Шекара шегіндегі «қараторғай»
Шекара. Қазақстанның Ресейдің Сібірдегі шалғай аудандарының бірімен түйісетін жері.
Осы жерде елдің сақшысындай болып, жапан далада жалғыз үй отыр. Бұрын 40 шақты шаңырақ түтін түтеткен іргелі ауыл еді, бүгінде жұртта бір ғана үйдің мұржасынан түтін шығады. Бұл Уәлиханов ауданындағы Қарамырза ауылы. Елден қашқаны емес, жырақта отыруының өз себебі бар. Бүгінде несібесі де, жалғыз пайдасы да осы ата кәсібі. Көктем туысымен аудан орталығында тұратын жерлестері қойын әкеліп тастайды. Жаз бойы бағу, бордақылау Ерлан Қанапияновтың міндеті. Иә, жалғыз үй отыр дегенде біздің де таңырқағанымыз жасырын емес. Уәлиханов ауданына жолымыз түскенде, қияндағы жалғыз үйді көруге, оның иесімен танысуға қуана келіскенімді несіне жасырайын. Аудан орталығы Кішкенекөлден аса алыс болмаса да, ойдым-ойдым жол жеткенше титықтатып жіберді. Біз келгенде күн ұясына қонуға сәл қалыпты. Жұрты ғана қалған ауылдың шет жағындағы екі пәтерлік үйдің жартысында тұрады екен. Жартылай қираған, кейбіреуінің үйіндісі ғана қалған үйлердің арасында тіршілік бар екенін еске салып тұрған жалғыз баспана. Сырты әктелген, қора маңайындағы ит пен тауық-қаз да адам тұратынын айғақтайды.
«Иесіз жер жау шақырады» демекші, бос жатқан құнарлы өлкеге көз алартушылар қайдан болсын табылары анық. Ал Солтүстік Қазақстан облысына сұқтанған сұғанақ көздер аз емес. Дүрсін-дүрсін «Петропавл Ресейдің жері» деп жүргендер, соның дәлелі. Мойындамасқа лаж жоқ. Соңғы 3 жылда өңірде 33 ауыл жойылған. Қазіргі күні тұрғындары 50 адамға да жетпейтін 123 ауыл бар. Бұл елдімекендер «болашағы жоқ» деп танылған. Яғни олар көп ұзамай картадан сызылуы мүмкін.
Жалпы теріскейде 635 ауыл бар. Тұрғындар саны 50-ге де жетпейтін 123 елдімекен біртіндеп таратылмақ. Солардың бірі – Алқа. Облыс орталығы Петропавл қаласынан небәрі 80 шақырым жерде, аудан орталығы Явленкаға тиіп тұр десе де болады. Ауылда әзірге жарық бар, ауыз суды 40 шақырым жерден тасып ішіп отыр.
Бақыт Құсайынова көп жылдан бері осы ауылда тұрып жатыр. Мектепте математика пәнінен сабақ берген. Оқушы саны азайып, білім ошағы жабылғанда өзге әріптестері сияқты жұмыссыз қалған. Содан бері отбасымен бірге мал бағып, күнелтіп отыр.
— Жұмыс іздеп, сұрастырып көрдік. Жасымыз зейнетке жақындап қалды, ешкім алғысы келмейді. Содан ауылда отырмыз. Ең басты проблема – ауыз су. Жолды тазалап тұрады. Біреу келетін болып хабарласса «су әкел» дейміз. Осылайша, бізге қонақтар тіршілік нәрін ала келеді. Жаз бойы Қарағаш ауылынан тасимыз. Қыста аудан орталығынан, –дейді Бақыт Құсайынова.
Ауылда 8 адам өмір сүріп жатыр. Әр үйде техника бар. Қысқы мал азығын өздері дайындайды, жазда бірлесіп бағады. Бір кездері ауылда жұмыс істеп тұрған мәдениет үйі, медициналық пункт, дүкен мен басқа да нысандардың орны ғана тұр.
— Бірінші мектеп жабылды. Жастарға балаларын оқыту керек. Ақырындап олар да көшіп кетті. Қыста Алқа ауылының жолын тазалап тұрамыз. Таза судың жоғы рас. Бұл енді шешілетін мәселе деу қиын. Тұрғындар өтінгеннен кейін ауылдың көшелеріне шамдар орнаттық. Талап бойынша қирап тұрған үйлердің барлығы сүрілуі керек. Әйтпесе, олар адамға қауіп төндіреді, –дейді ауылдық округ әкімі Сәлім Жолтанов.
Заречный ауылдық округінің құрамында 7 ауыл бар. Соның біреуі толық тарап кетсе, біреуінде жалғыз адам тұрып жатыр. Тағы бірі – төрт үйлі Алқа.
Мектеп – ауылдың жалғыз тірегі. Ауылдықтардың ата қонысын тастап, туған жерден жыраққа кетуіне түрткі болатын негізгі себептердің бірі – білім ошақтарының есігіне қара құлыптың ілінуі. Бүгінгі күні теріскейде 300-ге тарта ауылдың балалары көрші елдімекендерге қатынап оқиды.
