Домбыра жасауға аппараттардан гөрі, қол күші көбірек қажет. Әрине, ағаш кесетін станоктарды пайдаланамыз. Онан кейінгісінің бәрі – қол еңбегі. Шанақтың симметриясы үшін қалып пайдаланылады. Оны шеберлер өзі жасап алады. Дизайн, сәндеу, әрлеу жұмыстарына келсек, оюдың бәрін өзім сызамын. Қарапайым домбыраларға соны саламыз. Кейде клиент өз идеясын жеткізіп, сұранысын түсіндіреді. Соны істеп береміз.
Бағасы туралы айтсақ, біздің шеберханада домбыралардың құны 50 мың теңгеден басталады. Одан әрі қымбаттай береді. Ең қымбатын 800 мың теңгеге саудаладық. Клиентіміз сыйға тартуға деп екі домбыра тапсырыс беріп, алды. Қымбат ағаштан, басына күміс салдырып, әшекейлеп жасатты. Базарларда өте арзан домбыралар көп, иә. Бірақ қазір солардың өзі де әжептәуір қымбаттап кеткен. Ондай аспап пен шеберханада жасалған аспаптың айырмашылығы – дыбыстық өлшемде.
– Сіз жасаған домбыра Димаштың қолында, әлем сахналарында жүр екен...
– 2022 жылы Нұрлан Өнербаев ағамыз Алматыдан арнайы келіп, «Димашта қоңыр үнді домбыра жоқ екен» деді. Бір концертіне сыйға тартпақ болып, іздеп жүр екен. Бізді елден естіп, шеберханамызға арнайы келіпті. Тосылып қалмай, қолда барын көрсеттік. Бір домбыра бәрінен бөлек тұр еді. Соны да ұсындық. Дәл сол аспап мың долларға сатылды. Кейіннен Димаш 2023 жылы өткен концерттерінің біріне алып шығыпты. Сол кезде жолдастарым жіберді. Ел-жұрт тура осындай домбыра жасап бер деп те сұрады. Алайда қанша ұқсас етіп, қалыңдық-жұқалығын дәлме-дәл қайталап, бірдей материал қолдансаң да, бір домбыра екіншісінің үнін қайталай алмайды. Екі бірдей аспап шығару мүмкін емес. Ол да адам сияқты. Себебі ағаш деген табиғи материал, металл емес.
– Шеберханаңызда домбырамен қоса тағы қандай аспаптар жасалады?
– Шеберханамызда домбырадан басқа қобыз бен жетіген жасаймыз. Соңғы уақыттары басқаларын жасап жүрген жоқпыз. Бас тартқан себебім, сұраныс көп болғанымен, мен барлық аспаптардың дыбысын дәл тани алмаймын, түсінбеймін. Нағыз маманы болмағандықтан тастадым. Алматыда Болатбек есімді қобыз шебері бар. Тек осы аспаппен айналысады. Кейде ол жасап берсең деп бір кісілерді жібереді. Сондай кездерде жасап беремін. Ерекшелігі сол, қобыз жасарда тері мен қыл маңызды. Дыбыстың сапасы 90 пайыз теріге байланысты. Бұл материалдардың жақсысы да Қытайдан келеді. Түйенің, ешкінің терісі, жылқының қылы қолданылады.
Жетігенге де домбыраға қолданылатын материалдар пайдаланылады. Бірақ домбыраға қарағанда ұзағырақ жасалады. Себебі ішектері көбірек. Осылайша, келген тапсырыстарды орындап, жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Жақсы табысымыз бар. Алдағы уақытта шеберханамызды үлкейтсек, шәкірт тәрбиесін қолға алсақ деген ой да бар. Негізгі мақсат – халыққа қолжетімді домбыраларды көбейту.
Сұхбаттасқан
Б. МЕЙІРБЕК