Шекара жабылған жоқ, ресейліктер кіріп жатыр – СҚО шекара қызметі
Солтүстік Қазақстан облыстық шекара қызметі Ресеймен шекара жабылғанын жоққа шығарды.
Құзырлы орган өкілдері бүгін әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты, деп хабарлайды Жас Алаш Azattyq Ruhyна сілтеме жасап.
СҚО-дағы шекара қызметінің баспасөз хатшысы Санат Әзімхановтың айтуынша, барлық бекет штаттық режимге сай жұмыс істеп тұр.
«Бүгінгі таңда Қазақстан-Ресей шекарасында Қазақстан Республикасына кіріп жатқан шетел азаматтарының саны артқан.
Орнатылған 30 автомобильдік өткізу пункті штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Адамдар мен көліктер ағынының ұлғаюына байланысты, оның төртеуінде кептеліс бар. Ахуал ерекше бақылауда. Шекара қызметі мемлекеттік құзыретті органдармен бірлесіп, шекара арқылы өту орындарында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етуде. Ресей шекара ведомствосымен өзара бірлескен іс-қимыл ұйымдастырылды.
ҰҚК Шекара қызметі өзінің іс-әрекетінде халықаралық шарттарды және ҚР ішкі заңнама нормаларын басшылыққа алады», — делінген аталған ведомство таратқан хабарламада.