Шейіт кеткен жауынгерлер іздеусіз, жоқтаусыз қала ма?
Қазақ халқына қасірет алып келген зұлмат күннің бірі – Ұлы Отан соғысы басталған 22 маусым қаралы күн болып тарихқа енді.
Бұл күн, 82 жыл бұрын миллиондаған адамның өмірін жалмаған қанды күннің бастауы болған.
Осы күні қазақы ұғымдағы дәстүр бойынша бейсенбі күні аруақтарға арнап Құран оқылып, дұға бағышталды. Игі іске мұрындық болған «Atamnyn аmanaty» қоғамдық бірлестігі еліміздің барлық мешіттерінде, православие және католик шіркеулерінде бір мезгілде Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан және хабарсыз кеткен боздақтар рухына арнап ұйымдастырды.
– Майданға Қазақстаннан 1,5 млн адам аттанып, оның 630 мыңы опат болды, 271 мыңнан астамы хабар-ошарсыз кетті. Көбінің артында ұрпағы да қалған жоқ. Сондықтан бұл Отан үшін шейіт болған боздақтардың алдындағы борышымыз, – дейді «Қарулы күштер ардагерлері» РҚБ ҚОФ төрағасы Мыңділдә Ршауов.
Боздақтарды іздестірумен, аты-жөндерін және жерленген жерлерін анықтаумен жүйелі түрде айналысатын еліміздегі жалғыз ұйым – «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі.
– «Өлі риза болмай тірі байымайды» дейді қазақ. Осынау тәмсілдің таудай салмағын сезініп, игілікті іске бел шеше кіріскен белсенді азаматтар жүр. Жеті атасын жетік білген қазақ қашаннан іздеусіз, жоқтаусыз қалғаннан қорыққан. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, үзілмей келе жатқан ата тектің, басқаша айтқанда аруақтардың қолдаушы күшін Берт Хеллингер бастаған Батыс ғалымдары енді ғана мойындап отыр. Ендеше, сол көбінің артындағы ұрпағы да қалмаған 271 мыңнан астам боздақты іздемеу, жоқтамау ендігі жерде елдігімізге сын болар еді. Сол себепті биыл 22 маусым күні тұңғыш рет ел аумағындағы мешіттерде хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің рухына арнайы Құран бағышталып, дұға оқылды. Біздің осы ұсынысымызға қолдау білдіргені үшін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына алғыс айтамыз, – деді қоғамдық ұйымның ресми өкілі, әскери журналист Әбубәкір Смайылов.
Батыр Бауыржан Момышұлы: «Бұл соғыс қазақ халқының тарихында бетбұрыс кезеңіне айналды да, миллиондаған отандасымыздың жүрегінде өшпес із қалдырды» деп көкірегі қарс айрыла, қаншама боздақтардың шейіт кеткенін еске алған еді.
– Соғыс басталған жылдары атамыз Нұрқожаұлы Мәлікті Қараөзек стансасынан алып кетеді. Сол эшелонға мінген күйі хабарсыз кетеді. Қай қиырда сүйегі қалғаны жайлы белгі жоқ. «Атамның аманаты» ұйымына сұрау салдық, іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал нағашы атамыз Жақсылық Амангелдиевтің сүйегін Украина жерінен таптық. Әзірге бара алмай отырмыз. Братское кладбищеде жатыр екен. Орасан жұмыстар атқарып жатқан ұйым жұмысына үлкен алғысымызды білдіреміз, – дейді аталарына іздеу салған Қызылорда тұрғыны Мұхтар Нұрекеев.
Бүгінгі таңда «Атамның аманаты» ұйымына туған-туысқандарын іздестіру жөнінде 7 мыңнан астам өтініштер келіп түскен. Осы күні 2200-ден астам майдангердің жерленген орындары мен аты-жөндері анықталыпты. Табылған 14 сарбаздың сүйегі туған жеріне жеткізіліп, әскери құрметпен жерленді. Оның үшеуі қызылордалық жауынгерлер. Бұл ретте еріктілердің жанқиярлық еңбегінде атап өту керек. Олар уақыты мен күш-жігерін аямай, қазба жұмыстарымен, мұрағаттар мен түрлі форумдар арқылы деректер іздеумен айналысуда.
Араға қаншама жылдар салып, атажұртқа оралған сол сарбаздардың тікелей ұрпақтарының, туған-туыстарының алғыс сөздері мен қуанышты көз жасы еріктілер еңбегінің өтеуі болып табылады!
Ерлік ешқашан ескірмейді!