— Балалардың барлығы ер жетті. Қалада тұрып жатыр. Ауылға келгісі келмейді. Оларды айыптай да алмайсың. Өйткенімұнда ештеңе жоқ. Немерелер жазғы демалыста қонаққа келеді. Жазда бірге ойнайтын бала да жоқ. Ертеректе ауылда бәрі болған. Қазір жастарға еш қызық жоқ. Ешқандай жағдай жасалмаған. Өзіміз тіршілік жасап жатырмыз. Шықсақ, бір аптаға жететін азық-түлік алып келеміз. Суды да солай. Ауырып-сырқамауға тырысамыз. Ауруханаға барып, тексеріліп тұрамыз. Жедел жәрдем шақыртсақ, келеді», –дейді Құрман Оспанов.
Ауыл тұрғындарының қалаға ағылуының басты себебі – жұмыссыздық. Бұдан бөлек ауыз су, жол және телефон байланысының нашарлығы да халықты үдере көшуге мәжбүр етіп отыр.
— Ертеректе 60 шаңырақ болды. Тату-тәтті өмір сүрдік. Мектеп құрығасын бәрі тарай бастады. Балаларды өскенше аудан орталығында оқыттық. Қазіргі шаруамыз – мал бағу. Қыс бойы қорада ұстаймыз. Жазда кезектесіп бағамыз. Кейде еркіндікте жүреді. Қалаға көшуге, үй алуға да жағдай бар. Бірақ осында ұнайды. Ата-бабамыз осы топырақта жатыр. Өзіміздің кіндік қанымыз тамды. Қазір төрт бұрышта төрт үй тұрып жатырмыз. Осындай ауылдардың мәселесі жоғары жаққа жетсе дейміз. Бізді ұмытып кетпей, жағдай жасалса. Дегенмен ешкімбіздікүштеп отырған жоқ. Еліміз ғой, –дейді Ниязбек Зәкіров.
Ауылдағы 8 адамның төртеуінің дипломы бар. Іргелі елдімекенге көшсе, нан табарлықтай білімі мен жігері бар. Бірақ туған жерді қимай отырғандар. Олардың күнкөрісінің жалғыз көзі – төрт түлік. Айран-сүті мен етін сатады.
— Май-қаймақ, ірімшік, қопа сатамыз. Тұрақты клиенттер бар. Қазір табиғи өнім сұранысқа ие. Өйткені дүкендегінің барлығы жасанды. Кеш бұзаулаған сиырлар бар. Сондықтан биыл дастарқаннан ақ үзілмеді, –дейді Ольга Қоспанова.
Солтүстіктегі болашағы бұлыңғыр ауылдарда 2500-ден астам адам тұрып жатыр. Мұндай елдімекендерге республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді. Мамандардың айтуынша, оларға ақша шығындау тиімсіз.
— Тұрғыны аз ауылдарды тарату немесе біріктіру керек. Олар «ауыл» мәртебесін жоғалтқан. Сондықтан республикалық бюджеттен қаржыландырылмайды. Мемлекеттік бағдарламалардан тыс қалады. Өйткені адам саны аз болғандықтан,ақша жұмсау тиімсіз, –дейдіСҚО экономика басқармасының бөлім жетекшісі Жанар Ахмиева.
Қазақ ауылдарының басым көпшілігінің жағдайы мүшкіл. Болашағы бұлыңғыр ауылдардың 18-і шекаралас аумақта орналасқаны көңілге күдік ұялатады. Шекара шебінде қалқан болып тұрған бұл елдімекендердің таратылуы елімізге қауіп төндірмей ме деген сұрақ жиі мазалайды.
Қарамырзадағы Ерлан жырақта жүр демесең, елдегі жаңалыққа құлағы түрік. Өзі, «қой баққан адам, ой да бағады» деп, қалжыңдап қояды.
–Бұрын 3G интернет жақсы еді, жылдамырақ болатын. 4G келгелі сапасы жақсы болғанымен, баяулап қалды. Дегенмен жаңалықты құр жібермеймін, интернеттен қарап, оқып отырамын. Теледидар Ресейдің арналарын ғана көрсетеді, қазақстандық антенна жоқ. Өзім бұрын құрылыста жұмыс істегенмін. Кейін, ауылда мектеп жабылғасын, бәрі көшіп кетті де жұрты ғана қалды. Қазір жалғыз үй отырмыз. Үлкен балам әскерге барып келді, кішілері интернатта оқып жатыр. Қызым Көкшетаудың медколледжін қызыл дипломмен аяқтап, қазір Омбыдағы медакадемияда оқып жүр. Азын-аулақ жылқым бар, қой-ешкі, сиыр ұстаймыз, өзімізге жетеді. Жарық бар, су бар. Жем-шөпті сатып аламын, шаруалар әкеліп береді, –дейді Ерлан.
Әңгімелесіп тұрғанда үйінің маңында қараторғайдың 3-4 ұясын байқадым. Кәдімгі ағаштан жасалған үйшіктер. «Қараторғай келе ме?» –деген сұрағыма: Адам емес қой, келеді, ескі үйлердің жанында да бар ұясы, соларға да келеді, – деді.
Иә, қараторғай адам емес, бірақ туған жерін тастамайтыны адамнан да артық па деген ойға келдім. Өзі дүниеге келген өңірден табиғат заңына бағынып, ұшып кеткенімен, келесі жылы сағынып қайта жетеді. Енді өзі ұя салып, ұрпақ өрбітеді. Құс та болса кіндігі туған жерге байланған. Ал адамдар ше?..